Көшенің ажарлы болуы – қаланың көркі, ал қаланың келбетті болуы – мемлекеттің, елдің айбары, мақтанышы. Оның үстіне туристік әлеуетті арттырып, теңіз жағасында алыс-жақын шетелдерден, өз еліміздің барлық өңірлерінен туристер мен қонақтарды қабылдауда қысылып-қымтырылмауды басты орынға қойған Ақтаудың ажары күн тәртібіндегі мәселе. Еліміздің теңіз жағасындағы жалғыз қаласының көз тартар көрікті болуы қажет-ақ. Теңіздің арғы бетіндегі көрші Бакумен салыстырудың реті болмас, өйткені білдей бір мемлекеттің астанасының аты да, заты да астанаға лайық болуы заңды. Әйтседе, Елбасының Маңғыстау өңіріне әр сапарында Ақтау қаласын көркейту, жан-жақты дамыту барысын қадағалап, тиісті орындарға арнайы тапсырмалар мен міндеттерді жүктеп кетуі – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуымен бірге, кескін-келбетінің ерекшеленуін көздегендігі екені анық.
Ақтауда бұл бағытта жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Қала көлемінің ұлғайып, заманауи ғимараттар мен көпқабатты тұрғынүйлердің салынып, жаңа атаулардағы қат-қабат кешендердің бой көтеруі шаһардың шырайын арттырып келеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын Приморский ауылы, «Солдат жағажайы» аталатын жағажай жақтан басталған теңіз жағасын тазалап, заңсыз құрылыстарды сүріп, халық демалатын орынға айналдыру жұмыстары өз нәтижесін берді. Бүгінде қала мен теңіздің астасқан жағалау тұсы халықтың қыдырып-сергуіне, салауатты өмір салтын ұстануына, балалардың ойнауына лайықталып жасақталып-жабдықталды. Ауқымды шараларды өткізуге мүмкіндік беретін амфитеатр орнатылып, «мифтер алаңы» ашылды.
Бірақ, біткен істі бүлдірушілер де азаймай тұр. 2016 жылы жағалауға жағалауына тұрғындар үшін қос жігіттің қолдауымен қойылған күйсандық өз қызығушыларын қуантқан болатын. Қыдырыстап жүргендердің арасында музыканттар мен өзге де сазға құмар жандар күйсандыққа отыра қалып, әуенді әуелеткенде серуендеуішілер қол соға қошаметтеп, мәз болып қалатын. Көп ұзамай «қоғамдық күйсандық» бұзақылардың бүлігіне ұшырады. Сондай-ақ, араға екі жыл салып қаскөйлердің қолымен теңіз жағалауында жарнама үшін қойылған шыны қондырғы-тақталар қиратылған болатын. Ал бұрын көшедегі жарықтарды сындыру және канализация құдықтарының жабындылары мен ток желілері жүргізілген бағаналардың темір қақпақтарын қолды ету оқиғалары орын алған болатын. Сондай-ақ, Маңғыстау аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге қол салып, қабырғаларына өз аттарын, уақытты жазып кетушілер де болмай қалған жоқ.
Вандализмнің бой көрсетуі мұнымен тоқтаған жоқ. Кеше ғана Ақтау қаласының 15 шағынауданы тұсындағы теңіз жағалауына салынған амфитеатр маңындағы «Қобыз» архитектуралық нысаны бүлдірілді, нақтырақ айтсақ қобыздың шанағы ішінде орналасқан бөлшек орнында болмай шықты. Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойына Қарақия ауданының сыйы ретінде берілген «қобыз» жаңа алаңның сәні ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың мәнін ұғындыратын нысан болатын.
Өкініштісі, көшеде ойнақтап жүріп ойына келгенді жасайтын қаскөйлер құрыққа түспей құтылып кетіп жүр. Бұл бостандық пен жазасыз құтылу келесі вандализмдік қылмыстың орын алуына жол ашып, тіпті адам өміріне зиян келтіретін қылмыстарды қымсынбай жасауға деген сенімділікті қалыптастыруы мүмкін.
Көше мүлкі – қоғам мүлкі, ел мәдениетінің, рухани деңге йінің көрінісі. Оған әрбір адамның құрметпен қарап, сызат түсірмей сақтауы елге, жерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі болмақ. Алайда, тұтас тұрғындардың жан-жағына жанашыр болып, қамқор пейілмен қарауын қалыптастыру қиын, тіпті мүмкін болмас та. Бірақ, халық игілігін еріккенің ермегі етуден арашалаудың жолы бар ма?
Ақтауда қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасы қолға алынып, қала көшелері мен қиылыстары, теңіз жағалауы бейнебақылау құрылғыларымен жабдықталғандығы туралы желдей есіп жеткізіліп жатады. Ақтау қалалық әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, Ақтау қаласы бойынша барлығы 793 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Оның 17-і қоғамдық орындардың тыныс-тіршілігін бақыласа, 20-ы теңіз жағалауын, «Қауіпсіз қала» жобасы аясында орнатылған 711-і шағынаудандар аралықтарын қадағаласа, 45-і көше қиылыстарында көліктер қозғалыстарын бақылау үшін қойылған. Ал, құқыққорғау орындарының дерегі Ақтау қаласы бойынша 128 бейнебақылау қондырғысы бар екендігін алға тартады. Оның 44-і қиылыстарда, 32-і аулаларда, 20-ы теңіз жағалауында, 17-і қоғамдық орындарда болса, 14-і арнайы мекемелерге орнатылған. Ал, сапалық сипатына сай жіктесек, 40-ы айналма аналогты, 62-ы сандық айналмалы, 18-і сандық стационарлы және 8-і аналогты стационарлы болып келеді. Әңгіме құзырлы орындар тарапынан бір мәселеге екі түрлі деректің келтірілуінде емес, сол құрылғылар арқылы қаскөй бұзақылардың қолға түсуінде болып тұр. Бұған дейін көшеде әйел адамға шабуыл жасаған қылмыскерді бейнебақылау көмегімен ұстаған құқыққорғаушыларды әлеуметтік желілерден оқып, риза болған едік.
...Қаскөйлердің дер кезінде, көше мүлкіне екілене қиратып жүрген сәтінде қақпанға түспейтіні қалай?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы