Кеңестің күн тәртібінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында ұсынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Отырысты ашқан кеңес төрағасы Б.Тілеухан осыған дейін айтылған 37 ұсыныстың 4-уі орындалмағанын, оның себебін тиісті министрлік өкілдері заңнамалық талаптармен түсіндіргенін тілге тиек етті.
Жиында Қоғамдық даму вице-министрі Ж.Қажыкенқызы мен Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Қайратұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған нақты істерге тоқталып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы төңірегіндегі алда жоспарланатын жұмыстарға кеңес мүшелерінен нақты ұсыныстар күтетінін айтты.
Ал қоғам қайраткері Алдан Смайыл ауылдың әл-ауқатын жақсарту үшін оның экономикасын көтеру керектігіне тоқталды. Жақында орталық өңірлердегі елді мекендерді аралағанын айтқан А.Смайыл малмен жан баққан жұртшылықтың мәселесі көп екенін, кәсіпкерлердің семіртіп баққан малын өткізе алмай жүргенін жеткізді. Осы олқылықтарды шешетін арнайы кәсіпорындар мәселесін жолға қоюды ұсынды.
Ал тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы қазақ тілінің тұғыры биік болмауы ауыл мәселесіне де әсерін тигізетінін, министрлік немесе жоғары жақтағы мамандардың ауылдағы кәсіпкерлерге «Сыбаға» бағдарламасының өзін қарапайым тілде түсіндіре алмайтынын айтты.
Ауылға барған «Серпін» бағдарламасы түлектерінің 70 пайызы неге кеткенін жеткізген М.Әбенов аумақтық әкімшілік тарапынан нақтылы қолдау болмағанын, бағдарламаның мақсаты толық орындалмай отырғанын сөз етті.
Ал блогер Яков Федоров орман шаруашылығында жас мамандар жоқтың қасы екенін айтса, Сенат депутаты Динар Нөкетаева ауылдардағы қыз-келіншектер қолға алған халқымыздың атакәсібін нәсіп етуіне жағдай жасау қажеттігіне тоқталды.
Кеңесті қорытындылаған Б.Тілеухан жиында айтылған ұсыныстардың хаттамаға тіркеліп, тиісті ведомстволарға арнайы жолданатынын жеткізді.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»