14 Ақпан, 2012

Дені сау ұлттың ғана келешегі кемел

330 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дені сау ұлттың ғана келешегі кемел

Сейсенбі, 14 ақпан 2012 7:43

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау   басқармасының бастығы Хамидолла Ирменовпен әңгіме

Елбасының биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі міндеттер өткір қойылғаны мәлім. Әрі осынау өміршең Жолдау жолдары «Саламатты Қазақ­стан-2015» мемлекеттік бағдарлама­сымен өзара сабақтасып, ұштасып, үндесіп жатқанын көре­міз. Жолдауда денсаулық сақтау жүйесіне қатыс­ты айтылған мәселелер аталмыш бағдарламаны нақты іске асырудың таптырмас тетігі іспет­тес десе де болады. Ақжайық өңіріндегі денсау­лық сақтау ведомствосы басшысымен болған әң­гі­ме осындай Елбасы Жолдауынан туындайтын жүйедегі жаңаша өзгерістер төңірегінде өрбіді.

 

Сейсенбі, 14 ақпан 2012 7:43

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау   басқармасының бастығы Хамидолла Ирменовпен әңгіме

Елбасының биылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі міндеттер өткір қойылғаны мәлім. Әрі осынау өміршең Жолдау жолдары «Саламатты Қазақ­стан-2015» мемлекеттік бағдарлама­сымен өзара сабақтасып, ұштасып, үндесіп жатқанын көре­міз. Жолдауда денсаулық сақтау жүйесіне қатыс­ты айтылған мәселелер аталмыш бағдарламаны нақты іске асырудың таптырмас тетігі іспет­тес десе де болады. Ақжайық өңіріндегі денсау­лық сақтау ведомствосы басшысымен болған әң­гі­ме осындай Елбасы Жолдауынан туындайтын жүйедегі жаңаша өзгерістер төңірегінде өрбіді.

– Хамидолла Мутиғол­ла­ұлы, Елбасы Жолдауында ме­ди­циналық қызмет көр­се­тудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – адами әлеует дең­гейін көтерудің маңызды ба­ғыты ретінде қарастырылған. Осы мәсе­леге қатысты ой-пі­кіріңіз қандай?

– Қолжетімділік дегенімізді қарапайым, әл-ауқаты орташа, тіп­ті одан да төмен адамдар үшін жасалатын жақсылықтар деп ұқ­қанымыз орынды. Яғни, бұдан бы­лай елдегі денсаулық сақтау жүйесі осы бағытқа қарай икемделе түседі деген сөз. Мұның өзі барша қазақ­стандық қоғам мүше­лері кез келген жағдайда меди­ци­налық қызметтің көмегін пайдалана алатынын аңғартады.

Бұған қоса қолжетімділік ұғы­мы жүйе жұмысын адам­дар­дың талап-тілектері мен ұсы­ныс­тары­на және уақыттарына сай ыңғайлы да оңтайлы әрі тиімді түрде ұйым­дастыра білу қажет­­ті­лігін білдіре­ді. Бұл тұрғыда алғашқы нәти­же­лер баршылық. Ендігі міндет – Елбасы Жолдауына сай осындай оң іс-шаралар кеше­нін жан-жақты өрістете түсу болып отыр.

Сонымен бірге медициналық қызметтің сапасы да жыл сайын жоғарылап келе жатқаны анық. Оның басты кепілі Елбасы атап көр­сеткендей, елдегі озық емдеу-диагнос­тикалық кешендер, жа­ңа бағыттар бойынша құрыл­ған орталықтар, көліктік медицина, арнайы пойыздар мен сани­тар­лық авиациялар болып табылады. Бұл жетістіктер ең алдымен денсаулық сақтау жүйесіне бө­лін­ген мол қаражаттың арқасы екені кәміл. Оның игілігін республика өңірлері де көріп келеді.

Соның бірі елдің батыстағы қақпасы – Ақжайық өңірі. Мұн­дағы бүгінгі заманғы меди­ци­на­лық құрал-жабдықтар мен қон­дыр­ғылар, күрделі жөндеу жүр­гізілген және жаңа­дан салынып пайдалануға берілген денсаулық сақтау нысандары сапалы да тиім­ді емдеу нәтижелеріне жет­кізе білді. Сондай-ақ бөлін­ген қа­ражаттың белгілі бір бөлігі ауру­дың алдын алу шараларына жұм­салды.

– Президент өз Жолдауында бала туу өсіп, өмір сүру ұзақ­ты­ғы ұлғайды деп атап көрсетті. Осы жолдарды алғаш рет теледидардан естіп, көріп, кейіннен газеттен оқы­ғанда тағы бір жал­ғастық пен сабақтастық із­дерін тапқандай әсерде қал­дық. Өйткені, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы өткен жылдың он алтыншы желтоқсаны күні Астанада Тәуел­сіз­дік сарайында өткізіл­ген салтанатты жиында дәл осы мәселеге орай нақты мін­дет­тер қойғаны ұмытыла қой­ған жоқ. Атап айт­қанда, Мемлекет басшысы демогра­фия­лық өсім мен бала тууды ынталандыру жө­нін­де ой сабақтаған болатын. Әрі оның дәл есептелген пара­метрлері қажет­тігін де ат­ап көрсеткен-ді.

–Дұрыс айтасыз. Бала туу мен оны ынта­лан­ды­руға қатысты Елбасының Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналған салтанатты жиында айтқан сөзі мен биылғы Жолдауда қойған міндеттері арасында тығыз байланыс бар. Сол кезде ана мен нә­ресте өлімін төмендету және бала тууды ынта­лан­дыру­дың дәл есептелген пара­метрлері қандай болмақ, ол нендей ұғымды біл­ді­реді деген ойда қалған отандастарымыз же­тер­лік. Тағы бір қосарымыз, тәуел­сіздік жиынында Елбасы жас отбасыларды қол­дау жөнінде де сөз сабақтаған болатын. Бұл жолғы Жолдауында республика Прези­дентінің осы айтылған мәселені нақты қолға алынатын істермен байытқанын көреміз. Бұл «Қол­жетімді баспана-2020» бағдарла­ма­сының өмір­ге келуі, жарты миллионнан ас­там жас отбасын жеке ба­с­панамен қамту жөнінде белгіленген міндеттер деп білеміз.

Алда атқарылатын осынау ау­қым­ды істер көкжиегі Елба­сы­ның 2011 жылдың 16 жел­тоқсан күні айтқан демографиялық өсім жө­нін­дегі тұжырымдарына да сәй­кес келеді. Мі­не, бала тууды ынталандырудың бір пара­метрі осындай десек, шындықтан ауыт­қымайтын шы­ғармыз. Дәл осындай үдерістер мен өз­герістерді қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайтуға байланысты да қарас­тыр­ған жөн. Өйткені, жай­лы баспана қашан да әлеу­меттің көңіл-күйінің басты барометрі болып қала бермек.

– Елбасы Жолдауынан кейін республикамызда онкологиядан болатын ауру мен өлімді төмен­дету мәселелері бірінші кезекке шығып отыр. Бұған не дейсіз?

– Онкологиялық дерттердің қай түрін де оның алғашқы сатысында емдеп жазуға әбден болады. Бұған отандық медицинаның күші, мүмкіндігі мен әлеуеті же­те­ді деп ойлаймын. Әрине, мұ­ның басты жолы – скринингтік тексерулер, яғни ауру ошағын ерте бастан анықтау болып табылады. Біз бүгінгі күні дәл осындай іс-шараларды кеңінен жүргізіп келе­міз. Осындай жүйелі атқа­рыл­ған жұмыс­тар­дың нәтиже­сін­де облыста өткен жылы қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім көр­сет­кіші әр жүз мың тұрғынға шаққанда 138,6-дан  105,1-ге төмендеді.

Өткен жылы облыс орта­лы­ғын­да бүгінгі заман талабына жауап бере алатын зәулім онко­­ло­гия­лық орталық ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Бұл жоғарыда аталған онкологиялық аурулардың алдын алу шараларын жүйелірек жүргізуге жол ашты. Күдік туғызған аурулардың бестен бірі расында да аса қа­терлі дерт екені белгілі болды. Индикаторлар бойынша онколо­гия­л­ық сипаттағы науқастардың бес жылға дейін өмір сүру көр­сеткіші артып келеді.

Орал өңірінің медициналық қауымы Қа­зақстанда онколо­гия­лық көмекті дамыту бағ­дар­­ла­ма­сын әзірлеу жөніндегі ұсынысты үл­кен серпіліспен қарсы алып, қызу қуаттау үстінде. Осындай өршіл сезім ауаны елордасы Ас­танада жаңа онкологиялық орта­лық құру жөнінде Елбасы айтқан тұжырымнан да көрініс тапты. Бұл игілікті істер өз кезегінде он­кологиялық сырқаттар өмірін ұзартудың жаңа жолы, өзекті про­блеманы шешудің таптырмас кілті бола алады деп сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен, Темір ҚҰСАЙЫН.

Батыс Қазақстан облысы.