Театр • 28 Қаңтар, 2019

«Астана Опера» сахнасында «Манон» балеті қойылады

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Манон» тарихы 30 қаңтар күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында көрермен назарына ұсынылады деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Астана Опера» сахнасында «Манон» балеті қойылады

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ж.Массненің музыкасына қойылған XX ғасырдың көрнекті хореографы К.Макмилланның ерекше көріністі «Манон» балеті «Астана Опера» театрында орын алған премьерасынан бастап-ақ көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Қазір қарқынды дайындық жұмыстары жүргізілуде, солистермен ұсақ-түйек жайттардың бәрін қоса толыққанды жұмыс жасаудамыз. 

«Манон» балетінде өте нәзік, бірақ ерекше маңызды дүниелер көп. «Астана Операның» балет труппасы өте мықты. Бұған дейін бірге әріптес болған адамдармен жұмыс жасау өте керемет, себебі арамызда менің өткен жолғы жұмыс барысымда орын алған өзара түсіністігіміз бар. Басты партияларды екі жыл бұрын орындаған солистер әзірлеп жатыр, қайта оралған кезімде біршама есейген әрі тәжірибе жинақтаған әртістермен кездесу қандай керемет еді. Қазір олар өз рөлдерін орындауда біраз кемелдікке жеткен», – дейді қоюшы-балетмейстер Карл Бёрнетт. Еске салар болсақ, Кеннет Макмиллан балетке арналған либреттоны аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың оқиғасы» романының желісі бойынша жазған. Оркестрге лайықтап, аранжировкасын жасаған – Мартин Йетс. Декорациялар және костюмдер бойынша суретші – Николас Георгиадис. «Астана Опера» сахнасында қойылымды жүзеге асырған балетмейстерлер Карл Бёрнетт, Патрисия Руанн.

Декорациялар бойынша үйлестіруші – Чинциа Ло Фацио, костюмдер бойынша үйлестірушілер – Наталия Стюарт, Арасель Досмұратова, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді. 30 қаңтар күні Манон партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева орындайды, кавалер де Грие – Олжас Тарланов. Леско – Арман Оразов, Лесконың көңілдесі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова. Г.М. мырза – Жәнібек Иманқұлов, Қарт мырза – Руслан Темірбеков, Қарауыл басшысы – Олжас Маханбетәлиев, Мадам – Алтынай Қағазбаева, Кедейлерді бастаушы – Бейбарыс Ақарыс. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Спектакльдің басталуы сағат 19:00-де.