Бұл жинақта оның балалық шағынан бастап азаматтық қалыптасу кезеңі, ғылым саласындағы ізденістері, соның нәтижесінде талантымен танылуы, ардың ісі саналатын әдебиеттегі небір дау-дамайларда шынайы пікірін жеткізіп, жетелілік танытқан сәттері, адалдықтың туын көтере жүріп шыққан биігі, сәкентануға қосқан үлесі, тұлғалық дәрежеге жеткен өмір жолы қамтылған.
Ғалымның ғылым жолындағы жеткен биігі аз емес. Әйтсе де мұны тағы да өз пікірімен айқындай түселік. «Адал еңбекпен алатын атақтың бәрін алдым, ал қулық-сұмдықпен, сайлаумен келетін атақтар менде жоқ. Соларды алмадым деп онша басым да ауырмайды», деген екен.
Ақиқатында профессор Тұрсынбек Кәкішұлының ғылым жолында көрген қиындықтарының да аз еместігін кітап авторы жан-жақты көрсеткен. Айталық, қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезовтің жоғары бағасын алып, ғылыми жұмысын қорғау кезінде Сәбит Мұқановтың оппонент болып, оның әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерін жоғары бағалауы, көрнекті әдебиеттанушылар Е.Ысмайылов пен Н.Ғабдуллиннің әрқашан зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беріп отыруы зерттеу жолындағы алғырлығын білгендіктен болса керек.
Әдебиет тарихы мен сынның тарихын зерттей жүріп, Сәкен Сейфуллин ақталған жылдардан кейін, ол туралы оннан астам кітап жазуы, сөйтіп сәкентануға қомақты үлес қосуы, Сәбит Мұқановтың, өзге де қаламгерлердің шығармаларына терең талдау жасауы, заман болмысын айқын беруі зерделі ғалымның еңбекқорлығын көрсетеді.
Ғұмырнамалық кітаптағы алуан түрлі кезеңдердің оқиғасын ғұлама ғалымның өмір жолына, еңбектеріне сүйене отырып талдау өзге азаматтардың пікірлерін ескеру арқылы жан-жақты көрінеді.
Сөз түйініне келсек, Мұхтар Әуезов оның ғылыми еңбегіне тоқталғанда бұра тартпай: «Дұрыс істегенсің. Есті адам солай жасағаны жөн. Әсіресе, бәрін өзім таптым, өзім айттым деп кеуде соғар көке қырттар көбейіп барады. Ешкімге елпілдемей, жалынып-жалбаңдамай жүргеніңе сырттай риза едім, мына пікірлерің қомақты екен, шырағым. Ешкімнен именбе, жақтаушы болмаса да, қалыс қалатынына сене бер, үндемейді ешкім де», депті. Осының өзі Тұрсынбек Кәкішұлының бүкіл бейнесін дәйектеп тұр емес пе? Ал Сәбит Мұқанов диссертациясына жетекшілік жасап, түйін сөзін айтқанда: «Ғылымға келетіндер осы Тұрсынбектей болатын болса, атақ-дәрежені қиналмай-ақ бере беріңдер», деген.
Міне, ғалымның ғұламалардан алған батасы осылай болса, мына кітап соны айдай айқын көрсетіп, қазақ ғылымына өзіндік үлес қосқан тұлғаның болмысын жан-жақты ашқанымен айрықша.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»