Спорт • 21 Қаңтар, 2019

Ұрланған тудың тарихы

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2000 жылдың 11 қыркүйегінде түсірілген бұл суреттің тарихы тереңде жатыр. Ол жайында сәл кейінірек. Суреттегі – АҚШ-тың ардагер спортшысы Хэйг Прист. Ол 1920 жылы Антверпенде өткен Олимпия ойындары кезінде қолды болып, із-түзсіз жоғалып кеткен туды Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Хуан Антонио Самаранчқа қайтарғалы тұр.

Ұрланған тудың тарихы

1920 жылғы VII жазғы Олим­пия ойындарын Бельгияның Антверпен қаласы қабылдағаны белгілі. 14 тамызда дүбірлі дода­ның ашылуы салтанаты өтіп, бақ сынауға келген 29 мемлекеттің өрен­дері сап түзеді. Осы жарыс­та тұңғыш рет бес сақиналы олим­пиялық ту көкте желбіреп, бар­лық спортшылар қауымы атынан жергілікті ватерполшы әрі сем­сер­лесуші Виктор Боэн ант берді. Осылайша 24 спорт түрі бойын­ша 154 жүлде жиынтығы сарапқа са­лынған байрақты бәсеке басталды.

Арада екі тәулік өткенде олимпиялық ту белгісіз жағдайда жоғалып кетеді. Халықаралық ұйым басшылары дабыл қағып, Бельгияның билік басындағы азаматтарына шағымданды. Өз кезегінде олар ұйымдастырушылар мен тәртіп сақшыларына байрақты дереу тауып, қайта орнына қоюды тапсырады. Сәйкесінше ұрылар жазалануы тиіс. Бірақ жедел іздестіру іс-шаралары еш нәтиже бермеді. Тудың қайда жоғалғаны және кімнің қолды қылғаны белгісіз. Көрген-білген ешкім жоқ. Ақыры табылмағаннан кейін ол байрақты басқасымен алмастыруға тура келді.

1997 жылы АҚШ-тың Олим­пиа­да комитеті үлкен шара ұйым­дастырып, сол жиынға жасы 100-ден асқан ардагер спортшы Хэйг Прист мырза құрметті қонақ ретін­де шақырылды. Дәл осы ақса­қал 1920 жылғы Олимпия ойындары бағдарламасындағы суға секіру сайысында қола медальды иеленген болатын. Кешкілік банкетте бір ғасыр жасаған қарияны БАҚ өкілдері қаумалап, түрлі сауалдар қоя бастайды. Соның бірі жоғарыда баяндалған оқи­ғаға байланысты болды. Сон­да еш шімірікпеген Прист: «Антвер­пендегі тудың қайда екенін мен жақсы білемін. Оны кезінде команда­лық әріптесім әрі өзімнің жақын досым Дюк Кэхэнэмоку екеуміз алғанбыз. Қазір сол байрақ менің чемоданымның түбінде жатыр», деп мәлімдеді.

Ғасырлар тоғысында Сидней­де алауы тұтанған жазғы Олим­пия ойындары қарсаңында Аус­тралияға арнайы ат басын бұрған 103 жастағы Хэйг Прист «Енді осының маған қажеті жоқ-ау» деп байрақты ХОК президенті Хуан Антонио Самаранчқа қайтарып береді. Осылайша, арада 80 жыл өткеннен кейін Олимпиялық ту өзінің заңды орнын тапты.

Бұл күндері бес сақина бейнелеген сол байрақ Лозаннадағы Олимпиялық мұражайда сақтаулы тұр. Ал Хэйг Прист болса, 2001 жылдың 19 сәуірінде 105 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»