02 Наурыз, 2010

ТҮЗУ ҮШҚАН БҰЙРА ТҮТІН

1081 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының құрылғанына 15 жыл толуына орай Ақпанның ызғарлы күні Ақ­қай­нар ауылына келіп, алғашқы пі­кір­л­ескеніміз түрік этносының өкілі 70 жастағы кейуана Гүлзада Ту­фа­нова болды. Мінезі кісі жа­тыр­қамайтын жанмен бірден әңгімеміз жарасып кетті. Бұған дейін ауыл­дың аты сан өзгеріп, шығысы мен батысындағы өзен мен шағын көлге бай­ланысты келімсектер Прудки деп айдар тақса, кейінгі қоғам да­муын­дағы өзгешеліктерге бай­ланысты Ворошилов, Новая жизнь, Молотов, тағы басқа атауларға ие болған. Сұрапыл соғыс жыл­да­рын­да тағдырдың тәлкегімен еріксіз жер аударылған түріктер мен әзірбайжан ұлтының өкілдері де осыннан тұрақ тапқан. Солардың бірі Паша мен Мәнәштің отбасы. Әке-шешесі Қазақстанға қоныс аударғанда Гүлзада екі жаста еді. Со­дан бергі бар ғұмыры осы ауы­л­мен сабақтас. Кейуана осындағы ең­кейген кәрі, еңбектеген балаға де­йін атын атап, хал-жайын тәп­тіштеп тұрып жеткізеді. Дерегі мен дәйегі мұрағатқа бергісіз. Кі­шіпейіл, көпшіл жанның ауыл­дастарына деген ниеті де кіршіксіз екен. Бұған біз де қуандық. – Алланың бұйыртқан несі­бе­сін теріп, бала-шағаның амандығын тілеп отырмын. Марқұм жұбайым Бинали екеуміз он бала тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де оқыды, ержетті. Қолымда кіші ұлым Серік екеуміз тұрамыз. Балалардан 26 немере, 1 шөбере сүйдім. Балаларды жеткізу үшін колхоздың қара жұмысына жегілдім. Бақшада, қызылшада, әй­теуір науқандық жұмыстың бәріне де араластым. Көршім Болат Ома­ров, Талғат Жарасбеков, Көкен Үм­бе­това, тағы басқалары туған-ту­ыс­тан жақсы. Аяқ-табақ араласып, күніне бір кіріп, “Не істеп жатыр­сың­дар?” деп сұрамасақ, көңіліміз көншімейді, – деп таза қазақша сөйлегенде еріксіз риза боласың. Мақал-мәтелдің де майын та­мы­зады. “Түрегеп тұрғандарың не, оты­рыңдар қыс сендердің бой­ла­рыңдай болса не жанымыз қа­ла­ды”, деп те қояды. Кейуана жо­ғар­ғы ауылдағы Жарылғаптармен құ­да болғанын, келіні Ұлбосынға де­ген енелік мейірімін де ортаға сал­ды. –Балалы үй – базар деген ғой. Қазір он баламмен бірге Фарида қызым 5 сыныпта оқиды, – деп айт­қаны сол еді, талдырмаш келген қа­ғылез қыз ішке кірді. “Сә­ле­мет­сіз­дер ме”, деп бәйек. Қазақы тәр­бие алғаны көрініп тұр. Бұл сырды біз де бүгіп қалдық. Көршілерімен тату-тәтті тұра­тын Гүлзада өзінің де, өзгенің де бағасын білетіндей. Өмірге бейім, барын ұқсатып, бала-шағасына жөн сілтеп, бүгінгі қоғамдағы жа­ңа­лық­тарды қалт жібермейді. Бә­рін біліп, көкірегіне түйген. Баласын тастаған қатыгез жандарды түсінбеймін. Әлі де әке-шешесінің қамқорлығынсыз қалған сәбилерді бағар едім, дейді. Біз жасы келген адамға ондай мүмкіндік берілмейтінін түсіндірдік. – Фаридам аман болсын. Ол Зүлфия, Гүлбахар, Болат, Айдын, Гүлбатон, Гүлбаяз, Шайзада, Зу­лайха, Ася, Серік бауырлары мен әпкелерінің арқасында бақытты болатынына сенемін. Өзі мектептегі қоғамдық жұмыстан шет қалмайды, үздік оқиды, – деді. Сыйластық пен тату-тәтті көр­ші­лердің арасында дастарқан ғана емес, туғандарда кездеспейтін ізгі қарым-қатынас та орныққан. Құ­дай қосқан көршілері бір жолғы ат бәйгесіндегі жүлдесі – “Жигули” автокөлігін Серігіне сыйлапты. Есік алдындағы автомәшиненің жайы да осылай ашылды. Гүлзаданың айтқанымен кө­ше­нің аяғындағы Қазыбектің ша­ңы­рағына келдік. Жан-жағы қор­шалған, жаңа үлгіде салынған құс­тың ұясындай үйдің табалдырығын аттадық. Сыртта аяз қысқанымен, үй жылы, тап-тұйнақтай. Үй жи­һаз­дары, қалы кілем, балалар сабақ оқи­тын бөлме ұқыптылықпен жаб­дық­талыпты. Мақашовтар отба­сын­дағы Ғалым мен Марал жасынан денсаулықтары болмай, ІІ топ­тағы мүгедек ретінде мем­лекеттен жәрдемақы алады екен. Екеуі де әп-әдемі. Алайда тағдырға не шара. Әңгіме барысында Қазыбек тұрмыс түйткілдері жайлы шешіле сөйледі. – Ауылдың ынтымақ-бірлігі жақсы. Бәрі бірін-бірі жақсы білетіндіктен де шығар, осының арқасында қиындықты көп сезе бермейміз. Жаңа жыл қарсаңында Елбасының тұрғын үй бағдар­ла­ма­сы­мен салынған жаңа үйге қо­ныс­тандық. Зайыбым Үрімхан мен ба­лалар мәз болды. Осыған қосымша жол­дастарым бірігіп, мына үй жиһаздарын әкеліп, орнатып берді, – деді салмақты сөйлеп. Ба­ла­ла­рын емдетуге де сыныптастарының көп көмегі тигенін жеткізді. Серік, Балтабек, тағы басқа жолдастары үнемі ұмытпай, хабарласып тұрады екен. Бір кездері Ғалымның тағ­дыры қыл үстінде болып Ал­ма­ты­да­ғы ауруханалардың есігін ашып, қиналғанда да олар қолұшын беріп, баланың денсаулығының жақ­саруына көмектескен. Бүгінгі қаржы дағдарысына қарамастан, пейілі кең, жүрегі жомарт жандардың әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасына қолұшын беріп, демегені қандай ғанибет. Аққайнардың жыл өткен сайын сәулетіне сәулет, дәулетіне, дәулет қосылған. Ескі тұрғын үйлердің орнын жаңасы алмастырған шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер де жұмыстарын дөңгелетіп әкеткен. Солардың қатарында “Төре” ш­а­руа­­шылығының жетекшісі Қамбар Сансызбайұлы бастаған шағын және орта кәсіпкерлердің де еңбегі айтуға тұрарлық. Өткен жылдары мұнда мәдениет үйі, ауылдық округтің ғимараты мен екі қабатты амбулатория, мешіт, байланыс бөлімшесі салынып, ел игілігіне ұсы­нылыпты. Тоқаш Бокин атын­дағы орта мектеп күрделі жөн­деуден өтсе, білім шаңырағы ақ­па­рат­тық технологиялардың соңғы үлгілерімен толық жабдықталған. Оқушылар бір мезгіл тамақтанатын 250 орындық асхана, 200 орындық мәжіліс, спорт залдары мен 25 пән кабинеттері бәсекеге қабілетті ұр­пақ тәрбиелеудегі бүгінгі алғы­шарт­ты орындауға мүмкіндік бе­руде. Сонымен бірге, интернетке қо­сылған компьютер сынып­тарында шәкірттер әлемдегі жаңалықтардан хабардар болып, білім деңгейлерін толықтыруда. Ұстаздардың кәсіби біліктілігі де жақсы. Қазіргі кезде елді мекенді 2300 халық мекендесе, ондаған этнос өкілдері мемлекеттік тілге деген құр­метімен, дәстүр-салтқа адал­ды­ғы­мен ерекшеленуде. Мектепетегі мұра­жай­да ауылдың тарихы мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, бүгінгі бейбіт заманда туған жерінің абыройын асқақтатқан аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі істері жан-жақ­ты қамты­лып­ты. Сұрапыл со­ғыс жылдарында Сталинград қаласын қал­пына келтіруге аттанған 88 қыздың бірі – Асина Бегалиева, соғыс ардагері Мұқат Сейдуалиев, І-ІІ дәрежелі “Даңқ” ордендерінің иегері Әбіке Үмбетов, тағы бас­қаларының ер­лік­тері мен халық ша­руашылығын қал­пына кел­ті­ру­дегі ерен істерін жер­лестері мен бү­гінгі жас ұрпақ ұмыт­пай, үлгі-өнеге ретінде қабылдауда. Өздеріне жасалған қамқорлыққа риза тұрғындар байлықққа да құ­март­пайды. Қораларындағы азын-ау­лақ малы мен шағын жерін өң­деп, қысқа қор жинап, жаздай бір тынбайды. Бұдан балалары да шет қал­майды. Сондықтан да болар, ауылда бұзақылық жасап, елді дүр­ліктіретіндер жоқ. Күн сайын Ал­ла­ның бергеніне тәубе етіп, көрші-қол­аң жиналып, әңгімелерін әріден бас­тайды. Қарап тұрсаң, Гүлзада тә­різді ауылдағы бар жаңалықты ала­қандағыдай айтып беретін жан­дар жеткілікті. Өйткені, олардың ын­тымағы-ырысқа, достық пе­йілге ұласқан. Адам сый­лас­қа­ны­ның құлы деген. Сұрастыра кел­генде ұядай ауылдағылардың бір-біріне нағашы, құда, жиен, жекжат екенін білдік. “Мені де қазақ құ­да­ла­рым ешқашан бөлген емес. Ара­мыз­да оралмандар да бар. Үй­ре­ніс­кенше оларға да жөн сілтеп, біл­ге­німізді айтамыз”, деген кейуана ке­шегі жақсылықты бүгінге жеткізген көненің көзіндей. Әппақ мамыққа оранған айналада тыныштық орнаса, әр үйдің мұржасынан будақтаған бұйра түтін түзу ұшып, тіршілікке жан бітіргендей. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.