Экономика • 20 Қаңтар, 2019

Экономиканы роботтандыру: қатер ме, мүмкіндік пе?

3727 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1765 жылы Англияда Джеймс Харгривс «Дженни» ұршық машинасын ойлап тапты. Ол 5 ұршық иіретін адамды алмастыра алатын. Міне, содан бері адамзат дамуында жұмысшыны өндірістің көптеген саласынан ығыстыра алатын машина, аппараттар ойлап табылды. Ендігі кезек – роботтарда.

Экономиканы роботтандыру: қатер ме, мүмкіндік пе?

Генри Форд ХХ ғасырда көлік өндірісін жаппай конвейерге қойғанда, зауытта адам мен техниканың бәсекесі артты. Бірақ 1970жж дейін әлемнің ірі өндіріс орындарында адамның үлесі көп болды. Мәселен, сол Дженерал Моторс, Форд Моторстарда 595 мың және 260 мың кісі қызмет етті. Кеңес Одағының ірі комбинат-гиганттарында да он мыңдаған жұмысшы болды. Алайда 1990жж әлемдік индустрияда аутсорсиг (оutsourcing) процесі басталды. Ірі компаниялар өз кәсіпорындарын дамушы елдерге көшірді. Себебі оларда жұмыс күші арзан еді, кейде жергілікті жерден шикізатты да табуға болатын. Осылайша, Қытай, Вьетнам, Малайзия және басқа да Азия елдерінде ішкі индустрия дами бастады.

Аутсорсинг.Алайда оларға тауар құнының ең аз мөлшері төленетін. Мәселен, кезінде бір iPhone 3G смартфоны 500 АҚШ доллары бағасымен сатылды. Оның шығыны 179 доллар болса, таза пайда 321 доллар еді. Сол әр iPhone-нан Қытайға 6,5 доллар түссе, Жапонияға 50 долларға жуық қалатын. Яғни, осыдан-ақ мамандардың құндылығын түсінуге болады. Жалпы зауыт, фабрикаларды аутсорсингке шығару көптеген әлемдік брендтердің шығынын азайтты. Алайда дамыған мемлекеттердегі жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқты. Мәселен, тек АҚШ-тағы зауыттар дамушы елдерге көшуіне орай 2003 жылы 140 мың жұмыс орны жабылды. Дамушы елдердің үкіметтері өзінің миллиондаған халқын жұмыспен қамту үшін аутсорсингпен келген инвесторларға жағдай жасады.

Аутсорсингпен қатар ниашоринг (nearshoring) процесі де қатар жүрді. Яғни, жоғары технологиялы өндіріс дамыған елдерден алысқа емес, маңындағы көрші мемлекетке көшеді. Мысалы, АҚШ-тағы авто индустрияның гиганттары көлікті іргедегі Мексикада құрастыра бастады. Нәтижесінде, Мексика жылына 3,6 млн көлік шығаратын елге айналды. Немесе Батыс Еуропаның ірі компаниялары социалистік құрсаудан шыққан Шығыс Еуропаға мекен ауыстыра бастады. Ол тиімді болатын: мәдениеті ұқсас, жұмыс күші арзандау, білімді қызметкер көп.

Решоринг.Дегенмен 2010 жылдан бастап бұл жағдай түбегейлі өзгере бастады немесе решоринг (reshoring) процесі басталды. Ірі компаниялар өндіріс орындарын өз елдеріне немесе дамыған елдерге қайтара бастады. Неге? Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қазір дамушы елдердегі жұмыс күші 20 жыл бұрынғыдай арзан емес. Олар да жоғары жалақы, әлеуметтік пакетті талап ете бастады. Шығын артты. Екіншіден, өндіріс орындарын елге қайтару үшін дамыған елдерде компанияларға салық азайып, жағдай жасала бастады. Үшіншіден, өндірісті роботтандыру процесі басталды. Бұрынғыдай зауытта мыңдаған кісі ұстау міндет емес.

Елге оралу?Роботты басқаратын санаулы жұмысшыны қуатты мемлекеттен де табу қиын емес. Мәселен, Тайваньдық Foxconn компаниясы 10 млрд доллар тұратын ірі зауытты Чикагода салмақ. 3 мың жұмыс орны ашылады. Мерседес АҚШ-тың Алабама штатында құны 1 млрд доллар тұратын автозауыт ашпақ. 600 ғана жұмысшы қажет. Жеңіл өнеркәсіп те бұл трендтен қалмақ емес. Адидас компаниясы 2015 жылы өндірісін Германиядағы Ансбах қаласына әкелді. SpeedFactory зауыты жылына 500 мың жұп аяқкиім шығарады. Бірақ 160 адам ғана істейді. Себебі өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Бұдан бөлек, ірі компаниялардың жоғары технологияны дамушы елдермен бөліскісі келмейтін ниеті байқалады. Бірақ негізгі мәселе шығынға келіп тіреледі. Себебі кәсіпкер алдымен қоғамның жұмыспен қамтылуын емес, өз шығынын азайтуды ойлайды. Бір мысал - Ford компаниясы Мексиканың Сан-Луис-Потоси жерінде құны 1,6 млрд доллар тұратын жоспарлаған зауытын салмайтын болды. Оның орнына АҚШ-тың Мичиган штатында 700 млн долларға жаңа зауыт ашылмақ және оған 700 ғана қызметкер қажет. Бұл процес біраз Азиялық компаниялардың АҚШ-қа көшуіне түрткі болып жатыр. Қытайдың Tianyuan Garments компаниясы АҚШ-тың Арканзас штатында жылына 23 млн жейде шығаратын фабрикасын ашпақ. Осындай ірі өндіріске оларға бар – жоғы 400 кісі керек. Себебі киім тігу ісі мұнда да толық роботтанған.

Роботтар.Өздеріңіз көргендей, дамушы елдерге жай зауыттар оралып жатқан жоқ. Роботтанған әрі аз қызметкерді талап ететін өндіріс орындары. Компаниялар өз саласына роботтарды енгізуге неге құштар? Соңғы 20 жылда АҚШ-та көлік шығаруды автоманттандыру нәтижесінде өнім 53% - ға артыпты, ал жұмыс күші 28%-ға азайған. Яғни, роботтардың жұмыс өнімділігі жоғары. Аз шығынмен көп нәтижеге жетуге болады. Олар шығынды азайтады. Робот ауырмайды, жұмыстан кешікпейді не сұранбайды, қателеспейді, тек берілген бұйрықты орындайды. Жалақы, әлеуметтік пакет, 1 айлық демалыс сұрамайды. Жұмыс берушіге ең қажет қызметкер сияқты. Ендеше компаниялар оны өз саласына неге енгізбеске?

Робот қатер ме?Алайда экономиканы роботтандырудың өзіндік қауіп-қатерлері аз емес. Әдетте, бір робот жұмыста үш адамды алмастырады екен, яғни, үш қызметкерді жұмыссыз қалдырады деген сөз. Мәселен, Ұлыбританияда роботтандыру 800 мың жұмыс орнын жапқан. Алайда 3,5 млн жаңа жұмыс орнын ашыпты. Тек ол орындарға қабілеті жоғары мамандар керек. Атақты «Why nations fail» кітабының авторы Д.Асемоглудың және Рестрепоның зерттеуіне сенсек, өндірісті роботтандырғанда орта білімді азаматтар жұмыстан айрылып, жалақасы азаяды екен. Себебі әдетте роботтар үлкен ақылды талап етпейтін, күнделікті қайталанатын механикалық әрекет жасайтын жұмыстарды алмастырады. Мәселен, қорапшаны жинау, тасу, көліктің бөлшегін орналастыру және тағысын тағылар.

Ресейлік ғалымдар да өз экономикасына зерттеу жүргізіп, роботтандыру процесі басталса, еңбек нарығындағы 49-50% азамат (42 млн) жұмыссыз қалуы мүмкін дейді. Себебі Ресейде әлі күнге дәстүрлі қызмет көрсететін мамандықтар аз емес. Айталық, дүкен сатушысы, такси жүргізушісі, несие сарапшысы, риэлтор және басқалары. Олардың жұмысын келешекте автоматтандыруға немесе жасанды интеллект арқылы сайттарға ауыстыруға болады.

Робот мүмкіндік пе?Жалпы Бүкіләлемдік экономикалық форум 2022 жылға қарай роботтар адамдардан 75 млн жұмысты «тартып алып», 133 млн жаңа жұмыс орындарын ашады деп болжам жасайды. Бұл экономикасы бір салаға бейімделген елдер үшін қауіпті. Мәселен, Бангладештің 70% экспорты киім. Егер осы елдегі кәсіпкерлер фабрикаларына жаппай роботтарды орнататын болса, онда миллиондаған адам көшеде қалуы мүмкін. Енді сұраныста технологиямен, үлкен мәліметтермен жұмыс істей алатын data-сарапшылар, бағдарламалаушы-инженерлер, электронды сауда мамандары, SMM-шілер болуы мүмкін.

Жалпы роботтандыру, жасанды интеллект бизнестің де түрлерін өзгертіп тастады. Мамандықтардың жойылуы, жаңа қабілеті бар қызметкерлердің талап етілуі соның тек салдары ғана. Мәселен, бірде бір жеке көлігі жоқ Uber әлемдегі ең ірі жолаушы таситын компанияға айналды. Ал иелігінде пәтері не қонақ үйі жоқ Airbnb немесе Booking қазір жаһан бойынша жұртты уақытша баспанаға жайғастырушы ең ірі компанияның бірі. Яғни, технология нарықты өзгертті, клиент пен бизнестің арасындағы делдалдар азайып барады. Соның бір дәлелі – туристік агенттіктер. Жұрт саяхат үшін бұрындары агенттіктерге жүгінсе, қазір барлығын үйден шықпай, сайт арқылы рәсімдей алады. Мәселен, АҚШ-та 1990ж 132 мың туристік компания болса, 2014 жылы олардың саны 74 мыңға түскен. Басқаша айтқанда, туристік агенттіктің кеңсесін іздеп барып, билет сатып алатын адам азайған.

Соңғы 20 жылда Батыс Еуропа мен АҚШ-та робот саны 5 есе өсіп, 1,5 млн-ға жеткен. Бүгінде әлемде өз экономикасына роботтарды енгізуден Оңтүстік Корея, Сингапур, Германия әлем алдында келеді. Тек Кореяда 10 мың жұмысшыға шаққанда, 631 роботтан келеді. Бірақ осы қос елдің көрсеткішіне қарасақ, жұмыссыздық төмен деңгейде. Себебі роботизация экономика мен жалақының өсіміне әкеледі екен. Сонымен қатар, орта білімді персоналдың қысқарып, қабілеті жоғары мамандардың сұранысын тудырады. Сәйкесінше, егер роботтың «кесірінен» далада қалған орташа білікті маманды қайта оқытса, қабілетін жоғарылатса, онда жұмыссыздықтың алдын алуға болады.

3D принтер. Жалпы төртінші индустриялық революция барысында технологиялық дамудың бір көрсеткіші әрі жұмыс орындарының қысқаруына себепші болатын фактор – 3D принтерлер. Бүгінде олар кәдімгі қуыршақтан бастап ұшақтың бөлшегіне дейін басып шығара алады. Полимер пластиктен қалаған фигураны құйып береді. Егер бұл бағыт жақсы дамыса, онда келешекте, айталық, бір көлік құрастыруға қажет деталь, бөлшектерді 20-30 зауыттан бөлек тапсырыс берудің қажеті жоқ. Басым бөлігін әр автозауыт өзі 3D принтерлерде басып шығара алады. Яғни, бір жағы бизнестің шығынын азайтады, екінші жағы сауда айналымын, өндіріске тапсырыстарды төмен түсіріп жіберуі хақ. Мәселен, Адидас компаниясы 2015 жылы Берлинде кез-келген адам аяғын сканерлеп, спорт аяқ киімінің қалаған дизайнын таңдап, соңында оны 3D принтерде басып шығара алатын дүкен ашты. Бизнес осылайша жаппай тауар шығарудан жеке, әр адамға арналған, эксклюзивті тауар деген форматқа ауысуы мүмкін. Бұл мендегі көйлек басқа ешкімде болмасын деп ойлайтын қыздар үшін жақсы мүмкіндік.

Қазақстан ше? Бүкіл әлемде осындай технологиялық, индустриялық өзгерістер жүріп жатқанда, Қазқастан олардан шет қалмасы анық. Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев елдегі 600 компания цифровизация процесі аясында біршама жұмыс орындарын қысқартуы мүмкін екенін айтты. Ал «Бәйтерек» холдингіне қарасты "Қазына Капитал Менеджмент" компаниясы 2017 жылы "Вист Групп" компаниясына қаражат құйған еді. Мақсат – кен өндіру саласын роботтандыру. Бұл бір жағы технологияның дамуы, одан қашып құтылу мүмкін емес. Екінші жағы, жұмыспен қамту саласына үлкен сынақ. Мәселен, Арселлор Миталл Теміртау, Қазақмыс секілді ірі кәсіпорындарда жұмысшы саны 30 мың мен 40 мыңның арасы. Егер ертең осы кен өндіру, металлургия саласында роботтандыру, автоматтандыру процесі басталса, онда мыңдаған адамның қара күші керек болмай қалады. Яғни, олар көшеде қалады деген сөз. Үкімет үнемі бұл компаниялардың басшыларын жұмысшыларды жұмыстан шығарма деп сұрай алмайды. Прогресс жүріп жатыр. Сол үшін Ұлттық экономика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сондай тәуекелдерге жауап қадамдары бар деген үміттемін. Олай болмаған жағдайда, жұмысшы жұрт қызметсіз қалса, Орталық Қазақстан әлеуметтік тұрақсыз өңірге айналуы әбден мүмкін.

Экономиканың роботтануы технологиялық прогрестің бір кезеңі ғана. Алдыңғы өндірістік революциялар кезінде де адам технологиямен жұмыс орны үшін күресті. Нәтижесінде, өнім артып, екі жақ жақсы үйлесті. Корея мен Германияның тәжірибесі көресткендей, өндірісті роботтандырудан үркудің қажеті жоқ. Робот біршама индустриядағы процестерді адамсыз жылдам атқара алады. Тек жағдайға бейімделіп, жұмыссыз қалғандарды жаңа мамандық, бағыт, қарым-қабілетке дер кезінде оқыта білу керек. Оған қоса, әр маман да ертең мені робот ауыстырмай ма? Еңбек нарығында, жұмыста сұраныста болу үшін не істеуім керек, қандай білім, қабілетке ие болуым қажет деген сұрақты өзіне қойып, соған жауап таба бергені абзал.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

“Егемен Қазақстан”