02 Наурыз, 2010

“АЛҒА ҚАРАЙ ЖҮРМЕГЕН АДАМ КЕРІ КЕТЕДІ”

1190 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынастарындағы ау­ыз­­бірлік, татулық, сыйластық, төзім­­ділік сияқты игіліктер өздігінен қа­лыптаса салған дүние емес. Өкінішке қарай, көп­шілік осы баға жетпес құн­дылық­тарды табиғи жағдайда пайда болды деп түсінеді. Бәлкім, оның себебі ке­шегі Кеңес дәуірінде одақтас елдердің біртұтас халық болып, бір-бірімен ынтымақтастықта өмір сүргенін арқау ететіндіктен болар. Жуырда мемлекеттік деңгейде зор маңызға ие Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының кезекті сессиясы өт­кені көпшілікке мәлім. Ассамблея­­ның алқалы жиынында ұлтаралық қа­­тынастар саласына қатысты бір­қа­тар өзекті мәселелер қарастырылды. Атап айтар болсақ, сессияға жинал­ған қауым назарына “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” ұсынылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың өзара қарым-қатынастарындағы ау­ыз­­бірлік, татулық, сыйластық, төзім­­ділік сияқты игіліктер өздігінен қа­лыптаса салған дүние емес. Өкінішке қарай, көп­шілік осы баға жетпес құн­дылық­тарды табиғи жағдайда пайда болды деп түсінеді. Бәлкім, оның себебі ке­шегі Кеңес дәуірінде одақтас елдердің біртұтас халық болып, бір-бірімен ынтымақтастықта өмір сүргенін арқау ететіндіктен болар. Осыған байланысты Югославия мемлекетінің тарихынан бір мысал кел­тіргім келеді. Кеңес Одағы тұсын­да Югославияға жұртшылық аса бір қызығушылықпен қарайтын. Себебі, сол жылдары ол Шығыс Еуропадағы қарқынды дамыған, өсіп-өнген мем­ле­кеттердің қатарында болды. Бұл елде халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жоғары еді. Әрі капитализмнің де, социализмнің де нышандары бай­қалатын. Кеңес ғалымдары Югосла­вияның үлгісін, тәжірибесін елімізде пайдалану тиімді болады деген пі­кір­ге келуі осыған байланысты. Оның үстіне, аталмыш ел тарихы бай, көп ұлтты мемлекет болып саналды. Кезінде саяси басшылыққа, би­лік­ке келген адамдардың көреген сая­­сатының арқасында өркендеген ха­лық XX ғасырдың 90-шы жылда­рында бір-бірімен қақтығысқа түсе бастады. Жазықсыз қан төгіліп, бей­күнә жан­дар құрбандыққа шалынды, мыңдаған адам елінен безуге мәжбүр болды. Күні бүгінге дейін бұл аймақ­та то­лыққанды тұрақтылық орнаған жоқ. Тек қана шет мемлекеттер кі­рі­сіп, олардың қарулы күштері ара­лас­қан соң ғана қақтығыстар бәсеңдеді. Ұлтаралық татулықты бағалауға қатысты тағы бір мысалды Грузия­ның басына түскен ахуалдан байқауға болады. Грузия да кезінде дамыған, өркендеген республика болғаны баршаға белгілі. Ал соңғы жылдары бұл елдің саяси сахнасында ауыс-түйістер орын алып, билікке белгілі бір тұлғалар келгеннен кейін кезінде өркендеген Грузияда азаматтық соғыс өрті тұтанды. Халық аласапыранның ортасында қалды. Жергілікті жұрт­шы­­лық атам заманнан мекендеп кел­ген жерлерін тастап, басқа аймақ­тарға кете бастады. Нәтижесінде, өз ал­дына отау тігіп, жеке мемлекет бол­ған Гру­зияға өз ішінде жікке бөлініп, ыдырау қаупі төнді. Бүгінде бүкіл әлем жұрт­шылығы бұрынғы Грузия мемлеке­тінің аумағында жаңа территориялық құрылымдардың пайда болғанын көріп отыр. Қазір Грузиядан іргесін аулақ салуға тырысып жатқан терри­ториялық құ­рылымдар болашақта оның құрамына қайтадан қосыла ма, жоқ па? Бұл сауалдың жауабын табу қиын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің ел .үшін өте ауыр кезеңдердің бірі болды. Сол ауыр кезеңде халық­тың арасындағы төзімділікті сақтап, татулық пен достықты нығайту, қо­ғамды тығырықтан сәтті алып шығу үлкен ерлікпен тең. Себебі, Кеңес Одағы келмеске кетіп, құрамындағы елдер өз алдына отау тіккен тұста көптеген ұлыс өкілдері, соның ішінде орыстар өздерін отансыз қалғандай сезінгені рас. Кезінде бір шаңырақ­тың астында күн кешкен халықтың санасында ертеңгі күнге деген сенім азайып, көкейлерінде қобалжу пайда болған еді. Осы тұста бірқатар этностардың өздерінің тарихи отандарына оралуы, мәселен, орыстардың – Ресейге, немістердің – Германияға көшуі сияқты құбылыс белең алды. Бір сөзбен айтқанда, көші-қон үрдісі күшейді. Алайда, соған қарамастан елімізде халықтың ауызбірлігін, татулығын сақтап қалу үлкен саяси шеберліктің белгісі деп ойлаймын. Сол кезеңде қоғам үшін өте қажет әрі ұтымды идея дүниеге келген болатын. Ол — Елбасымыздың 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблея­сын құру идеясы. Бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде мұндай ұйым болмағандығын ерекше атап өткен жөн. Елбасымыздың бұл ұсынысы өз кезеңіндегі кезек күттірмейтін озық идея болғаны сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық ұлыс өкілдерінің бетке ұстар азаматтарының басын біріктірген, топтастырған ұйым бол­ды. Ұйым жанынан ұлт өкілдерінен құралған кеңес жасақталды. Мемле­кет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірлік төрағасы болып сайланды. Бүгінде Кеңес аясында ұлтаралық қарым-қатынас, этномәдени, тілдік ерекшеліктердің сақталуы, төзімділік пен татулықты, достықты нығайту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуда. 1995 жылдан бергі аралықта Ас­самблея ұлтаралық келісімді нығайту және ұлт мүдделерін тоғыстыру мәселесінде, түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуде көптеген жетіс­тіктерге жетті. Мәселен, 2007 жылдан бастап саяси реформалар аясында Ассамблеядан ұсынылған Парламент Мәжілісінде 9 депутат сайлау құ­қығына ие. Ұлтаралық қатынастар ісіндегі жетістіктерге қарамастан, бұл салада әлі де болса жете көңіл бөлуді талап ететін мәселелер бар. Ассам­­блеясының тәжірибесін қазіргіден де жоғары деңгейге көтеру қажет. Өйткені, бұл мәселе еліміздің тыныс-тіршілігіндегі ең басты мәселелердің қатарында екендігін естен шығар­маған жөн. “Қазақстанның ел бірлігі док­три­насының” жобасы біздің қоға­мы­мызға өте қажет әрі дер кезінде жа­салған құжат болып табылады. Ежел­гі Қытай философы Конфуцийдің: “Алға қарай жүрмеген адам кері кетеді” деген даналық сөзі бар. Біздің ойымызша, бұл мәселеде бір орында тұрып қалмағанымыз абзал. Бола­шақ­та ұлтаралық, этносаралық қа­рым-қатынастарды одан әрі ілге­рілетіп, жаңа кезеңнің жаңа талап­тарына сай болу үшін осы салада бастаған істі сәтті жалғастыру үшін аталмыш Доктрина жобасының қажеттілігі өте зор. “Қазақстанның ел бірлігі доктри­на­сы” жобасында көтерілген мәсе­лелердің бірі — жалпықазақстандық сәйкестікті нығайтуға бағытталған тұжырымдар. Осы ұғымның маз­мұ­нына терең үңілер болсақ, оның мә­нісін былайша қарастыруға болады. Еліміздің халқы белгілі бір ұлттың, ұлыстың өкілі бола тұрса да, өздерін Қазақстанмен сәйкестендіруінде, мемлекетті өзінің, балаларының болашағымен байланыстыруында жатыр. Әрбір азамат өзін еңбек етіп, тұрмыс кешіп жатқан елінің патриоты ретінде сезінуі керек. Яғни Қазақстанның дамуына, көркеюіне өз үлесін қосып, тағдырын осы елмен байланыстыруға дайын болуға тиіс. Міне, жалпықазақстандық сәйкес­тілік деген ұғымның түп-төркіні осыған келіп тіреледі. Бүгінгі талаптың биігінен қарай­тын болсақ, Доктрина жобасындағы жалпықазақстандық сәйкестілік мә­селесі байыптылықпен, парасатты­лық­пен, көрегендікпен қойылып отырған дүние. Әрине, бұл мәселе алдағы уақытта осы салада көп еңбек етуді қажет ететіндігі түсінікті. Оның күрделі жақтарының бірі – жалпы­қазақстандық сәйкестілікті барлық ұл­ыс­тардың санасына ұялату, мен­та­литетіне енгізу. Жалпықазақстандық сәйкестілікті ел басына ауыртпалық түскен жағдайда тек қазақ ұлтының өкілдері ғана емес, өзге ұлыс өкіл­де­рінің де Отанына, ата-бабаларының өмір сүрген жеріне, еліме қауіп төнді деп түсінуі, оны қорғау баршаның азаматтық борышы санауы деп білемін. Қазақстанды мекендейтін әр ұлыстың өкілі келешегін осы елмен ұштастыруға тиіс. Әрбір азамат өз бойында осындай сезімді тәрбиелей білсе, құба-құп. Доктринада қарастырылып отыр­ған мәселелердің бірі – ұлттық бір­ліктің басты қағидаттарын белгілеу. Сондай-ақ аталған құжатта ұлттық бірлік дегеніміз, этностық қоғамдас­тықтың біртұтас мемлекет құрамында өмір сүруі, ел азаматтарының Қазақ­стан­ның құндылықтары мен мұрат­тар жүйесімен сәйкестендірілуі деп түсіндіріледі. Қазақстан халқы ұлттық бірлігінің негізгі қағидаттарына құндылықтар ортақтығын, ұрпақтар сабақтастығына жетелейтін ортақ тарихымызды жатқызуға болады. Тағы бір айта кететін жайт, қа­зіргі таңда қазақ халқының дәстүрін, тілін, ділін, барлық менталитетін бой­ына сіңірген, табиғи болмысы қазақтармен біте-қайнасып кеткен ұлт өкілдері аз емес. Мәселен, бар­лық этностардың арасындағы тығыз мәдени байланыстың негізінде өзге ұлыс өкілдері қазақтың қонақжай­лылық, отбасы институтын ерекше қадір тұту, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету сияқты қасиеттерін өз бойларына сіңіріп жатқандығын бай­қаймыз. Яғни, қазақ жеріне келген этностардың менталитеті өзгеріске түсіп, мемлекетті құраушы ұлттың дәс­түріне, тарихи танымына бейім­делуде. Демек, қазақ менталитеті, тілі, ділі өзге ұлыстарды біріктіруші фактордың міндетін атқарып отыр. Ортақ болашаққа жету туралы жауапкершілік те ұлтаралық бірліктің негізгі факторларының бірі деуге толық негіз бар. Олай болса, әрбір азамат тәуелсіз мемлекетімізді құруға қатысы бар екендігін айқын сезініп, болашақ ұрпақтың тағдыры үшін ортақ жауапкершілікті арқалайтын­ды­ғын жете түсінгені абзал. Ал тарихтың ортақтығы мәселе­сіне келер болсақ, әрине, Қазақстан тарихы – ең алдымен қазақ елінің та­рихы. Ол – тәуелсіз мемле­кет­і­міз­дің аумағында өмір сүрген алғашқы мемлекеттердің, ортағасырлық мем­ле­кеттердің тарихы. Оның ішінде қа­зақ мемлекеттілігінің негізі болып та­былатын Ақ Орданың тарихы. Мә­селен, осы Ақ Орда мемлекеті мен оның сол кездегі астанасы Сығанақ атаулары бүгінгі Астанамыздың төрінен орын алып отырғаны тарихи тағдырымызға деген құрметтің ны­шаны. Сондай-ақ мемлекеттілігіміз­дің тереңнен бастау алатындығының айқын көрінісі. Біздің ойымызша, тағдырдың желі айдап, қазақ хал­қымен бір елде, бір жерде өмір сүруге мәжбүр болған өзге ұлыстардың тарихы Қазақстан тарихының ажы­рамас бөлігі ретінде қарастырылғаны жөн. Ендеше, соңғы екі ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстанға қоныс аударған этникалық топтар мен қазақтардың тарихы ортақ деуге толық негіз бар. Тарихи факторлардың салдары­нан Қазақстанға келген ұлыс өкілдері біздің еліміздің экономикасын кө­теруге, мәдениет пен ғылым са­ласын өркендетуге зор үлес қосқандығын жоққа шығаруға болмайды. Бұл да халқымыздың тарихының ортақ­ты­ғын, мақсат-мүдделері мен бола­шағының бір екендігін айқындайды. Доктринада аталған тағы бір өзекті мәселе — этносаралық қа­ты­настарды жүйелі және мақсатты түр­де зерттейтін орталық құру. Бұл ор­та­лық Ассамблея жанындағы ғылы­ми-сараптамалық кеңестің базасында бой көтермек. Әрине, дәл осындай құрылымның Ассамблеяға өте қажет екендігі анық. Дегенмен, осы орайда бір түсініксіз жайттың туындағанын да айтпай кете алмаймыз. Бұл мәселе 2005 жылы Елбасының шешімі бойынша Ассамблеяны күшейту жөніндегі шара ретінде қабылданған Жарлықта айқындалған болатын. Осы Жарлықта ұлтаралық қатынас­тар­ды, этникалық мәселелерді зерт­теу жөніндегі орталық ашу туралы нақты нұсқаулар берілген еді. Мені осы мәселенің неліктен қайта кө­теріліп отырғаны ойландырады. Ке­зінде ашуға нұсқау берілген орталық неліктен күні бүгінге дейін құрыл­ма­ғаны, жұмыс істеп жатпағаны тү­сініксіздеу болып тұр. Әрине, алдағы уақытта бұл орталықты құрып, оның қызметін жолға қою керек. Білім және ғылым министрлігінің құрамындағы Тарих және этнология, Философия және саясаттану инсти­т­ут­тарын этносаралық келісім, этно­мәдени төзімділік, этносаралық, кон­фес­сияаралық мәселелер сияқты өз­ек­ті тақырыптарды зерттеуге пай­далануға болады. Сондай-ақ, Фило­со­фия және саясаттану институты­ның жанындағы әлеуметтану бө­лі­мінің зерттеу жұмысына мемлекеттік тапсырыстарды көбейтсек, соның арқасында жоғарыда сөз болған этникалық мәселелерді тереңірек зерттеуге мүмкіндік туар еді. Еліміздің этникалық ахуалын сөз еткенде, тіл мәселесін айналып өте алмаймыз. Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы тұсында қазақ тілі жойылып кетуге шақ қалғаны белгілі. Қазақ тілі тек қазақы орталарда, қазақ ауыл­да­рында, қазақ басылымдарында қол­да­ныс тапты, тұрмыстық тілдің дең­гейінде қалып қойды. Алайда, тәу­елсіздік алғаннан кейін ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беріп, оның қол­дану аясын кеңейтуді қолға ал­дық. Бұл салада атқарылатын жұмыс­тар әлі де болса жетерлік. Айтқымыз келгені, Доктринада мемлекеттік тілмен қатар, орыс және ағылшын тілдеріне де көңіл бөлінген. Жалпы, ана тіліңді жетік біле отырып, шетел тілдерін меңгеру адамның рухани байлығын білдіретін көрсеткіштердің бірі. Осы орайда, үш тұғырлы тіл идеясы біздің азаматтардың әлемдік ғылым-білімді меңгеріп, озық мә­де­ниетпен сусын­дауына жол ашары анық. Орыс тіліне қатысты ой-пікі­рімізді ортаға салар болсақ, бұл өте бай тіл, ғылым-білімнің тілі екендігін ұмытпағанымыз жөн. Орыс тілі арқылы ұлы Абай әлемдік әдебиетті таныды. Бұл әлемде кең таралған тілдердің бірі. Бүгінгі таңда Мадлен Олбрайт, Маргарет Тэтчер, Колин Пауэл сынды әлемдік саясаттағы белді тұлғалардың еңбектерін, басқа да салалардағы айтулы дүниелер жарыққа шығысымен, аз уақыт ішін­де орыс тіліне тәржімаланды. Өкі­ніш­ке қарай, осы тектес үлкен ең­бектерді қазақ тіліне аудару мәселесі толыққанды жолға қойылып үлгерген жоқ. Яғни, оқырмандарымыз қазақ тіліне тәржімаланып үлгермеген дү­ние­лерді оқу үшін орыс тілінің кө­ме­гіне жүгінеді. Ал ағылшын тілінің мәртебесі қаншалықты биік екендігі еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін түгел мәлім. Қоғамтану, сая­саттану ғылымдарының көпшілігінің теориялық негізі, әдістемесі ағылшын тілінде түзілген. Тіпті, ағылшын тілін меңгермейінше, азаматтарымыздың халықаралық кеңістікте емін-еркін жүріп-тұруы, білім алуы, мәдени-ғылыми тұрғыда ықпалдасуы өте қиынға түседі. Үш тұғырлы тіл идеясына қа­тысты мына жайды баса айтқан жөн. Мем­лекет басшысы орыс және ағыл­шын тілдерін меңгеруге жағдай туғы­зыла отырып, ең алдымен қазақ ті­ліне ба­сымдық берілетіндігін айқын жет­кізген болатын. Олай болса, бү­гін­гі Қазақстан азаматтарының па­рызы – “өзге тілдің бәрін меңгеріп, мем­лекеттік тілді құрметтеу” деп білеміз. Доктринада конфессияаралық қа­тынастар мәселесінің де қамтылғаны өте орынды. Қоғамда дінаралық үн­десу мен өзара түсінікті дамыту, тұрақ­тылықты нығайту және келешек ұрпақтың дінге қатысты мағлұматын, білім деңгейін көтеру мақсатында орта мектептерде “Дінтану негіздері” міндетті оқу курсын жүргізу қажет­тілігі көрсетілген. Бұл курсты мектеп қабырғасында енгізу дұрыс деп есептеймін. Себебі, ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынас бір-бірімен тығыз байланыстағы дү­ниелер. Бүгінде еліміздегі ұлыс­тар­дың әрқайсысының өзінің құнды­лық­тары, дәстүрі, наным-сенімі бар. Қа­зақтар ислам дінін, орыстар хрис­тиандық православие дінін, еврейлер иудаизмді ұстанса, басқа да ұлыстар 40-тан астам діни ағымдар мен се­німдерге бой ұсынған. Сондықтан халық арасында бір-бірінің ұстанған дінін құрметтеп, оған төзімділік танытуға жетелейтін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу артықтық етпейді. Сондықтан бұл пәнді оқыту өте қажет деп есептейміз. Доктринада мектептерде Қазақ­стан халықтарының тарихын, ең­бектегі және майдандағы ерліктерін дәріптейтін мұражай жүйесін ка­лыптастыру қарастырылған. Әрине, бұл бастаманы да қолдауға болады. Әсіресе, бұл жұмысты көптеген этнос өкілдерінің шоғырланған жерлерде жүргізу тиімдірек болмақ. Құжат жобасында көтерілген мәселелердің бір топтамасы жыл сайын Қа­зақстан халқының бірлігі күніне ар­налған “Менің елім” атты халықтық-патриоттық акцияларды өткізуге бағытталған. Бұл шараның өскелең ұрпақтың, жастардың ара­сын­да этностық және діни тө­зімділік идеялары мен дәс­түрлерін әрі қарай нығай­ту­ға негіз болары сөзсіз. Бо­ла­шақта акция дәстүрлі си­пат­ты иеленеді деген ойдамыз. Тағы да бір көтерілген мә­селе – этностық бұ­қа­ралық ақ­парат құрал­дарына қолдау көрсету. Бүгінгі таң­да республикамызда жүзеге асыры­лып жатқан ұлттық саясатты халыққа жеткізу, тарату мақ­саты оңай жұмыс емес екендігі көпшілікке мәлім. Бұл қыруар шаруа көзге көрінбесе де, тыңғылықты қолға алуды қажет етеді. Әрине, этностық бұқаралық ақпарат құралдары ұлт­ара­лық қатынастар­да­ғы, ұлт саяса­тын­дағы жетістіктерге, ұтым­ды шараларға көбірек көңіл бө­луі қажет. Ұлтаралық және кон­фес­сияаралық қатынас­тар­ды саясатқа айналдыруға болмайды. Ендігі көңіл бөлетін мәселе – этносаралық салаға қатысты ғылыми-қолданбалы базаның ұғымдарын жетілдіру. Осыған байланысты “ұлт” деген ұғымның бүгінгі қолданыс ая­сына қатысты пікірімді білдіре ке­тейін. “Ұлт” ұғымын екі түрлі ма­ғы­нада қарастыруға болады. Ең алды­мен, бұл ұғымды орыстардың өзі Еу­ропадан алғандығын ескеруіміз қа­жет. Кеңес үкіметі тұсында ол “эт­нос” мағынасында қолданылды. Мы­салы, орыс, өзбек, қазақ, украин, та­ғы басқа этностар Кеңес Одағында “на­ция”, яғни, “ұлт” деп қарастырылды. Ал батыс ғалымдарының анық­тамасына сүйенсек, оның мағынасы этностан гөрі әлдеқайда кең. Мәсе­лен, АҚШ-та осы елді мекендеген түрлі халықтар “америкалық ұлт” деген ұғымның аясына ұйып отыр. Яғни олар үшін “ұлт” деген ұғымның мағынасы “этностан” гөрі әлдеқайда терең деген сөз. Соның арқасында көп­теген этностар АҚШ туының астына біріккен. Осыдан шығатын қорытынды, “ұлт” ұғымының негізгі мағынасы “халық” дегенге көбірек келеді. Яғни, “ұлт” — бір мемлекеттің құрамындағы халқы, сол мемлекеттің азаматтары дегенді білдіреді. Ендеше, орыстың “нация” деген қос мағы­насы бар (саяси және этникалық) сөзін қазақ тіліндегі қолданыста ара-жігін ажыратып алғанымыз жөн. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, қазірдің өзінде этносаралық, ұлт­ара­лық қатынастарды зерттеу барысында ғалымдар арасында осы ұғымға қа­тысты пікірталастар толастамай отыр. Доктринада көші-қон мәселесіне де назар аударылған. Бұл да қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екендігі анық. Көші-қон саласында ұлттық заңнаманы жетілдіру уақыт талабына сай көтеріліп отыр. Өйт­кені, Қазақстан жер көлемі аса кең, қойнауындағы байлығы мол, эко­но­микалық-әлеуметтік дамуы жоғары, саяси тұрақтылығы мығым мемлекет болып табылады. Геосаяси тұрғыдан алғанда, еліміз бір тарапында алып Қы­таймен, екінші тарапында ал­пауыт Ресеймен, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерімен іргелес жатыр. Бір айта кетерлігі, осы елдерде орын ал­ып жатқан саяси, әлеуметтік, эко­номикалық, демографиялық үрдістер біздің елді де алаңдатпай қоймай­ты­ны түсінікті. Әсіресе, бүгінгі таңда шет мемлекеттер мен Қазақстан ара­сында көші-қон үрдісі қарқын алуда. Қазақстан көші-қон үрдісін рет­теп отыру мәселесінде Канада, Ав­стралия, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт сияқты елдердің тәжірибесіне сүйенгені дұрыс деген ойдамыз. Бұл елдердің көші-қон саласына қатысты заңнамасы жергілікті халықтың құқын, мемлекеттің егемендігін қор­ғайтын мығым заңдарға негізделген. Сондықтан Қазақстанда да көші-қон үрдісін қатаң қадағалайтын, мемле­кетіміздің егемендігін қамтамасыз ете алатын, дәйекті, салмақты заңнама қажет-ақ. Бұл мәселе баса назар аударуды қа­жет етеді. Себебі, соңғы санақтың нә­тижесіне көз жүгіртсек, Қазақстан­дағы қазақтардың үлес салмағы 67 пайыздық деңгейді жаңа ғана бағындырып жатыр. Бұл межені әлі де болса өсіру керек. Енді көші-қон үрдісіне қатысты Германияның тәжірибесіне көз жүгіртіп көрейік. Немістер Германияда қалуды мақсат ететін азаматтар үшін бірнеше талап қойды. Соның бірі – неміс тілінен және неміс тарихынан емтихан тапсыру. Немістің тілі мен тарихын білмейтін адам Германияда қала алмайды. Осы тәжірибені Қазақ­станға қоныс аударуды көксейтін шетел­діктерге қатысты неге қол­данбасқа? Қазақстанды мекендегісі келетін кез келген азамат біздің елдің тарихын, мемлекеттік тілін, сондай-ақ жергілікті халықтың дәстүрін қаншалықты білетіндігін емтихан тапсыру арқылы дәлелдеуге тиіс. Бұл өз кезегінде көші-қон үрдісін рет­теуге ғана емес, Қазақстанда тұратын азаматтардың ой-санасын тәрбие­леу­ге де игі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қорыта келгенде, Доктрина ая­сында көптеген өзекті мәселелер кө­те­рілгендігіне көз жеткіздік. Негі­зі­нен Доктрина арқылы қоғам наза­рына талқылауға ұсынылған ұста­нымдар, қағидалар уақыт талабынан туындағаны анық. Ғалымдар, сая­сат­танушылар, философтар, сондай-ақ көзі ашық, көкірегі ояу қарапайым азаматтар тарапынан осы маңызды құжатқа қатысты ой-пікірлер әлі де айтылатындығына сеніміміз мол. Сөз жоқ Доктрина этносаралық келісімді, төзімділікті, тұрақтылықты қамта­ма­сыз етуге өз ықпалын тигізеді. Бұл қоғамға өте қажет әрі заман талабына сай құжат деп есептейміз. Камал БҰРХАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор.