Өнер • 29 Қаңтар, 2019

Көкшетауда «Сағындырған әндер-ай» кеші өтті

1069 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филормониясында өткізілген  «Сағындырған әндер-ай» ән кеші тыңдарман қауымға рухани олжа салған әсерлі шара болды.

Көкшетауда «Сағындырған әндер-ай» кеші өтті

Биылғы думан өңірдегі 15-ке жуық күміс көмей саңлақтар мен сахна төріне енді қадам басып келе жатқан жас өнерпаздардың басын біріктірді. Олар ән өнерінің негізін мәрмәрдан қалап, есімдері алтын әріппен жазылған Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиевтердің әндерін орындап қалың көпшіліктің көңілін жадыратты.

Ұлттық өнерге шөліркеп қалған Көкше жұрты сахна төріндегі өңір әншілерінің өнерлеріне тәнті болып, әр әнді бірге қосылып шырқады. Шара Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен өткен кештің шымылдығы Шәмші Қалдаяқовтың «Көгілдір Көкше» әнімен түрілді.

– Біз бүгінгі шараны әдейі демалыс күніне қойып отырмыз. Себебі  тұрақты көрермендеріміз аптаның ортасында жұмыстарына байланысты шараға келе алмай жатады,–дейді Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы директорының орынбасары Жұмагүл Қайымова.

Таза, жанды дауыста өткен аталмыш кешке өнерпаздар екі ай дайындық жүргізген екен. Тыңғылықты дайындықтың арқасында ұсынылған концерттік бағдарлама халық көңілінен шықты. Өнерпаздардың арасында елдің еркесіне айналып, өзіндік сара жолын қалыптастырып жүрген әншілер де бар.

–Бұл кешті халық асыға күтеді. Біздің басты мақсатымыз кешегі аға-апаларымыздың әндерін бүгінгі жастарға насихаттау. Сондай-ақ біздің ұжымдағы жас өнерпаздар осындай концертер арқылы шыңдалады,–дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова.

Концертте 60-80-ші жылдар аралығындағы әсем әндер шырқалып, көзі қарақты көрермен қауым бірер сәт сол дәуірге саяхат жасап қайтты. Орындаушылар тек қана әнді әсерлі жеткізіп қоймай, сол кезеңдегі киім үлгісін де еске салды.

–Бүгін мен балалық шағымдағы әсем әндерді тыңдап бір жасап қалдым. Кешті өте жақсы ұйымдастырған. Мың жыл өтсе де өз мәні мен мағынасын жойматын осындай ғұмырлы әндер ғой,–дейді көрермен Дәрия Ниязбекова.

Үкілі Ыбырай атындағы ән өнерінің қазыналы қара шаңырағы әр ай сайын жаңа концерттік бағдарлама дайындап, тыңдармандарын қуантудан жалыққан емес. Оған дәлел 2018 жылы 224 концерт  өткізіп, 38 мыңға жуық көрерменге қызмет көрсеткен екен. Биыл да бірқатар тың жобалар қолға алынуда.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы