12 Қаңтар, 2012

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали ИСМАЙЛОВ: Елбасының тапсырмалары мүлтіксіз орындалуда

488 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали ИСМАЙЛОВ: Елбасының тапсырмалары мүлтіксіз орындалуда

Бейсенбі, 12 қаңтар 2012 7:43

Оңтүстік Қазақстан облысының ден­­саулық сақтау саласында соңғы үш жылда айтарлықтай жақсылықтар орын алып отыр.
Жалпы өлім-жітім 3,1 пайызға, нәрес­те өлімі 16,6 пайызға, ана өлімі 38 пай­ызға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім 23,6 пайызға, туберкулезден өлім 21,7 пайызға, онкологиялық аурулардан өлім-жітім көрсеткіші 6,2 пайызға төмендеді.

Бейсенбі, 12 қаңтар 2012 7:43

Оңтүстік Қазақстан облысының ден­­саулық сақтау саласында соңғы үш жылда айтарлықтай жақсылықтар орын алып отыр.
Жалпы өлім-жітім 3,1 пайызға, нәрес­те өлімі 16,6 пайызға, ана өлімі 38 пай­ызға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім 23,6 пайызға, туберкулезден өлім 21,7 пайызға, онкологиялық аурулардан өлім-жітім көрсеткіші 6,2 пайызға төмендеді.

2011 жылы облыста неонаталдық хи­рур­гия, балалар кардиохирургиясы және нейрохирургия қызметтері дамытылды. Ха­­лықаралық технологияларды енгізу үшін 2 тренинг орталығы ашылды. Бюджет қа­­­­ражаты есебінен 3 мыңнан астам дәрі­гер біліктілігін арттырды. Оның үш­­­­тен бірі халықаралық деңгейде білім алған.
Егер бұл көрсеткіш бір жылы жоғары, бір жылы төмен болса кездейсоқтыққа балауға болар еді. Сондықтан, жағдайды тұрақтандыру, медициналық қызмет саласын жақсарту, жүйелі деңгейге көтеру үшін тау көтерген Толағайдай жұмыстар жүргізілгендігі байқалады. Бұл – елге болсын, халқымыз аман-сау болсын, сырқат­тардың жаны жабырқамасын дейтін әр­бір оңтүстік тұрғыны үшін үлкен қуаныш.
Ең үлкен жақсылық, республика көле­мін­де сыннан көз ашпай жүретін облыс ме­дицинасының соңғы үш жылда тұрақ­ты дамуға қол жетуінің сыры қандай? Біз осы сауалдарға жауап беру үшін ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бас­ты­ғы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали ИСМАЙЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Жұмағали Қазыбайұлы, оң­­­түстікте басқасын айтпағанда адам өмірінің ұзақтығы рес­пуб­ли­калық орта көрсеткіштен ас­ты. Бірнеше жыл бойы тұрақты даму сақталып келеді. Маман ре­тінде осының сырын жіліктеп беріңізші?
– Ертегідегі Алладиннің си­қыр­лы шамының әрине, бұған еш қатысы жоқ. Мұның бәрі әкімдік пен медицина саласының қоян-қолтық бірге жұмыс жасауында. Саланың қаржыландырылуы 2011 жылы 2010 жылмен салыстыр­ғанда 22 пайызға өсті. Бұл үшін ең алдымен Елбасыға оңтүстік халқы атынан рахмет айтамыз.
Осының бәрін жинақтай келе, негізгі үш мәселеге айрықша тоқ­тау­ға болады.
Біріншіден, облыс медицина­сы­ның инфрақұрылымы жақса­р­ды. 900-ге тарта елді мекеннің бар­лығында медициналық амбулаториялар ашылды. Екіншіден, мате­риалдық-техникалық базамыз ны­ғайды. Облыс әкімі барлық сақал­ды құрылыстарды аяғына жеткізіп, іске қосып берді.
Үшіншіден, мамандарымыздың біліктілігі арттырылуда. Соңғы екі жылда үш мыңға тарта дәрігер, соның ішінде медбикелер бар сала-сала бойынша білімін жетілдірді.
– Жоғары және орта буын дәрігер өз кәсібіне мықты болу үшін сала басшылары да кәсіби шеберлігі жоғары болуы керек. Осы бағытта қандай жұмыстар таңдалынып алынды? Бір жылда барлық саланы қамту мүмкін емес. Жыл басында басым ба­ғыт­тар белгіленетін шығар?
– Айтқаныңызға келісемін. Дә­рігер білікті болу үшін оның жұ­мысын қадағалайтын сала басшылары бәрінен хабардар болуы тиіс. Облыстағы бірқатар клиникалар­дың және аудан, қаладағы ауру­ха­налардың басшылары алыс және жақын шетелдердегі мықты орта­лықтардан тәжірибеден өтті.
Жұмысымыз жүйелі болуы үшін жыл басында жеті басым­дықты белгілеп, оны аяғына жеткізу үшін бар күшті шоғырландырамыз. Бұл басқа аурулар шетте қалады де­гендік емес, қабат жүргізіледі. Ке­лесі жылы тағы да басым бағыттар таңдалынып алынады. Соның ар­қа­сында біз тұрақты жүйеге жеттік.
Соңғы үш жылда облыста кардиохирургия қызметі жақсы даму жолына түсті. Алғаш рет ашық жүрекке 818 операция жасалды. Соның ішінде жүрегінде ақауы бар 163 бала бар. Бұрын осы бала­лар­дың ата-аналары Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы орталық­тар­ға кезекке тұратын. Қаржысы барлары шет ел жағалайтын. Қазір бізде аймақ дәрежесінде алғаш рет балалар кардиохирургия бөлі­мі ашылды. Облыс дәрігерлеріне Лит­­ва, Польша, Израиль, Түркия және Ресейдің белді медициналық орталықтарының ғалымдары ше­берлік сабақтарын өткізді. Бұл екі жаққа да пайдалы іс болды. Бү­гін­де өз дәрігерлеріміз жүрекке операция жасауда табысқа жетіп жүр.
– Осы жағдайды балалар кар­диологиясы бөлімі ашылған­да байқадық. Ата-аналарымен сөйлескенімізде баласын сыр­қат­тан айықтырған дәрігерлерге алғысын сөзбен жеткізге алмай көзіне жас алғандарын да көр­дік. Жүздеген жүректердің жарасын жазып, сол балалардың көз жасын құрғатқандарыңыз үшін дәрігерлер қауымына біз де рахмет айтамыз.
– Рахмет. Бұл біздің қызметі­міз. Әсілі, рахметті Мемлекет басшысына, облыс әкімдігіне айту керек шығар. Бар жағдай туғызды, дәрігерлерге жұмыс жасамай не көрініпті. Елбасының тапсырмасымен тікелей салынған облыстық ба­лалар ауруханасы халықаралық стандарттарға негізделген меди­ци­налық құрал-жабдықтармен жа­рақ­­талды. Клиниканың базасында нео­наталдық хирургия, балалар ней­рохирургиясы жақсы дамып келе­ді. Облыста алғаш рет дамуын­да ақауы бар 221 шақалаққа операция табысты жасалды.
– Осы жерде бір сұрақ туындайды. Сіздер перзентханадағы гинекологиялық кеңесті клиникаларда да қолға алдыңыздар. Бас­тапқыда көпшілік түсіні­ң­кі­ре­мей, наразылық білдіріліп жатты…
– Ол рас. Енді мәселенің мына қырына қараңыз. Бұрын жүкті әйелдерге гинекологиялық кеңес перзентханаларда болды. Біз оны емханаларға ауыстырдық. Неге? Өйткені, жүкті әйелдерге тек гинеколог емес, оған терапевт, кардиолог, невролог, қала берді тыныс аурулары дәрігерлері керек. Ауру әйелден ауру бала туады. Бала өмір­ге сау-саламат келу үшін ана­ның бойындағы сырқаттарды емдеу керек. Бұл біз енгізген жаңа­лық емес, әлемдік медицинадағы бар тәжірибе. Бастапқыда реніш болғанымен, кейін жақсылық үшін жасалып жатқанын жұрт түсінді. Қазір перзентханаларда бала өлімі азайды. Бірақ, өмірге жаңа келген шақалақтардың ішінде аурушаң­дары, мезгілінен тым ерте келген­дері болады. Біз осыған байланыс­ты шала туған балаларды оңал­туға 100 төсектік орталық аштық.
– Елбасының Оңтүстікте дә­рігерлермен өткізген басқосуын­да құрт және қатерлі ісік аурулары мәселесі көтеріліп еді. Қазіргі нақты жағдай қандай?
– Жақсы өзгерістер бар. Өткен жылы туберкулез бойынша ауруға шалдығу 12,3 пайызға төмендеді.
«Саламатты Қазақстан» бағ­дар­­ламасы бойынша туу жасын­дағы әйелдер арасында туберку­лезді болдырмау бойынша біраз іс-әрекеттер атқарылуда. Барлық туберкулезге қарсы мекемелерде нау­қастар мектебі ұйымдастырылған. Ол жерде науқастармен туберкулез туралы, оның алдын алу жолдары, емдеуді жалғастыру сатысында дә­рі-дәрмектерді ішіп, емді үзбеу жө­нінде сұхбаттар жүргізіледі. Облыс­тық туберкулезге қарсы диспансерде алғашқы медициналық сани­тар­лық көмек көрсету жүйе­сінің дәрігерлері арасында семина-тренингтер ұйымдастырылып тұ­рады. Осы кезге дейін 2000-нан астам дәрігер, оның ішінде 282 дәрігер-гинекологтар оқытылды. Соның нә­тижесінде туу жасын­дағы әйелдер­дің арасында жүкті­лік ке­­зінде туберкулезбен ауру 100 мың адамға шаққанда 2010 жылы – 3,3%-дан, 2011 жылы – 2,9%-ға дейін төмен­деп, ал босанудан кейінгі ке­зеңінде 8,3%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді.
Облыс бойынша туберкулездің жұқпалы түрін анықтау мақсатын­да қосымша жаңа 6 микрос­ко­пия­лық зертхана ашылды. Жалпы, облыс бойынша туберкулезге қарсы мекемелерде 18 бактериоскопия­лық зертхана, емдеу саласында 23 зертхана қызмет атқарады.
Ал Қазақстанда алғаш рет об­лыс­тық онкологиялық диспансе­рін­де скрининг орталығы ашыл­ған. Бұл – ауруларды тез анық­тау­ға, тура диагноз қоюға мүмкіндік береді.
– Бұрын оңтүстіктің дәрі­герлеріне сенімсіздік білдіріле­ті­ні есте. Тіпті, “маман керек, бірақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын бітірген тү­лектерді жұмысқа алмаймыз” деген құлақтандырулар ірі қала­лардағы клиникаларда жазылып тұрды дегенді баспасөзден көрдік. Бүгінде облыс медицинасы республикада үлгі алатын деңгейге көтеріліп келеді.
Астана, Алматыда өтетін ірі халықаралық конференциялар, ғы­лыми кеңестер Шымкентте өтетін болды. Медицина саласы бойынша халықаралық стан­дарт­тарға өткен Литва мемле­ке­тімен өздеріңіз үш жылға мемо­рандумға отырдыңыз­дар. Жыл сайын шетелден таң­даулы мамандар келіп, шеберлік дәріст­е­рін өткізіп жүр. Осының бәрі қалайша мүмкін болды?
– Бағана сөз ыңғайында айтым ғой. Мұның бәрі мемлекеттік қам­қорлықтың, Елбасымыздың халық денсаулығына сергек қарауының арқасы.
Шымкентте өткен халықара­лық ғылыми-практикалық конференцияда Каунас медицина уни­вер­ситетінің профессоры Видмантас Бараускас: “Сіздердің мате­ри­аль­дық-техникалық жабдықта­ры­ңыз біздің клиникалардан да жақ­сы екен. Осындай қамқорлық жа­саған Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Әбішұлына рахмет. Ал аймақ­тарға дәл сіздердегі басшылардай жағдай туғызған, қаржы бөлген орталықтарды әлі көрген жоқпыз. Сол үшін облыс әкіміне біздің құр­метімізді жеткізіп қойыңыз”, деді.
Енді салыстырып көріңіз. 1991-2009 жылдар аралығында бар болғаны 16 медициналық нысан қо­сылған екен. Ал 2010-2011 жыл­дар аралығында ғана 136 ден­сау­лық сақтау мекемесі іске қосылды. Осы құрылысқа республикалық бюд­жеттен 3,9 млрд. теңге ал, об­лыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Бұның сыртында медицина нысандарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеулерді қосыңыз. Соңғы он жылда облыстық бюджеттен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 10 есе еселенді. Мәселен, 2001 жылы 4 млрд. теңге болса, 2011 жылы 44,8 млрд. тең­геге жетті. Адам денсаулығынан қым­бат ештене жоқ. Облыста жо­ғары білікті кадр даярлау мақса­тында халықаралық стандарттарға негізделген екі орталықты халық­аралық аккредитациядан өткізуге дайындап жатырмыз. Мұнда тек облыстық емес, республикалық, қала берді өзге мемлекеттерден де дәрігерлер келіп, біліктілігін арттырады. Болашағы үлкен. Облыс медицинасы республикада ал­ғаш­қы болып халықаралық стандартқа өт­кен мемлекеттермен іскерлік байланыс жасап жатыр. Олар бізге үйретумен қатар үйрену үшін де келетіндігін айтады. Тынымсыз жұ­мысымыз тұрақты даму көрсет­кіштеріне жеткізді. Бұған облыс дәрігерлерінің мейірленуіне әбден болады. Бірақ, тоқмейілсімейміз. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында қабылданған мемле­кеттік бағдарламаларды орындауға күш салынады.
– Әңгімеңізге рахмет. Халық­қа жасап жатқан қызметтеріңіз табысты болғай.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.