03 Сәуір, 2012

Әке аманатына адалдық

306 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әке аманатына адалдық

Сейсенбі, 3 сәуір 2012 7:49

Ата-баба мекеніне оралған шаңырақтың кенжесі  туған жерден өз тұғырын тапты

Ата-баба жұртына оралу бақыты Зағыпар ақ­сақалдың пешенесіне жазылмады. Көкорай шал­ғы­нына аунап, жұпар ауасымен  тыныстауды аң­сап өткен марқұм  өле-өлгенше 9 ұл-қызының ке­ле­шегіне алаңдаумен болды. Ақтық демі таусылар алдында  бәйбішесі Мәниді жанына шақырып алып,  соңғы өтінішін айтты. «Әкемнің туған елге қайту­ды аңсап, талай түнді ұйқысыз атырғаны әлі күн­гі­дей есімде. Көкірегі қарс айрылып, уайыммен өткізген кездері көз алдымнан кетер емес. Амал нешік, бір уыс топырақ жырақтан бұйырды. «Жаз­мыштан озмыш жоқ» деген осы. Мен де күн­де­лікті тіршілік жетегінде жүріп алға қарайлай алмаппын. Сүйегім жат жерде қалып барады.

Сейсенбі, 3 сәуір 2012 7:49

Ата-баба мекеніне оралған шаңырақтың кенжесі  туған жерден өз тұғырын тапты

Ата-баба жұртына оралу бақыты Зағыпар ақ­сақалдың пешенесіне жазылмады. Көкорай шал­ғы­нына аунап, жұпар ауасымен  тыныстауды аң­сап өткен марқұм  өле-өлгенше 9 ұл-қызының ке­ле­шегіне алаңдаумен болды. Ақтық демі таусылар алдында  бәйбішесі Мәниді жанына шақырып алып,  соңғы өтінішін айтты. «Әкемнің туған елге қайту­ды аңсап, талай түнді ұйқысыз атырғаны әлі күн­гі­дей есімде. Көкірегі қарс айрылып, уайыммен өткізген кездері көз алдымнан кетер емес. Амал нешік, бір уыс топырақ жырақтан бұйырды. «Жаз­мыштан озмыш жоқ» деген осы. Мен де күн­де­лікті тіршілік жетегінде жүріп алға қарайлай алмаппын. Сүйегім жат жерде қалып барады. Тағ­дыр­дың жазуына не шара? Ең үлкен өкінішім, шыбын жанымызды шүберекке түйіп өсірген балаларымызды атажұртқа қайрылта алмағаным. Енді артқа қарайлаудың еш жөні жоқ. Елге ат­таныңдар. Бар үміт шаңырақтың кішісі …» – дей бер­­ді де одан әрі сөзін жалғастыруға әл-дәрмені жет­­пей  ауыр тыныстап қалды. Бір кезде ақтық кү­шін бойына жинап, нұры қашқан жанарын Аман­жолға тіктеді. Асқар тау панасының науқастанып қалғанын ести сала қияндағы Қызылжардан салып ұрып жеткен  ұлына ұзақ қарады. Әлденені ымдап, бірдеңе айтқысы келгендей болды. Өзіне анасы мен аға-апаларын тапсырып, атажұртқа оралу аманатын ишаралап жатқанын бірден ұқты.

Арғы аталары Алтай өңірін жайлағанын әкесі­нен талай естіген. Бір жаугершілік заманда мамыражай тірліктің шырқы бұзылып, Моңғолияның Баян-Өлгей  аймағына лажсыз қоныс аударыпты. Содан тұрақтап қалыпты. Аманжолдың туып-өскен жері – Цөгцө ауылы. Қазақтар мен уран­қай­лар бір-бірімен қоян-қолтық араласып, тату-тәтті тұрды. Үйдің сүткенжесі болғандықтан, бәрі оны еркелетіп өсірді. Бірақ шолжалаңдап кеткен жоқ. Әке-шеше  тәлімін бойына сіңіріп, намысшыл, зерек болып ержетті. Мектепті бітіретін жылы «Моң­ғолиядағы қазақ жастарын Қазақстанға оқуға шақырып жатыр екен» деген хабар жыл құсындай ұшып жетті.

Кешқұрым үйіне келсе, анасы да естісе керек: «Әкеңнің тілегі қабыл болғай», деп көз жасына ерік берді. Екі жүзге жуық жастың қатарында түбіт мұрты тебіндей қоймаған 16 жастағы бозбала да Қазақстанды бетке алды. Қашан шекара асып, ата-баба қонысына аяқ басқанша тұла бойын бірде сағыныш сезімі билеп, бірде өксік қысып, жан толқуын баса алмады. 2003 жылы күздің қара суығында бұлардың тобы  Петропавл қаласына жіберілді. Аманжол  дайындық курсында білімін жетілдіріп, оқуын одан әрі М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде жалғастырды. 2005 жылы  қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін үздік бітіріп,  оқытушылыққа қалдырылды. Содан бері жүрек қалауымен таңдаған кәсібін үзбей жалғас­тырып келеді.

Оның орысы ормандай өңірде алғаш танылуы жұртшылыққа ашық күнгі найзағайдай әсер етті. «Президент Жолдауы: Қазақстан гүлдену жолында» деген тақырыпта ұйымдастырылған рефераттар сайысының қорытынды кезеңінде сахнаға  еш­кімнің шақыруын күтпестен бейтаныс жасөс­пірім көтеріле берді. «Еңсені тіктеп тайсалмай тұра аламыз, Туыстар қуанды естіп алыстағы. Ел тізгінін ұстаған Нұрағамыз, Алғы күнге арайлы жол бастады», деп екпіндетіп өлең оқи жөнелді. Зал толы қауым қыбыр етпестен тыңдап қалды. Ол болса Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңдарын жырмен кестелеп, кесек-кесек ойларын ақбұлақша ат­қы­латты. Бірінші дәрежелі сыйлықты қан­жы­ға­сына өңгерген талдырмаш денелі, қоңырқай жүзді, қайсар мінезді жастың елім деп еміреніп, халқым деп қайраттанып келген бөлекше тұлғасы жинал­ғандарды риза еткені соншалық, орындарынан тұрып қол соқты.

Аманжол сонда қатты тебіренді. Туған жердің ұлылығын, қадір-қасиетін жан-тәнімен  сезінді.Осы бір естен кетпес сәттен бастап халықтық, тарихи құндылықтарды насихаттауға белсене араласып, жүктелген тапсырмаларды орындауға құл­шы­на кірісті. Қазақ студенттерінің арасында «Шабыт» театрын құрды. Оның шымылдығын  белгілі журналист Жақсыбай Самраттың «Бітеу жара» романы желісі бойынша қойылған сахналық туындымен ашты. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақ­стан мемлекеттік университеті жанынан «Үкілі үміт» клубын ұйымдастырып, жас тілшілерді баулып шығарды. Тоқырап қалған айтыс өнерін жаң­ғырту мақсатымен қолына үкілі домбыра ұстап, сахнаға көтерілді. Жастайынан қара сөздің мәйе­гін теріп, құдыретін сезініп өскен ол  суырыпсалма ақын екенін танытты.

«Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен Қы­зылорда қаласында өткен  додада  Дулат Исабек «Сені орыстанған ортадан келді ме деп жүрсек, жас та болса біраз нәрсе үйренгендейміз», деп мақ­тауын келістірсе,  «Мұқағали оқулары» сайысында  Мырзатай Жолдасбеков  оның шеберлігіне риза­шы­лығын білдірді. Шымкентте өткен «Шешендік өнер» байқауынан   жүлдемен оралды. Халықа­ра­лық «Шабыт» фестиваліне қатысып, ел Тәуел­сіз­дігіне арналған жырларын үкілеп қосты. «Мазасыз түндер» жыр топтамаларын оқып, 90 үміткердің арасынан дипломант атанды. Айтулы жыр додасына бірінші рет қатысқанына қарамастан,  Фариза Оңғарсынова, Серік Ақсұңқарұлы секілді  аузы дуалы ақындар құраған қазылар алқасы оның шы­ғар­машылығын жоғары бағалады. «Өлеңім – өмі­рім, өмірім – өлеңім» атты тырнақалды жыр кеші де студенттер аудиториясында жақсы жарасым тапты.

Оның ең сүйікті ісі – өлең жазу. Асабалық өнері өз алдына. Қашан көрсең де асығып жүргені. Оны кездестірген сайын жақсы жаңалықтарға қаныға түсемін. Бірде кітапханада ұшырасып қалдым.  Бәй­терек ауылынан үш бөлмелі үй алғанын шаттана жеткізді.  Тағы бірде жүзі  балбұл жайнап, қуа­ны­шын бөліскенше асықты. Сөйтсе, анасы мен ағасы Нұрланның отбасын Моңғолиядан көшіріп әкеліп, түпкілікті орнықтырыпты. Қалған бауырлары квота кезегін күтіп отырған көрінеді. Тағы бір кездескенімде өмірлік жан жарын тауып, шаңырақ көтергенін айтып, мәз-мейрам етті. Жуырда тағы жолығысып қалдық. Аңқылдаған қалпы жанын­дағы жолдастарын таныстырып жатыр.

– Аға, ана бір жылдары Моңғолиядан  Петро­павлға оқу іздеп 30 жігіт келіп едік қой. Содан тұрақтап қалған азаматтар осылар. Төртеу болсақ та ашсақ – алақанбыз, жұмсақ – жұдырықпыз, жұ­бымыз жазылған емес. Бұлар да баспаналы, үйлі-баранды болып, ел игілігі жолында еңбек етіп жатыр. Туған жердің төсінде алшаң басып жүрге­ні­міз Тәуелсіздіктің арқасы ғой.. Әйтпесе кім білсін,.. – деп  алға ұмсынған күйі ойланыңқырап қалды.

Олар менен ұзай берді. Алдарында әке аманатын арқалап, туған жерге туын тіккен оғлан бауырымыз кетіп барады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

Солтүстік Қазақстан облысы.