17 Сәуір, 2012

Виктория РУКС: “Қазақтай дарқан халық әлемде сирек”

313 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Виктория РУКС: “Қазақтай дарқан халық әлемде сирек”

Сейсенбі, 17 сәуір 2012 7:44

Алдын ала хабарласқанбыз. Есікті әлі де кә­рілікке онша­лық­ты бой алдыра қоймаған кейуана ашты. Вик­тория Рукс. Әкесі де, шешесі де неміс жұрағатынан. Тарихи отанына баруын барған. Бірақ, қайтып келген. Германия кәрі Еуропа елдерінің ішінде озығы саналады. Грекия сияқты дағдарысқа ұшырап, халқы көшеге шы­ғып кеткен ел емес, ауқатты мемлекет. Дү­ние жүзіне тарыдай шашыл­ған қандас­тарын туған жер төріне тартқан дүние жү­зінде үш мемлекет болса, соның бірегейі – осы Германия.

 

Сейсенбі, 17 сәуір 2012 7:44

Алдын ала хабарласқанбыз. Есікті әлі де кә­рілікке онша­лық­ты бой алдыра қоймаған кейуана ашты. Вик­тория Рукс. Әкесі де, шешесі де неміс жұрағатынан. Тарихи отанына баруын барған. Бірақ, қайтып келген. Германия кәрі Еуропа елдерінің ішінде озығы саналады. Грекия сияқты дағдарысқа ұшырап, халқы көшеге шы­ғып кеткен ел емес, ауқатты мемлекет. Дү­ние жүзіне тарыдай шашыл­ған қандас­тарын туған жер төріне тартқан дүние жү­зінде үш мемлекет болса, соның бірегейі – осы Германия.

Ал Ресейде кіндік қаны тамған, Қазақ­станда өсіп-өнген кейіпкерімізге, сондағы қазақтардың тілімен айтсақ, Алмания неге жақпай қалды?! Неге екенін білмеймін, түрі еуропалық демесеңіз, осы фрау Виктория неміске емес, ешкімді жатсынбайтын қазақ Бибатима шешейге көбірек ұқсайтындай.

Сол жылдардағы тарих бір сәтке бірін-бірі қайталайтындай көрінгенімен, әрбір адамның өмірі – арнасы бөлек өзен. Екін­ші дүниежүзілік соғыс өрті тұтан­ған­да, ресейлік немістер сол асау өзенге ескексіз қайыққа мінгендей көрінеді.

Виктория қарапайым неміс отбасының шаңырағында Саратов маңында дүниеге келіпті. Кейіннен отбасы Мәскеу түбін­дегі Подольск қаласына көшіп барады. Әкесі – автомеханик. Табыс жетеді. Кем­дік көретіндей жағдай жоқ еді. 1941 жылы Ресей жеріне неміс армиясы кірді. Ресейлік немістердің Коммунистік партия серкелеріне сенімсіздеу көрінгені осы тұс. 1941 жылғы 12 қазанда кеңес неміс­терін топырлатып айдап, мал таситын эшелондарға тоғытқанда, Виктория әлі он екі жасқа толмаған өскін екен. Жолай немістің жойғыш ұшақтары зәре-құтың­ды қашыра жер бауырлап келіп оқ себе­лейді. Бомбалаушы ұшақтары аспаннан ауыр бомбалар тастайды. Жағалай өрт, қираған ғимарат, қанды қасапқа түсіп, зарлаған халық. Виктория бала болса да байқаған. Бомбалаушы ұшақтар да, масадай ызыңдап келіп оқ құсып кететін жойғыштары да немістер тиелген эшелонды жанап өтеді. Атпайды.

Виктория апай: “Немістерді әкеле жат­қанын барлаушылары айтқан-ау, әйтпе­се, жер төңкерілген апаттан ұбақ-шұбақ пойыз­дың аман қалуы мүмкін емес еді”, дейді.

Эшелонның қазақ даласына кіргенін біледі. Қойдай қуалап қуып түсіргенін бі­леді. Сақылдаған сары аязда арбамен жол­сыз­да салдыратып тартып келе жат­қан­дарын біледі. Жол бастаушы бұрын көрме­ген ұлт өкілі, малма тұмақ киген қазақ.

Рукстар отбасының Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Тыңғылықты ауылына келу тарихи осылай өрілген. Меңіреу дала. Айналада көз тоқтатар бір белес жоқ. Шағын ауыл. Бұларға еңбеккүн жа­зыл­мады. Бұған колхоз төрағасы Жұма­жан Шәкіровтің ешқандай қатысы жоқ еді. Жоғарыдан нұсқау солай. Колхоз жұ­мысын мұрнынан қан кеткенше істет, бірақ күндік нормасынан бөлек ештеңе татырма.

Комендатура кірпік қақпай қадаға­лай­ды. Басқа-басқа, көрші колхозға ісің түссе бару үшін арнайы рұқсат алуың керек. Әке-шеше түгілі, бала-шаға да аңдуда жүргендей, өздерін халық жауындай сезінеді. Күні кешеге дейін бауырына тартып келген өкімет енді неге бұлардан сырт айналды? Виктория түсінбейді. Ал Жұмажан басқарма түсінеді.

“Егер адамдар тамақ жемесе, жұ­мысты қалай істейді. Жоспарды қалай орындаймыз?”, дейтін. Кейде оңашалау қалған кезде теріс қарап тұрып: “Қызым, бидайдан көзге түспейтіндей етіп түйіп ал, қарындарың ашпасын”, дер еді. Сондай жақсы адамдарды көрді Виктория. Ауыр диірмен тасын айналдырып, ұңғысына бидай салып, ұн тартты. Көрші Сүлеймен ата, Рақымберді аға жағдайларын біліп тұрды. Кимешек киген қазақ әйелдері әлі де көз алдында. Табаға піскен иісі бұрқыраған күрең нан. Қарынға салған тәтті сары май. Қазақтар көршілеріне өз бала-шағасының аузынан жырып берер еді.

Виктория апай қазақша жатық сөй­лейді. Сол таба нанға сары май жағып жеген күндерін еске алып, жылы жымияды. Даланың еркін халқының ақ пейіліне сүйсінеді. Олардың бәрі бірдей жақсы емес екен. Дөкірлері де, ұрда-жықтары да болыпты.

Бригадир Әліні әлі ұмытпайды. Қо­лында бишік. «Атаңа нәлет, фашист», деп боқтайтын. Оң қолының сұқ саусағының жоқтығы да есінде. Майданнан солай жараланып қайтыпты. Біреулер соғысқа бармау үшін өз саусағын атқан дейді. Кім білсін. Бірақ, Әлі үйірген бишіктің жыландай ыс­қырған таспасы талай рет жон арқаларында ойнағанын қалай ұмытсын.

Виктория Рукстің қазақ келіні болмай қалғанына да сұм соғыс кінәлі. Сөз байласқан жігіті Сұлтан Қайырбеков майданнан қайтпай қалды. Бола алмай қалған енесі, Сұлтанның анасы мұны көргенде көзіне жас алатын. Бұры­мы­нан сыйпайтын. Үйіне шақыратын. Соғыстан еркектер қайта бастады. Көбі жарымжан. Өмірге ызалы. Ағасы да еңбек майданынан оралған. Аяғын баса алмайды. Коми АССР-інде торфта то­лар­сағынан кешіп жүріп жұмыс жаса­ған. Сүйегіне ілініп жетті. Көктемге ілікпей дүниеден өтті.

Рукстер отбасы өмір сүруге жеңілдеу ғой деп қалаға көшкен. Орыс жігітіне тұрмысқа шықты. Екі ұл, бір қызға ана болды. 60-жылдардың басында Ақ­мо­ла­дан Шымкентке көшкен. Шымкент қат­ты таңқалдырған молшылығымен. Көк­өніс, жеміс-жидек дегеніңіз су тегін. Ақ­мо­лада келілеп алып жүрген жеміс баға­сына мұнда шелектеп алуға болады екен. Күйеуі фосфор зауытына жұмысқа тұр­ған. Кейін аурулы болды. Дүниеден өтті. 1990 жылдардың аяғында Қазақстанда анау айтарлықтай жағдай болмады. Тәуел­­­сіздігін алған жас мемлекеттің алдында сан бұралаң жол жатты. Жұрт жоқшылық қамытын киді. Сенде­ліс. Қызы айтқан: “Германияда жағдай жақсы екен. Неміс­терді тарихи отанына шақы­рып жатыр. Бізге жаныңыз ашыса, сонда көшейік”, деп.

Үлкен ұл Ресейде. Кіші ұл Шымкенттен аттап шықпайтындығын айтты. Аяғы тартпаса да қызы мен немерелерінің қамы үшін Германияға аттанған. Кеңес Одағы осындағы немістерге сенімсіздік білдір­генде лагерьде ұстап еді. Мұнда да солай екен. Азаматтық алу үшін тіл үйренуі керек. Тілі сынбай-ақ қойғаны.

Кейін қызын балаларымен бөлек шығарды. Бұған шағын жай тиген. Ол жақта жүріп қорланғаны – өз баласы мен немерелерін үйіне шақыра алмай­тын­дығы. Заңы солай екен. Әлеуметтік көмек алып отырған адам қалай қонақ шақ­ы­рады. Рұқсат етпейді. Таныстарымен сөй­лесу де мұң. Термин деген пәлесі бар. Бар уақыт есептеулі. Неміс деген халқыңыз сыртта қоқырайып жүретіндігі болмаса, өз үйіне де ұйықтауға келетіндей сыңай­лы. Су есеп. Электр есеп. Көгілдір отын есеп. Ваннаға да еркін кіре алмайсың. Үйде тамақ жасағаннан көшедегі кафеден іше салған арзандау түседі. Қонақ қабылдамайды десе де болады. Осының бәрін көрді. Жүрегі ауырды. Келгеніне налыды. Шымкентте жүргенде буын-буыны ауырмайтын сияқты еді. Сондай кесел жабысқан. Дәрігерге көрінген. Сізге “Д” витамині керек дейді. Ал ол күн көзінде көбірек болады екен.

Германия – әлемдегі медицинасы мық­ты мемлекеттердің бірі. Ақшаң болса, барлық еміңді аласың. Ал әлеуметтік көмек алатындардың қолы қымбат дәрі­лерге жете бермейді екен. Бір күні ем­деу­ші дәрігері айтқан: «Сіздің қымбат дәрі алуға жағ­дайы­ңыз келмейді. Ал оны алу­ға кеңес бер­генім үшін қызметімнен төмендетуі мүмкін. Өйт­кені, мемлекет қалтасына түсетін салмақ”, деп қынжы­лып тұрып осылай деген.

Бір сөзбен айтқанда, сіз маған пәле болдыңыз дегендік қой. Сондағы жаман құлазығаны-ай. Қызына телефон шалды. “Мен мынау суық мемлекеттен шаршадым. Қазақстанға, қазағыма қайтамын”, деген. Қызы да қайтуға кетәрі емес, бірақ балаларын қимайды. Шымкенттегі ұлмен сөйлесіп еді, келіні екеуі құшақ жая қарсы алатындықтарын айтқан. Осылайша, 2010 жылы Қазақстанға қайтқан.

Германияда он жылдан астам тұрыпты. Жерсінбеді. Қоғам суық, жастар жат. Cырттан келгендерді, мейлі ол неміс жұрағаты болсын, жақтыра бермейді. “Кет” дегенді ашық айтады.

– Қазақ деген ғажап халық қой, – дейді апай. – Кішіпейіл. Қонақжай. Еш­кімге зәбір бермейді. Тек өзіңнің ниетің таза болсын.

Рукс қария теледидардан жаңалық­тарды көруді ұнатады. – Президент Нұр­сұлтан Назарбаевты металлург кезінен білемін. Жұмысшыдан өскен азамат елдің қадірін біледі. Біздің Қазақстанды үлкен болашақ күтіп тұр, дейді ол.

Бақтияр ТАЙЖАН,

Оңтүстік Қазақстан облысы.