Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

Бабасы ерлік жасаған күні туған ұл

641 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бабасы ерлік жасаған күні туған ұл

Кезінде көмір өндірісіне талай майтал­ман маманды даярлауымен атақты Қара­ғанды тау-кен техникумының, бүгінгі поли­техникалық колледждің жетекшісі Зекен Рахимовпен әңгімелесу сәтінде шамасы төрт-бес жасар бір балақан кіріп келді. Әл­гінде салмақты Зәкең әп-сәтте абыр-сабыр болып, еріп сала берді. Құшағына құшып, бетінен сүйіп:

− Кімнің баласысың? – деді.

− Аталардың баласымын.

− Аталарыңның аты кім?

− Әбдір, Сәрсен, Сәдірбек, Нүркен!

Құлақ елең ете қалды. Жауабы қызық­тыр­­ды.

– Батыр ағамыздың кіші шөбересі бұл. Маған туған жиен әрі. Бауыздау құдам Әукеңнің немересі, – деп таныстырылды.

Әукең − Әбубәкір Әбдіров алыс-жақынға белгілі кісі. Әсіресе, қарағандылықтардың көбі жақсы біледі. Ұзақ жыл қоғамдық тәр­тіпті сақтау, тыныштықты қорғау жолында жұмысты жұмылдырған адам. Қаланың беймазалау аймағы Майқұдықты көзге қораш етпеуге сіңірген еңбегі ел есінде. Кеудесі марапат белгілерге толы, полковник шенінде жетпістің жотасына шыққалы отырған ардақты азамат.

Ең бастысы Нүркен батырдың ет бауыр інісі тұрғысында жұрт көңіліне одан сайын жылы. Даңқты ағасына шексіз құрметімен, қастерін асыруға ыстық ынта-ықыласымен сүйінішті жан.

«Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген осы-ау шығар. Бір байқағаннан батылдығы, зеректігі сүйкімді Дәулет есімді ботақан Әбдірдің қара шаңырағын сақтап қалған Сәрсенінен тамыр жайған бұтақ екен. Әукең әкеден жалғыз ұл, өзінен екі ұл болса, екеуінен атұстар немерелер сүю жазыпты. Кі­шісі әлгі саңқылдаған жеткіншек.

Және бір ғажабы, Дәулет Нүркен ата­сының әйгілі ерлігін жасаған күнге тұс­па-тұс дүниеге келген. 1942 жылы 19 жел­тоқ­санда Сталинград майданы шебіне ентелеген танктерді жою үшін әуеге көтеріліп, тап­­сырманы орындау кезінде жалын шар­пыған ұшағын жау күші шоғырланған тұсқа бағыттап, қаһармандықпен қаза тапқан болатын батыр. Сәйкестік пе, Жаратушы ие жазуы ма! Қыршын кеткен қыран аруағын жаң­­ғыртуға Алла тағала ықыласы түсуі ме дей­сің.

– Мен әкем Сәрсен 49 жасында өзі ең­бек ететін шахтадағы апатта опат болған соң Бағжан әженің баурында өстім. Әжем ағалы-інілі үшеуден қалған жалғыз тұқым екенімді айтып, қара шаңырақты сақтауыма жеткізуді, ұрпақты болуымды тілейтін жа­рықтық. Бүгінде ақ тілеуін бізге беріп, әуле­тіміз кеңейді. Адам өзінің соңынан ерген ұрпаққа қарап көңіл жұбатар, ошақ оты өш­пеуіне үміт етер ғой. Даниярыма тиген қара шаңырақтың шырағын Дәулетім де жар­қыратар деп тәубе етемін іштей, – дейді Әукең.

Биыл жазда Нүркен батырдың туғанына 100 жыл толады. Үзілмеген ұрпақ, сөнбеген шырақ бар. Демек батыр рухы жасай береді.

Айқын НЕСІПБАЙ

Қарағанды

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20