29 Наурыз, 2012

Қазақстан армиясы

1007 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақстан армиясы

Бейсенбі, 29 наурыз 2012 7:45

Ол қалай құрылып еді? Қазір қандай?

(Соңы. Басы 121-123-нөмірлерде).

2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің құры­лы­мын әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Елбасының Жарлығына байланысты Әс­кери-теңіз күштері Қарулы Күш­тер­дің жеке түрі мәртебесіне ие болып, даму жолына түсті. Бүгінде Әскери-теңіз күштері Қарулы Күштердің ең жас түрі болып есептеледі. Себебі, онда қызмет етушілердің орташа жасы – жиырма бес.

Бейсенбі, 29 наурыз 2012 7:45

Ол қалай құрылып еді? Қазір қандай?

(Соңы. Басы 121-123-нөмірлерде).

2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің құры­лы­мын әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Елбасының Жарлығына байланысты Әс­кери-теңіз күштері Қарулы Күш­тер­дің жеке түрі мәртебесіне ие болып, даму жолына түсті. Бүгінде Әскери-теңіз күштері Қарулы Күштердің ең жас түрі болып есептеледі. Себебі, онда қызмет етушілердің орташа жасы – жиырма бес.

Өзінің жастығына қа­ра­мастан әскери теңізшілер бірнеше жо­рық­тарды жүзеге асырды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күш­­тері құрылған кезден бастап, (1993-1999-2003 жылдан бү­гінге дейін) жеке құ­рам халықаралық келісімдерге сәйкес басқа мемлекеттерден жауынгерлік кемелерді елімізге теңіз арқылы жеткізуге байланысты бірқатар ірі мемлекеттік тапсырмаларды орындады. Мәселен, 1996 жылы – Астраханнан (РФ) су ығыстырғыштығы 70 тонналық ша­ғын төрт күзет кеме, 1999 жылы – Гель­чук портынан (Түркия) Мәрмәр теңізі ар­қылы су ығыстырғыштығы 170 тонна­лық шағын күзет кемесі, 2001 жылы – Пендик портынан (Түркия) Мәрмәр теңізі арқылы су ығыстырғыштығы 170 тонна­лық шағын күзет кемесі, 2006 жылы – Чине портынан (Корея Республикасы) Пен­дик порты мен (Түркия) Мәрмәр те­ңізі ар­қылы су ығыстырғыштығы 150 тон­на­лық кемелер Ақтау портына әкелінді. Аталған тапсырмалар қысқа мерзімде Мәрмәр, Азов, Каспий теңізі, Босфор, Керч бұ­ғаз­дары, Дон, Волга өзендері, Цимлян су қой­масы, 18 шлюзі бар су кемелері өтетін каналдармен Эрели, Синоп порты (Түр­кия), Азов (Ук­раина), Темрюк, Дондағы Ростов, Аст­рахань (РФ) бағыты бойынша орындалды. Жүзу кезінде кеме эки­паж­дарының жеке құрамы батылдық пен ба­тыр­лықтың ерен үлгісін танытса, басқа мемлекеттер алдында Қарулы Күштері­міздің беделін арттырды.

2010 жылғы ақпан айында Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштері Әскери-те­ңіз күштерінің бас қолбасшысына Жауын­гер­лік Ту табыс етті.

Біздің әскери теңізшілер үшін был­тыр­ғы қыркүйек айында Ресей Федер­а­циясының Каспий флотилиясымен бір­ле­сіп өткізген «Орталық-2011» стра­те­гия­лық жаттығулары жемісті болды. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі теңіздегі жауынгерлік іс-қимылдар жүргізудің оша­ғына айналды. Осы жерде теңіздегі ұрыс, тактикалық теңіз десантын түсіру сияқты бірқатар элементтер жүзеге асты. Каспий теңізінде Қазақстан мен Ресейдің 43 әс­кери кемесі жұмыс істеді.

Әскери-теңіз күштерінің әскери қыз­мет­шілері жауынгерлік тапсырмаларды орындай отырып, Каспий теңізінің қазақ­стандық бөлігіндегі су асты және су үсті жағдайын ұдайы қадағалап отырады. Орал­дағы отандық «Зенит» зауытында зымы­ран­ды-артиллериялық кеме құры­лы­сы аяқ­талуға жақын. 2012 жылы аталған кеме Қазақстанның Әскери-теңіз күштері құра­мы­на кіретін болады. Сонымен қатар, неғұрлым қуатты, заманауи қару-жарақ­пен жарақтанған жауынгерлік кемелерді өндіру де осы зауытта басталып кетті.

Әскери-теңіз күштері жыл сайын отан­дық және шетелдік оқу орын­дары­ның түлектерімен толықтырылуда. Әс­кери теңізшілер Ресей, Германия, Түркия, Корея, Әзербайжан, Пәкстанда оқиды. Бүгінде Әскери-теңіз күштері одан әрі даму үстінде.

Әскери-теңіз күштерінің негізгі мақ­саттары Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мем­лекеттік шекарасын, аумақтық тұ­тас­тығын, егемендігі мен экономикалық мүд­де­лерін қорғау; агрессордың шап­қын­шы­лығына лайықты тойтарыс беру, қару­лы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға ат салысу; аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету; құрлықтағы әскерлердің қимылын теңіз­ден қамтамасыз ету болып табылады.

Бүгінде Жоғарғы Бас қолбасшы тарапынан жасалып отырған тұрақты қамқор­лықтың арқасында теңіздегі жауынгерлік әзірліктің тиімділігі артты, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері үдемелі түрде шешілуде, әскери қызмет­шілердің ақшалай үлесі өсті. Демек, бізде құрылған және ойдағы­дай заманауи да­мы­ған, ұрысқа қабілетті Қарулы Күш­тердің бар екендігін нық сеніммен айтуға болады.

Мақсат – соғысты жүргізу емес, болдырмау

2007 жылғы наурызда қабылданған Әс­кери доктрина Қазақстанның өзінде болған сапалық өзгерістерге және оның геосаяси ортасына, сонымен бірге ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін терроризм, сепаратизм мен экстремизм әрекеттерін есепке алумен әзір­ленген еді. Қазіргі таң­да қауіпсіздікті қам­та­масыз ету әскери-саяси, экономикалық, ақпараттық және басқа да шаралардың жиын­тығы болып саналады. Бүгін Ар­мия­мыз­дың алдында бәсекеге қабілеттілікті жүйелі жетілдіру және дамыту мақсаты тұр. Негізінен қа­зір­гі заманғы жағдайда со­ғысқа даяр және ұрысқа жарамды Қарулы Күштер соғысты жүргізу үшін емес, оны бол­дырмаудың ең маңызды құралы ретінде қарастырылады. Осыған сәйкес Әскери доктринада белгіленгендей, Қарулы Күш­тер сапалық көрсеткіштерін жақсартуға көңіл бөлінуі қажет. Осы сатыда Ар­мия­ның даярлау жүйесін толығымен қазіргі заманға сай ұрыс шартына барынша жа­қындату жүзеге асырылуда.

Бүгінде Қарулы Күштер заманауи жат­ты­ғу кешендерімен жеткілікті түрде қам­тамасыз етілуде. Әрбір бригадада тұрақ­ты жауынгерлік даярлық өткізуге арнал­ған «Профи» ату-жаттығу құралы бар. Оқу орталықтарында авиациялық, артил­лериялық, әуе-десанттық жаттығу кешен­дері бар, жаяу әскер жауынгерлік маши­на­ларының механик-жүргізушілер мен танк экипажы да жаттығу құралдарымен мін­детті түрде жаттығады. Жоспарлы және тиімді ұйымдасқан жауынгерлік даярлық жеке құрамды тәр­биелеудің қуатты құра­лы болып табылады. Себебі, әскери оқы­ту үрдісіне қатысу әскери қызметшілерді тәр­биелеуге, отан сүйгіштікке және өз елін мақтан тұтуға үйретеді.

Дос сүйініп, дұшпан күйінген оқу-жаттығулары

Бес мемлекеттің басшысы «бес» деген баға берген «Өзара іс-қимыл-2009» бір­лескен стратегиялық-командалық жат­ты­ғу­лары «Мәтібұлақ» әскери полигонында өт­ті. Оған 15 мыңнан астам әскер, 1500 брон­ды техника және жүзшақты әскери ұшақ пен тікұшақ қатысты. Бұл сияқты әскери жаттығулар бұрын-соңды Кеңес одағы тұ­сын­да ғана өткізілгенін ескерсек, тастың түс­кен жеріне ауырлығын байқау оңай.

Қазан айының ортасында Қазақстан әлемнің назарын өзіне аударды. Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің жедел ден қою күштері жауынгер ұлттың ұландарымен үзеңгі қа­ғыстырды. Білгенін ортаға салды, тәжі­ри­бе алмасты. Бес мемлекеттің прези­дент­терінің алдында ширақ қимыл, сауатты шешім қабылдай алды. Осы жолы ұжым­дық күштерге ортақ арнайы киімнің тұ­сауы кесілді десе де болады. Сапалы матадан Ресейде тігілген далалық киім үл­гі­сі көңілден шықты. Оны жатты­ғуларды бақылаған мемлекет басшылары да киді.

Жедел ден қоятын ұжымдық күштерді құру жөніндегі Келісімге 2009 жылғы 14 маусымда Мәскеуде қол қойылған болатын. Ұжымдық күштердің алғашқы оқу-жаттығуларын Қазақстанда өткізу туралы шешім сол жерде қабылданды. Сол жолы ұйымға мүше мемлекеттердің жетекші­лері Қазақстанды бекер таңдаған жоқ еді. Оған Қазақстанның кең көлемді халық­ара­лық жаттығуларды өткізуге қолайлы материалдық базасы мен заманауи техникамен жабдықталған Қарулы Күштері себеп болғаны айғақ.

Қазақстан Республикасының аума­ғын­да «Бейбіт миссия-2010» террорға қар­сы бірлескен әскери оқу-жаттығуын өт­к­і­зу маңызды оқиға болды. Бірлескен әс­ке­ри оқу-жаттығуларды өткізе отырып, одақ­тас елдердің қарулы күштері өзара әре­кеттесу мәселесін меңгеріп, сыртқы қауіпке тиім­ді, бірлесе қарсы тұру қабілетін күшейтті. Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан әскери сарапшылары Алматыда келіссөздер мен кеңесулер өткізді. Келіссөздер барысында қазақстандық генералдар мен офицерлер жоспарлау мен бірлескен әскери оқу-жаттығуларды даярлауда үлкен тәжірибеге ие болды.

2011 жылы наурызда Астанада Қазақ­стан Республикасының Қорғаныс ми­нистрі Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуі­мен Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на мүше-мемлекеттер қорғаныс министр­лері­нің мәжілісі болып өтті. Мәжілісте Ұйымға мүше-мемлекеттер қорғаныс ве­домстволарының бұған дейінгі мәжі­ліс­тен кейінгі кезеңдегі ынты­мақтас­тығы­ның даму барысы қорытындысын қарап, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке байланысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Шанхай ынты­мақтастық ұйымының он жылдығында қол жеткізілген өзара түсіністік деңгейі­нің жоғары екендігі аталып өтті.

Бейбітшілік идеалын ту еткен

2011 жылғы 11 қазанда Елбасының Жар­лығымен Қазақстан Респуб­лика­сы­ның жаңа Әскери доктринасы бекітілді. Бұл Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыт­тан бергі қабылданып отырған төртінші доктрина (алғашқысы – 1993 жылы, екін­шісі – 2000 жылы және үшіншісі 2007 жылы қабылданған болатын). Жаңа ре­дакцияға «Әскери қауіпсіздік сала­сын­да­ғы ағымдағы жағдайды талдау» тарауы қо­сыл­ған. Онда әскери қауіпсіздік сала­сын­дағы елі­міздің әскери мекемесі қызметінің қо­ры­тындылары, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту үрдісі және нәтижелері баяндалған. «Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әскери-саяси негізі» тарауында халықара­лық ынтымақтастық және бітімгерлік мә­се­лелері қамтылған. Доктрина ереже­лерін­де әлемдегі және аймақтағы заманауи әс­кери-саяси ахуал ескеріліп, әскер­лердің қауіп-қатерлерге қарсы тұрарлық бағы­тын барынша дамыту айқындалған.

Доктринада қол жеткізген жетістіктер негізіндегі мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруды, Қазақстан әскерінің құрылы­мын жетілдіруді, оларды қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен қамтамасыз етуді, ақпараттық қарсы тұру жүйесін құруды, идеологиялық жұмысты жандандыруды және қорғаныс өнеркәсібі базасын дамытуды одан әрі нығайтуға барынша мән берілген.

Әскери  өндірістің тамырын жайдырар тамаша алаң

Бүгінде Қазақстан бірегей мемлекет­тік әскери-техникалық саясатты жүзеге асыруда. Соның негізінде отандық қорға­ныс өнеркәсібі кешенін, халықаралық әскери-техникалық интеграцияны дамыту шараларын үйлестіру, сондай-ақ қолда бар техникаларға сай заманауи техникаларды жеткізу қолға алынды. Жуық уа­қытқа дейін Қазақстан армиясының техника жағынан жетілдірілуі сыртқа тәуелді болып келді. Жағдай Қорғаныс министр­лігіне «Казахстан инжиниринг» ұлттық компаниясы біріккен қорғаныс өнеркәсіп кешені кәсіпорындары басқармасы беріл­геннен бастап өзгерді. Бүгінде басты назар авиация мен жоғары дәлдікті қару­ларға, әуе шабуылына қарсы радиоэлектронды күрес құралдарына және басқа да жоғары тех­нологиялық жүйелерге аударылып отыр.

Осыған байланысты Халықаралық «KAZAK­HSTAN DEFENCE EXPO – 2010» қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік көрмесін өткізу маңыз­ды қадамдардың бірі болды. Енді басқа да Экспо орталықтармен  бірге жаңа ха­лық­аралық аренаға қару-жарағымен, әс­кери техника мен байланыс және әскери мүл­кі­мен Қазақ­стан да танылды. Мемлекет­ара­лық серік­тес­тікті нығайту мақсатында, зияткерлікті, әскери өндірісті, техниканы және технологияны танытуға, әскери құрал-жабдық пен техника шығаратын қорғаныс өндірісінің әлеуетін арттыруға тамаша алаң жасалды. Қорғаныс  өнер­кәсібінің әлемдегі жетекші мамандары ғылыми және инженерлік-конс­труктор­лық ойларын, жаңа иннова­ция­лық жұмыстарын көрсетті.

2012 жылдың 3-6 мамыры аралығын­да Астанада «KADEX-2012» екінші қаз­ақ­­стан­дық халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өтеді. Қазіргі таңда көрме ұйымдастырушысы болып табылатын Қазақстан Республика­сы­ның Қорғаныс министрлігінде «KADEX -2012» көрмесін өткізуге даярлық жұмыс­тары қарқынды жүріп жатыр.

Қорғаныс министрі Әділбек Жақсы­беков «KADEX-2012» көрмесі сайтының веб-парағында көрмеге қатысу­шылар мен қонақтарына сөз сөйлей отырып, «KADEX-2012» көрмесінің қарулы күш­тері­нің және қорғаныс-өнеркәсіптік сала­ларындағы кәсіпорындарының өзара әре­кеттесу қырларын одан әрі дамытып, жаңа іскерлік серіктестік құру және қыз­мет пен ынтымақтастық салаларын ке­ңейту үшін тұғырнама болатынына сенім­ділігін білдірді.

Ел қорғау үшін сапқа тұрар ұлы күш

Еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту­дағы басты міндеттердің бірі оқытылып, үйретілген әскери резервті дайындау. Қа­зақстан Республикасы Қарулы Күш­тері­нің Жоғарғы Бас қолбасшысы қойған жұ­мылдыру резерві жөніндегі тапсырмалар­ға бүгін баса назар аударылып отыр­ған­дығын атап өткен жөн. Бұл ретте 9 оқу ор­талығы құрылды. Өткен жылы мотоат­қыштар әскерлеріне, байланыс әскерлері­не, арнайы әскерлерге 1200 әскери мін­дет­тілер дайындалды. Биыл орталық ар­қылы 4000 әскери міндетті дайындықтан өтеді. Семей, Тараз, Ақтау қалаларында та­ғы да үш өңірлік оқу-жаттығу орта­лық­тары ашылды. Бұл кез келген уақытта мемле­кет­ті қорғау үшін сапқа тұрар ұлы күш.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2011 жылғы шілде айынан бастап әскери қызметшілердің ақшалай үлесі 30 пайызға өсті. Тұрғын үймен қам­тамасыз ету – әскери қызметшілердің әлеу­меттік пакетінің ең басты басым­ды­ғы. Құрылыс салумен қатар тұрғын үй­мен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері іске қосыл­ған. Атап айтар бол­сақ, оның қатарына жинақ­тау шоты жү­йе­сін құру, ипотека, тұрғын үйді жалға алу жатады.

Сонымен бірге, гарнизондарда спорт­тық және мәдени-демалыс кешендерін, балалар бақшасының құрылысын салу қолға алынуда. Демек лайықты әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайлар жасалуда.

Қазақстан Қарулы Күштерінің құ­рылуы туралы Жарлыққа күні кеше ғана қол қойылған сияқты еді. Ауыр да күрделі қалыптасу жылдары әлі жадымызда. Со­ған қарамастан, шежіре айтып тұр­ғандай Қазақстан армиясы өзінің екін­ші он жыл­дығына жақындап келеді.

Өткен жолымызға қарап отырып, біз Қазақстанның егемен мемлекет  болып қалыптасуы мен дамуында Қарулы Күш­тер­дің алатын орны ерекше екендігін және өзіне тиісті міндетті атқара біл­ген­дігін, оның бір дәлелі ретінде еліміздегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың сақта­лып келе жатқандығын айтуға құқы­лы­мыз. Жиырма жыл ішінде саяси элита мен ел қоғамының түсінігі бойынша Қазақстан үшін басты қорытынды, армия – бұл біздің жалпы игілігіміз екендігі және де армия мен Отанның тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты әрі әскери қызметшілер қызметінің басты идеясы мен мақсаты мемлекет пен қоғамды қорғау екендігі дәлелденбейтін шындық.

Бұған дейінгі жылдарда – өзінің мәні жа­ғынан стратегиялық әрі маңызды мәсе­лелер шешілді: Қазақстанда – бұрын өзі­нің ұлттық армиясы болмаған пост­ке­ңестік мемлекетте – сенімді әскери қауіп­сіздік жүйесі құрылды, оның негізгі ұйыт­қ­ысы Республиканың Қарулы Күштері.

Қорыта айтқанда, Қарулы Күштер әрқашан Тәуелсіз мемлекеттің  егемендігі күзетінде. Олардың жауынгерлік күзеті бір минутке де толастамайды. Отан қор­ғаушылардың бүкіл Қазақстан халқымен ниеті бір және солардың мүддесін қор­ғай­ды. Қазақстан азаматтары өздерінің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін Отан қорғаушы мамандығын таңдаған аза­маттарға сенім артады.

Жүніс Омар, Қорғаныс министрлігі бас­­пасөз қыз­­­метінің басқарма бастығы, полковник.

Соңғы жаңалықтар