Аймақаралық ынтымақтастық – ел дамуының алғышарты
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:25
МҮДДЕЛЕСТІК. ӘРІПТЕСТІК. МҮМКІНДІК. ЫҚПАЛДАСТЫҚ
Ертең Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы басшыларының қатысуымен Аймақаралық ынтымақтастықтың ІХ форумы өтеді
АЙМАҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:25
МҮДДЕЛЕСТІК. ӘРІПТЕСТІК. МҮМКІНДІК. ЫҚПАЛДАСТЫҚ
Ертең Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы басшыларының қатысуымен Аймақаралық ынтымақтастықтың ІХ форумы өтеді
АЙМАҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Аймақаралық ынтымақтастық форумы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, қысқа уақыт аралығында маңызды шараға айналып үлгерді.
Әр жиында Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарындағы және шекара бойында орналасқан облыстар арасындағы ең өзекті мәселелер қаралып келеді. Қазіргі таңда екі елдің шекаралас аймақтары арасында жасалған 200-ге тарта келісімдер негізінде аймақаралық және шекарааралық ынтымақтастық жандана түсуде. Соның ішінде табиғатты пайдалануда бірыңғай үлгі-қалыптарды ұстану, су және өзге де табиғи ресурстарды бірлесе пайдалану сияқты мәселелер өзекті болып табылады.
Соңғы рет Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен аймақаралық ынтымақтастықтың VIII форумы былтырғы жылғы 15 қыркүйекте Астрахань қаласында (Ресей) өткен еді. Сол кездегі форум «Трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде бірлесе әрекет ету» деген тақырыпқа арналған болатын. Ал биылғы Павлодар жерінде өтетін форум «Инновациялық ынтымақтастық» деген аса маңызды бағытты қарастырады. Осы аталған шараға 13 қазақстандық және 12 ресейлік өңірдің басшылары қатысады деп күтілуде.
Одан басқа, форум барысында көрмелер мен мәдени шаралар да өткізіледі. Мұның барлығы форумның екі ел үшін қаншалықты маңызы зор екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, форум көршілес елдер арасындағы ынтымақтастықты барлық сала бойынша жандандырудың жақсы бір сатысы болуға тиіс.
Қазақстан мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынас, әсіресе, Біртұтас экономикалық кеңістік құрылуына байланысты қазір жақсы қарқын алып отыр. Осы бағытта тиісті құрылымдар көптеген шаруаларды атқарып келеді. Жалпы, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар орнаған күннен бастап есептейтін болсақ, ынтымақтастықтың барлық салаларын қамтыған 480-нен астам әр түрлі келісімдер мен шарттар қабылданған екен. Бұл құжаттар екі ел арасындағы қарым-қатынасты барынша қарқынды дамытуға мүмкіндік туғызып, екі ел халқының игілігіне жақсы жұмыс істеп келеді.
Бүгінгі таңда екі ел арасында шешілмей жатқан қандай да болса мәселелер жоқ деп айтуға толық негіз бар. Әрине, еркін экономикалық кеңістікке байланысты әлі де болса кейбір бизнеске кедергілерді алып тастау бағытында біршама жұмыстар жүргізу керек. Оның ішінде заңдарды бір-бірімен реттестіру мен сәйкестендіру мәселелері де бар. 2012 жылдың 7 маусымында Ресей Президенті В.В.Путиннің Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында 1992 жылдың 25 мамырында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара достық, ынтымақтастық және көмек туралы келісімнің мерзімі ұзартылып, оның кейбір баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген-ді.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасында 1999 жылдан бастап екіжақты ынтымақтастықтың барлық қырларын пысықтайтын Үкіметаралық комиссия жұмысын жүргізіп келеді. Оның 15-ші отырысы 2011 жылдың 24-25 қарашасында Астана қаласында өткізіліп, онда 17 мәселе қаралған болатын. Әсіресе, отын-энергетикалық кешен, ғарыш кеңістігін бірлесе игеру, көлік саласында өзара ықпалдастық, шекаралық және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттарда ынтымақтастық әлі де тереңдей беретін болады.
Жалпы, Ресей Қазақстанның ірі сауда әріптесі болып табылатыны баршаға белгілі. Арадағы сауда айналымы еліміздің сыртқы сауда көлемінің 20 пайыздайын құрайды. Тек былтырдың өзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық 23,8 миллиард АҚШ долларына жетсе, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 42,3 пайызға артқандығын көрсетеді. Осы орайда Қазақстанның экспорты 47,8 пайызға өсіп, 7,5 миллиард долларды құраса, Ресейден келетін импорт көлемі 39,8 пайызға өсіп, 16,3 миллиард долларға жетті.
Әрине, биыл алыс-беріс көлемі сәл бәсеңдегенімен, айтарлықтай көп емес. Егер 2012 жылдың қаңтар-мамыр айларын алып қарайтын болсақ, онда Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы шамамен 9,3 миллиард АҚШ долларына жеткендігін көреміз. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,5 пайызға төмен, алайда жыл соңына дейін айтарлықтай өсуі де ғажап емес.
Соңғы ақпараттарға қарағанда, бизнес құрылымдарына түскен салықтық ауыртпалықтар жөнінен Қазақстан ұтымды позицияда. Салықтық төлемдер мен тексерулердің жеңілдігінен көптеген ресейлік компаниялар өз құрылымдарын Қазақстанда ашып жатқандығы жасырын емес. Әрине, бұл – біздің артықшылығымыз. Бұл жерде екі ел арасындағы ынтымақтастықты айтқанда, тек салықтық алымдар жайында емес, ең маңыздысы, компаниялардың ешқандай кедергісіз рынокқа кіруі, өзінің тауарларын еркін сатуы мен тұрақты орнын табуы тұрғысында мәселе қарастырылуға тиіс.
Әр интеграциялық үдеріс өз жеткен деңгейінде тиісті органдарды талап етеді. Бүгінгі кездегі Біртұтас экономикалық кеңістікке байланысты тиісті органдар толықтай құрылды. Аталған құрылымдарда қазақстандық азаматтар да арнайы келісімдерге сәйкес қызмет жасауда. Осы орайда ұлттық органнан биік тұратын біріккен парламент болады екен деген сөздер де айтылып қалып жатыр. 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ құрылады деген жоспар бар. Сол кезде ғана бірлескен парламент құру жайы да қаралуы мүмкін. Бірақ, оның мемлекетіміздің тәуелсіздігіне, дербестігіне нұқсан келтірмейтін жобада болатыны сөзсіз.
Қорыта айтқанда, Павлодардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы басшыларының қатысуымен өтетін Аймақаралық ынтымақтастықтың ІХ форумы көршілес екі елдің, әсіресе, шекара бойындағы өңірлердің дамуына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Оның үстіне аталған форум кейбір түйткілді мәселелердің шешіміне де оңды ықпал ететін болады.
Икрам АДЫРБЕКОВ,
Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар,
қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.