Алғыс
Сенбі, 1 желтоқсан 2012 6:41
Чешенстандағы Қазақстан Президенті салдырған үй екі елдің достық қарым-қатынасына, ынтымақ, бірлігіне қызмет етуде
Жуырда редакцияға Халықтық және рухани емшілер мекемесінің басшысы, Денсаулық сақтау министрлігі аккредитация орталығының директоры, Қазақстан Республикасындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Дәстүрлі медицина академиясы Қазақ бөлімшесінің төрағасы, медицина ғылымдарының кандидаты Шәкен ШЫҢТАЕВ телефон шалды.
Сенбі, 1 желтоқсан 2012 6:41
Чешенстандағы Қазақстан Президенті салдырған үй екі елдің достық қарым-қатынасына, ынтымақ, бірлігіне қызмет етуде
Жуырда редакцияға Халықтық және рухани емшілер мекемесінің басшысы, Денсаулық сақтау министрлігі аккредитация орталығының директоры, Қазақстан Республикасындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Дәстүрлі медицина академиясы Қазақ бөлімшесінің төрағасы, медицина ғылымдарының кандидаты Шәкен ШЫҢТАЕВ телефон шалды. Ол кісі Чешенстанның денсаулық сақтау министрі Шахид Ахмадовтың шақыруымен Грозный қаласында болған екен. Онда «Сал ауруына шалдыққан балаларды кешенді емдеудің мәселелері» атты тақырыпта өткен халықаралық симпозиумға қатысып қайтыпты. Әңгіме иесі сондағы қаланың көрнекті жерлерін аралай келе чешен халқы үшін Қазақстан Президенті салған үйдің қабырғасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін көргенде мақтаныш сезімі кернеп, масаттанғанын айтып, жағымды жаңалықты жеткізген еді. Біз де мұндай елдік тұрғысындағы қуанышты жайтпен оқырмандарды құлағдар ету мақсатында Шәкен ағаға жолығып, әңгімені әрі қарай қаузай түстік.
– Шәкен Мұқанұлы! Чешенстанға бұған дейін жолыңыз түсіп пе еді?
– Жоқ, тау халқының топырағына алғаш рет қадам басуым. Қонақжайлығын айтпаңыз, бізді сонау Мәскеуден қарсы алды. Чешенстанның астанасы Грозный қаласына келген соң 32 қабатты бес жұлдызды қонақ үйге орналастырды. Құдды екінші Вашингтонды көргендей болдым. Көшелері түзу, бес-алты қабатты үйлер көп салыныпты, ал бизнес орталықтары керемет ғимараттарға орналасқан.
Симпозиум Чешенстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өтетіндіктен қонақүйдегі делегаттарды аталмыш оқу орнының медицина факультетінің кафедра меңгерушісі, профессор Тахауз Ахмадов бастап апаратын болды. Қаланың көрікті жерлерін аралатып, орталық көшенің бойындағы бір үйге жақындағанда жолбасшы автобустағы отырған делегаттардың сыртқа шығуын өтінді. Шықтық. Бес қабатты үйдің қабырғасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Чешенстан Республикасының бұрынғы Президенті Ахмад Қадыровтың портреттері қатар ілінген екен. Соның арасында Тахауз Ахмадов дауыстап: «Құрметті делегаттар! Мына бес қабатты тұрғын үйді 2004 жылы Грозный қаласын қайта қалпына келтіруде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолұшын беріп салдырып, халқымызға сыйлаған еді. Бауырлас қазақ елінің қиын-қыстау кездегі бұл көмегін чешен халқы еш уақытта ұмытпайды. Біздің ортамызда сол қазақ жерінен келген Шәкен Мұқанұлы деген азамат бар», деп мені нұсқағанда қуаныштан төбем көкке жеткендей болды. Бес қабатты үйдің қабырғасында ілінген Елбасымыздың жарқырап тұрған үлкен суретін көріп, жанарыма қуаныш жасы үйірілді. Әрине, бұл сәтті тілмен жеткізу мүмкін емес, оны тек әркім өз басынан өткізіп, сезінуі керек. Сол сәтте қазақ болып туғаныма бір қуансам, қазақ халқының маңдайына біткен осындай Президентіміздің болғанына жүрегім жарыла шаттандым. Құдды сол үйді мен салдырғандай делегаттар арасында мәртебем өсіп, марқайғанымды айтпаңыз.
Автобусқа жайғасқан соң Тахауз Ахмадов әңгімені әрі қарай жалғады. «Сіздерге тағы бір айтайын дегенім, Чешенстандағы зиялы қауымның көпшілігі Қазақстанда туып, Чешенстанда қызмет жасап жүргендер, не болмаса Чешенстанда туып, Қазақстанда білім алғандар. Соның біреуі – мына менмін. Кезінде солақай саясаттың құрбаны болған біздің отбасы қазақтардан пана тапқан. Соғыс жылдары өздері жетісіп отырмаса да қолындағы барымен бөлісіп, бізді аман алып қалды. Семейде тудым, сонда оқып, ержеттім. Енді еліме келіп, қызмет жасап жатырмын. Мен сияқты тағдырын Қазақстанмен байланыстырған азаматтар өте көп. Олар өздерінің екі Отаны бар деп есептейді. Сол үшін де қазақ халқына қарыздармыз. Нұрсұлтан Назарбаевқа ықыласымыз өте зор. Өйткені, кешегі күні ел басына күн туған шақта да біздің қарапайым халқымызға бес қабатты тұрғын үй салып беру қазақ халқына деген құрметімізді одан әрі еселеп арттырды. Сондықтан да, чешен халқы сол жақсылықтарды ұмытпау мақсатында төріне Қазақстан Президентінің суретін іліп қоюының сыры осындай», деді. Бұл тұрғын үй Грозный қаласындағы үлкен Орталық мешіттің қарама-қарсысына салынған екен. Мешіттері керемет, барлық мұнаралары сұйық алтынмен жалатылған.
– Симпозиум қалай өтті?
– Өте жоғары деңгейде. Жалпы жиынның мақсаты – соңғы жылдары көбейіп отырған туа біткен және жүре пайда болған балалардағы церебральды сал ауруының (ДЦП) алдын алу. Чехия, Словения, Германия, Рига және ТМД елдерінің құрамындағы барлық мемлекет түгелімен келіп, Чешенстанда бас қосуының түпкі себебі – елдегі ұзаққа созылған соғыстан еңсе көтермеген елдің денсаулығын түзетуге атсалысу. Жиын барысында белгілі болғанындай, оларда әсіресе, балалар арасындағы сал, талма, қояншық ауруларының саны артқан. Сәбидің іштен мүгедек болып туылуы, әйел босанған кезде жарақат алуы баланың жүйке жүйесінен бастап, омыртқа, аяқ-қол, тыныс алу мүшелерінің бәріне әсер етеді. Олардың біздерді осындай халықаралық жиынға шақырғандағы мақсаты – осы күрделі мәселе Қазақстанда жақсы жолға қойылғанын, сол жөнінде баяндап, тәжірибе алмасуды діттегені.
Әңгімелескен
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.