Қазақстан • 11 Ақпан, 2019

Халық санағы 2020 жылға ауыстырылуы мүмкін

1145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан халқының санағын жүргізуді 2020 жылға ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Халық санағы 2020 жылға ауыстырылуы мүмкін

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика» туралы Заңы мен халықаралық ұсыныстарға сәйкес республикамызда халық санағы кемінде 10 жылда бір рет өткізіледі. Осы ережелерге сәйкес кезекті халық санағын өткізу мерзімі 2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың қазаны деп қарастырылған.

2020 жылғы санақ раундына дайындық 2017 жылы басталған болатын.

Халықаралық әдістеме бойынша, мемлекетте санақ жүргізу үшін тиімді кезең – халықтың көші-қоны аз уақыт. «Осыған байланысты 2020 жылы халық санағын жүргізудің ең қолайлы мерзімдері ақпан-наурыз айлары болып табылады. Ұлттық санақты жүргізумен байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық сәттерді есепке ала отырып, ҚР халқының ұлттық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы шешім қабылданды» делінген Статистика комитетінің хабарламасында.

Қазіргі кезде Үкіметтің «2020 жылы Қазақстан Республикасы ұлттық халық санағын өткізу туралы» қаулысының жобасы мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар, аккредиттелген ұйымдар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісіліп жатыр.

Сонымен қатар «Қаулы жобасын келісу және қабылдау жағдайында, ұлттық халық санағын 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурыз аралығында өткізу жоспарланып отыр» деп хабарлады Статистика комитетінің баспасөз қызметі.