07 Сәуір, 2012

Миллиард ішіндегі миллион

390 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Миллиард ішіндегі миллион

Сенбі, 7 сәуір 2012 7:59

Қазақ жері бүтін, көңілі түтіннен таза кезінде, шекара деген шермендесіз заманда кем жүрмей, кең жүріп еді. Жақсының сөзі жалауы, жаманның ездігін түзейтін қарауылы болған. Жұртымды зорлыққа, жерімді жатқа жібермеймін деп жан алып, жан берген. Осындай өмір өткелінде аштыққа да ұрынып, қынадай қырылып, сүлдесі келер күнге бір күдік, бір үмітпен жетіп отырған. Әлсіреген шағында саясаттың саңылауынан сығалағандар жерімізді бөліске салды. Шекара белгілеп, бір атаның баласын екіге бөліп, менің де есем бар еді ғой, қайда дегенге қаратпай, естен тандырды. Киесі мол жер қуаты, бойдағы ешкім сарқи алмаған болат серпін Тәңірдің жебеуімен кінәсі де, күнәсі де жоқ қазақты қайта қатарға қосып отырғанын қарт тарих қапысыз айтады. Бұл сан рет қайталанған.

 

Сенбі, 7 сәуір 2012 7:59

Қазақ жері бүтін, көңілі түтіннен таза кезінде, шекара деген шермендесіз заманда кем жүрмей, кең жүріп еді. Жақсының сөзі жалауы, жаманның ездігін түзейтін қарауылы болған. Жұртымды зорлыққа, жерімді жатқа жібермеймін деп жан алып, жан берген. Осындай өмір өткелінде аштыққа да ұрынып, қынадай қырылып, сүлдесі келер күнге бір күдік, бір үмітпен жетіп отырған. Әлсіреген шағында саясаттың саңылауынан сығалағандар жерімізді бөліске салды. Шекара белгілеп, бір атаның баласын екіге бөліп, менің де есем бар еді ғой, қайда дегенге қаратпай, естен тандырды. Киесі мол жер қуаты, бойдағы ешкім сарқи алмаған болат серпін Тәңірдің жебеуімен кінәсі де, күнәсі де жоқ қазақты қайта қатарға қосып отырғанын қарт тарих қапысыз айтады. Бұл сан рет қайталанған.

Бірақ қазақтың сағын сындыра алмаған. Тағын талқандаймын деген қу ниет құрдымға кетіп, енді міне, тәуелсіз ел болдық. Ел болған тұста әлгі жер бөлісі кезінде сыртта қалған, тозақ оты жылтылдап, жылмыңдап ниет түкпірінде бұлар көбейіп кетсе көнбей жүре ме деп, қырғын салғанда босып кеткен қандастарды қол иініне тарту қолға алынды. Алыс-жақын шетелдерге барыс-келіс жанданды. Мемлекеттер арасына алтын көпір болған асыл азаматтармен таныс-білістік артты.

Біз өткен жылы сондай келісті де кемел, сенім артсаң көш басында жүрер жақсы мен жаманды айтқызбай білер, бір әулеттің емес, миллиард халықтың ішіндегі миллионның бас көтерері, ғалымдығы мен жазушы­лы­ғын телқоңырдай ұстаған, дара талант Жақып МЫРЗАХАНОВ бауырымызбен Қытайдың Шыңжаң өңіріне барған сапарымызда дидарласқан едік. Көпті көріп, көңілге түйгені мол, көңіл көзі ашық зиялы жанның өмір жолына барлай қарасаң, еңбегі кенелтер кендей қатпар-қатпар болып шықты.

– Жақып Бірлікұлы, «Заман өзгереді, онымен бірге біз де өзгереміз», деп ежелгі римдіктер айтқандай, өмір жолыңызға қарап отырсақ сан тарау. Бірақ алға қойған мақсатыңыз біреу. Ол – елге адал қызмет ету, ғасырлар қойнауында қатта­лып жатқан ұлттың рухани құнды­лық­тарын, өткені мен бүгінін көркем дүние­ге, тарихи еңбектерге арқау ету, жарық­қа шығару. Сол арқылы «Сен кімсің?» дегендерге асып-саспай тек тамырыңды тап басып айта алу, соған ұрпақты баулу, ешкімнен кем емес екеніңді дәйектеу. Бұл ұлтын қадір тұтқан адамның ғана қолынан келсе керек.

– Асыра мақтап жібердің бе, інім. Адам өмірге келген соң еліне, ұлтына қызмет етуі керек. Мұны адаспас үшін Абай бабам айтып кеткен. Тек тамыр дегенде бөліну немесе біреуді біреуден ажырату емес, тәр­биелік мәнге көңіл аудару. Адамзат өрке­ниетіндегі даму жолыңды анықтап, өзге ха­лықтармен қанаттас өсіп-өркендеу­іңді жү­йе­леу. Жақсыдан қалған тұяқ деп жатады атам қазақ. Соның растығына көз жеткізу. Мен осы жағына көңіл бөліп, ұлт тарихына зейін қойып жүрмін.

– Тегін жақсы білгеннен тексіз тумайды. Ұлтына адал, арлы болады. Адас­пайды дейсіз ғой.

– Әрине, қанша жерден көпшіл болған­мен, өзін жарылқамаған пенде өзгені қарық қылады дегенге мен өзім сенбеймін. Өмір жолы дегенде, мен де қазақтың бір қара­пайым баласымын. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік», деп ұлы Абай айтқандай, біраз өмір өткелдері артта қалды. Қазір жетпістің желкесінде тұрмыз. Жарда ойнаған лақтай бала кезді айтпағанда, біздің бозбала шақтың өзі де қилы кезеңдерге толы болды. Орта мектептен кейін Үрімжідегі Шыңжаң педаго­ги­калық институтының тарих-география фа­куль­тетінде оқып, жоғары білім алдым. 1959 жылы Қытай Ғылым академиясы Шың­­жаң бөлімшесінің тарих институтына ғылыми қызметке қабылдады. Бұл мекеме кейін Ұлттар институты болып құрылды. Институтта 1981 жылға дейін қызмет істедім.

Қоғам дамуында небір уақыттар болып жатады. Мен де соның біразын бастан кештім. Мамандығым бойынша тарих саласына ден қойып жүргенде Қытайда «стиль түзеу», «стиль дұрыстау» деген қозғалыс­тар басталып кетті. Тарихты зерттеу қиындады. Амал не, алға қойған мақсат, ойдағы міндет ойран болды. Қарап отыруға болмайды, Қытай археологтарымен бірге қызмет істеуге тура келді. Екінші жағынан, қазақ жеріне келген оларға аудармашылық жұмысты да атқардым. Білікті Қытай архео­логтары Іле өңіріне қарасты Монғол­кү­ре, Шатыда ежелгі Үйсін елінің қабір­леріне қазба жұмыстарын жүргізді.

– Не таптыңыздар?

– Ең құнды дүние деп алтын жүзікті айтуға болады. Қытай жолдастар әлгі жү­зікті біздің дәуірден бұрынғы ІІ-І ғасырлар­да дәуірлеп тұрған Үйсін мемлекетінің еншісі болу керек деді. Осы болжамды тиянақтау үшін олар жүзікті Бейжіңге жіберді. Абырой болғанда ол жақтан: «Бұл Үйсін елінікі», деген қорытынды келді. «Қараңғы» қазақтың арғы ата-бабасы алтын ұстағанын осылай дәйектедік. Бұл Қытайдағы бауырларды бір серпілтіп, көте­ріп-ақ тастады. Мен осы қуаныш кеудені кернегенде «Текес даласында» деген очерк жазып, «Шұғыла» журналына бастырдым. Сөйтіп, Іле өңіріне екі жылдан аса архео­логиялық зерттеу жасаған Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжы «Үйсін туралы зерттеу» деген кітап жазып шығарды. Ол еңбекті 1989 жылы сол кездегі жалындап тұрған жас зерттеуші, қазір Қазақ елінде қызмет етіп жатқан ғылым докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы қазақ тілінде жариялады.

Жоғарыда айтқан Ұлттану институты автономиялық, аудандық жерлерді мекен еткен халықтардың тарихын, этнологиясын, археологиясын, өзге де ғылым салаларын зерттейтін ғылым ордасы болатын. Жоғарыда айтқан «стиль түзеу» кейін «мәдени зор төңкеріске» ұласып кетті. Бұрынғы бұрынғы ма, ұлттық рухқа, та­рихқа мүлде жол жабылды. «Құран Кәрім­нен» бастап ауыз әдебиетінің інжу-мар­жандарын «төрт кене» деген пәлеге теңеп, оларды жапты. Бұл зобалаң талайдың тоз-тозын шығарып, тарыдай шашты. Тәңір жар болды ма, қармаққа ілінбей қалдық. Бізді қойшы, әлемде теңдесі жоқ десем, артық бола қоймас, ұлы реформашы Дэн Сяопиннің өзін әлденеше рет теңселтті қой. Ұлт тарихшысы болсам, халқымның жаратылысы кешелі беріден емес, арыда, ежелгі дәуірлерде жатыр. Соны зерттеп, жарияласам деген ниет көмескілене берген соң, әдебиет жасампаздығына құлаш сермедім. Көкейдегі піскен оқиғаларды қағазға түсі­ріп, жарыққа шығара бастадым. Жолашарым, «Жайлау гүлдері» деген әңгімемді 1962 жылы «Шұғыла» журналы басты. Іштегі бұрқасын 30-дан астам хикаяттар мен «Арман асуы» деген романға арқау болды. Бұл еңбектерім қытай тіліне шетінен аударылып жатты. Осы тұрғыдан келгенде, алып елдің тіліне алғаш аударылған қаламгер екенімді де айта кетсем деймін.

– «Арман асуында» деген сүбелі шығармаңыз Қытай қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман екен. Осы туындыңыз туралы ой бөліссек деп едік.

– Жұрт солай деп айтады. Алғашқы роман екені де рас. Маған дейін айтулы тұлғалар Нығмет Мыңжани «Тұрмыс тіл­шісі», Қажығұмар Шабданұлы «Бақыт жолында» деген повестер жазып, оқырман­дарға ұсынған. «Үш аймақ төңкерісі» деген болған. Соны «Арман асуына» арқау етіп, қилы кезеңдегі халықтың тірлік-тынысын көркем әдебиетте бейнеледім. 1979 жылы Үрімжідегі «Халық» баспасынан 11 мың таралыммен басылды. Әрине, бұл миллионнан аса оқырманға аздық етіп, әлденеше рет жарыққа шықты. Сыншылар қауымы да жоғары бағалады. Қытайдағы өзге ұлттар әдебиетіндегі тұңғыш роман деді. Басылымдар жарыса жазып, радиодан тараулары оқылып жатты. Әсіресе, Қытай ұлтының көрнекті әдебиет сыншылары ерекше бағалап, Бейжіңде, қытай тілінде миллион­даған оқырманға ұсынылды. Үлкен жиындарға шақырылдым. Қытай Жазушылар одағына қабылданып, аз ұлттар арасында роман бас жүлдені жеңіп алды.

– Қысым жойылып, қыспақ құрып, жыл құсындай ғылым көктемі, әдебиет көктемі келгенде жазылған, нақтылай түссек, 1979 жылы «Қазақтың тегі және ұлт болып қалыптасуы» деген баяныңыз туралы ел аузынан көп естіген едік.

– Ол кез жабырқаған көңіл жадырап, үміт оянған шақ еді ғой. Шұғылалы күндер шуақ шашқанда ұлтың туралы жар сал­ма­ғанда қашан үн көтермексің. Миллиард­тың ішіндегі миллионның тағдыр-талайын, салт-санасын Шыңжаң университетінде өт­­кен халықаралық ғылыми конференцияда «Ме­нің халқым осылай!» деп айтқаным рас. Бұл кейін көп санды саналатын ұйғыр, қытай тілдерінде кешікпей жарияланды. Сөйтіп, бар екенбіз ғой деген ой-сана бой тіктеді.

Қызмет баспалдағы да өсе бастады. Ұлт­тар институтының директорының ор­ын­­басарлығына жоғарылатылдым. Гумани­тар­лық ғылымдар бұрын Қытай Ғылым ака­демиясының құрамында болатын. «Мәде­ниет зор төңкерісінен» кейін ол екіге бө­лін­ді. Қоғамдық ғылымдар үшін арнайы академия құрылды. Ондай ғылым ордасы Шың­жаңда да шаңырақ көтерді.

– Ондай академияға жүктелген жүк те аз болмаған шығар.

– Әрине, әр істің алтын арқауы ғылым­да тиянақталмаса болмайды. Артынан шикілігі шығып, кейінгілер алаң болып жатса, абыройсыз қаласың. Біз қоғамдық ғылымдар бойынша сан салалы зерттеулер жүргіздік. Оның ішінде философия, тарих, тіл, әдебиет, дін, экономика, т.б. салалар бар. Ең бастысы, Қытай мемлекетін мекендеп жатқан 56 ұлттың арасында өз орны­мыздың бар екенін дәлелдеуге, айран ұрт­тап, қой құрттап жүрген біреу емес, арғы тарихы мыңдаған ғасырларда жатқан жұрт екенімізді дәйектеуге ұмтылдық. Акаде­мия­ның әр жылдарда аты өзгерген­мен, заты ғылымға негізделген. Менің 1959 жылдан бергі өмірім сол академиямен тікелей байланысты. Тарих институты ди­ректорының орынбасары болып жүргенде Шыңжаң басшылығы ҚХР Жоғары партия мектебіне жіберді. Бұл сенімге ие болған адамға ғана көрсетілетін құрмет еді. Оны жақсы бітіріп келген соң, ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясына вице-президент етіп таға­йын­дады. Жасым зейнеткерлікке толғанда, яғни 2001 жылы құрметті дема­лысқа шық­тым. Әл-аухатың барда ғылым мен әдебиет үшін зейнет жасы қай елде де жоқ болуы керек. Қайта бұл саланың адамдары үшін зей­нетке шығу жүгірісі көп қызметтен құты­луыңа септігін тигізіп ғана қоймай, бұрын атқара алмаған жұмыстарды табан аудармай тиянақтауыңа мүмкіндік береді екен. Қазір менің сондай күй кешіп жүрген жайым бар. Ойда жүрген мақ­саттың бірін орындасаң, екіншісі алдыңнан шығады. Ұлт­қа, жұртқа, ұрпаққа керек деп тарих туралы жата жастанып жазумен уақыт өткі­зу­демін. Себебі, тарих туралы зерттеп, зерде­ле­генімді шама-шарқым барда жазып кетсем, кейінгі жастарға мұра болар еді деймін.

– Сіздің басшылығыңызбен атқа­рыл­ған ғылыми зерттеулер, шығып жатқан іргелі еңбектер аз емес көрінеді. Сол туралы да айта кетсеңіз жөн болар еді.

– Қанша мықты болсаң да жалғыз адам көп іс тындыра қоюы қиын. Ұлтқа керек дегенде ұйымдассаң есең қайтады екен. Сая­си ауамыз тазарғаннан кейін тарихты қытай тарихымен салыстырып зерттейсің бе, әлем тарихымен ұштастырасың ба, ерік өзіңде болды. Тек сөзің ала-құла, ойың қырық шұбар, дерегің күмәнді, жазғаның жүйесіз болмаса жетіп жатыр. Осындай жақсы заман басқа бақ болып қонғанда 13 кітап шығардым. Оның 5-еуі көркем әдебиет. Қалғаны тарихи баяндар.

– Сонда бұл еңбектеріңізде ұлтымыз­ға қатысты қандай деректер қамтыл­ған?

– «Қазақ та адам баласы ғой», деп Абай айтқандай, «Қабанбай батыр туралы», «Са­балақ» дастанының тарихи астары», «Қа­зақ шежіресінің жиналуы және зерт­телуі», «Қазақ шежіресінің тарихи жазба деректермен байланысы», «Алаш қауымы», «Жібек жолының сахара мәдениеті да­муындағы рөлі» секілді зерттеулер бірін-бірі толық­тырып отырды. Ұлтқа деген ұм­тылыс, та­рих­қа деген құлшыныс қу жанды қуырдақ­ша қуырды. Ал «Қазақ ұлты» деген монография да сол кезде дүниеге келіп еді. Қазақ кім десе мен дейтін, тарихым міне, деп көрсететін бұл еңбек 1989 жылы Бейжіңде қытай тілінде басылды. 1990 жылы «Та­рихи-этнография­лық зерттеулер» деген жеке кітабым басылды. «Қазақ халқы және оның салт-дәстүрі» деген монография, «Қазақтар» атты тарихи-танымдық толғау жазылды. Бұған қоса «Абылай хан», «Күшілік хан» атты тарихи эсселер де осы жылдары жұрт қолына тиді. Қазақ халқы­ның қатпар-қатпар тарихын саралаған «Ғасырлар қойнауынан» деген топтама мақалалардан тұратын дүние де елдің көңілінен шықты. Бұл зерттеулер тек қазақ, қытай тілінде ғана емес, бірқатар шетелдерде де жарық көрді.

Ал енді жетекшілігіммен атқарылған іске келер болсам, Қытайдағы қазақ әде­биетінің тарихын қамтитын 4 томдық ең­бекті бірінші атар едім. Бұдан кейінгі ұжым­дық жұмыс «Қазақ тарихындағы әйгі­лі адамдар» деп аталады. Бұл 36 кітаптан тұрады. «Қазақ халқы тұрмыс-салтындағы қазіргі өзгерістер» деген ғылыми жоба бо­йынша да жұмыс істеп жатырмыз. Сол секілді «Ұлтымыздың даму мәселелері туралы толғамдар», «Шыңжаңдағы ұлттар­дың экономикасы мен мәдениеті», «Қазақ мәдениетінің айдыны», тағы басқа көлемді дүниелер бар. Мен осылардың ішінде ерекше бөліп айтатын бір өміршең еңбек «Жиыр­ма алты тарих» деп аталатын қытай жылнамаларынан қазақтың тегіне, тарихына, мәдениетіне қатысты деректерді ескі қытай тілінен қазақшаға тікелей аударып, шығара бастағанымыз дер едім. Бұл алғашқы кезде тарихтағы төңкеріс деп те бағаланды. Қытайдың көне иероглифінде жазылған қазаққа қатысты дүниелерді іріктеп алу бір жылдың, тіпті он жылдың да үлесіне сыймаса керек. Гоминданға дейін Қытайда 26 патшалық өткен. Алға­шында «26 тарих» деп алуымыз сондықтан. Кейін «Қытай тарихнамаларындағы қазақ­тар­ға қатысты деректер» деген атауға тоқ­тап, соны қалыптастырдық. 3600 жылдан бергі «26 тарихқа» қарап отырсаңыз, ежелгі жазбалардан біздің ата-бабаларымызға байланысты деректерді молынан кездестіресің. Тағдыр бізге қытай мен орыстың ортасынан орын берген екен. Ендеше, тарихымыз да осы елдермен байланысты дамуы заңдылық. Мен бір нәрсеге ерекше тәу етемін. Осындай алып империялардың ортасында болған қазақ жұрты жойылып кетпей, бүгінгідей еңселі күнге жетуі бір Жарылқаушының бар екенін көрсететін тәрізді. Ықыласы ауған құлына Алла осылай жақсылық жасаған шығар.

Негізгі айтпағым, «26 тарих» туралы еді ғой. 1995-1996 жылдары бұл іске бел ше­шіп кірістік. Арнайы үлкен жоба жасадық. Біздің бұл ұмтылысымызды өміршең жоба екен, халқымыз үшін қадірлі іс болды деп Өлкелік партия комитетінің хатшысы, заманнан озық туған текті азамат Жанәбіл Смағұлұлы бірден қолдады. Жобаны бекітіп, қаржыдан тарықтырмады. Бұлай болатын себебі де бар. Бір кездері орталыққа бағынған Қытай ғылым академиясы Шыңжаң бөлімі ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясы болып құрылғанын жоғарыда айтып өткенмін. Мұның бір жақсылығы сол, академия өлкеге қарады. Ақша мәселесін де тікелей өздері шешіп отырды. Біздің игілікті ісімізге осының септігі ерекше тиді.

– Бұл істі өзіңізбен қатар отырып іске асырған оқымыстылар да аз болмаған шығар?

– Дұрыс айтасың, «26 тарих» қамтыл­ған қытайдың иероглифінде жазылған дүниені оқу Күлтегінді оқудан кем болған жоқ. Оның үстіне өзімізге қажеттісін тауып сұрыптап алуда да өлшеусіз еңбек сіңіруге тура келді. Осындай жанкешті істі атқаруда Қаһарман Мұқанұлы, Әбділдабек Ақш­тай­ұлы, Кәкеш Қайыржанұлы, Самудин Әлға­зы­ұлы, Шадыман Ахметұлы секілді тарлан аудармашылар түн ұйқысын төрт бөлді. Сұрыптау ісінде Қаһарман мен Қытай ғалымы Шө Зұң ерекше тер төкті. Жұды­рықтай жұмылғанның нәтижесінде әр томы 40-50 баспа табақтан тұратын тарихи жә­дігердің алғашқы томы – 1998 жылы, екін­ші томы 2003 жылы, Бейжіңдегі «Ұлт­тар» баспасынан шықты. Қазірге дейін 3 томы жарық көрді, төртінші томы баспаға тапсырылды. Жұмыс жалғасын табуда. Қазірше біз 5-6 том деп отырмыз. Одан да көп болуы әбден мүмкін. Тек осы жұмысты ұлт үшін деп жалықпай жалғастыра берсек деген тілегімді білдіре кетсем деймін. Осы арада мына бір нәрсені де еске салар болсам, «26 тарих» 200 томнан тұрады. Бұған патша сарайында сақталған құпия шежі­релерді қосыңыз. Ұшан-теңіз дүние.

– Қазақ елі тарихшыларымен бай­ланыстарыңыз туралы не айта аласыз?

– Қазақ елімен байланысқа келсек, өзім 2002 жылғы Құрылтайға келіп қатыстым. Киелі Түркістанға түнеп, түгел жұртымды көрдім. Оның алдында Абайдың 150 жыл­дық мерейтойына келіп, «Абай және Қы­тайдағы қазақтардың әдебиеті» деген тақы­рыпта баяндама жасаған едім. Елбасының кемел сөзін естіп, жаным жадырады.

Тарихты зерттеу жағына келсек, Қытай­дағы қазақ ғалымдары Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын академик Манаш Қозыбаев басқарып отырғанда барыс-келісіміз жанды еді. Мәмбет Қойгелдінің тұсында да сол үрдіс жалғасты. Әсіресе, төрт құбыласын жақсы білетін жоғарыда айтқан екі ғалым «Қытай тарихнамаларындағы қазақтарға қатысты деректерге» ерекше көңіл аударып еді. Шығаруға ниет те танытқан. Үш жақты келісім-шартқа да отырғанбыз. Бірінші томы 2006 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрді. Қалған томдарын кириллицаға түсіріп дайындап отырмыз. Жалпы, «26 тарих» болашақта атажұртымызда жарық көреді деген сенімдемін. Дегенмен, жақсы түсініскен азаматтардан кейінгі жерде бұл іс сәл тоқтап тұрған тәрізді. Кейбір бас­шылықта отырған бауырларымызбен аудармашы арқылы сөйлесетін де кездер болып жатады. «Елдестірмек – елшіден», деп Қазақ елінің Қытай мемлекетіндегі Төтен­ше және өкілетті елшісі болған Жәнібек Кәрібжанов көп өнегелі іс атқарды. Біздің Қазақстанмен берік қатынасымызға да септігі тиді. Сол азаматтың тапсырысымен «Ежелгі үйсін елі» деген кітап 2005 жылы Үрімжіде кириллица әрпімен басылып шығып, атажұртымызға жеткізілді. Кітапта қамтылған тарихи деректердің қытайша мәтіні де қоса берілді. Кезінде елші мырза «26 тарихтың» Қазақстанда жариялануына да ықылас танытқанын айта кетсем деймін.

Қазақстан Мемлекетінің басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев 1998 жылды «Тарих жылы» деп жариялағаны мәлім. Соған орай, Алматыда өткен халықаралық конфере­н­ция­ға Шыңжаң университетінің профессоры Су Бихай екеуміз қатысып, қазақ тарихында өз орны бар Түргеш қағанаты жөнін­де баяндама жасадық. Әсіресе, біз қазақ тарихының Қытайда зерттелуіне жете мән бердік. Қазіргі бар тірлігім өмір бойы зерттеген қазақ тарихы туралы еңбектерді, Қытайдың ежелгі жазуында көрсетілген Отанымыз туралы деректерді өзімізде ғана жариялап қоймай, ата-бабамыздың алтын мекені, ұйыт­қ­ысы болып отырған қазақ топы­ра­ғын­да жариялап, тамырын сол жерде жай­ғызып, ұлт тарихының мәуелі бір бәйте­регін тұрғызсам деген асыл арман жатсам да, тұрсам да ойдан еш кетпейді.

Әңгімелескен  МӘМЕТ,

ҚХР,

Үрімжі қаласы.