Кино • 05 Ақпан, 2019

«Айка» фильмі: франциялықтар не дейді?

1226 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі былтыр мамырда Канн кинофестивалінде жүлдегер фильмдердің қатарынан көрінген болатын. Оншақты күннен бері Франция кинотеатрларында кеңінен көрсетіліп жатқан туынды жергілікті халықтың көңілінен шыққан сыңайлы.

«Айка» фильмі: франциялықтар не дейді?

Бүгінгі кино стиль, идея тұрғысынан күн сайын толығып, жаңаша мазмұнымен қоғам айнасына, шамшырағына айналды. Ал өнерден мән мен мазмұн, рухани тірек іздейтін есті көрерменді жеңіл-желпі, арзан әңгімемен алдаусырата қою қиын. «Айка» фильмінің де халықаралық сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болуы өмірдің боямасыз күңгірт тұстары мен жан ауыртар қоғам шындығын қаз-қалпында көрсете алуында болса керек. Фильм Америка кино академиясы тағайындайтын «Оскар» сыйлығының ақтық номинанттар санатына ілікпей қалғанымен, үміткер тоғыз фильмнің қатарына енуінің өзі көңілімізге қуаныш ұялатты. Бұл ретте «Фильм деңгейі туралы айтар болсақ, таныстырылған өзге туындылардан тіпті артық деуге болады. Бұл менің ғана пікірім емес... Промоушен жұмыстарына үлкен қаражатың болмаса, жалпы бұқараға кеңінен танымал ету қиындау», деген режиссер Сергей Дворцевой шағын бюджетпен озудың қисынсыз екенін айтады.

«Айка» – қазақстандық ак­три­са Самал Есләмова түскен Дворцевойдың екінші филь­мі. Режиссердің айтуынша, фи­льм желісіне Мәскеуде жұ­мыс істейтін қырғызстандық әйел­дердің арып-ашқан мүшкіл жағдайы арқау болған. Күн­көріс қамымен заңсыз жұмыс істеп жүрген қырғыз қызы Айка (Самал Есләмова) – қайы­рымсыз қала өмірі мен өзі сияқ­ты тағдырлас тұрғындарды байланыстырып тұрған бас кейіпкер. Ертеңгі күн алдындағы үмітсіздік, шарасыздық, алдау-арбау дендеген қоғам тұр­ғындарының мінез-құлқы қатал тұрмыстың илеуімен бар нәзіктігінен жұрдай болған әйел кейпінде суреттеледі. Бір қарағанда сюжеттің әлеуметтік астары мен баяндалу тарихынан 1999 жылы ағайынды Дардендер түсірген «Розетта» фильмі, сондай-ақ украиналық режиссер Сергей Лозницаның «Донбасс» картинасымен үндестік бардай көрінеді. Сырттай байлық пен молшылыққа кенелген алпауыт қаланың озбырлық дендеген өмір сүру жүйесі мен жүдеу тұрмысы тақырыптық тұрғыдан ерекшеленеді.

Францияның бірқатар іргелі басылымдарын шола келе, бас­ты рөлді сомдаған Самал Еслә­мованың шеберлігі мен режиссер Сергей Дворцевойдың та­банды ізденісі француз хал­қының талғамынан шық­қанын аңғардық. Мысалы, La monde басылымы кейіпкер психологиясына жаңаша дем берген актрисаның ойыны үлкен қызығушылық тудырғанын жазады. «Оның жан ұшырған мінезі құрдымға кетіп бара жатқан сезімді айна-қатесіз жет­кізеді. Дәрігер оның қансы­раудан өлуі мүмкін екенін айтқан сәтте, Айка үнсіз көзін жұмды. Тұрлаусыз өмірді тас­тайтынын ойлап жеңілдеді ме, әлде ізін суытып, қашып кету­ді ойлады ма? Бұл құпия анау жұ­мылған қабақтың астында», деген мақала авторы «адам құ­қығынан гөрі иттері бақыт­ты келетін» қоғам тынысын көр­сет­кен режиссер жігері анық кө­рінетін сәтті туындыға балайды.

Ал қоғамдық-мәдени өмір­дегі басты жаңалықтарды тарататын Art Côte d’Azur онлайн-журналы қар басқан Мәскеудің мейірімсіздігінен жан­пида бол­ған әйел образы – кедейшілікті көрсететін жаңаша үлгі екенін, осы орайда «Үздік әйел рөлі» жүлдегері атанған актриса Самал Есләмова кәсібилігімен ешкім таласа алмас деген пікірді алға тартады.

Режиссер тарапынан айқын қойылған мақсат жеке адамды әлеуметтік кейіпкерге айналдырып, көрермен ойы мен зейінін тым күрделеніп кеткен қарым-қатынастар шеңберіне иіреді. Бұл орайда Culturebox басылымының «Режиссер шоу емес, шындықты түсіріп отыр. Оның драматургиясы адам пай­дасын емес, жемқорлықты үде­тетін заң кесірінен құлды­рауды сипаттайды. Самал Ес­ләмова осы құрбандықты мүм­кіндігінше алып шықты әрі фильмнің бар жауапкершілігін көтеріп алды. Канн фестивалінің қазыларының көңілін босатқан да осы дүние», деген пікірі фильмнің сыншылар ортасында жақсы қабылданғанының айғағы. 

Дана МҰСА, хореограф:

– Сергей Дворцевойдың ш­ы­­ғар­машылығымен бұрын­нан таныспын. Басты рөлдегі әйел ешкімді бейжай қал­дыр­майды. Онымен бірге жы­лап, бірге ауырдық. Ак­трисаның шынайы ойнағаны соншалықты, еріксіз сендіреді. Ол ойнамайды, сол сәтті бастан кешіреді. Эми­гра­ция мәселесі барлық жерде бар. Әсі­­ресе Еуропада асқынып тұр. Фильмді көру арқылы жат жерде, бөгде ортада күн к­е­шіп жатқан осыншама адам тағ­­дырын ойлап, қамығасың. Осындай шынайы тақырыпты көтеріп, көпшілікке терең ой тастаған режиссер Сер­гей Двор­­цевойға алғысым зор. Ал Самал Есләмова шынайы талант, оның табиғи бол­мысы су астында жатқан жақұттай жал­­тырайды. 

Джорди Лаготте, фотограф: 

– Күрделі фильм желісі сағат бойы көрерменді өз уысынан шығармайды. Осы бір жанкешті әйелдің бастан кешірген оқи­ғасына біржола еніп кетесің. Режиссердің күнделікті байқала бер­мейтін өмір шындығын ар­қау етуі фильмнің басты же­тістігі. Кино текстурасы мен түс үйлесімі шығарма ат­мос­­фе­ра­сын аша түскен. Тек қоғам зә­бі­рін шынайы көрсе­темін деп шек­тен тыс, асырып жі­бер­гендей көрінді. Жалпылай ал­ғанда фильм өте сәтті шыққан.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»