20 Қаңтар, 2012

Мәуелі бәйтеректің бір бұтағы

468 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәуелі бәйтеректің бір бұтағы

Жұма, 20 қаңтар 2012 7:51

Қанатының аясына қаншама ұлт пен ұлыс ұйысқан, бәрі қа­сиет­ті шаңырақ тұтатын Қара­ған­ды аймағы құшағы қашаннан кім-кімге айқара ашықтығымен аян. Солардың алдыңғы үлкен бір шо­ғыры өлкенің өткен ғасырдың  бел ортасында  өндірісі күрт өрлеген шағында тоғысып, тұрақты құтты мекенге айналдырса, содан жай­ыл­ған тамыр қазір жасарып, жайнап өсуде. Тұрғылықты халықпен мақсат-мүдде бірге тұтасып, бай­ланысқан 115 ұлт өкілдері тыныс-тіршілігіне тірек  бұл күнде Са­ры­арқа төрі. Берік, берекелі тірек.

Жұма, 20 қаңтар 2012 7:51

Қанатының аясына қаншама ұлт пен ұлыс ұйысқан, бәрі қа­сиет­ті шаңырақ тұтатын Қара­ған­ды аймағы құшағы қашаннан кім-кімге айқара ашықтығымен аян. Солардың алдыңғы үлкен бір шо­ғыры өлкенің өткен ғасырдың  бел ортасында  өндірісі күрт өрлеген шағында тоғысып, тұрақты құтты мекенге айналдырса, содан жай­ыл­ған тамыр қазір жасарып, жайнап өсуде. Тұрғылықты халықпен мақсат-мүдде бірге тұтасып, бай­ланысқан 115 ұлт өкілдері тыныс-тіршілігіне тірек  бұл күнде Са­ры­арқа төрі. Берік, берекелі тірек.

Сан көп болсын, аз болсын, қай этностың да өзіндік ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді сақ­тап, туған тілді қастерлеп, рухты жаңғыртып өркендеп-дамуына мүмкіндігі кеңейіп, жолы  даң­ғыл­дана түсуде  десек, бұған айғақ-дәй­ектер жетіп-артылар еді. Со­ның біріне тоқталғанда, қараған­дылық литвандардың қоғамдық ортадағы белсенді өмірін,  еліміз мерейі мен беделін асырудағы  ынтымақтастық іс-қызметін, ор­тақ жетістіктерге қосудағы сү­белі үлес­те­рін атап айтуға жара­сар-ды. Бү­гін­де қазақстандықтар қата­рын­да еліміздегі 7 070 лит­ван­ның   3000-нан астамы Сәкен мен Қасым кіндік қаны тамған то­пырақта тұ­ра­тындығын атағанда, тең жартысына жуығы осы өлкеге шоғырланғаны, бауыр басқаны болып табылады. Бұлардың  басы екінші  жаһандық соғыс алдында Балтық жаға­лауы­нан еріксіз  Қарағандыға жер ауда­рылғандар сапынан саналады. Ке­ңес Одағы құрамына күштеп қо­сыл­ғанға дейін естіп-көрмеген алыс аймаққа қалай келулерінің  сыры осымен астасады.
Айта кету керек, облыста құрылған этно-мәдени бір­лес­тіктер алғашқыларының бірі  аталған диаспора енші­сіне тиеді. Оның өкілдерінің  бастамашылығымен және Қа­зақстан Республикасындағы Литва елшілігінің қол­дауы­мен 2003 жылдың 15 қа­занында    «Литуаника»  атты қоғамдық бірлестік дүниеге келді. Содан бергі уақытта ол қарағандылықтар арасында­ғы достық пен бірлікті ны­ғайтуда,  өзара этностық қа­тынастарды қалыптастыруда, саяси тұрақтылықты берік­тіруде белсенді іс-қыз­меті­мен  көзге түсіп келеді. Бұл тұрғыда  орталықтың төр­аға­сы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшесі Виталий Ионо Тварионастың үлгілі еңбегі  көпшілікке  сүйсіністі екенін білеміз. Қарағандыға жас маман ретінде келіп, кейіннен жаңа ортаны қимай тұрақтап қалған шахтер әке­сінің жолын қуып, одан соң кәсіпкерлік тізгінін ұстаған азаматтың  негізгі ісіне  байланысты шаруа қамы басынан асып жатса да,  қоғамдық  міндетіне жауапкершілігі мен сергектігі «Литуаник» арқы­лы байқалар бір қыры. Өкі­нішке қарай, мұнда атқа­рыл­ған, атқарылу үстіндегі жұ­мыстардың бәріне тоқталып өтуге мүмкіндік жоқ. Әйтсе де мынадай істердің  өзі біраз жайды аңғартар деп ойлаймыз.
Жоғарыда мәлім  етілген­дей, Қарағандыға литван­дар­дың алғашқы тобының табаны кеңестік саяси қуғын-сүр­гіннің  өршіген кезінде тиген. Бірқатары  «Қарлагтың»  Жез­қазған, Балқаш аймақ­та­рын­дағы бөлімшелеріне қа­малады. Облыс аумағындағы осындай орындарда жа­зық­сыз жапа шеккендерге ес­керт­кіш белгілерді орнатуды «Литуаник» бірінші болып бастағаны есте.
Бұл орталықтың 50 адамнан тұратын белсенді құрамы бар. Оларға қандастары ара­сындағы  түрлі  мәдени-көп­шілік, ағартушылық, туған тілді үйрену, тарихты тану, әдет-ғұрыптарды сіңіру іс-ша­раларын жүргізу жүктел­ген. Солардың бірі бала­лар­дың жексенбілік мектебінде  сабақ беретін Сергей  Пацевичюс шәкірттеріне ана ті­лінде сөйлей білуді үйретеді. Осында оқитын 20 жет­кін­шекпен бірге ересектер де өз еріктерімен сабақтарға қаты­сып тұрады екен. Литва Сырт­қы істер министрлігі жа­нындағы ұсақ ұлттар де­пар­таменті  жыл сайын жа­ңар­тып,   толықтырып отыратын  қажетті оқулықтардың жеткіліктігі, көрнекі құрал­дардың молдығы, ең бастысы – талаптанушылардың тілек­те­ріне аса ынтызарлығы тілді жобалы уақытта меңгеруге ық­пал етеді. Бұған бір сүй­сінсек, сенбі күндері қазақ ті­лін үйрену сабақтары жүргі­зілетіндігі екі сүйсінткенін қалайша атамай  кете аламыз.Мемлекеттік тілімізге деген құрмет өркенді өмір сый­ла­ған, күйлі тұрмысқа тартқан, бауырмалдыққа  бөлеген,  кемел келешекке сенім арт­тыр­ған елге ыстық пейілді сез­дір­се керек.
Жергілікті жеткіншектер­ге ана тілін үйретуде «Ли­туаниктің» мынадай үлгі тұ­тарлық үрдісін айтып өт­песке болмайды. Балалардың  жаз айларында тарихи отандарына барып, оны тереңірек меңгеріп қайтуларына жағ­дай жасалады. Осы шараға бір жағынан Литва мемлекеті көмек көрсетсе, екінші жағы­нан орталық қолдау танытады. Сонымен бірге, қазақ ән­дерін шырқайтын, биін би­лейтін қарағандылық литван  өнерпаздар тобы жіберіліп тұруы дәстүрге енген. Қазақ­стан тарихын,   мәдениетін, эко­номикалық жетістіктерін  таныстыратын көрмелер ұй­ым­дастырылады. Мұның өзі бауыр тартқан ортақ мекен­де­ріне деген құрметті аңғар­тады.
Қарағандылық қандас  қа­зақстандық отандастары  мақ­­сат-мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, аймақтың қо­ғам­дық-саяси, экономикалық  өмірінде лайықты орын алуына біріктіруші, ортақ ме­кен­дегі тілектес, ниеттес туыс­қан этностармен келісім мен достықты нығайтуға ұйытқы орталықтың қызметі Бирштонос қаласында болған лит­валықтардың  халықара­лық съезінде оң бағаланды. Төр­ағасы Виталий Тварионас  Литва Республикасы Прези­дентінің  Құрмет грамотасымен марапатталды. Литваның Қазақстандағы елшілігінің  Қа­рағандыдағы консулы тұр­ғысында да екі ел арасын­дағы қарым-қатынасты берік­тіруге атсалысып  жүрген  іскер азамат.
– Бүгіндегі  бәріміздің ті­легіміз бір, мақсатымыз ор­тақ жарасты өміріміз   Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың республикамызда тұра­тын  этностардың құқықтары мен  еркіндіктерінің бұлжыт­пай сақталуын қамтамасыз етуге, түсіністік пен бірлікті тереңдетуге, достық  пен бауырмалдықты нығайтуға арналған  ұлағатты  саясаты арқасында  екеніне ризашы­лы­ғымыз ерекше. Мен жұ­мыс, орталық қызметі бабымен шет елдерде жиі болып тұрамын. Сондайдағы кездесулерде Қазақстан туралы мақ­тана айтамын. Рас, ұлтым бөлек, ісім ерікті, менің  сүйі­нішіме кейбіреулер таңырқап қалады. Сапар алмасып бізге жолдары түскенде ой-сөзім­нің шынайылығына көздері жетіп, тату-тәтті өмірімізге қызығулары  одан сайын мейір  өсіреді.
Кеңестік кезеңдегі тарихи тағдыры ұқсас қазақ халқы­мен бірге жас тәуелсіз мем­лекетіміздің абыройын асырып, беделін биіктету біздің де жүрегімізге ұялаған қас­терлі мақсат. Сол жолда  аз-кем үлесіміз бар. Облыс эко­номикасын дамытуға Литвадан  инвесторлар тартылуда. Мәселен,  Витаутас Варасимавичюс жетекшілік ететін «ТL Niка GROUR» логис­ти­калық көлік компаниясы қатты отынның автомат­тан­дырылған жылу қазандық­та­рын  шығарады. Кәсіпкерлік   белсенділіктен  тәжірибем бар­шылық  өзім де өңірлік  ма­ңызды жобаларды іске асыруға ынталымын. Соның бірі облыстың шалғай ауылдарында  жел диірмендерін  орнатуға бағытталып отыр. Ешқандай қысым жоқ. Игі­лігі ортақ  істерге үлес қоса білуімізге құшақ  тең. Ел­ба­сының тапсырмасына сәйкес  облыста индустрияландыру бағдарламасы жемісті жүріп жатыр. Дамыған  экономика  әлеуметтік жағдайды жақсар­тады. Осыған қуанамыз, – дейді ол.
Сөз орайында аталған компанияның қайырым­ды­лық шараларымен белгілі де екенін ортаға салып өткен жөн. Былтыр Саран қала­сын­дағы қайтадан қалпына кел­тірілген балалар бақшасына жылу қондырғыларын орнатып бергені сияқты әлеу­мет­тік  көмек-қолдауға әрдайым дайын. Ал «Литуаник» үшін бұл қалыпты жағдай. Жылына төрт рет қайырымдылық ак­циясын өткізуі дәстүрлі шара. Олар әдетте асыраушысынан айрылған бала­лар­ға, мүгедек жасөспірімдерге,  қарттарға,  тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға көрсетіледі. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мере­келік шараларды ұйымдас­ты­руға атсалысты.
Бұл күнде Қарағандыға келіп-кетуші шетелдік мей­ман­дардың қаладан Астанаға қарай жол бойындағы «Литва үйіне» соқпай өтпейтіндері кемде-кем деуге болады. Біз оның көз тартарлығын айт­пақ емеспіз. Мұнда жастайынан жетім қалып, балалар үйлерінде тәрбиеленіп, кәме­леттік жасқа жеткеннен кейін өз күндерін өздері көруге мәжбүр болған жалғызілікті жергілікті литвандық жет­кін­шектердің қамқорлыққа ал­ын­ғанын айтамыз. Этно­мә­дени бірлестіктің  осындай топтағы балаларды іздесті­ріп, тауып алып, өмір көшіне қосылуына, мамандық мең­геруіне, жұмысқа орналасуына көмектесіп келе жат­қа­нына бірнеше жыл. Мысал үшін бұған дейін үйсіз-күйсіз жүрген  Антанас Радишаукас қазір өзіндей тағдыры ауыр құрбы-құрдастарымен бірге тұрады, «Викинг» күзет  ұйымында жұмыс істейді. Таяу арада токарь мамандығын алмақ. Орталық төрағасы Виталий Тварионас оны  біздің көзімізше қуантқанындай,  тәр­тібі түзу, еңбекке ықы­ласты бола түссе жеке отау тігіп шығуына қолдау шек­телмейді. Алдындағы заман­дастарының қамқорлықты ақтап, сенім артарлық азаматтар қатарына қосылып, отбасылы, баспаналы бол­ғанын білетін ол сол жолға тырысатындығын байқатты.
«Литуаниктің» мұндай  қамқорлық құшағы өнер, мә­дениет саласындағы қандас қайраткерлеріне де кең жай­ылған. Қарағандылық танымал суретші Петр Киш­кас­тың   Астанада, Еуропа қала­ла­рында көрмесі ұйымдас­ты­рылды. Отандас қылқалам ше­берінің туындыларынан  қазақ даласының көздің жауын алатын  көркем көрінісі, адамдарының   жігерлі бей­не­сі, бірлігі мен тірлігі жа­расқан өмірдің шуағы  еседі. Биылғы  жазда Литва эстрада жұлдыздары  Қарағандыда, Те­міртауда өнер көрсетуге шақырылып отыр. Орталық өз орталарынан шыққан жас  таланттарды танытуға да құштарлықпен қарайды.
Айтпақшы, облыстағы эт­но­мәдени бірлестіктердің кез­­десулері, жиындары, көр­мелері, мерекелі кештері көп ретте осы «Литуаниктің» шаңырағында өтеді. Өйткені, оның жанында облыстық эт­номәдени бірлестіктердің қыз­­метін қолдау жөніндегі  ре­сурс орталығы жұмыс іс­тейді. Өз қанатындағы  зәу­лім зал есігі оларға әрдайым ашық. Үйренерлік үлгі бар, қызығарлық іс бар.   Тәжі­ри­беге бай. Әр ұлт өкілдері бас қосып, алмасып жатады.
Аймақтағы 60-қа жуық  эт­номәдени  бірлестіктің бел­ді бір отауы – «Литуаниктің» ел тынысымен бірге соққан  дем лебі осындай. Алдағы уақытта да елге, мемлекетке  шарапаты мол игілікті іс­тердің бел ортасында бола бермекті мұрат етеді.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Қарағанды.