12 Сәуір, 2012

Мені қазақтар «Сары қыз» деп еркелетеді – дейді «Астана» арнасының тележүргізушісі Оксана Лоскутова

483 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мені қазақтар «Сары қыз» деп еркелетеді – дейді «Астана» арнасының тележүргізушісі Оксана Лоскутова

Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:43

– Оксана, ал­дағы 27 сәуірде Елбасы, Қа­зақ­стан халқы Ас­самблея­сының Төрағасы Нұр­сұлтан Назар­баев­тың  қаты­суы­мен ҚХА-ның кезекті сессиясы өтеді деп жоспарланған. Осы маңызы жоғары шара қарсаңында өзің­мен әңгімелесудің сәті түсіпті. Сұхба­ты­мызды мына мәселеден бастасақ. Әр адам өзінің ата-ана­сының алдында мәңгі қарыздар. Яғни, әуелі сол ұшқан ұяң, отба­сың­ туралы айтып өтсең.

 

Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:43

– Оксана, ал­дағы 27 сәуірде Елбасы, Қа­зақ­стан халқы Ас­самблея­сының Төрағасы Нұр­сұлтан Назар­баев­тың  қаты­суы­мен ҚХА-ның кезекті сессиясы өтеді деп жоспарланған. Осы маңызы жоғары шара қарсаңында өзің­мен әңгімелесудің сәті түсіпті. Сұхба­ты­мызды мына мәселеден бастасақ. Әр адам өзінің ата-ана­сының алдында мәңгі қарыздар. Яғни, әуелі сол ұшқан ұяң, отба­сың­ туралы айтып өтсең.

– Өз басым ес білгелі ең алдымен, анам үшін не істеймін, қандай қуаныш сый­ла­ғанда перзенттік парызымды өтей аламын деген оймен есейдім. Өйткені, жан анам төрт баланы жалғыз өзі мәпелеп өсір­ді. Отбасында екі ұл, екі қызбыз. Бүгінде олардың бәрі үйлі-баранды, өмірден өз орындарын тапқан. Әкеміз ертеректе көз жұмған. Сол себепті тіршіліктің бүкіл тау­қыметі анамның жалғыз өзіне түскен еді. Бірақ ол бізге қиындықты көрсетпеуге тырысып бақты. Өте кеңпейіл, ақ-жарқын, ай-шай демей шындықты бетке айтатын турашыл адам. Осы жағынан мінезім анама тарт­қан. Шешемнің аты-жөні – Гүлжа­мал Құ­дай­бергенова. Ұзақ жылдар байланыс саласында жұмыс істеді.

– Ата-анаң қазақша сөйлеуші ме еді?

– Анам – қазақ, бірақ Оралда қалың орыс­тың ортасында өскендіктің әсері шы­ғар, орыс ұлтының азаматымен тағ­дыр жарастырған. Бәрімізді ер жет­кіз­ген соң екінші мәрте тұрмысқа шықты. Қазақ азаматына. Ал өзі қазақша-орысша бірдей сөйлейді. Бүгінде Ақтөбе облысында тұрып жатыр.

– Қазақшаны жатық меңгергеніңе қарағанда, қазақ мектебінде оқыған шығарсың?

– Жоқ, Павлодар қаласындағы №11 орыс мектебін тәмамдадым.

– Қазақ тілін қанша жасыңнан бас­тап меңгердің?

– Тілді жүз пайыз меңгеру мүмкін емес. Сондықтан осы жолда әлі көп тер төгуіме тура келеді. Ал енді бір кісідей ойымды қазақша жақсы жеткіземін. Тілді университет қабырға­сын­да оқып жүргенде үйрендім.

– Тілді үйрену үшін адамға ең алдымен не керек?

– Ынта-жігер, күш-қайрат керек. Мектепте соңғы емтиханды тапсырғанша қай оқу орнына түсетінімді шешкен жоқпын. Алғашында әскери оқуға барғым келді. Ағылшын не қазақ тілін үйренсем деген ой да санамды билеп алды. Ақыры, міне, мем­лекеттік тілдің құдіреті мықтырақ екен. Мектепті аяқтай сала Ақтөбеге орал­дым. Қ.Жұбанов атындағы педаго­ги­к­а­лық уни­вер­ситеттің қазақ тілі мен әдебиеті факуль­тетіне түстім. Сынақ тапсырарда екі сөздің басын қоса алмайтынмын. Бірақ адам алдына бір мақсат қойса, соған мін­детті түрде қол жеткізуге барынша тырысып бақса, алынбайтын қамал жоқ деп ойлаймын. Уни­верситеттің бі­рін­ші курсында жергі­лік­ті телеарнаның жас буынға ар­налған ойын-сауық бағ­дар­ламасын жүр­гізген болатынмын. Бір күні «Рика ТВ» телеарнасында тілшілер курсы ашылғанын естідім. Сонда бір айдай жүргенімде бұл маман­дық­тың жаныма етене жақын екенін сез­дім. Бір қызығы, екі тілде бірдей жазатынмын. Телеарна басшылығы мені диктор болуға шақыр­ды. Алайда, менің мақ­сатым бұл емес еді, арманым көрген-біл­генімді өзім жазып, өзім халыққа жеткіз­сем дей­тін­мін. Бірақ та сол мақсатқа жету үшін әйтеуір бір нәрседен бастау керек екенін түсіндім. Келістім. Күндіз дәріс бер­дім. Кешке ха­лық­қа хабар тараттым. Бірде Астанадан қоңырау шалды. Мені ел­ордаға жұмысқа шақырып жатыр. Біреу­лер жай әзілдеп тұрған шығар деп ойладым. Тек, әуежай кассасына келіп, ұшақ билетін көрген кезде ғана шын екеніне көзім жетті.

– Қазақ тележурналистикасына келуі­ңе не себеп болды?

– Міне, дәл осы сәттің журна­лис­ти­каға толық келуіме себеп болғаны рас. Қазір мұнымен өмірім егіз. «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар, қалан» деп Абай айтқандай, онсыз келешегімді елестете алмадым. Бірнеше рет жұмы­сым­ды ауыстыр­мақ болдым. Бірақ, жеме-жемге кел­генде тайқып шыға келетінмін. Өйт­кені, маған «Астана» телеарнасы тым ыстық.

– Ұстаздарың есіңде ме? Қазақ тілі­нен кімдер сабақ берді?

– Мектепте қазақ тілінен Жанна Ай­дар­ханқызы сабақ берді. Өте қатал мұға­лім еді. Сабақ үстінде мәтінді жаттап айтып беруге тиіс болатынбыз. Мен лезде қағып алатынмын. Бір-екі оқығаннан жадымда сақталатын. Анам маған жазуды бес жасымда оқытқан. Осы апайымыз мені үнемі тақтаға шығарады. Бірде қы­зық оқиға болды. Мектепте оқып жүр­ген­де орыс, қазақ деп балалар бөлінбейтін. Қазақ тілінен тест тапсырдық. Сонда ең бірінші сұрақта: «Ұлтың кім?» деп тұр. Мен ойланбастан «қазақ» деп белгіледім. Қа­сымда отырған құрбым Мира Аменова маған аңтарыла қарап: «Сен дұрыс жауап берген жоқсың» дейді. «Неге?» деймін мен. Ол: «Сенің ұлтың орыс емес пе?» дейді. Сонда ғана мен Мирамен өзімді салыстыра келе олардан түр-түсімнің бөлек екенін байқаппын дегенге сенесіз бе? Міне, осыдан бастап, ұлтыма мән бере бастадым. Қазір осыған күлкім келе­ді. Балалық шағың бақытты кезің ғой. Олар: «Ұлтың кім, түрің неге бөтен?» деп бір-бірін алаламайды. Жұмыстағылар менің жаным­ның қазақ екеніне шүбә келтір­мей­ді. Рас, жаңадан келген адамдар кейде қай тілде ойлайсыз деген сияқты сұрақты көлденең тартып жатады. Мысалы, орысша хабарды қазақ жүргізіп отырса, жұрт таңғалмайды да, ал орыс қазақша сөйле­генде неге бас­қаша болуы керек. Таңыр­қау­дың уақыты өтіп кетті. Енді маған жұрттың қазақша сөйлей білетін орыс дегеннен гөрі жақсы жүргізуші ретінде қа­был­дап-бағалауы қым­батырақ.

– Қазақтың ақын-жазушыларынан кімдерді оқыдың, әсіресе, олардың қан­­дай шығармаларын жаныңа жа­қын тұтасың?

– Шоқан Уәлиханов шығармаларына сүйіспеншілігім ерекше. Сондықтан болса керек, география пәнінен тек бестік деген баға алатынмын. Пушкинді жата-жастана оқыдым. Лермонтовқа жақындай түсіп едім, көз алдыма Уәлиханов бейнесі келді. Екеуі бір-біріне ұқсайтын сияқты. Келбет­ті, мұртты, тіпті, погондарына де­йін. Менің бір кезде әскери адам болуды армандауыма сірә осындай жәйттер әсер етпеді ме екен? Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасына еніп кеттім. Мектепте оқыдым, университетте шүйліге түс­кен шығармам. Кітапхана­дан сұрап алып кетіп оқи­тын­мын. Мысалы, сөйлемдерді талдауға пайдаланатынмын. Морфологиялық талдау десе ішкен асымды жерге қоюға бар едім. Поэманы оқыған соң Көкшетаудың өзін көруді армандадым. Оны көргенде ғажа­йып табиғаттың сұлу­лығын жырлаған ақынға деген құрметім еселене түсті. Тахауи Ахтановтың «Қаһар­лы күндер», «Боран», «Әке мен бала» «Ант», «Шырағың сөнбесін» шығарма­ла­ры ғажап емес пе! Әсіресе, маған соңғысы жақынырақ. Әлі есімде, алғаш оқығанда түк түсінбедім. Heгe «Шырағың сөнбесін» дегенін уақыт өте келе ұқтым. Көп балам болса екен деген арман пайда болды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» білмейтін қазақ баласы жоқтың қасы. Француздың әдебиет сыншысы Жан Монтальбетти сөзімен айтсақ, Нұрпе­йісов «Өмірдегі әділетсіздікке қарсылық білдір­ген қаламгер». Жаңалықты қару еткен жур­налистер жазушы секілді өмір шын­дығына қарсылық білдіруге тырысады. Өмір шындығын жеткізумен әлек, өкі­нішке орай ол көп ретте іске аспай жатады. Келешекте мен де өз алдына бір арна ашсам деп қиялға ерік беретін кезім бо­лады. Тым болмаса тәуір бір бағдар­ламам болса да үлкен жетістік санар едім.

– Қазақша әндер тыңдайсың ба? Көңіліңе халық әндері жақын ба, әлде қазіргі заманғы композиторлардың ән­дері ме?

– Әттең, ән салар едім, бірақ дауысты құдай бермеген. Негізі, екі продюсерден ұсы­­ныс түскен болатын. «Дауысыңды бай­қап көрейік» деді. Түк шықпады. Өзім да­уысы зор әншілерді ұнатамын. Қазір дауысы да, бет-әлпеттері де бір-бірінен ау­майтын ән­ші­лер қаптап кетті. Маған олар ренжі­ме­сін, бірақ шындықты айту парыз. Алайда, үйде оңаша қалғанда әуелетіп бір жіберетінім жоқ емес. Халық әндері қат­ты ұнайды. «МузАРТ» тобын сүйіп тың­дай­мын. Компьютерім мен телефонымда әндері көп жазылған. «Домино» да ұнайды. Жас­тық­тың лебі есіп тұратын болғандықтан шығар. Лананың скрипка құ­лағында ойнайтынына қайран қаламын. Айта берсем, қазіргі сахна­мыздағы барлық әншілерді тізіп шығамын. Тағы бір есімі ерекше жұлды­зы­мыз Роза Рымбаева апа­мыз­­дың әндерін есті­ген­де, езіліп кете жаздаймын. Дауысы жа­ным­ның пернелерін дөп басады.

– Қызметте, достарыңның ортасында көбіне қай тілде сөйлесесіңдер?

– Бұрышқа тірелген жерім осы. Қыз­мет­те қазақ тілінде сөйлейміз, әрине. Өйткені, мен араласатын адамдар қазақы орта. Қазір мен кейде орыс тілінде ойымды жеткізе алмай қалып жатамын. Ұят екенін білемін. Күлмеңіздер, рас! Жақын араласатын құ­р­бы­ларымның арасында орыс­тың да, қазақ­тың да қыздары бар. Негізінен олардың бәрі орыстілділерге жатады. Өз тіліңді ұмы­т­пауың керек деген түйсік санамның түбінде қашанда мені ана тіліме қарай осылай тартады. Сол себепті жұмыста қазақша қарым-қатынас жасаймын, үйде орыс тілін­де әңгі­ме-дүкен құрамыз.

– Қаладағы көптеген ресми жиындар, түрлі шаралар әлі де болса көбіне орыс тілінде өтіп жататыны белгілі. Бұл, әсіресе, қазақ тілді журналистердің жұмысына көп қиындық туғызатыны рас. Қазақ телеарнасының тілшісі осын­дай қиындықтардан қалай жол тауып шығады?

– Иә, біздің қазақтарға «басқалар тү­сін­бесе қойсын, ал мен қазақ тілінде сөйлей­мін» деген батылдық жетіңкірей бермейді. Қазір ондай ұлтжанды азаматтар аз емес, құдайға шүкір, жеткілікті. Бірақ, қазақ тілінде сөйлеймін деп ойласа да, іс жүзінде оны орындауға келгенде қиын­дықтарға тап болады. Өйткені, тіл жет­пей­ді. Терминдер орыс тілінде, технология тілі де әлі сол бәз-баяғы. Сондықтан көп ренжи қой­май­мын десем, жаңсақ болар еді. Соңғы кез­дері «тілшілердің тілі бұзы­лып барады» деген сын-ескертпелер айтылып қалып жүр. Менің бетіме айтқан ешкім жоқ, бірақ жалпы БАҚ туралы айтылған ойларды оқығанда осындай пі­кірлер ал­дың­нан шы­ғып қалады. Ал, біз­дің тіліміз­ге көңілі толмайтын аға-апа­ларымызға «түсіністік­пен қараңыз­дар» дегеннен басқа айтарым жоқ.

– Өзінің ана тіліне шорқақ жастар көп. Олардың бетін қазақшаға бұру үшін не істеу керек деп ойлайсың?

– Бұл қиын сұрақ. Тағы да адамның санасына, ұлтжандылығына келіп тіреле­ді. Дегенмен, өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, қазір қазақ тілінде сөй­лей­тін жастар баршылық. Мүмкін, ауылдан қалаға арман қуып келген жастардың көбеюі үлесінен де болуы ықтимал. Бі­рақ, тепсе темір үзетін жігіттердің ауыр жұ­мыс істеп жүргенін көргенде жүрегің қан жылайды. Қолдан келер шара бол­маған соң іштен тынып қала бересің. Өйт­кені, бүгін­де оқудың бағасы удай қым­бат. Қазақстан – кең байтақ, жерасты қазбаларына бай деп мақтанғанымызбен, ал білімге келгенде тығырыққа тірелеміз. Мүлдем ақысыз болсын демесек те, жұрт­қа қолжетімді болса дейміз ғой баяғы. Тіпті, ақылы мектептер деген пайда болды. Олай болса, қа­лай нан тауып жеудің қамында жүрген жастардан тіл тағдырын қалай талап етесің?

– Қазақша білген адамның қандай артықшылықтары бар?

– Ең алдымен, айтарым, «Адамның хайуанаттан артықшылығы – тілі». «Сұ­рау­мен Меккеге де барасың» дегендей, қы­зыл тілмен жетесің дегеніңе. Өзге ұлттың тілін білсең, аудармамен де нан тауып жеуге болады. Қазір не көп, тіл ор­талықтары, аударма жасаймыз деген мекемелер де толып жатыр. Бұл жерде мә­селе адамның қабіле­тінде, адал еңбек етуінде. Ал нақты қазақ тілі туралы айтатын болсақ, қазақша білген адамның ар­тық­шылығы дегенді естімеппін. Өз өмі­рім­нен мысал келтір­сем, «сен, қазақ­ша біледі екенсің» деп басына көтеріп жат­қан ешкім жоқ. Бірақ, әркім өз «пиарын» ойлайтынын ескерсек, осы телеарнаға сол кездегі басшылар қа­зақ­ша сөйлейтін орыс қызы керек бол­ған­дықтан шақырған шы­ғар, ал бүгінгі бас­шы­лық маған орыс қызы деп емес, ісін бі­летін маман ретінде қарай­ды деп ойлаймын. Өйткені, ақпарат таң­дауда, оларды өңдеп, эфирге шығаруда азуымыз қатайды.

– Қазақ журналистикасында жұмыс істеу қиын соғып жүрген жоқ па?

– О не дегеніңіз?! Бұл мен үшін қым­бат кәсіп. Өйткені, әр күні жаңа бір нәр­се­ні үйренесің, сөздік қорың жаңа бір ұғым­мен толығады. Түйіп айтқанда, мен, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүр­мін. Алғашында эфирге шыққанда кәдім­гі­дей қобалжитынмын, ал қазір өзімді еркін сезінемін. Ал, мәтін жазу тіптен ұнайды. Халықтың миын ауыр сөздермен шаршатпай, түсінікті тілмен жеңіл жаз­ғым келеді. Бас кезінде сөзім жетпей қи­на­латынмын, бірте-бірте бұл белесті де бағындырып келемін. Мысалы, Мұқаға­ли­дың мына бір өлеңіне қараңызшы.

Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда

Құлшылық етемін тұрғанға,

Құлшылық етемін құмдарға,

Тағзым жасаймын қырларға!

Шүкірлік етемін қашан да

Осы бір Отанда тұрғанға!

– «Астана» телеарнасының басқа арналардан айырмашылығы неде?

– Осыған толығырақ тоқтала кеткім ке­леді. Нақты осы арнада тұрақталуым­ның бірден бір себебі біздің тележүр­гізу­ші­лері­міз тек қана дикторлықпен шектел­мей­ді. Біз таңертең жұмысқа келісімен та­қырып іздейміз, таңдаймыз, тілшілерді жан-жаққа жіберіп, хабар жинаймыз. Ке­йін, сол мәтін­дерді тексеріп, тақырып ті­зі­мін жасаймыз. Кейін мәтіндерді бірік­тіріп, күні бойы жиған-тергенімізбен эфир­ге шы­ға­мыз. Басқа арнаға бармайтын себе­бім, мен жай жүргізуші болып қана қала алмаймын.

– «Астана» телеарнасы қазақ тілін­де қанша сағат хабар таратады?

– Жалпы 19 сағат екенін білемін. Бірақ, басқа арналар сияқты 50 де 50-ге жеткізуге тырысамыз. Өйткені, дубляж-аудару қызметі жағынан мықтымыз.

– Өзге ұлт өкілдері арасында балаларын қазақ балабақшаларына, мек­теп­­теріне беріп жатқан ата-аналар кездеседі. Осы балалардың келешегін көз алдыңа қалай елестетесің?

– Қазақстанмен болашағын байланыс­тыратын адамның бәрі қазақ тілін білуі керек. Өйткені, біз – қазақстан­дық­тар­мыз. Түбірі – қазақ. Ол ойдан шыға­рыл­ған сөз емес қой. Біз орыс, ағылшын, я қытай тілін­де сөйлеп жүрсек, өзге ұлттар кім екені­міз­ді қайдан біледі? Және кеші­ріңіздер, сенің тіліңнің басқа ұлтқа қажеті қанша? Әдейі, қатты айтып отырмын. Қазақ әлі де толық ояна қойған жоқ. Кезінде, Міржақып Дулатов сияқты аталарымыз оятуға тырысып баққан. Мейлі, қай ұлт өкілі болсын, бастысы, ол өзін мен қазақстандықпын деп се­зінуі керек. Сондай адамдар әр мекемеде отырса, жағ­дай дұрысталады. Иә, мемле­кет­тік тілдің кенжелеп қалғаны өкінтеді. Бі­рақ, ол уақыт еншісінде деп ойлаймын. Қа­зір­дің өзінде тіл үйренуге барынша қолдау жасалып жатыр, бірнеше жылдан кейін қазақша сөйлейтін қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де көбейеді деп сенемін.

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.