29 Ақпан, 2012

Мақсат – жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру

1054 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мақсат – жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру

Сәрсенбі, 29 ақпан 2012 7:43

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңында еңсе көтерген қазақ әскері осы жылдар аралығында қуатты елдің құрыш қайратына айналды. Қарулы Күштердің алдында алғашқы күннен жауын­гер­лік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұрды. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді.

 

Сәрсенбі, 29 ақпан 2012 7:43

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңында еңсе көтерген қазақ әскері осы жылдар аралығында қуатты елдің құрыш қайратына айналды. Қарулы Күштердің алдында алғашқы күннен жауын­гер­лік дайындықты нығайту мен оны одан әрі жетілдіру тапсырмалары тұрды. Қазақстан халқы бүгінгі күні өздерінің қауіпсіздігі берік қолда екеніне сенімді.

Қазақстан заманауи, жинақы да ұтқыр, жауынгерлік дайындық дең­гейі жоғары армия құру жолын таң­дады. Cол себепті де Қарулы Күш­тер­дің жауынгерлік әзірлік деңгейін көтеру мемлекеттің әскери қауіп­сіз­дік саласындағы басты тапсырма­лары­ның бірі болып қала бермек.

Әлемдік қоғамдастық соңғы жылдары айтарлықтай ауыртпалықтарды бастан кешірді. Бұл мемлекеттің ұлт­тық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге дер кезінде төтеп беріп, оған сындарлы жауап беру сынағына дайындық кезеңі, ел басшылары үшін дағдарыс жағдайында белсенділік пен төзімділік қабілетін көрсетуге арналған сынақ болды. Қазақстан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, прогресті дамудың даңғыл жолына түсті.

Қазақстан Республикасы әлемдегі қауіп­сіздік пен тұрақтылық саясатын ұдайы қол­дай­тын, сенім мен қауіпсіздік шараларын ны­ғайтуды қалайтын, жаппай қырып-жою қару­ларын шектейтін және оны таратпау жөніндегі келісімдерді тиімді орындауды бақылауға ай­рықша маңыз беретін мемлекет ретінде танылды.

Ел басшылығы барлық күш-жігерін шекара периметрі бойынша қауіпсіздік бел­деуін құ­руға, ұжымдық қауіпсіздіктің аймақ­тық жүйесі негіздерін жасауға, ядролық қатерді азайтуға жұмылдырды.

Баршаға белгілі, Кеңес Одағы күйре­геннен кейін біздің елімізде қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық мұра қалды. Семей полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту Тәуелсіз Қазақстанның адамзатқа берген ал­ғашқы игілігі болды. Біздің еліміз әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартты. Әлем ал­дындағы жа­ћан­дық жауапкершілігімізді се­зі­­не отырып, мемлекетіміз, өмірдің өзі көр­сетіп бергеніндей, бірден-бір дұрыс шешім қа­былдады. Қазақстан ТМД-да алғашқы­лар­дың бірі болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы шартқа қо­сылды. Еліміздің аумағынан соң­ғы ядролық оқтұмсықтар біржолата әкетіл­ді және әлем­нің ядролық державалары біздің елі­міздің қауіпсіздігіне кепілдік беретін мемо­рандумға қол қойды. Қазақстанның бас­тамасы бойынша 2006 жылы Семейде Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Осынау тарихи актілер халықаралық қоғамдастыққа Қазақ елінің күш қолдану мен әскери қатерден ада бейбітшілікті жақтайтынын көрсетіп берді.

Сол кездегі біздің элитаның елеулі бөлігі де ядролық әлеуетті сақтап қалуға бейілді болды, олардың пікірінше, бұл бұған дейін еш­кімге белгісіз ел әп-сәтте ядролық державалар қатарына қосылар еді. Осыған қа­рамас­тан, адам­затты жаппай қырып-жоятын жойқын қа­рудан біржолата бас тартқан елі­міз бейбіт­шіліктің белдеуіне айналды. Елі­міз әлемнің алпауыт мемлекеттерімен тере­зесі тең жағдайда әріптестік қарым-қатынас орнатты. Кеткеніміз келді, кемісіміз толды, ұлт­тық құнды­лықтарымыз ұлықтала бастады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда 2010 жылы сәуірде Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Ядро­лық қару­ларды жалпыға бірдей көлбеу және тігінен таратпау туралы жаңа әмбебап шарт жасау туралы бастама көтеріп, Бірік­кен Ұлттар Ұйымын Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдауға шақырды.

Вашингтонда өткен осы Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық саммитте халық­аралық қоғамдастық Қазақстанның жасампаз миссиясын мойындап, Елбасына Бейбіт­шілік және алдын алу дипломатиясы сыйлы­ғының табыс етілуі Қазақстанның алғашқы күннен-ақ дұрыс жолды таңдағанын дәлелдесе керек.

Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдау мәселесін тағы да атап өтті. Қазақстанның бұл бастамасы ағымдағы жылғы наурыз айында ядролық қауіпсіздік мә­селелері бойынша Сеулде өтетін ғаламдық сам­митте одан әрі нақтыланып, мақұлданары анық.

Қазіргі қалыптасып отырған халықара­лық жағдайда жаппай қырып-жою қару­ларын таратпау, қару-жарақты бақылау және қарусыз­дану мәселелері мемлекеттік қауіп­сіздіктің құрамдас бөлігі болып отыр. Қазақ­стан Республикасы сенім мен қауіпсіздік шараларын ны­ғайту және қарусыздану жолы арқылы соғыс қаупін сейілту шараларына белсене қатысып келеді.

Сонымен қатар, біздің еліміз қажетті қорғаныс қабілетін сақтай отырып, өз қару-жарағын қысқартуға қатысты да бірқатар шаралар қабылдады.

Қазақстан Республика­сының Қорғаныс ми­нистр­лігі өз қызметі шеңберінде қару-жарақты бақылау са­ла­сындағы бірнеше халық­аралық шарттар мен келі­сімдерге қатысушы болып табылады. Солардың бірі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) – ТМД мемлекеттерінің Ұжым­дық қауіпсіздік шарты негізінде құрылып, 1992 жылы 15 мамырда қол қойылған әскери саяси одақ.

ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы. Мақсаты – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық күштерінің жедел әрекет ету жасақтарының жауынгер­лік іс-қимылдарды жүргізу дай­ын­дығы мен қарулы қақ­ты­ғыстарды оқшаулаудағы тәжі­ри­белері мен шебер­лік­терін шыңдау. Бір сөз­бен айтқанда, террорға қарсы тойтарыс беру.

Ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтудың бо­ла­шақ­тағы басым бағыттарының бірі әскери салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Бұл ретте ҰҚШҰ-ның өңір­лік халықаралық ұйымдар – ШЫҰ, ЕҚЫҰ-мен халықаралық ынтымақтастығы­ның маңызы арта түсуде. Мұндағы басты мін­деттердің бірі қазіргі заманғы қауіп-қа­терге, терроризмге, экстремизмге, заңсыз есірт­кі мен қару-жарақ айналымына қарсы тұратын жүйе қалып­тастыру болып табылады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы (ЕҚЫҰ) еуропалық кеңістік­те дағдылы қару-жарақ түрлерін шектеу үде­ріс­терінде жетекші рөл атқарады. Ұйымның тікелей ықпал етуімен қару-жараққа бақы­лау жа­сауға бағытталған Еуропадағы дағды­лы қарулы күштер туралы шартқа және Қауіп­сіздік пен сенім шараларын нығайту жөніндегі Вена келіссөздер құжатына қол қойылды. Бұл құжаттар Ұйымның қару-жа­раққа бақылау орнату үдерісіндегі ең басты жетістігі болып табылады. Бүгінде Ұйым қол жеткізілген осы келісім-шарттарды же­тіл­діріп, оларда көрсе­тілген мәселелерді жү­зеге асыруда тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның белді де белсенді мүшесі ретінде қару-жарақ түрлерін шектеу және оларды бақылау мәселесін басты назарда ұстайды. Өйткені, еліміз бастапқы кезде-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамтама­сыз ету, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, қа­русыздану және қару-жарақ түр­леріне бақылау орнату өңірлік және ұлттық қауіпсіздікті ны­ғай­тудың негізгі құралы екендігін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, Қазақстан ерекше маңызды құжаттар – Ядролық қаруды таратпау туралы, Ядро­лық сынақтарға тыйым салу туралы, Еуро­падағы дағдылы қарулы күштер туралы, Стратегиялық шабуыл қаруларын қыс­қар­ту туралы шарттардың, басқа да халықаралық келісімдердің белсенді қатысушысы. Еліміз бүгінде ЕҚЫҰ-ның үш өлшемінің бірі – әс­кери-саяси өлшем аясында, сондай-ақ атал­ған шарттардың, басқа да халықаралық құ­жат­тар­дың негізінде қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту және қару-жараққа бақылау жасау салаларында белсенді жұ­мыс­тар жүргізіп келеді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен қару-жарақты бақылау саласындағы ынтымақтастығының тағы бір бағыты – 1999 жылы қабылданған Қауіпсіздік және сенім шараларын нығайту жөніндегі келіссөздер туралы Вена құжаты болып табылады. Жалпы, біздің еліміз қару-жарақты бақылауға байланысты халықара­лық режімдердің орындалуына ерекше назар аударып келеді. Оның түп негізінде тәуелсіз Қазақ­станның әскери-саяси мүдделерін ілге­рілету, өңірлік және халықаралық қауіпсіз­дікті ны­ғайту мәселелері жатыр. Қазақстан Республикасы Вена құжатында көрсетілген міндеттерді ойдағыдай орындап және жүзеге асырып келеді. Мысалы, еліміз жыл сайын әскери ұйымдармен әскери күштер туралы, қатысушы мемлекеттер арасындағы негізгі қарулар мен техникалар жөнінде диплома­тия­лық арналар арқылы ақпараттар алмасып отырады.

Тағы бір айта кетерлік ең маңызды шара­лардың бірі Қазақстанмен шекаралас жатқан Ресей, Қытай және жаңадан құрылған Орта­лық Азия мемлекеттерімен аумақтық келі­сім­­дер жүргізіп, шекара мәселесін шешу бол­ды. Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғыз­стан және Тәжікстанға шекараға қатысты аумақтық дауларды өркениетті түрде шешуге қол жет­кі­зіл­ді. Осыған байланысты саяси, экономикалық және гуманитарлық сипат­та­ғы мәселелерді шешетін жаңа мемлекетара­лық ұйым құры­лы­мын құру қажет болды. Туындап отырған қолайлы саяси ахуал не­гі­зінде, сондай-ақ, халықаралық терроризмнің кенеттен кең етек алуы себепті, Орталық Азия аумағындағы елдерді жекелеп тұрақ­сыз­дандыру қаупі туындады. Сол себепті Қытай, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстан 1996 жылы «Шекара маңында әскери сенімді нығайту жөнін­дегі шара­ларға» қол қойды. Бес серіктес-мем­лекеттің тағдырындағы бұл оқиға Шанхайда жүзеге асты. Содан бері жаңа мемлекетара­лық құрылым «Шанхай бестігі» аталып кетті.

1997 жылы Мәскеуде «Шанхай бестігі­не» мүше елдердің саммитінде шекаралық аудан­дар­дағы қарулы күштер мен қару-жарақты қысқартуды тәртіпке келтіру туралы маңызды құжат қабылданды. Бұл құжат «Шекаралық ауданда қарулы күштерді өзара қысқарту ке­лісімі» деп аталады. Келісімнің қабылдануы мен «Шанхай бес­тігі» елдерінің бір-бірімен жақындаса тү­суіне, бірінші кезекте, шекара­лық аймақ­тардың қауіпсіздігіне қатер төнуі мәжбүр етті.

Маңызды екі құжат қабылданған соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Шанхай бестігіне» мүше елдердің жыл сайын бірлескен саммитін өткізіп тұру келісілді. Бұл саммиттер 1998 жылы Алматыда, 1999 жылы Бішкекте, 2000 жылы Душанбеде өт­кізіл­ді. Өткізілген саммиттерде өзара сенім мен татулық жайлы баса айтылып, кейін ол «Шанхай рухы» аталып кетті. Шанхай ынты­мақтастық ұйымының органдарында шешім­дер барлық елдер түгелдей қарсы болмағанда ғана қабылдануы тиіс.

Соңғы кездерде аталған Ұйымның халық­аралық қатынастары едәуір нығайды. Мысалы, Солтүстік Корея, Непал, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Еуроодақ­тың мем­лекеттері, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, басқа мемлекеттер мен ұйым­дар ШЫҰ іс-әрекетіне зор ықылас қойып отыр.

ШЫҰ қазіргі таңда ірі экономикалық, қаржылық, технологиялық және адами ресурстарға бай, айтарлықтай инновация­лық әлеуеті бар қарқынды дамып келе жатқан аймақтық ұйым болып есептеледі. Қазақстан «Шанхай үдерісінің» белсенді қатысушысы болып табылады және Ұйым­ның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, оның тиімділі­гін арттыру және ШЫҰ-ның қазіргі әлемдегі рөлі мен маңызын нығайтуға барынша пейілді.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру жөніндегі бастаманы да Қазақстан тарапынан 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев көтерген болатын. Ол Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіз­дік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтас­тық­ты нығайту жөніндегі халықаралық форум болып табылады.

Оған мүше мемлекеттер: Әзербайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Мысыр, Үн­дістан, Ирак, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, ОАЭ, Палестина, Пәкстан, Ресей, Тәжікстан, Тайланд, Түркия, Өзбек­стан, Корея Республикасы. Байқаушылар мәртебесіне АҚШ, Жапония, Украина, Индонезия, Малайзия, Катар, Бангладеш, Филиппиндер, сондай-ақ БҰҰ, АМЛ және ЕҚЫҰ ие.

2012 жылы ақпан айында Алматы қала­сында аталған кеңеске мүше мемлекеттер әскери-дипломатиялық сарапшылары­ның бірін­ші кездесуі өтті. Оған кеңеске мүше 15 мемлекеттің сыртқы істер және қорғаныс министрліктерінің өкілдері қатысты. Атал­ған шара әскери-саяси өлшем бойынша ынты­мақтастықты дамыту және нығайту жұмыс­тарын тәжірибе жүзінде жандандыру жөнін­дегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуде Қазақстан делегациясы ке­ңес­ке мүше елдермен әскери-саяси өлшем шеңбе­рінде кейбір сенім шаралары бойынша ын­ты­мақтастықты бастау жөнінде ұсыныс жасады.

Онда әскери лауазымды адамдардың өзара сапарын ұйымдастыру, мәдени спорт­тық іс-шараларға шақыру, кеңеске мүше мемлекет­тердің қару-жарақтарды бақылау бойынша халықаралық шарттарға қатысуы туралы ақпарат алмасу және әскери ведомстволарды басқаратын құрамның өмір­бая­ны жөніндегі мәліметтермен алмасу ұсынылды.

Ынтымақтастықтың бұл бағыты 2004 жылғы кеңеске мүше мемлекеттердің Сырт­қы істер министрлері қабылдаған Се­нім шаралары каталогын тәжірибе жүзінде жүзеге асыру мақсатын көздеді.

Төрағалық етуші түрік тарапы мен кездесуге қатысушылар Қазақстан жағы ұсын­ған сенім шараларын қолдады және оларды кезең-кезеңімен іске асыруға келісті.

Өз кезегінде Қазақстан Еуропадағы дағ­ды­лы қарулы күштер туралы шартқа және Вена құжатына сәйкес шет елдердің аумағында да инспекциялық қызметтерді ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Мысалы, еліміздің әс­кери мамандары 2003 жылдан бастап 10-нан астам мемлекеттің әскери нысандарына инспекциялық тексеру жүр­гізді. Олардың ішінде Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Түркия және Франция бар. Бұл Қазақстан Қарулы Күштерінің әлеуеті мен беделі санаулы жылдар ішінде халық­ара­лық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Бағдат МАЙКЕЕВ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор.