02 Наурыз, 2010

ЖАҢА ҚОР ҚҰРЫЛДЫ

908 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бұл қор корпоративті басқа­рудың әлемдік дәрежесіне сай құрылып отыр. Оның талаптары бойынша компаниялардың қа­йы­рымдылық бағыттағы істері а­шық, жауапты және есеп бере­тіндей тетіктер құру арқылы әл­еуметтік және қайырымдылық жобаларды қаржыландырудағы жұмыстарды ретке келтіріп отырады. “Самұрық-Қазына-Астана” қоры спортты қолдау мен оны дамыту, елімізде үлкен жетістік­терге жетіп жүрген спорт түрлері мен бұқаралық спорт түрлерін дамыту секілді мәселелерге ма­мандандырылатын болады. Со­нымен бірге оның спортшылар мен бапкерлерді дайындап, жо­ғары дәрежедегі спорт маманда­рын елге тарту жұмысымен де айналысуы көзделіп отыр. Жақында корпоративті қор­дың қамқоршылар кеңесінің шешімімен оның бас директоры болып Дәулет Тұрлыханов та­ғайындалды. Бұған дейін Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Спорт істері жөніндегі комитет төрағасы қызметтерін ат­қарған Дәулет Болатұлы кезін­де 10 жылдан астам уақыт бойы КСРО-ның грек-рим күресі жөнінен ұлттық құрамасының сапында Кеңес Одағының жеті дүркін чемпионы, Олимпия ой­ындарының жүлдегері, әлем чем­пионы, әлем кубогының ие­ге­рі, Азия және құрлықтық бас­қа да ойындардың бірнеше дүр­кін чемпионы болған. Ол КСРО-ның еңбегі сіңген спорт ше­бері. Қа­зақстанның және Қыр­ғыз­станның еңбек сіңірген бап­кері. Қазақстан Республика­сы­на ең­бегі сіңген қайраткер. Про­фессор, педагогика ғылым­да­ры­ның кандидаты деген дә­режесі бар. Сондай-ақ ол халық­аралық бокс федерациясы бюросының мүшесі. Дастан КЕНЖАЛИН. БЕЙЖІҢДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ Қытай астанасында “Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс және кәсіподақтардың рөлі” деген тақырыпта халықаралық форум болып өтті, деп хабарлады ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі. Форумға Африка, Азия, Еуропа, Латын Америкасы ұлттық кәсіп­одақ­тарының өкілдері мен кейбір өңірлік және халықаралық кәсіп­одақтар ұйымдарының басшылығы қатысты. Форумға қатысушылар кәсіподақтардың рөлі, олардың халықаралық ынтымақтастықтағы қызметін күшейту және дағдарыс сал­дарын еңсерудің, жұмысшы­ларды әлеуметтік-экономикалық қорғаудың жолдарын талқылады. Форумда Қазақстан Республи­касы Кәсіподақтар федерациясы­ның төрағасы Сиязбек Мұқашев сөз сөйледі. Ол форумның қоры­тын­ды құжатына ұсыныс енгізді. Сөйтіп, дағдарыстан кейінгі кезең­де кәсіподақтар өздерінің үш негізгі міндеттерін айқындады. Олар: тау­арлар мен қызмет көрсетулерге одан әрі бағаның өсуіне жол бер­меу, жұмысшылардың еңбек­ақы­сын тұрақтандыру және жұмыс күшін барынша қамтуға тырысу. КӘСІПОДАҚТАР  “СОСНОВЫЙ БОРҒА”  КЕЛДІ Көктем айының алғашқы күн­дерінде  Қазақстан кәсіподақтары­ның барлығы  Арақарағай орма­нын­дағы “Сосновый бор” сана­то­рийі­не жи­нал­ды. Мұнда наурыздың  4-іне дейін Қазақстан кәсіп­одақ­тары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтың жетекшілігі­мен “Қазіргі жағдайдағы  акцио­нер­лік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қызметінің  өзекті мәселелері.  2015 жылға дейінгі ке­зеңге арналған  сана­торий-курорт, туристік және қонақ үй кешендерін дамыту бағдар­ла­масын дайындау” атты семинар-кеңес өтуде. Бұл жиынға  еліміздің барлық  шал­ғайындағы кәсіподақтарға қа­расты сауықтыру орындарының жетекшілері, олардың медицина жө­ніндегі орынбасарлары, тәжіри­белі дәрігерлер қатысуда. Жи­нал­ғандар  сауықтыру-демалыс орын­дарында  медициналық қызметтің сапа­сын көтеру, емдеудің озық әдістерін енгізу және қаржы-шаруашылық қызметтер жөнінде терең талқылап, пікір алмасатын болады. Сонымен қатар семинар-кеңесте “Кәсіподақтарға қарасты сауықтыру орындары мен қонақ үйлерінің көшбасшылары” атты байқау-көрме өтеді. Д.ӘУБӘКІРОВ, “Сосновый бор” ЖШС директоры. Қостанай. Бәрекелді! БІЛІКТІ ӘКІМ ЖЕКЕ  БЛОГПЕН ДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сай­тын­да (www.zhambyl.kz)  облыс әкімі Қанат Бо­зымбаевтың жеке блогы жұмыс істей бастады. Оның ерекшелігі сол кез келген адам облыс әкімі атқарып жатқан жұмыстарға байланысты соңғы жаңалықтарды ғана біліп қоймай, блог “қонақтарының” сұрақтарымен және оларға қай­тарылған жауаптармен де таныса алады. Соны­мен бірге, облыс басшысына өздерін толғандырған сауалдар мен ұсыныстарды жет­кізуге де мүмкіндіктері бар. Блогқа хабарласқан Шу ауданының тұрғы­ны “енді облыс басшысы халыққа, халық облыс басшысына жақындай түсті” деп риза­лы­ғын білдірсе, Жуалы ауданының тұрғыны Е.Ма­на­шев облыстағы ауыл шаруашылығы са­ласын да­мыту жайындағы ой-пікірлерін ай­тып­ты. Та­раз­дық С.Аманбеков облыс орталығын­дағы құ­рылысы 30 жылдан бері бітпей тұрған қонақ үй мен қала сыртындағы Шалғай Қа­расуға барар жолдағы аспалы көпір құры­лы­сының да кезінде аяқсыз қалғанын жеткізіпті. Бүгінде интернет пен электронды пошта қыз­меті халық арасында көп пайдаланыла бас­та­ды. Сондықтан жамбылдықтар облыс әкі­мі­нің өз блогындағы: “Мен өзімнің жеке бло­гым­да сіздермен кездескеніме қуаныштымын.  Бүгін, ақпараттық технология дамыған кезде біз, жергілікті атқарушы билік, осы аймақтағы әрбір тұрғынның әлемдік ақпараттық кеңіс­тік­ке шығуына барлық жағдайды жасайтын бола­мыз. Облыс әкімдігінің ресми сайтының көмегі арқылы, біздің аймақтағы  қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысатын боласыздар. Осы блогтың көмегімен сіздер менімен тікелей байланысқа шығып, өз сұрақтарыңызды айтып, ойларыңызбен бөлісе аласыздар. Кез келген өтініш назардан тыс қалмайды. Бұл блогтың бірыңғай ақпараттық алаңға айналатыны және қызықты да  тиімді болатына сенемін”, деген жүрекжарды сөзін оқып, “бәрекелді, бұл да жөн екен” деп отыр. Облыс әкімінің оңды бастамасы енді аудандар мен қала әкімдері тарапынан да қолдау тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. “ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ” мемлекеттік грантын биыл 200 адам алды Соңғы бес жыл көлемінде Үкімет үздік оқытушыларды қолдау мақсатында қомақты қаражат бөліп келеді. Аталмыш грантты жеңіп алған ұстаздар мамандықтарына қатысты келелі мақсаттарын жүзеге асыра алады. Сонымен, Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 24 тамыздағы қаулысына сәйкес “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантын тапсыру игі дәстүрге айналып отыр. Бұрынғы грант иелерін де арнайы ко­миссия анықтаған. Еліміздің ең жаңашыл да ізденімпаз, шәкірт тәрбиелеуге шы­ғар­машылық тұрғыда қарайтын оқытушыларды анықтауға Парламент Мәжілісі депутаттары, минис­тр­лік­тер мен мекемелер, білім беру саласының жетекші мамандары ғалымдар араласып, төрелік айтқан. Жыл сайын бұл атақты алуға талпынып, тынбай іздене бастаған оқытушылардың қатары көбейіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Биылғы “жоо оқу орнының үздік оқы­ту­шысы” байқауына 93 жоғары оқу ор­ны­нан 840 үміткер құжат тапсырса, 2005 жылы – 431 адам, 2006 жылы – 902 адам, 2007 жылы – 828 адам, өткен жылы 955 адам бағын сынаған екен. Дегенмен, байқауға қатысып, бағын сынағылары келгендер көбейгенімен, бай­қау­дың да ережелері күрделене түсуде. Сонымен “жоо үздік оқытушысы” ата­ғына кімдер лайықты? Ең алдымен үздік оқы­тушы қолданбалы ғылыми-зерттеулермен, ха­лықаралық ғылыми жобаларға қатысуы, үй­ре­нушілердің ғылыми жұмысына (соның іш­інде студенттердің ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары мен шығармашылық жұмыстарына жетекшілік жасау), оқулықтар мен оқу құ­рал­дарына, оқу-әдістемелік кешендер әзірлеу мен басып шығаруға қатысуы, заманауи пе­дагогикалық технологияларды енгізу және пай­далануы, студенттердің оқытушыны пе­дагогикалық шеберлігін бағалауы, үміткердің тәжірибеден шетелде өтуді жоспарлауы сияқты жетістіктері арқылы бағаланады. Өткен сенбі күні Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев еліміздің 200 үздік оқытушысына мелекеттік грантын табыстады. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.