05 Ақпан, 2019

Үкіметтің кеңейтілген отырысы: мәселелер қалай шешіліп жатыр?

703 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Үкіметтің кеңейтілген отырысы: мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Ауылдағы еңбеккерді қолдау қажет

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы ауыл шаруашылығы саласы болашақта экономиканы дамытудың негізгі драйвері болуы керектігін қадап айтты.  

Бұл мәселені бүгін ғана қоз­ғап отырған жоқ, көптен бері айтудай-ақ айтылып келеді. Бірақ өзіміз­дің селқостығы­мыз­дан Елбасы­ның өте маңыз­ды сөзінің астарына жете мән бере алмай келеміз. Осы жолы Ұлт көшбасшысы мем­ле­кет тиімділігінің басты өл­шемі – халық табысы мен өмір сүру сапасына тоқталды. Енді осы пікірді сәл таратып көрелік­ші. Айналаңызға қарасаңыз, құ­ла­­зып жатқан құба жон. Жер игі­лігін жете пайдалана алмай отыр­мыз. Оның ең басты себебі, жал­қаулық дер едім. Біз адамдарды адал еңбекке үйрете алмай келеміз. Шынтуайтында, жалқаулықтан арылатын уақыт жетті. Халық көп тұтынатын азық-түлік бағасының ар­зандамай тұрғандығы да осыдан. Мы­салға, сүт өндірісін ала­йық. Бұл бір қияпат, қиын шаруа. Кейбіреулер сиырды сау­дың, ыдысқа құйдың, сонымен іс бітті деуі мүмкін. Ал біздің сүт өн­дірушілердің арасында «Сапа­лы сүт ішкің келсе, тү­ре­геп тұрып ұйықтайсың» деген сөз бар. Яғни, уақытпен са­нас­пай жұмыс істеуіңе тура келе­ді. Дәл осы арада өндірістің қан­ша­лықты қиын екендігін айту артықтау шығар. Енді сол бо­йын­дағы бар қажыр-қайратын жұ­мыл­дырып, адал еңбек етіп жатқан еңбеккерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу керек емес пе? Үнемі жұмыс орнынан табылатын олар үй ішінің мәселелеріне алаңдамауы керек. Сонда ғана жұмыс сапалы әрі өнімді болады. Бізде осы жағы ақсап тұр. 

Қазір көптеген ауыл шаруа­шылығы құрылымдарының басшылары егіншілік мәдениетіне айтарлықтай мән бере бермейді. Тіпті кейбіреулер мұны аспаннан түсетін «батпан құйрық» деп есептейтін болуы керек. Көктемде екті, күзде бұйырғанын жинап алды. Ал жерді өңдеу, агротехникалық шараларды уақтылы атқару қаперлеріне де кіріп-шықпайды. Жерге деген көз­қарас осындай болған соң, мол өнімді қайдан аларсың?! Осы құрылымдардың көптеген бас­шылары барлық тұрмыстық жағ­дайы бар қалада тұрады. Ал бере­кені молайтып жатқан ауыл тұр­ғын­дарының жағдайын ой­ламайды да. Осының кесірінен облысымызда босап қалған ауыл­дар өте көп. Егер елдің бәрі үдере көшіп кетсе, ақық дәнді кім аялап, ақтылы малды кім өсіре­ді? Адамдар ауылда тұрып қаре­кет ету үшін оларға ең алдымен еңбектеріне сай тұрмыстық жағ­дай жасалуы керек. 
Елбасы ауыл шаруашылы­ғы­ның қуатын дұрыс меңзеп отыр деп есептеймін. Тек айтыл­ған дүниені жүзеге асыру үшін бүгін­гі көзқарас, түсініктен арылып, жаңаша жұмыс істеуіміз қажет. 

Иван САУЭР,

Қазақстанның Еңбек Ері

Ақмола облысы, Целиноград ауданы

Өнімділікті арттырған ұтыста болады

Ел Президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген бұл отырысы – өткен жылды қорытындылау, жаңа жылға жаңа мақсаттарды айқындауға бағытталған жыл сайынғы дәстүрге айналған жиын. Сондықтан онда айтылған сындар мен берілген тапсырмаларды осы тұрғыдан қарастыру қажет. 

Біріншіден, Президент тара­пынан айтылған сынға қа­ра­­мас­тан, Үкіметте үл­кен ауыс-түйіс  болған жоқ. Барлық министрлер өз орнын­да қалды және осы­ған дейін қолға алынған жұмыс­тарды жалғастырады. 

Екіншіден, Қазақстан­дағы қаржы саласы мен қар­жы инс­титуттарының жалпы жағ­дайы отырыстағы бас­ты тақырып­тардың бірі бол­ды. Соңғы жылдары екін­ші деңгейлі банктерге Ұлт­тық банк тарапынан бе­ріл­­ген қаржының көп бөлі­гі қайтарыл­майтыны бір­неше рет сөз болған еді. Осы мәсе­лені шешу тағы да нақты тапсырылды. 

Одан өзге, отырыста көлең­келі экономиканың үлесіне үл­кен мән берілді. Әсіресе Қытай­мен шекара­дағы кедендік бақы­лау пункттерінде тауарлардың біршама бөлігі көлеңкелі түрде өтетіндігі бұған дейін де мәлім болатын. Осы ретте Қаржы ми­нистрі атал­ған мәселені шешу үшін Қытай тарапымен алдын ала ақпарат алмасу туралы келіс­сөздер жүргізіп жат­қан­дығын жеткізді. 

Жыл сайынғы ауыл ша­руа­шылығын дамыту төңі­регіндегі дәстүрлі та­қы­рып биыл да сөз болды. Жаңа технологияларды пайдаланып, өнімділікті арттыру мәсе­лесі қозалды. Бұдан бө­лек, әлеу­меттік-экономика­лық мә­селелердің барлық салала­ры қамтылды. 2019 жылға қо­йылған тапсырмалардың көбі бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселелер. Сол себепті, биыл олардың қалай орындалатыны басты мәселе болмақ.

Жәнібек АРЫНОВ, 

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы

Жұмысшыларға – тұрақтылық, акционерлерге – тиімділік

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру бағытында іске асуға тиісті шараларды айқындап берді. Өнеркәсіп саласы өркендеген өңірлердің арасында Атырау да аталды. Мұнайлы аймақ ретінде бұл заңдылық та шығар, дегенмен атқарылып жатқан сан алуан жұмыстардың Елбасы тарапынан еленіп, жоғары бағаға ие болғаны – үлкен мерей, мақтаныш. 

Әлеуметтің әлеуетін көтере­­тін фактордың бірі – жұ­мыс­пен қамту. Отандық мұ­най-газ өнеркәсібінің көш­бас­шысы са­нала­тын «Ембі­мұнайгаз» акц­ио­нерлік қоғамы мұнай­шы­лардың жұмыс орындарының тұрақты болуына әрдайым назар аударады. Жыл сайын өңір­дің әлеуметтік саласына қол­дау көрсету кәсіпорынның бас­ты бағдарына айналып келе­ді. Бизнестің әлеумет­тік жауап­кершілігі аясында қол­ға алынған жұмыстардың да қатары көп. Соңғы жылдары өндіріске қазіргі заманғы жаңа технологиялар енгізілді. Соның бірі – кен алаңын цифр­лы технологиямен басқару жүйесі. Атырауға келген сапарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жүйемен танысқан болатын. Бұл тарихи оқиға да ембілік мұнайшылардың мәртебесін көтерді.

2015 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау мұнай және газ уни­верситеті мен АПЕК Пет­ро­­техник Жоғарғы кол­леджі сту­денттеріне арнал­ған дуалды оқыту жобасын ал­­ғашқы болып жүзеге асыра бастады. «Дуалды оқыту» бағ­дар­ламасы жүзеге аса бастаған жылдары ЕМГ базасында жұмысшы мамандықтар бо­йын­ша 93 студент дуалды оқы­ту­дан өтіп, соның ішінде, тесті­леу қоры­тындылары бойынша жо­ғары балл жинаған 35-і компанияға жұмысқа ор­на­лас­ты. Қазіргі таңда компа­­ния­ның өндіріс­­тік база­ларында Атырау мұнай және газ университеті, АПЕК Петро­техник жоғарғы кол­леджі және Уфа мем­лекет­тік мұ­­най-технологиялық уни­­вер­­­си­­те­тінен аталған жоба бойын­ша барлығы 43 сту­дент білім алуда. 

«Ембімұнайгаз» АҚ – гео­ло­­гиялық барлау жұмыс­та­рын белсенді жүргізіп, кен алаң­дарын игеруде өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізе білген, мұнай мен газды өндіріп, дайындайтын заманауи мұнай компаниясы. Оның құрамына Атырау қаласы мен облыстың төрт ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды іш­кі нарыққа жібе­румен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұ­най еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі.

Үкіметтің кеңейтілген құ­рам­дағы отырысында Үкімет бас­шысының орынбасары Ерболат Досаев өткен жылы елімізде 90 млн тоннадан ас­там мұнай мен 55 млрд текше метр­ден астам газ өндірілге­нін атап өтті. Соның ішінде біздің кәсіпорын 2 млн 895 мың 332 тонна мұнай өндіріп, ел экономикасы­ның да­муына ерекше үлес қосқаны ал­дағы жұмысымызға да серпін беріп отыр.

Үкімет отырысында өт­кен жылы негізгі мұнай өнім­дерінің бөлшек саудадағы баға­сы өспегенін биылдан бас­тап бензин, дизель отыны, авиакеросин мен битумге ішкі қажеттілік қамтамасыз етіле­тіні айтылды. Біздің жұ­мы­сымыз да Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын, жүктеген міндеттерін абыройлы атқаруды мақсат етеді.

Ұлттық экономиканы өр­кен­­­детуге лайықты үлесін қо­­сып келе жатқан, таби­ғи бай­лығымыз – мұнай мен газды елдің игілігіне жара­­­­ту­ды көздеген, келе­шегі кемел кәсіпорын болған­дық­тан, қандай кезеңде де қызмет­керлер санын қыс­қартуға жол бермеу, ел дамуы­на үлес қосу «Ембі­мұнай­газ» акцио­нерлік қоға­мы­ның бас­ты бағдары бола бер­­мек. Кеңей­тілген отырыс­та Елбасы е­л­дің бүгінгі өзекті мәсе­лелерін жан-жақты қамтыды. Ембілік мұнайшы­лар бұл мәселелердің толықтай шеші­мін табатынына сенімді. 

Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ,

«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы

Атырау облысы

Аграрлық ғылым назарға зәру

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің биыл­ғы кеңейтілген отырысын­да да, оның алдында Жас­тар жылының ашылу сал­тана­тында да ауыл шаруа­шы­­лығы саласын дамы­ту мәсе­лесіне ерекше тоқталды. 

Өзім осы салада қызмет атқа­рып жүрген ғалым ретінде құлақ қойып тыңдадым. Мәселен, Пре­зи­дент «Ауыл шаруашылығы саласы болашақта экономиканы дамытудың негізгі драйвері бола­тынын үнемі айтып жүр­міз. Барлық елдер өздерінің жер­лерін игеріп болды. Дүние жүзін­де әлі игеруге болатын жер Қазақ­станда, Ресейде және Украинада ғана қалды», деген болатын. 

Бұл орайда өсімдік шаруа­шы­­лығымен қатар, мал шаруашы­лығы отандық аграрлық сектор­дың ең маңызды тармағы сана­ла­ты­­ны белгілі. Төрт түлік мал­­дың санын кө­бейту үшін мал азығын дайындау ісі өте өзек­ті. Малға қажетті азық қоры жа­са­лып, жайылымдық жермен қам­тылмайынша, бұл сала алға баспайды. Яғни, жайы­лым­дық жерге бұрын­ғы­дай құла түз деп емес, мал шаруа­шы­лы­ғын, сол арқылы халықтың әл-ауқа­тын өркендететін дүние деп назар аудар­ған жөн. Сол себепті жайы­лымдық жерлерді кеңейту, тиімді пайдалану, күтіп ұстау сияқты жұмыстарды сауатты жүргізетін уақыт келді. Елбасы айтқандай, игерілмеген жерді игеру, тиімді пайдалану дегеніміз осы деп санаймын. 

Өкінішке қарай, соңғы уақытта жа­йы­лымдардың өнімділігі төмен­деп кетті. Оны біз күнделікті тәжі­рибе мен зерттеу арқылы анық ба­қылап отырмыз. Көптеген жер­дің шөп жамылғысы бұзылған, тап­­тал­ған. Оны қалпына келтіріп, эко­­ло­гиялық таза мал азығын алу мақ­­сатында жайылымдар құ­ры­­лы­мында өсімдіктердің құн­ды түрлерін сақтап қалу, таби­ғи өсімдіктермен және дәнді-бұр­шақ өсімдіктерімен байыту қажет­ті­лігі туындады. Осыған орай С.Сей­фуллин атындағы ҚазАТУ-дің ғалымдары бірнеше ғылыми жо­баны жүзеге асырып, өзекті мәсе­ле­лерді зерттеп, өндірістерге ұсынды.
Елбасы алдағы уақытта жас ға­лымд­арға, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарына қосымша 3 млрд тең­ге бөлуді ұсынған болатын. Бұл қара­жаттың бір бөлігі ауыл шаруа­шылығы ғылымын дамытуға жұм­­­салады деген үміттеміз.

Құрметбек ОКТЯБРЬ,

PhD докторы

Машина өндірісіне де, тұтынушыларға да үлкен көмек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы мәжілісінде еліміздің машина өндірісіне қатысты жақсы хабар айтылды.  

Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағ­­дарламасы үлгісімен бағ­дар­лама әзірленіп, Қазақстан азаматтарының отандық көлікті сатып алуына мүмкіндік жасайтын несие берілетінін мәлімдеді. Машина құрастыру ісі жолға қойылысымен бұрын шикізат бағыты басым елімізде өңдеу өнеркәсібінің қадамы ілгері бас­ты. Осыдан он-он бес жылдай бұрын машина құрастыру туралы түсінік болмағаны рас. Тұр­ғындар машина тек шетелдей ғана шығады деп ойлайтын секілді еді. Елбасының бас­тамасымен шетелдердегі үздік брендтерді өзімізде құрастыра бастадық. Бірақ қандай тауар болса да, оның өтімі дұрыс болмай, өндірілуі дамып кетпей­тіні, экономикаға кері әсер береті­ні сөзсіз. Сондықтан жеңілдік­пен берілетін автонесие мен қаржы­лық лизингтерге қол жеткізетін мем­лекеттік бағ­дар­­­лама­лар жеңіл көлік ал­ғысы келетін тұрғын­дар мен муни­ципаль­ды кәсіпорын­дарға мол мүмкіндік жасады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша осы мақсатқа бөлінген мемлекеттік қаржының бар­лы­ғы игерілді. Қазақстандықтар­ға жеңілдікпен берілетін несие бо­йынша бағдарлама басталысымен 34 млрд теңге бөлінген болатын, соның нәтижесін­де 13 000 машина сатылды. Же­ңілдікпен берілген лизинг бо­йынша 16 млрд теңге бөлі­ніп, оның 12,8 млрд теңгесі иге­ріл­ді, оған коммерциялық 773 кө­лік сатылды. Мұндай бағ­дар­лама өзін ақтады деп ойлай­мыз, қайтарымды қаржы өн­ді­ріс­ті инвестициялаудың тиім­ді құ­ралына айналды. Мұны тәптіштеп айтып отырға­ным, біздің тұтынушыларымыз отан­­дық өндірістен шық­қан автомо­биль­дерді сатып алуға дайын еке­нін, мұндай же­ңіл­діктер тұрған­да сырттан импорт­тық көлік­тер іздемейтінін көрсетті. Екін­ші жағынан мұн­дай жеңілдіктер техниканы уақ­ты­лы, кем дегенде айына 150 көлікті Қазақстан бо­йынша са­тып оты­руға, сол арқылы отан­­дық авто­өндірісті дамытуға ықпал етеді. 

Отандық тұтынушылардың жеңіл­дігі бар несиеге сұраны­сы өсіп отыр. Ұлттық банк төраға­­сы­ның хабары өте жағым­ды жа­ңа­лық болды деп білемін. Өйт­­кені қазір қазақстан­дық­тар­дың барлығы еліміздің кез келген қала­сынан баспана алуға қол жет­кізіп жатқан тиімді бағ­дар­­лама автокөлік алуға да жа­са­л­а­тын болса, одан үш жақты тиім­ділік болар еді, яғни тұтынушы, өндіріс, мемлекет қатар ұта­тын болады. Қайтарымы бар қо­сым­ша қаржыландыру өндіріс­ке қосымша жұмыс орнын ашу­ға, бюджетке түсетін салық көле­мін ұлғайта түсуге, авто­мобиль өн­ді­рісін дамытып, оның нары­ғын кеңейте түсуге мүм­кіндік береді. 

Тұтынушылар қазір Қостанай­дағы «СарыарқаАвтопром» машина жасау зауытының өнімін таң­дап ала­тындай жоғары дең­гейге жет­тік. Бұл үшін мақ­­т­анамыз. Өткен жылы машина құрас­­тыру көлемі 13 пайызға артты. Биыл 25 мың темір тұлпарды сап­қа қоямыз деп отырмыз. Өткен жыл­­дың соңына қарай келісім жа­салған Қытайдың автомобиль импорты және экспорты бойынша мемлекеттік трансұлттық СМС компаниясы Аллюр компаниялар тобының капиталына кіргені белгілі. 1,1 млрд доллар инвестиция салған қытайлық әріптестер отандық автоөндірісте жылына 80 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. Еліміздің бас банкирі айтқан қуанышты хабар іс жүзінде де тұтынушыларды қуанышқа бөлейді деп ойлаймыз.

Ербол СЕЙПІЛОВ,

«Қазақстан автобизнесі қауымдастығы» ЗТБ техникалық реттеу жөніндегі директоры