Талғардағы тәлім ордасы
Сейсенбі, 13 наурыз 2012 8:22
Экономиканы тұрақтандырып, жаңа технологияны өндіріске енгізу саясатын қанша жерден қолға алғанымызбен, жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешілмей тұрған мәселенің бірі екені рас. Бұл – барлық қоғамда да, кез келген мемлекетте де кездесетін күрделі түйін. Елбасы халықты жұмыспен қамтамасыз етудің стратегиясын жасап, әр жылда түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыссыздықтың алдын алу шарасын нығайту керектігін өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында баса назарға алып келеді.
Сейсенбі, 13 наурыз 2012 8:22
Экономиканы тұрақтандырып, жаңа технологияны өндіріске енгізу саясатын қанша жерден қолға алғанымызбен, жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешілмей тұрған мәселенің бірі екені рас. Бұл – барлық қоғамда да, кез келген мемлекетте де кездесетін күрделі түйін. Елбасы халықты жұмыспен қамтамасыз етудің стратегиясын жасап, әр жылда түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыссыздықтың алдын алу шарасын нығайту керектігін өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында баса назарға алып келеді.
Осы ретте жұмыссыздыққа қарсы шара қолдану мақсатымен ел Үкіметі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын қабылдаған еді. Бұл бағдарламаның мақсаты жұмыспен тұрақты түрде қамтамасыз ете отырып, халықтың табысын арттыру болатын. Үдеден шығу үшін бүгінгі таңға дейін біршама іс атқарылып, көңілге қонарлықтай нәтижесі де байқалуда.
Жуырда Алматы облысына қарасты Талғар қаласында орналасқан №4 кәсіптік лицей Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы аясында облыс көлеміндегі кәсіпорын басшыларының басын қосып, дөңгелек үстел отырысын өткізді. Аталмыш шараға республикалық деңгейде өнім өндіріп отырған «Сұлтан», «Барон», «Тұлпар-экспресс», «Глазман», «Байсерке-АГРО» ЖШС-лері, «Водоканал» МКК, «Алатау жарық» компаниясы секілді кәсіпорын өкілдері қатысты. Көтерілген мәселе қажетті мамандықтарға білікті маман тәрбиелеу және өңірдегі жұмыссыздық проблемасымен жұмыла күресу шараларын жаңа деңгейге көтеру жөнінде болды.
Сексен жылдық тарихы бар №4 кәсіптік лицей – іргетасы қаланғалы бері ауыл шаруашылығы мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне маман даярлау және жастарға кәсіптік-техникалық білім беру ісін тұрақты да тыңғылықты жүргізіп келе жатқан білім ошағы. Тәуелсіздік алған кездегі елең-алаң шақта да, экономикалық-қаржылық дағдарыс тығырыққа тіреген уақытта да бұл оқу ордасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұрды. Тіпті, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрмей, жекешелендірудің тұзағына түсудің де аз-ақ алдынан өтті. Көптеген кәсіпорындар дағдарысты сылтау етіп лицей шәкірттерін жұмысқа қабылдаудан бас тартқан, оқу ордасымен жасасқан екіжақты келісім-шартты бұзуға дейін барған. Тек соңғы 3 жыл көлемінде ғана лицейдің материалдық-техникалық базасы жаңарып, керекті оқу құралдары мен жабдықтар алына бастады. Атап айтсақ, 2009-2010 жылдары 1,739 миллион теңге, 2011 жылы 15 миллион және облыс әкімдігі тарапынан 116 миллион теңге қаржы бөлініп, ол ақшаға лицей ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген, оқу кабинеттері мен шеберханаларға қажетті жиһаздар, компьютерлер, интерактивті тақта алынған.
Қаржылық қолдаудың көмегімен кәсіптік лицей 2009 жылы – 106, 2010 жылы – 194, ал 2011 жылы 162 жас маманды даярлап, қала мен облыс аумағында жұмыс істеп отырған өндіріс орындарына орналасуға септігін тигізген. Сонымен қатар, Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға да сүбелі үлесін қосып, 2009 жылы – 343, 2010 жылы 79 және 2011 жылы 85 маманды дайындау және қайта даярлау курсынан өткізіп, біліктілікті растау және беру орталығының нәтижесі бойынша 184 оқу бітірушісінің 148-і біліктілік тестін нәтижелі тапсырып шыққан. Бұл №4 кәсіптік лицейде тәжірибелі ұстаздар ортасының қалыптасқандығы мен мамандыққа даярлау тәсілінің дұрыс жолға қойылғандығын көрсетеді.
Бұрын «Ауыл шаруашылығын суландыру механизаторы» дейтін мамандыққа сұраныс мол болса, бүгінгі заман талабына сай «Автомобиль жөндеуші және техникалық қызмет көрсету» мамандығына қызығушылық таныту және жеке кәсіпкерлер тарапынан техника маманына сұраныстың артуына байланысты лицей заманауи мамандықтарды игеруді қолға алып отыр. Республика көлеміндегі ірілі-ұсақ қалалар мен аудандарды айтпағанның өзінде, бір ғана Талғар қаласында машина жөндеу орталықтары көптеп ашыла бастаған. Сол себепті де «Автомобиль жөндеуші және техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша жылына 50 шәкірт білікті дайын маман ретінде өмірде өз орнын тауып, еңбек жолына түсуде. Теориялық сабақ кезінде Я.Ягмуров, С.Жақабаев, О.Жүкелов секілді 25-30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі оқытушылар жас мамандарды шеберлікке баулиды.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.