14 Наурыз, 2012

НАСА-дағы қазақ

379 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

НАСА-дағы қазақ

Сәрсенбі, 14 наурыз 2012 7:40

Елден қанша жырақ жүрсе де өзін туған Отанынан бөліп қара­май­­тын, НАСА-ның ғарыш зымырандары бойынша тапсырысын орындаушы қазақ жігіті Дархан НҰРМАҒАМБЕТОВПЕН жолығудың сәті еліміз Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа ресми сапары тұсында түскен болатын. Мүмкіндікті пайдаланып, қандасымызбен әңгімелесіп, оған бірнеше сауал қоюды журналистік парыз санадық.

 

Сәрсенбі, 14 наурыз 2012 7:40

Елден қанша жырақ жүрсе де өзін туған Отанынан бөліп қара­май­­тын, НАСА-ның ғарыш зымырандары бойынша тапсырысын орындаушы қазақ жігіті Дархан НҰРМАҒАМБЕТОВПЕН жолығудың сәті еліміз Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа ресми сапары тұсында түскен болатын. Мүмкіндікті пайдаланып, қандасымызбен әңгімелесіп, оған бірнеше сауал қоюды журналистік парыз санадық.

– Алдымен АҚШ-та жү­­ріп, ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­­­дығына арналған мерекелік медальмен марапатталуыңызбен құттықтап қояйын. Осын­­­да­ғы елшіліктегі жігіттерден НАСА-да келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін қазақ жі­гіті бар дегенге бір елеңдеп қалып едік, енді өзіңізбен жо­лығудың сәті түсті. Елден қашан кеттіңіз, жалпы өзі­ңізді оқырмандарға таныстырып өтсеңіз.

– Америкада тұрып жатқа­ны­ма – 12 жыл. Әл-Фараби ат­ын­­дағы Мемлекеттік универси­тет­ті бітіргенмін, мамандығым – физик. Қазір НАСА-ның кон­трак­т­нигімін. Ол дегеніміз, НАСА барлық жұмыстарды өздері ат­қармай, елдегі компанияларға қажетті тапсырыстар береді, мен сондай шартты орындаушымын. Біз бортында ғарышкерлері бар зымырандармен орбитаға шы­ға­рыла­тын жер серігіне керекті мәсе­лелермен айналысамыз. Әйе­­лім осындағы бір қаржы компания­сының қаржы директоры. Екі қызым бар.

Елден алыстаған сайын Ота­ныңда болып жатқан өзгерістер саған анығырақ көрінетін тә­різ­ді. Олардың барлығына сен бас­қаша көзбен қарайсың. Мысал үшін, сахарада әсем қаланың бой көтеріп жатуы, тас жолдар мен темір жолдардың салынуы елдегілер үшін күнделікті атқа­рылатын тірлік болса, мына мұ­хиттың аржағындағы біздер үшін елге анда-санда бір бар­ған­да сол өзгерістерді көру, заманауи жаңалықтарды туған жері­мізден тауып, жаңа зәулім архи­тектуралық ғимараттардың тұр­ғызылғанын, ыңғайлы үйлердің, мықты жолдардың салынғанын көру ерекше қуаныш сыйлайды. Сол сәттерде еліңде жүргізілген барлық осындай істерге кереметтей кеудең тасиды.

Қазақ жерінің, оның адамда­рының кең жүректі, қонақжай екенін бәрі біледі. Бірақ осының ең ғажап үлгісі Қазақстандағы татулық дер едім. Осының арқа­сында еліміз дамып, көркейіп, танылуда деп ойлаймын. Отба­сының өзінде татулық болмаса, тіршілігінің оңбайтыны анық қой, сондықтан да мемлекеттің алға қарай жүріп, дамуы ең алдымен осы татулықтың арқасы. Осында қазақша сөйлейтін корейлер бар, олар да мұнда қазақ болып кетеді.

– Сөзіңіз аузыңызда, осын­дағы қазақтармен байланыс­та­рыңыз қалай? Қазақ диаспорасы қаншалықты бір-бірімен араласып тұрады? Қазақ же­рінен АҚШ-қа барып қоныс­тан­ған өзге ұлт өкіл­де­рінің сіз­дермен аралас-құра­лас­тығы қаншалықты?

– Мұндағы қазақтардың бар­лығын шетінен патриот деп айта аламын. Өзінің тегін, елінің тарихын ұмытқысы келетін, қазақ­стандықтармен араласудан қа­ша­тын адамды білмеймін. Бар болса, олар некен-саяқ шығар. Ал мен көргендер бір-бірімен ара­ласып, жақын болғысы келеді.

Осында 3-4 мың Қазақстан­нан асырап алынған балалар бар. Біз солармен де араласамыз. Үйлеріне қонаққа барып, олар бізге келіп дегендей. Ел туралы айтып, қазақша, ағылшын­ша шыққан Қазақстан туралы кітаптарды, ертегілерді әкеліп береміз.

– Қалай ойлайсыз, жалпы, осы шетелдіктерге асырап алу­ға бала беру дұрыс па?

– Менің ойымша, дұрыс тәрізді. Мұнда балалар өте жақ­сы жерде оқиды, жақсы білім ала­ды, жақсы ортада жүр. Бар­лығының болашағы бірдей емес, әрине, дегенмен, мұнда келген балалардың америкалық әке-ше­шелері оларды қатарынан кем қалдырып жатқан жоқ. Әрі олар­ға: «Сен қазақсың», деп айтып отырады. Мысалы, АҚШ мек­теп­терінде оқушылардың өздері келген ел жайлы айтып беретін, таныстыратын мерекесі бар. Сон­дай күндері бұл балалар Қазақстанның туын апарып, өз­дерін қазақпыз деп таныстырып жатады.

Маған өткенде 1997 жылы америкалықтар кішкентай кү­нін­де асырап алған жасы 20-да­ғы жас жігіт келді. Әскери катерде жұмыс атқаратын зіңгіт­тей азамат. Түріне қарасаң, кә­дім­гі қазақ, ал тілі – ағылшын. Туғанына екі апта болғанда, сәуір айында шешесі есік алдына тастап кеткен бала екен. Ма­ған бүкіл қағаздарын алып келіп көрсетті. Риддердегі бөбектер үйінде 2-3 жасқа дейін болып, сосын америкалық әке-шешесі асырап алыпты. Қазіргі аты – Тони Халкинс, қазақша аты – Болат Мырзаханов. Қазақстанға міндетті түрде барамын, ше­­­шем­ді іздеп тапқым келеді, дейді.

Жалпы, елден жырақ жүрген адам үшін Отаныңда болып жатқан әрбір іске құлағың түрік жүреді. Сәл жақсы хабар есті­сең қуанып, елдестеріңмен бө­лісіп жатасың. Мұндағы қазақ диас­порасы шығыс жағалау­да­ғылар мен батыс жағалауда­ғылар деп бөлінеді. Шығыс жа­ғалауда 20 мыңнан астам қа­зақтар емес қа­зақстандықтар тұрады. Батыс жа­ғалауда да 10-15 мыңдайы бар. Негізінен ал­ғанда Қазақ­станды өз Отаны санайтын 30 мыңдай адам АҚШ-та тұрады, барлығымыз бір-бірімізді көр­генде шұрқы­ра­сып, осында Наурызды бірге мерекелейміз.

Мен осындағы диаспораның басшылығын қоғамдық негізде атқарамын. Сондықтан, барлы­ғын танимын деп айтуыма да болатын шығар. Тек Вашингтон, Нью-Йорк сынды ірі қалаларда ғана емес, өзге де шаһарларда табиғат аясында жамырасып қа­ламыз. Соны әдейілеп ұйым­дас­тырамыз. Қой сойып, ет асып, палау пісіріп, мәз-мәйрам болып, балаларымызды бір-бір­ле­рі­мен таныстырып жатамыз. Ел­дік дәстүрлерімізді қанша жы­рақ­та жүрсек те жоғалтқымыз келмейді. Олай болмауы мүмкін емес, елден алыстаған сайын, өзіңмен ділі, мәдениеті, ұғымы бірдей отандасыңды, қандасың­ды еркіңнен тыс іздейсің. Өйт­кені, біздерді біріктіретін ортақ тамыр – Қазақстан. Бізге Еуро­паның қазақтары араласып тұ­райық, спорт жарыстарын өт­кі­зейік деп өтініш салды. Канаданы қоныс еткен туыстарымыз да шақырып, ондағы қазақ­тармен де мейрамдарда кездесіп жатамыз. Канада қанша дегенмен жақын көрші, сондықтан барып-келу жеңіл.

– Елге қайту ойыңызда жоқ па? Сіздердей білімді аза­матқа ел ғылымы зәру деп ойламайсыз ба?

– Мен жұмыс атқаратын сала Қазақстанда қолға алынбаған. Әрі НАСА-дағы беделім жақсы, өзім жұмыс жасайтын саладағы қажетті маманмын. Әлі жаспыз ғой, сондықтан әзірге осы елдің дәмін тата тұратын шығармыз. Бірақ түбінде зайыбым екеу­міз­дің елге қайтарымыз анық. Балалар екі ортада жүретін шығар.

Алматыда анам бар. Елді са­ғынғанда билет алып, тартып ке­тіп, анамның жанында аунап-қу­нап қайтамын. Қазір, бұрын­ғы­дай емес, құжат әзірлеу, билет алу, барып-келу жеңілдеді ғой. Елге-жерге Америкадағы қазақ­стандықтардан сәлем айтып ба­рыңыз. Сағынамыз, сағынбау мүмкін емес, аман болайық.

– Әңгімеңізге көп рахмет, сәлеміңізді елге жеткізуге уәде беремін.

Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.