02 Наурыз, 2010

БҮГІНГІ ЖЕТІСТІКТЕР ЕРТЕҢГЕ ӨЛШЕМ ЕМЕС

1277 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Республиканың қай өңірінде болмасын өткен жылы әлеуметтік-экономикалық сала мен білім, денсаулық сақтау жүйелерінде қол жеткен жетістіктер аз емес. Оның кейбір қорытындылары бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуде. Ал мәдениет саласы ше? Оның бары мен жоғын тү­ген­деуге келгенде баяғы кездегідей сал­­ғырттық танытып, сол кез­дегідей қалдық қағидасын ұстанып жүрген жоқпыз ба? Жоқ, олай емес. Олай еместігіне қаңтардың қақаған аязды бір күндері Орал қаласында өткізілген Батыс Қазақстан облы­сындағы мәдениет қызмет­кер­лерінің кеңейтілген кеңесі куә. Алдымен айтарымыз, осынау алқалы басқосу бұған дейін тын­дырылған істерге терең талдаулар жа­салып, алдағы атқарылатын іс-шаралардың нақты бағыт-бағдары белгіленуімен ерекшеленген. Осы ерекшелік Батыс Қазақстан об­лыстық мәдениет басқар­масының бастығы Айдар Батырхановтың баян­дамасына басты желі болып тар­тылды. Кеңеске Батыс Қа­зақ­стан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, алда тұрған міндеттерді тайға таңба басқандай жіліктеп, саралап берген кезде оған қатысушылар риза кейіппен “Е, бәсе” деп бір қозғалақтап қалды. Кез келген облыс басшысы үшін сол өңірде екінші кезекке ысы­ратын шаруа болмауға тиіс. Ал­айда көп жағдайларда үлкенді-кі­шілі атқарушы органдардың же­тек­шілері әлеуметтік-эконо­микалық жәйттердің жетегінде кетіп қала беретіні жасырын емес. Ал бұл жо­лы негізгі мамандығы мұ­найшы бо­лып табылатын Бақ­ты­қожа Са­ла­хат­динұлының мәдениет мәселелері жө­ніндегі ой-өрісінің те­рең­дігі, оған шын жаны ашитыны айқын аң­ғарылып тұрды. Оның өңірде мә­дениет пен өнердің дамуы үшін нақ­ты қолдау көрсеткеніне 2007 жылмен салыстырғанда, өткен жылы 1 миллиард 98 миллион тең­ге артық бөлінгені де айқын дәлел. Әрине, қол жеткен жетістік еш­қайда қашпайды. Оның бәрі баян­­дамада да жан-жақты қам­тыл­ды. Мәдениет ауқымы өте кең ұғым. Оның үстіне бүгінгі күні оған жүк­теліп отырған міндеттер де күрделі. Өйткені, мәдениеті жақсы дамыған ел ғана өркениетті мем­ле­кет­тер қатарынан орын алады. Осындай тұтас қазақстандық мә­дениетті да­мы­туға республика ай­мақтарының қосатын орны ай­рықша. Соның бірі – Ақжайық жұрты. Ендеше, мә­дениет мә­йе­гіндегі жоғымыз бен олқы тұс­та­ры­мыз­ды түгендер бол­сақ ойға ора­латын жәйттер төмен­дегідей. Облыс әкімі Бақтықожа Із­мұ­хамбетов атап көрсеткендей, мұн­да­ғы бірінші мәселе мәдениет са­ла­сында қызмет жасауға лайықты кадр­лар әзірлеу қажеттілігінен туындайды. Барлық жердегідей батыс­қазақ­ста­н­дық мәдениет қыз­мет­керлері де республикалық мә­дени саясат және өнертану инс­ти­тутында білім же­тіл­діру мен қайта даярлау курс­тарынан өтіп тұрады. Сондай-ақ олар орта­лық­тағы өнер ордаларының қыз­ме­тімен танысып, тәжірибе алмасады. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі “Дипломмен – ауылға” атты жобаны бекіткені белгілі. Мәдениет саласы кадр­ларына қатысты алғанда Орал өңірінде оны іске асыру үшін кешенді шаралар шоғыры белгіленді. Соған сәйкес, Батыс Қазақстан мем­ле­кеттік уни­вер­ситетінің түлектері шалғай ауыл­дар­дағы мәдениет ошақтарына қыз­метке орналасты. Оларға бір жолғы көтерме ақы төленді. Биыл облыста “Дип­лом­мен – ауылға” жобасы одан әрі жал­ғасуда. Жас мамандарды ауылда тұ­рақ­тандыру мақсатында бүгінде оларға үй сатып алу үшін несие беру жолдары қарастырылған. Шындығын айтқанда респуб­ли­када мәдениет қызметкерлерінің білім және денсаулық сақтау сала­сын­да істейтін қызметкерлердің жа­ла­қы­сымен салыстырғанда әл­деқайда төмен. Айталық, мәдениет бас­қар­масының бастығы Айдар Ба­тыр­ха­нов­тың баяндамасында атап көр­сетілгендей, қырық жыл еңбек өтілі бар, мүйізі қарағайдай Батыс Қа­зақстан облыстық қазақ драма теа­тры­ның директоры Құжырғали Тө­леуішевтың айлық жалақысы қырық мың теңгенің үстінде болса, мәдениет мекемелеріне орналасқан жас маманның табысы – он сегіз мың теңге көлемінде ғана. Бұдан соң баяндамашы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, мә­дениеттің үлкен жанашыры, жоқ­таушысы бола білген Ілияс Ома­ровтың: Мәдениет – халықтың ең қажетті рухани азығы . Оған көл­денең көк аттыларды өткізе бе­руге, жібере беруге болмайды. Ха­лыққа мә­дени қызмет көрсететін маманның өзі де мәдениеттінің мәдениеттісі, сонымен бірге білімі терең, ой-өрісі кең, парасаты биік адам болуы керек деген ұлағатты сө­зін мысалға кел­тірді. Ілекеңнің бұл қағидасы ке­ңеске қатысу­шы­ларға ой салғаны анық. Кеңесте облыстық театрлар мен филармонияның репертуарларын ба­йыту жөнінде құнды ұсыныс- пі­кірлер айтылды.  Орал қала­сын­да­ғы А.Н.Островский атындағы орыс драма театры өз дәстүрі мен та­рихы, кәсіби деңгейі қалыптасқан рес­­публикадағы байырғы теа­тр­лар­дың бірі. Оның құрылғанына 150 жыл толып отыр. Айтайын де­геніміз, осы театр бір күннің тір­лігін қамтыған өзегі тар дүниелерді сах­налаудан бойларын аулақ салуы арқылы өз көрермендерінің риза­шы­лығына бөленіп жүр. Дегенмен, ендігі жерде осынау өнер шаңырағы халқы­мыз­дың бітім-болмысын, қайғы-қасіреті мен қуаныш, ма­хаб­батын, арман- тілегін, бүгінгі күні қол жеткен ба­қытын бей­не­лейтін сахналық туын­ды­ларға да орын беруі керек. Бұл бүгінгі уақыт талабы. Оның басты жолы – театр ре­пер­туарын қазақ драматургтері шы­ғар­маларымен және ұлттық рух­тағы өзге де драмалық дүниелермен то­лық­тыру. Кез келген театр тұтастай ал­ғанда адамдар проблемаларымен ай­на­лы­са­ды. Сондықтан да мұндағы сах­наға жол тартатын туындылар да за­манмен үндесе алатын деңгейде бо­луы қажет. Сонымен бірге клас­си­калық тұр­пат­тағы туындылардың орны қашанда бөлек. Өйткені, уақыт қанша алға жыл­жы­ға­нымен, тарих дөңгелегі ұршықша ай­налғанымен кез келген қоғамға тән ас­тары терең адами проблемаларды өз ре­пер­туар­ларына өзек ете білген өнер ұжым­да­рының мерейі қашанда биік. Осы орайда Оралдағы орыс драма теа­тры­ның шығармашылық ұжымы осы дең­гей­ден шыға алады деп сенгіміз келеді. Республиканың батыс өңірі ежелден төкпе күйдің отаны сана­ла­­ды. Рухты асқақтатып, намыс­тар­ды жа­нитын осындай асқақ та өр өнер­дің бастауы – күй атасы Құр­ман­­ға­зыдан, күй анасы – Динадан, Б­а­ла­май­саннан, Мәменнен, Оқап­тан, Сей­тек­тен, Түркештен және Қалидан тамыр тартады. Алайда, өңірде соңғы кез­де осы төкпе күй дәстүрінің ар­қауы босап бара жатқандай көрінеді. “Мәдени мұра” бағдарламасының бір міндеті – халқымыздың тағдырымен то­ғысып жатқан осы күй өнерін ал­дағы ғасырларға жалғау болған еді. Осы­нау рухани талап алдағы кезде де ма­ңызын жоймақ емес. Бұл істе бү­гінгі күй өнерінің корифейлері мен жанашырларына артылар сал­мақ та, қойылар міндет те жоғары. Осы мақсатта күй фестивальдарын өт­­кі­зудің де берері мол. Оралда өт­кі­зілген мәдениет қызметкерлерінің ке­ңесінде жасалған бір түйін осындай. Сонымен бірге бұл басқосуда жоғарыда айтылғандай, шешімін күтіп тұрған мәселелерді шешу жолдары да белгіленді. Бүгінгі күні облыс бойынша 43 мәдениет мекемесі ғимараты күрделі жөндеуді керек етеді. Оның жетеуі кітапхана, отыз жетісі ауылдық мәдениет үй­лері. Ең бір күрделісі Теректі, Каз­та­лов, Қаратөбе және Тасқала ау­дан­дарының кейбір ауылдарында жаңа мәдениет үйі ғимараттарын салу болып отыр. Бүгінгі экономикалық-қаржы дағ­дарысы жағдайында жаңа құ­ры­лыс салу мүмкіндігі азайып кетті. Бұл тек бір өңір ғана емес, бүкіл республикаға тән жағдай. Дегенмен, ол уақытша құбылыс екені де белгілі. Уақыттың осындай сыни сәтін өз ұпайымызға пайдаланып қалу ниетінен аулақпыз. Қазір шұ­ғыл тактикалық шаралар белгілеп, жер­гі­лікті жерде ыңғайға келетін ны­сан­дарды сатып алып, оған күрделі жөн­деулер жүргізуді көздеп отыр­мыз. Оған арналған тиісті қаражат көз­дері де бар. Осы мақ­сат­та аудан әкім­дерімен келісімдер жасалуда, – деді газет тілшісіне алдыңғы ойды одан әрі шегелей түскен Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов. Сөздің қысқасы, бүгінгі күні Ақ­жайық өңірінде мәдени қыз­ме­т­тің дең­гейін көтеріп, оның өрісін ке­ңейтуде қол жеткен жетістіктер жет­кілікті. Бұл бағытта іс пен сөздің бір­­лігі үйлесім табуда. Алайда бү­гінгі же­тіс­тік ертеңге өлшем бола ал­­май­ды. Осы қағиданы мә­де­ниеттің басы-қасында жүрген ба­тысқазақстандық бас­шы азаматтар берік ұстанған. Олардың өткенге тал­дау жасап, ал­дағы уақытқа жаңа мін­деттер бел­гілеуі, сөз жоқ, құп­тауға, өзге әріп­тестеріне үлгі-өнеге етіп ұсынуға әбден лайықты. Сон­дық­тан да оның ұзын-ырғасын оқыр­мандар назарына бергенді жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.