Өнер • 29 Қаңтар, 2019

Керексіз темір – керемет туынды

179 реткөрсетілді

Шығармашылықтың кез келген саласында, әсі­ресе бейнелеу өнерінде өз ортаңды мойында­ту оңай емес. Кенепке түс­кен әлемді түсінуге өз­геше өре, басқаша та­ным керек. Өнерден құра­ла­­қан қарапайым жандар­ды былай қой­ғанда, ма­ман­дардың өзі де дарындар мен дилен­танттардың аражігін айы­ру үшін уақыттан енші сұрайды.

Суреткерлік салаға сан түрлі қырымен қайта-қай­та оралып, талантын ны­ғар­лаудан танбаған, қылқалам өнерінің танымал өкілі Зұл­қайнар Қожамқұловты өз ортасы біраз уақытқа жоғалтып алғандай болған. Бейнелеу өнері саласында 30 шақты жеке көрмесін өткізіп, суреткерліктің қай жанрына түрен салса да толайым туындыларымен өзін мойындатқан, кешегі КСРО Суретшілер одағының белді мүшесі бос жатпаған екен. Әйтпесе, әріптестері үшін кенеп-бояуынан біржола қол үзгендей көрінген Зұлқайнар Қожамқұлов өзі үшін өнердің жаңа соқпағын таңдап үлгеріпті. 

Тонналаған темір-терсек­терді, автомобиль, мотоцикл, велосипедтердің кәдеге жарамай қалған бөлшектерін күндіз-түні өнерге айналдырумен күн­дері өтіпті. Майлы бояуды ба­­ғын­дырған қолдар темірді әмі­ріне көндіріп, қайталанбас мүсіндерді түлете берген. Ал­матыдай мегаполис қаланың әр тұсында пайда болған, бұ­рын-соңды белгісіз тосын арт-нысандар қала тұрғындарын ғана емес, өнертанушыларды да елең еткізді. Өйткені талантты суретшінің заманауи стимпанк техникасын өзіне бағындырып қана қоймай, оны ұлттық бол­­мы­сымызбен үндестіруі, жұ­мыс­­тардың ауқым­ды­лығы тәнті бо­луға тұрарлық еді.

Зұлқайнар Қожамқұловтың жұмыстарын оқта-текте көрме­лер­де көзіміз шалып жүрсе де, мыңдаған ұсақ бөлшектері тұ­тас бір тірі ағзаға айналып, ті­рілгенін көргенде қала тұр­ғын­дарымен қосыла қуандық. Алма­тылықтар темір туын­ды­ларды лайықты қарсы алды.

Суреткер өзінің бойындағы суреткерлік өнер, жеті баланы өсірген ісмер анасынан дарыды деп біледі. Әкелері ерте қайтыс болады. Қожамқұловтың өзінен тараған алты баласы да қазір шығармашылық өнердің айналасында жүрген танымал адамдарға айналды. 

– Мектепте оқып жүргенде пей­заждар салумен болдым. Алматы көркемсурет учили­щесінде оқып жүргенде ойлары барынша ашық та анық Қастеев, Айтбаев, Петров-Водкин сынды қылқалам шеберлеріне елік­тедім. Мен үнемі ізденіс үстінде жүремін. Бір бағытта жеті жылдан астам ғана жұмыс істей аламын. Содан кейін стилім, бағытым, пәлсафам мен пікірім түгелімен өзгереді. Өзімді экспериментальды сурет­шімін деп есептеймін. Менің шеберханам – бұл менің лабораториям, – дейді Зұлқайнар. 

Кейінгі кезде поп-арт стилі­мен әуестенген су­рет­­­шінің ең­бегі де зая кеткен жоқ. Өзі­нің шығар­ма­шы­лық қарым-қабі­летіне тән үрдіспен Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов, Бауыржан Момышұлы, Батырхан Шүкенов сынды тұлғалардың эмоция­сы бейнелеген толық галереясын, арнаулы көрмеде көп­ші­лікке ұсынды. 

Ал сәтімен жүзеге асқан стим­панк стиліне келетін бол­сақ, суретші өзінің ең алғашқы жұмысын меценат, кәсіпкер Алдар Тұңғышбаевтың идеясымен орындағанын айтады. Өнерді бағалайтын кәсіпкер Қожамқұловтың туындыларына бұған дейін де назар аударып келген. 

– Алдар Мұқажанұлы өнер­ді, тіпті менен де жақсы түсінеді. Алғашқы темір мүсін соның ұсынысымен бес жыл бұрын жасалды. Одан кейін қазір музейдің алдында тұрған «Өгіз» туды. Барлық автобөлшектерді СТО-лардан біртіндеп жинадық. Кере­гін сатып алумен бол­дық. Қысқасы, жерде бос­қа шашылып жатқан темір-терсек жоқ, – дейді Зұл­қайнар. 

Бес саусақтай белгілі кеңес­тік соцреализмнен бас тартып, төңкеріс жасаған суретші үшін бұл да тәуекел. Әрине, саз­балшықтан мүсін жасау әлдеқайда оңай болар еді. Бірақ күрделі кроссворд сияқты те­мірді түйсіну, оның әрбір түйі­рін мүлтіксіз бағындыру таланты екінің біріне бұйырмаған. Әйтпесе, ТМД кеңістігінде стим­панк стиліне ауыз салған­дар болғанымен, оған монументальды тұрғыда әмірін жүргізе білетін мүсінші жоқтың қасы.

Мәселен салмағы төрт тонна тартатын бір ғана «Мер­ген­ді», яғни садақ тартып тұр­ған Қобыланды батырды дү­­ниеге әкелу үшін екі-үш жыл ғана емес, ептілігі зергер­лерден бір мысқал да кем емес қос дәнекерші мен қос бір­дей көмекші жұмыс істеген. Қазір «Мерген» әл-Фараби даң­ғылында тұр. Тырнақалды темір туындысы «Дала патшайымы» AUL RESORT кешенін байытып тұр. 

Ал Орталық мемлекеттік музейдің алдына қойылған «Қуат» немесе «Өгіз» аталатын арт-нысаны қара күш пен төзімділіктің ғана емес, асқақ рухтың да нышаны.

Күндіз де, түнде де, қыста да, жазда да тынымсыз ізденіп, еңбектенген, қартаймайтын өнерге қызмет етіп келе жатқан Зұлқайнар Қожамқұловтың толассыз идеялары классикалық өнердің үлкен өзгерістерді бас­тан кешіп отырғанын әйгілейді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

Алматы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар