18 Қаңтар, 2012

Керегесі кең, босағасы берік

1214 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Керегесі кең, босағасы берік

Сәрсенбі, 18 қаңтар 2012 7:01

Еліміз  тәуелсіздігін алған кезде жан-жаққа жол  ашылып, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына кетіп жатты. Қазақ же­рін Отаным, елім, үйім деген­дері қалды.  Шетте жүрген аға­йындарымыз да атамекенге  ора­ла бастады. Елге ел қосылса – құт. Қайта оралған қазақтың енді ешқайда кетпейтіні, өз елінде босаға бекітетіні анық еді. Ал, талай жылдар  үйімен-үйі көршілес, балалары бірге ойнап өскен, өздері бірге қыз­меттес болып бір жерде өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдерін де өгейсітпей, ортақ Отанға біріктіру егемендікті орнықтырудың тағы бір мақсат-мүддесіне айналды.

Сәрсенбі, 18 қаңтар 2012 7:01

Еліміз  тәуелсіздігін алған кезде жан-жаққа жол  ашылып, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына кетіп жатты. Қазақ же­рін Отаным, елім, үйім деген­дері қалды.  Шетте жүрген аға­йындарымыз да атамекенге  ора­ла бастады. Елге ел қосылса – құт. Қайта оралған қазақтың енді ешқайда кетпейтіні, өз елінде босаға бекітетіні анық еді. Ал, талай жылдар  үйімен-үйі көршілес, балалары бірге ойнап өскен, өздері бірге қыз­меттес болып бір жерде өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдерін де өгейсітпей, ортақ Отанға біріктіру егемендікті орнықтырудың тағы бір мақсат-мүддесіне айналды. Сөйтіп, Қазақстан деп аталатын  жерде тыныштықты сақтап, ұлттар дос­тығын нығайту мақсаты қалыптасты. Елбасының ортақ мүддеге жұмылдырған татулық, ынтымақтастық, берік достық­ты сақтау саясаты, ел ішінде қолдау тапты.

Бұл күндері Отан, тәуел­сіздік, тұрақтылық, тұрақты даму деген ұғымдар  әрбір қазақ­стандықтың жүрек-жадынан бе­рік орын алған. Тәуелсіздік алғанына жиырма жылдай уақыт өткен, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді қоғамдық институт құрылғанына 17 жылдай болған Қазақстанда ҚХА-ның  еліміздің мемлекет ретінде орнығуына, өркендеуіне,  тату-тәтті өмір сүруінде қосқан  үлесі  аз емес. Елімізде  өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкіл­дерінің ел мүддесіне ортақ Отан тыныштығын ойлаған бір­ауыздылықтары, бірліктері қуан­тады.  Солардың қатарында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да еліміздің тәуел­сіздігін нығайтуда тыныштықты сақтауда Елбасының бір жағына шығысып, оның  саясатын жүр­гізуде белсенді қызмет атқа­руда. Өткен ғасырларда жері­мізге  келіп қоныстанып қалған орыстар, украиндар, татарлар, белорустар қатарына ауыр жыл­дардың зобалаңы мен тағдыр тәлкегіне түскен корейлер, не­містер, поляктар, чешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар,  тағы басқалары келіп қосылды. Көпшілік ұлт өкілдерінің ин­дус­­трияландыру тың игеру жыл­­дары  келіп, елімізді өзім­нің Отаным деп тұрып қалған­дары да  белгілі.
Алғашқылардың бірі болып, 1996 жылы облыста  поляк­тардың  «Полония «ұлттық эт­но­мәдени бірлестігі құрылды. Осы бірлестіктің төрағасы Виталий Свинцицкийдің айтуынша, 41-жылдары  жер аударылып келген поляктар қиын күн­дері қазақ жерінен пана тапты. Осы күні облыста тұрып жатқан мың жарымға жуық поляктың  әке-шеше, туысқан­дары осында жерленген.  Өткен зобалаң күн­дерді кім ұмыта алсын, «Полония» бірлестігі ата-аналарының құрметіне ескерт­кіш тақта орнатты. Сонымен қатар, Поль­шаның Познань, Быгдош қала­ларымен  байланыс жасайды. Ұл-қыздары бір­лестікте ана тіл­дерін үйреніп, салт-дәс­түр­лерін  біле бастады…
Ал Мария Землевская болса, ұлттық «Жаңғыру» мектебі поляк тілі бөлімінің ұстазы, Польша азаматшасы. Жыл сайын облыс орталығындағы Ұлт­тық жаңғыру мектебіне келіп тұрады. Филолог. Сондықтан кез келген ұлт үшін оның  бай­лығы –  тілінің маңызы қандай екенін жақсы түсінеді. «Бүгінде әлем Қазақстанды ынтымағы мен бірлігі жарасқан біртұтас ел деп біледі», дейді ол.
«Эльпида» грек этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ифандопулоның айтуынша, бірлестікте  400-ге жуық грек бар екен. Үлкендер өз біле­тіндерін кішкентайларына үй­ретеді. Грекия елшілігімен байланыста. «Басқа бірлестік­тер­мен бізді  біріктіріп, басымызды қосатын нәрсе – ол бірлік, татулық», дейді Л.Ифандопуло. Ал Ақтоғай ауданы Харьков ауылының тұрғыны, чешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Элик Алисултанов сонау қиын-қыстау кезде әртүрлі ұлт өкілдеріне пана болған қазақ халқына алғыс білдіреді. Ол қуғын-сүргін  куәгерлерінің естеліктерін  кітап етіп шығару ұсынысын жеткізді.  Облыстық филиалдың белсенді мүшесі Александр Верещак ата-анам 1957 жылы Қазақстанға келді. Баянауылдықтар үш балалы әке-шешемді бауырына басты. Ауылда тұрып, тілді үйрендік, дейді. 2009 жылы облыстағы Т.Шевченко атындағы украин мәдениеті серіктестігінің төрағасы Михаил Парипсамен бірге Киев қаласына барған. Қазақ өнеріне құштар екенін айтады.
«Сол кезде елшілер алдында қазақ өнерін паш етіп, домбырамен ән салғанымда, жұрт таң­қалысты. Олар  менен: «Өзің – украинсың. Қазақша сөйлейсің. Ол жақта сонда ұлтшылдық бар ма, өзге ұлт өкілдеріне қысым­шылық жасалмай ма?» деген сауалдарын қойды.  Ал мен болсам елімізде әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретінін, сондай-ақ әр ұлттың өзінің мәдениетін, ана тілін насихаттауға ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіздім»,  дейді А.Верещак.  Ал Ақсу қа­лалық Славян мәдениеті орта­лығының мүшесі Юрий Монзиков болса, өзінің облыстағы Славян мәдениеті орталығындағы «Русские узоры» ансамблімен көптеген елдерді араласа да, туған жері – Ертіс өңірін, Павлодарды сағынып, оралғанша асық болатынын айтады. Ал, Ахмет Дзейтов болса, Екібастұз қа­ла­сының «Вайнах» чешен-ингуш этно­мәдени бірлестігінің мүшесі.  Облыста чешен-ингуш ұлтының  4 мың өкілі өмір сүруде. Ұл­ты­мыз­дың тарихын, салт-дәс­түр­лері мен тілін құрмет тұтуға,  сондай-ақ қазақ мәдениетіне құр­метпен қарауға тәрбиелеу мақ­сатында чешен-ингуштар бір­лестік аясына бірікті, дейді ол. Мысалы, «Возрождение» неміс­тер қоғамының мүшесі Иван Кохтың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде елімізге көптеген бұ­рынғы отандастарымыз – неміс­тер қайта оралған көрінеді. «Бұл – біздің отандастарымыздың келер ұрпақтың  болашағын елі­мізбен байланыстырып  отырған­дығы­ның дәлелі. Біз  осы жерде өмір сүріп, қалаған ісімізбен айналыса аламыз.  Германиямен  бай­ланысымызды үзбей, мәде­ние­тімізді дамытудамыз. Былтыр Екібастұз қаласында тұратын немістер отбасында Вилен, Генрих, Элен деген үшем дүниеге келді», дейді И.Кох. Роман Пак, Қазақстан корейлері қауымдас­тығы облыс­тық филиалының белсенді мү­шесі. Ол төрт жылдан астам уақыттан бері жастар қа­натының жетекшісі қызметін ат­қарады. Корейлердің рухани мә­дениетін дамытып, насихаттау жолында жастардың да қосар үлесі басым. «Біздің ортақ мін­детіміз – еліміздегі этносаралық, конфес­сияаралық татулық пен бірлікті сақтау», дейді Р.Пак.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы қарсаңында облыс орталы­ғындағы Кутузов көшесі бойында  этномәдени бірлестіктер аллея-алаңы ашылды. Аллеяда  шағын түрдегі кескінделген әрбір этно­бір­лестіктердің ұлттық болмысына сай жасалған мүсіндер бар. Аллея  қалалықтардың демалыс орнына айналды. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын «Достық үйінің» пайдалануға берілу салтанатты рәсіміне Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев қатысты. Бұл күндері «Достық үйінде» облыс­тық Қазақстан халқы Ассамблея­сының хатшылығы,  18 этно­мәдени бірлестік, Ассамблея­сының жастар бірлестігі, ұлттық өркендеу мектебі, 9 қалалық этномәдени бірлестік, 30-ға жуық аудан, ауылдарда филиалдары, жастардың 14 этнобірлестігі жұ­мыс істейді. Өткен жылы жаз айларында бұл бірлестіктер қа­тарына қырғыздар мен ұйғыр­лардың бірлестіктері қосылды. 1996 жылы ашылған ұлттық «Жаңғыру» мектебінде қазір 17 этностың ұл-қыздары, атап айтқанда, 600-ге жуық оқушы­лар өздерінің ана-тілдерін, салт-дәстүрлерін, тарихын оқып үйренуде. Қазір қазақ тілі де оқытыла бастаған. Сонымен қатар, 20 этностың мәдениетін дәріптейтін 42 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Былтырғы мамыр айында «Мақсаты бірдің – рухы бір» ұранымен «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» атты этнос­тық топтардың ХІV облыстық фестивалі өтті.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы  мемлекеттік университетте облыстық ассамблея­ның филиалы құрылған. Бірне­ше жыл қатарынан  белсенді жастардың университетте білім алуы үшін ректор Ерлан Арын­ның гранты бөлініп келеді. Ал «Достық үйі» мәдени-сауық орталығында өмір белсенді түрде қызыққа толы. Таңертең­нен кешке дейін клубтарда сабақтар өтеді, 18 вокалдық хор мен 16 хореографиялық ұжымға  әртүрлі жастағы адамдар келеді. Мұнда 300 орынға арналған концерт залы бар. Жақында «Біз тұратын үй» атты кітап жарық­қа шықты. Шекаралас ынты­мақ­тастықтың «Бірлік – Единство.kz» халықаралық жастар этномәдени форумы өтті.
Мәдени-ақпараттық сала арқылы толеранттылыққа, яғни төзімділікке тәрбиелеу жұмыс­тары тұрақты жүргізіліп келеді. Облыс орталығындағы «Дос­тық» үйі жанынан  медиа-орта­лық ашылған. Этномәдени бір­лестіктер «Тіл – қатынас құра­лы» атты республикалық тілдер фестиваліне қатысты. Ал «Шев­ченко атындағы  украин мәде­ниеті қоғамдастығы» қо­ғамдық бірлестігі  «Ертіс бо­йын­дағы домбыра мен бондура дауысы» атты шығармашылық кеш өткізді. Екібастұз қала­сында «Достық  үйі»,   Шарбақ­ты ауданында  еврейлердің «Меркас»  этномәдени бірлес­тігі ашылған. Аталған ауданның Орлов ауылында украин ұлты­ның өкілдері көп тұрады. Қазір бұл ауылда қазақ және украин тілінде  ән айтатын «Криницы»  атты ансамбль бар.
Осындай бірлікті, берекелі тыныс-тіршілікке әуелден бас болған облыста екі адам болды. Бірі осы күнге дейін этно­мә­дени бірлестіктер өкілдері те­бірене, сағына еске алатын марқұм Қанат Дәржұманұлы. Жақсы адамның соңында жылы сөз, ұлағатты естеліктер қалды. Облыстық Қазақстан хал­қы   Ассамблеясы жұмысы­ның ая­ғы­нан қаз тұруына үл­кен үлес қосты. Өзге ұлт өкіл­дері көп тұратын облыстағы тыныштық пен бірлік, тату­лық, достық үшін  еңбек етті. Екіншісі өзі­міз­дің Зара апамыз. Ақ киме­шегін киіп алып, этномәдени бірлестіктер құры­лып жатқан кезден бастап, тынымсыз белсене еңбек етіп келеді. Барлық этностар осы бір апамыздың да айналасында  жүреді. Аталған екі адам достық туын көтерген осы орталықтың  қозғалмас қазығы іспетті. Бұл жақсы жол өне­гесін  бүгінде Гүлбарам Наурызбаева,  Идият Әбдіхалықов  жалғастырып келеді. Ортақ іс­ке жұмылған, мән-мақсаты үл­кен  облыстық Қазақстан хал­қы Ассамблеясын бұл күндері Сейсенбай Жетпісбаев басқарады.

Фарида БЫҚАЙ.

Павлодар.