Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков әкімдік пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті бірлесе өткізген кәсіпкерлерге арналған жиында мәлім етті. Ашық есік күнінде әрбір кәсіпкер осы салаға қатысты мекемелер тарапынан жасалған кез-келген әкімшілік кедергілер мен шектеулер туралы хабарлай алады. Ал кешегі кездесуде әкімдік пен салаға жауапты мекеме қызметкерлері көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, өтініштері мен шағымдарын тыңдады. Кәсіпкерлер агро-өнеркәсіптік саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінетін жер мен қажетті құрылғылар, жаңа кәсіп ашу немесе өндірісті кеңейту мақсатында берілетін несиелердің мөлшеріне, қағазбастылық пен келтірілетін түрлі кедергілерге қатысты мәселелер көтерді. Облыс әкімінің орынбасары бизнес өкілдеріне қатысты барлық мәселелер тіркеуге алынып, оң шешімін табуға барынша ықпал ететінін жеткізді.
Ал «Оңтүстік» ӨИО, «Ырыс» несиелік мекемелерінің, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаларды таныстырып, былтыр атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы айтып өтті. Айта кетейік, «Адал кәсіп – адал нәсіп» бағдарламасы аясында WhatsApp желісінде онлайн-қызмет енгізілген. Сондай-ақ келіп түскен хаттар әкімдік тарапынан бақылауға алынып, кәсіпкерлердің жұмысын жақсарту үшін тиісті шаралар қолданылады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы