27 Наурыз, 2012

Қазақстан армиясы

2559 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақстан армиясы

Сейсенбі, 27 наурыз 2012 7:48

Ол қалай құрылып еді? Қазір қандай?

Айбынды армиямыздың бейбітшілік туын желбіреткен жауынгерлері Тәуелсіз елімізді, кең-байтақ жерімізді, айдын шал­қар көлімізді көзінің қарашығындай қорғап тұр, қорғай береді де. Осыдан жиырма жыл бұрын тұсауын кескен Қарулы Күштері­міз­дің бүгінде қанаты қатайып, бұғанасы бекіді. Алыс-жақын шетелдік әріп­тестерімен бәсе­ке­ге түсуге толық мүм­кіндік алды. Әрине, мұның бәрі оңай­лық­пен келмегені белгілі. Келмеске кеткен Ке­ңес Одағы тарап,

Сейсенбі, 27 наурыз 2012 7:48

Ол қалай құрылып еді? Қазір қандай?

Айбынды армиямыздың бейбітшілік туын желбіреткен жауынгерлері Тәуелсіз елімізді, кең-байтақ жерімізді, айдын шал­қар көлімізді көзінің қарашығындай қорғап тұр, қорғай береді де. Осыдан жиырма жыл бұрын тұсауын кескен Қарулы Күштері­міз­дің бүгінде қанаты қатайып, бұғанасы бекіді. Алыс-жақын шетелдік әріп­тестерімен бәсе­ке­ге түсуге толық мүм­кіндік алды. Әрине, мұның бәрі оңай­лық­пен келмегені белгілі. Келмеске кеткен Ке­ңес Одағы тарап, Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан шақта құрылған қазақ армиясы егемен елімізбен бірге дамып қалып­тас­ты. Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста дербес қарулы күштердің болмауы бетпе-бет келген сын-қатерлердің бірі еді. Сол қатерден аман-сау шығу үшін күн тәрті­бін­де: «Елімізге қандай армия керек? Оның келешегі қандай болмақ? Ұйым­дас­тыру құрылымы қандай болуы тиіс? Қа­жетті кәсіби мамандарды қайдан аламыз? Біздің стратегиялық одақтасымыз кім? Стратегиялық күштер мен ядролық қару­ды не істейміз?» деген сұрақтар тұрды. Сонымен аталған мәселелер қалай ше­шіл­генін және Қазақстан Армиясының құрылып  қалыптасқан кезеңдеріне көз жіберейік.

Ғаламдық қауіпсіздікке бастаған маңызды шешімдер

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі мемлекеттің егемендігі туралы Декларацияны халыққа жариялады. Осы жылы бұрынғы КСРО респуб­ли­ка­ларының басшылары басқосты. Кездесуде тәуелсіз мемлекеттердің бастапқы қа­лып­тасу кезеңінде Кеңес Армиясының әс­кери қуаты мен жауынгерлік әлеуетін сақтап қалу үшін Тәуелсіз Республикалар Одағының Біріккен Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылданды. 1991 жылғы Беловеждегі Ресей, Украина, Белоруссия бас­шылары кездесуінің нәтижесі бұ­рын­ғы Кеңес Одағы республикаларының жә­не оның біртұтас қарулы күштерінің бө­лінуін жылдамдатты. Қалыптасқан жағ­дай­ды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жыл­ғы 7 мамырда № 745 Жарлығымен Қа­зақ­стан Республикасы Қарулы Күш­тері­нің құрылғанын жариялады.

Егемен Қазақстанды құрумен Респуб­ли­каның аумақтық тұтастығын қорғау, ел­дің қорғаныс ведомствосын кім бас­қа­ра­ды деген сұрақтар туындаған кезде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Қор­ға­ныс ми­нистрі болып көпті көріп, ысылған Са­ға­дат Қожахметұлы Нұрмағамбетов та­ға­йын­далады» деген жалғыз шешімін айтты.

1992 жылғы мамырдан бастап 1995 жылғы қазанға дейін – Қазақстан Респуб­ли­касының Қорғаныс министрі болған армия генералы Сағадат Нұрмағам­бетов­ке №1 Алтын жұлдызды тапсыру мен «Халық Қаhарманы» атағы 1994 жылғы  4 мамырда берілді.

Бұрынғы Кеңес Одағының басқа ел­де­рі­нің армиясы сияқты, Қазақстан ар­мия­сы да бүгінгі келбетіне бірден ие болған жоқ. Қазақстанның өз армиясын құру тә­жірибесі жоқтың қасы еді. Сондықтан, оны түйірлеп жинау қажет болды. Еліміз үшін оңай болмаған уақытта қысқа мер­зімде көптеген мәселелерді шешуге тура келді – мемлекеттік органдарды бекіту, ел дамуының жаңа экономикалық және саяси моделін қалыптастыру қажет болды. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бұрынғы жүйенің аяқ астынан күйреуі көпшілікті алаңдатпай қоймады. 1991 жылы Кеңес Ода­ғы құлаған соң тәуелсіздік алған Қа­зақ­стан саны көп стратегиялық қару мен қуатты ядролық арсеналға ие болып қал­ды. Республика аймағында 104 құрлық- ара­лық СС-18 ядролық оқтұмсықты бал­лис­тикалық ракеталар мен ядролық қа­нат­ты ракеталарды алып жүруге мүм­кін­дігі бар Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшақтардың дивизиясы тұрды. Сол ке­зең­де бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағынан ірі сынақ, ғарыштық және ядролық полигондар – Ембі, Сары­ша­ған (Приозерск), Байқоңыр (Ленинск немесе Төретам атымен белгілі болған), Семей полигоны, сондай-ақ егемен мемлекетке бұрынғы  кеңестік Түркістан әс­кери округінің саны 200 мыңнан асатын әскери тобы мұраға қалды.

Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев тек Қа­зақстанға ғана емес, бүкіл әлемге үлгі боларлық заманалық шешім қабылдады. Ол оның әлемдегі ең ірі ядролық полигонды жауып, ядролық арсеналдан бас тар­тып, қаруды таратпау жөніндегі Келі­сімге қосылу туралы шешімі еді.

Ядролық қарусыздану процесіне баға жетпес үлес қосып, аймақтық тұтастығы мен егемендігіне халықаралық кепілдеме алған жас Тәуелсіз Қазақстан бүкіл адам­зат­қа өзінің тату көршілікке, бейбіт­ші­лік­ке бекем екендігін көрсетті. Сол бір ауыр кезеңдерде қабылданған шешімдер туралы Нұрсұлтан Назарбаев кейін былай дей­ді: «Ол шешімдер ғаламдық қауіп­сіз­дік саласындағы Қазақстанның келе­шек­те­гі стратегиясын анықтады. Сол кезден бастап Қазақстан өзіндік ғаламат құртып жіберетін күшке ие бола тұрып, адамдар тұңғыш рет одан өз еркімен бас тартқан «әлем эпицентріне», орынға айналды».

Қазақстан үшін ауыр да күрделі ал­ғаш­қы жылдары бірден қуатты Қарулы Күш­терді құру мүмкін болған жоқ. Бірақ мемлекет қауіпсіздігі, жаңа армияны ая­ғы­нан тік тұрғызу негізгі басым­дық­тар­дың қатарынан орын алды. Қазақстан Рес­публикасы Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың жеке басшылығымен Республикада дербес Қарулы Күштерді құру­дың қажетті алғы-шарттары мен Отанды қорғауға олардың дайындығын қамтама­сыз етудің негіздері жасалды.

Қазақстан елі мен халқының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы алғашқы қадам Мемлекеттік қорғаныс ко­митетін құру болып табылды. Мемле­кет­тік қорғаныс комитеті – Қазақстан тари­хын­дағы алғашқы орталық басқару органы және республикалық әскери комиссариат пен республиканың Азаматтық қор­ға­ныс штабының базасында құрылды. Ко­митет өз қызметінің алғашқы қада­мын­да-ақ Қазақстанда орналасқан барлық әс­кери құралымдардың командирлерімен ты­ғыз байланыс орнатуға, олардан әскер­лер­дегі істің жағдайы туралы айқын­дал­ған ақпараттар алуға қол жеткізді. Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің аппаратында және Министрлер Кабинетінде әскерлерді басқару жүйесін тиімді ұйым­дас­тыру үшін Қорғаныс бөлімі құрылды.

Бәрінен бұрын елдің жеке Қарулы Күш­терін құру және оларды Республика ұлттық қауіпсіздік жүйесіне ықпал­дас­ты­ру, атқарушы билік органдарымен және қуат­ты ведомстволармен қарым-қатына­сын қамтамасыз ету, әскерлерді басқару мен жауынгерлік әзірлікті жөнге келтіру, қар­жы­лық, тылдық және материалдық қамта­ма­сыз етуді ұйымдастыру қажет болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде тұр­ақ­ты негізде Ұлттық қауіпсіздік және қор­ғаныс жөніндегі комитет құрылды. Комитетте қысқа мерзімде Қазақстан Респуб­ли­касының Қарулы Күштерін құруға қа­жетті құжаттар пакеті әзірленді.

Қойылған мақсатқа жету қиындықтар ту­ғызды, себебі, Қазақстанда әскери құ­ры­лыстан тәжірибесі бар әскери мамандар саны шектеулі ғана болатын. Кәсіби ма­ман­дардың басқару саласында және әскери буындарда жетіспеушілігі көзге ұрып тұрды. Сол кездердегі ащы шын­дық­тың бірі Қазақ  Кеңестік еспуб­ли­ка­сы­ның аймағында қыз­мет еткен бұрынғы кеңес офицерлері жаппай өздерінің кіші отандарына және басқа да Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы рес­публикаларына кетіп жатты. Қарулы Күш­терді қалып­тас­тырудың өтпелі кезеңін­де әскери-саяси басшылық ұйымдастыру, эко­номикалық, техникалық, әлеуметтік жә­не құ­қықтық мәселелерді армияның жұмыс жасауы үшін шұғыл түрде шешіп жатты. Тап­сыр­маның мәні мемлекеттік құрылысты және елдің егемендігі мен аймақтық тұтас­ты­ғын қорғауды қамтамасыз етуге дайын­дық жұмыстарының мерзімін барынша қыс­қарту болды. Жұмыс күні-түні қайнап жатты. Барлық назар әскери мекеменің то­лыққанды жұмыс істеуіне, заңнамалық актілер пакетін жасап оны қабылдауға, жас­тарды өз армиямыздың қатарына ша­қы­ру­ға, күнделікті жауынгерлік оқу-жат­ты­ғу­ларды ұйымдастыруға, әскерлер мен штаб­тардың әскери-жауынгерлік қызметі­нің тәртібін белгілеуге аударылды.

Ант, жарғы, әскери доктрина, идеология, қамтамасыз ету жүйесі, елдің ал­ғаш­қы әскери басшылығы құрылды, әскери кадр­ларды даярлау базасы, командалық құрам­ды тағайындау сияқты мәселе­лер­дің бар­лы­ғын келешек үшін заманауи тұрғыда ой еле­гінен өткізіп шешу қажет болды. Елде қа­жетті ақша мен мате­риал­дық қаражат із­дестірілді. 1990 жылдың басында  ақшалай қамтамасыз ету кешік­ті­ріліп төленді. Бұл кезеңде әскери ве­дом­ствоға бюджет қар­жы­ларының әскер­лер қолындағы қару-жарақ­тар мен әскери техниканы жауынгерлік дайындықта ұс­тап тұруға ғана жететіндей аз ғана бөлігі бөлінді. Осылайша, 1993 жылы еліміздің әскери бюджеті, бүгінгі күн­мен салыс­тыр­ғанда, небәрі 8 млрд. теңгені құрады. Қару-жарақ пен әскери техниканы инвентаризациялау жүргізілді, оған қоса әскер­ле­рде жедел және жұмылдыру дайын­ды­ғы жолға қойылды.

Қазақстандық армия құру барысында бар­лық әскери құрылымдарда взводтан ди­ви­зияға дейін офицер кадрлардың же­тіс­пеу­шілігі өткір мәселе болды. Әсіресе, жо­ғары буындағы офицерлер тым аз еді. Ке­ңес­тік кезеңнің 74 жылында қазақ хал­қы­ның тек үш өкілі ғана Бас штабтың Әс­ке­ри академиясын бітірген, тек екі адам ғана әс­ке­ри ғылымдар кандидаты ғы­лыми дәре­же­сі бойынша диссертация қорғады. Мұнан біз ұлттық әскери кадрлар даярлау мәселе­сі­не ол уақытта ешқандай көңіл бө­лін­беге­нін көреміз. Әскери комиссариаттар мен рес­публиканың Азаматтық қор­ғаныс жү­йе­сін­де 1949 офицер қызмет ат­қарды, оның ішінде ұлты қазақтары 247 (12,6%) ғана бол­ды. 19 облыстық әскери комис­сар­дың тек 5-уі ғана қазақ еді. КСРО Қарулы Күш­тері бойынша жалпы 2 830 офицер қазақ ұл­ты­нан болса, Алматы жоғары жа­лпы әскери ко­мандалық учи­ли­щесіндегі 190 офицердің тек 6-уы қазақ (3%) болды. Училищеде батальон ко­ман­­дирі­нің бір­де-біреуі қазақ ұл­ты­нан бол­ған емес, кур­санттардың санына келсек, 87 (9,4%) қазақ баласы болды. Әскери кадр сая­саты­ның осындай зардаптары, әри­не, қиын­шы­лық­қа кезіктірмей қоймады. Әс­і­­ресе, әс­кери білім саласы жү­йесінде ұл­т­­тық әс­кери кадрларды даярлау ең көкей­кес­ті мә­селе еді. Осыған қара­мас­тан кадрларды іріктеу ұқыптылықпен жүр­гізіліп, оларды орналас­тыру сауаттылықпен іске асырылды, ал­ғаш­қы әскери басшылық қалыптасты.

Ел Президентінің жарлықтарымен жә­не өкімдерімен Қорғаныс министр­лігі­нің басшылық құрамы белгіленді. Офи­цер­лік корпус кез келген мемлекеттің жә­не оның армиясының «алтын қоры» екен­дігі көп­ші­лік­ке белгілі. Көптеген офицерлер нағыз пат­риот ретінде Отан үніне құ­лақ түріп ұлт­тық армияның қатарын то­лықтырды. Олар бұрынғы одақтық республикалардан өз­дерінің Отанына қызмет етуге әзір екен­дік­терін іс жүзінде дәлел­деп, туған елге бет түзеді. Сол кезден бастап қазіргі Қазақстан Армиясының іргетасы қалана бастады. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күш­тері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кір­ді. Біртіндеп әскерді тастап кетпеген кәсібилердің күшімен әскери жүйе пайда болды. Өзгерген жағдайға байланыс­ты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен мін­деттері оны шешудің жолдары белгі­лен­ген нормативті-құқықтық база жасалды.

1992 жылдың 22 желтоқсанында Қа­зақ­стан Республикасы қорғанысын ұйым­дас­ты­ратын негіздемені белгілейтін, мем­ле­кет­тік билік пен басқарушы органдарға өкі­лет­тілік беретін «Қазақстан Республи­ка­сының қорғанысы және Қарулы Күш­тері туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Заңы қабыл­дан­ды. Заң Қазақстан қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етудегі жалпы жүйе бойынша Қару­лы Күштердің рөлін, орны мен міндеттерін белгіледі. Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күштері әс­кери қызметшілерінің Әскери антының мәтіні жасалып, Президенттің 1992 жыл­ғы 25 тамыздағы Жарлығымен іс­ке асырылды. 1992 жылдың күзгі әскерге ша­­қы­руынан бастап жас сарбаздар Қазақ­стан Республикасына ант берді. Ант қабыл­дау армия тарихында жақсы дәстүрге айналып, әскери бөлім үшін мереке күні болып хабарланды әрі салтанатты жағдайда өткізілді.

1993 жылдың 19 қаңтарынан Қазақ­стан Республикасының «Жалпы әскери міндет және әскери қызмет» Заңы қабыл­да­нып, онда әскери қызметті атқарудың негізгі ере­же­лері, азаматтарды дайындау мәселелері, оларды белгіленген нақты әс­кери қызметке шақыру және босату, азаматтар мен лауазым иелерінің заң бұзу­шы­лыққа жауапты екендігі көрсетілді. «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабыл­дан­ды, онда Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің әскери борышын өтеу кезіндегі міндеттері мен жауап­кер­шілігі және құқықтары белгіленді.

Қазақстан Республикасының бірінші әскери доктринасы 1993 жылы 11 ақ­пан­да ел Президенті бекіткеннен кейін күші­не енді. Тәуелсіздіктің алғашқы күн­дері­нен бастап мемлекет басшылығы армия­ның қоғаммен терең әлеуметтік қатынасы бар мемлекеттің  нышаны екендігін атап өтті. Қарулы Күштердегі қызмет бұрынғы замандағыдай адами қасиетке тәрбие­лей­тін және армияға шақырылатын жастар­дың есейіп ес жинайтын әскери-пат­риот­тық мектебі болып қалуына бар күш жұм­салды. Сонымен аз уақыт ішінде тәуелсіз және егеменді Қазақстанда мемлекеттің қарулы қорғанысына бағытталған жаңа мемлекеттік институт құрылды.

Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің 1996 жылғы 18 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери рәміздері туралы» Жарлығымен Қарулы Күштер түрлерінің байрақтары, әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары мен Қа­зақстан Республикасы Қарулы Күш­тері­нің рәміздері бекітілді. Сондай-ақ, «Әс­ке­ри бөлімнің Жауынгерлік туы туралы ереже» күшіне енгізілді.

Жаңа әскери буын – заманауи армияның негізі

Заманауи армия құру – бұл тек техника мен қару-жарақты жетілдіру емес, сонымен бірге бірінші кезекте кәсіби ар­мия­ның не­гі­зі болып саналатын жаңа әс­кери буынды тәр­биелеу. 1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жү­йе­сінің негізі қаланды. Республикада бір­не­ше әскери оқу орындары ашылды. Олар: Ұлттық қорғаныс уни­верситеті, Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Әуе қор­ғанысы күштерінің Әске­ри институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Әске­ри-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты. Жұмылдыру резервін толықтыру мақ­сатын­да азаматтық оқу орындарында за­пас­тағы офицерлер даярлау үшін әскери кафедралар ашылды.

1996 жылы Қарулы Күштерге кәсіби сер­жанттар даярлау мақсатында Елба­сы­ның Жарлығымен Шучье қаласында Қор­ға­ныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атын­дағы Кадет корпусы құрылды. Оны бі­т­ірушілер кәсіби сержанттар институ­ты­ның негізін құрады. Бүгінгі таңда сержанттар басқару орталық органдарынан бастап ең төменгі бөлімдерге дейін әскерлердің бү­кіл құрылымын қамтиды. Ал 1999 жылы ашыл­ған армия генералы С.Нұрмағамбетов атын­дағы «Жас ұлан» республикалық мек­тебі на­ғыз патриоттар тәрбиелейтін оқу орнына айналды. Онда тұрмысы төмен және көп балалы отба­сы­ларының балалары білім алуда.

Әскерлерде жеткілікті түрде кадрлар мен зияткер офицерлер әлеуеті қалып­тас­ты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­тері институттарының түлектері жыл са­йын ел әскери құрылымдарында ла­йық­ты қызметтен өтеді. Олардың көпшілігі қазір­дің өзінде құрама, әскери бөлім, батальон, рота командирлері лауазымдарында, сон­дай-ақ Қазақстан мен Ресей әс­кери академиялары мен универ­си­тет­терін­де оқып, бі­лімдерін жетілдіруде. Әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге ел Прези­ден­ті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы салтанатты жағдайда лейтенант погондарын тапсыруы игі дәстүрге айналып отыр.

Жүніс Омар, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің басқарма бастығы, полковник.

(Жалғасы бар).

Соңғы жаңалықтар