02 Наурыз, 2010

“ҚАЗАҚМЫС” БОЗШАКӨЛДІ ИГЕРУГЕ КЕЛДІ

1005 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқан жердің бәрі тас көмір, қазба байлық Екібас­тұз­дың даласы байырғы  Бозшакөлі­мен де  жақсы таныс. Қасында осы аттас көлі бар кен орны кен­ші­лер қаласынан 90 шақырым жерде орналасқан. Осы жердегі Төртқұдық ауылының  тұрғындары, әсіресе, жастар жұмыс табылып, қолға күрек ұстар кез келді деп үлкен бір компанияның кен орнын игеруге келетінінен  хабардар да көрінеді. Қазып ал да, пайдаңа жаратқын деп кен көзі тұнып тұрған осы кең далаға енді  “Қазақмыс” сияқты аты әлем­ге бел­гілі компанияның көзі түсіп, бет бұрғаны  өндірісті облыс үшін, әрине,  қуанышты жағдай. Сөйтіп, биыл өңірде тағы бір инвес­тициялық жаңа жоба – Бозшакөл кен байыту комбинатының құ­ры­лысы баста­лады. Ал, компанияның екінші бір қол­ға алған жобасы, ол – Екібастұз ГРЭС-1 стан­са­сының өндірістік жүйесін кеңейту жұмыстары болып табылады. Міне, осындай өндірістік жарқын жаңа­лық­тары­мен жуырда облыстық әкімдікте облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төр­ағалығымен өткен жи­ылыста “Қа­зақ­мыс” корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы  В.Ким мә­лім етті. Яғни, бұл жер­­дегі  кен ор­нынан мыс өн­діруді Кеңес өкі­меті кезінде жос­пар­ла­ға­нымен  оның нақ­ты  нәтижесі бола қоймапты. Ал, қа­зір қазба байлығы бар қай жерден кен  өнді­ре­міз десек те, уақыт талабы, жаңа заман тех­нологиясы бұған мол мүмкіндік  туды­рып отыр. Кен бар жер игерілмей қалмай­ды. Енді бұл жобаны   “Қазақмыс” корпо­ра­циясы  жүзеге асыра­тын болады, деді Вла­димир Ким. Сөйтіп, облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаев басқаратын облыс әкімдігі Елбасы Жолдауында тапсырылған жедел индустрияландырудың жаңа кезеңін осылайша жолға қойып та үлгерді.  Бұл енді біраздан соң, биылғы жылы Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысы басталады деген сөз. Жобаның жалпы құны – 2 млрд. теңге. Жоспар бойынша ком­бинаттың құрылысы 2014  жылы аяқталады. Бұл жобаның ең бір ғаламаты сол, кен байыту комбинатының құры­лы­сына 4500 адам жұмысқа тартылады. Бұл Екібастұз, Павлодар, Ақсу қалаларының, Баянауыл, Май аудандарының жастары мыс комбинатының құрылысын салуға үлес қоса алады деген сөз. Ал, кен орнын әрі қарай игеру барысында 1500 маманға тұрақты жұмыс орны ашылады. Өндіріс мамандары комбинаттың жұмыс жасауына Екібастұз ГРЭС-1 стансасы өндірісі мен Шідерті су қоймасының қоры пай­да­ланылады деп отыр. Екіншіден, Бозшакөл кен байыту комбинаты алдағы жылдары Жезқазған және Балқаш металлургиялық зауыттарын да шикізатпен қамтамасыз етеді. Болжам бойынша мұндағы мыс пен концентрат 39 жылға жетеді.  Үшіншіден, кеніштің әрі қарай қарқынды жұмыс жасауы үшін бұл жерде геологиялық барлау жұмыстары жалғасады. Қазір “Қазақмыс” корпорациясы өздері өндіретін мыстың 80 пайызын басқа елдерге экспорттайтын көрінеді. Компания Ресей, Қытай, Еуропа елдері рыноктарына белсенді  жұмыс жасап келеді. Алдағы уа­қыт­та жоспарларына алып отырған Боз­ша­көл кен байыту комбинатының құрылысы, іске қосылуы облыстың әлеуметтік эко­но­микалық дамуына оң ықпал жасайды. Алып комбинаттың айналасында облыс­тағы ша­ғын және орта кәсіпкерліктің  топ­таса алатыны да сөзсіз. Алғашқы жиналыс­тың өзінде-ақ  осыған үлес қосуға ниет та­ныт­қан өңірдегі “Казэнергокабель”, “Формат”, басқа да жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктері болды. Владимир  Ким бұларға қолдау көмектерін беретінін ай­тып қалды.  Яғни, бұл фирмалар енді ком­панияның тапсырысын орындайды. Бұл Елбасы бастамасына орай қазақ­стан­дық үлесті арттыру мәселесі, және биылғы жылы корпорация өздері сатып алатын тауарлармен қызметтер үлесін барынша арттыруды қолдап отыр. Сонымен қатар, “Қа­зақмыс” корпорациясы алдағы жос­пар­­лары­на орай өздері қожайындарының бірі болып табылатын Екібастұз ГРЭС-1 стан­сасының да өндірісін кеңейтуді қолға алды. Қазіргі күндері стансаның энерго­блок­тарын  қалпына келтіру жұмыстары  басталды. Ал Бозшакөлдің кең даласын игеруді құп алғандары үшін облыс басшылығы “Қазақмысқа” алғыстарын білдірді. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.