Елдік рухтың тәлімі
Жұма, 20 сәуір 2012 8:17
Еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігін қорғайтын құрылымдардың қатарында бойында патриоттық сезімі жоғары жастардың болуы мемлекетіміздің мығымдығын қамтамасыз етеді. Сондықтан да ел қорғаны болар жастарға талаптың да жоғары болатыны түсінікті. Осы мақсатта елінің тарихын, тілі мен ділін, әні мен күйін жастардың бойына сіңіру үшін көп жұмыстар жасалуда. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен №6655 әскери бөлімінде өткен «Жас Ұлан – 2012» әскери-патриоттық әндер байқауы осы бағыттағы жоспарлы шаралардың бірі ғана.
Жұма, 20 сәуір 2012 8:17
Еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігін қорғайтын құрылымдардың қатарында бойында патриоттық сезімі жоғары жастардың болуы мемлекетіміздің мығымдығын қамтамасыз етеді. Сондықтан да ел қорғаны болар жастарға талаптың да жоғары болатыны түсінікті. Осы мақсатта елінің тарихын, тілі мен ділін, әні мен күйін жастардың бойына сіңіру үшін көп жұмыстар жасалуда. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен №6655 әскери бөлімінде өткен «Жас Ұлан – 2012» әскери-патриоттық әндер байқауы осы бағыттағы жоспарлы шаралардың бірі ғана.
Байқауды өткізудің мақсаты мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімін ояту болып табылады. Фестиваль өтетін алаңға №6655 әскери бөлімінің «Ұлан», Ақтөбе заң институтының «Қорған», Есет батыр атындағы әскери-полициялық мектеп-интернатының «Арлан», екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері институтының командалары салтанатты киініп шыға келгенде, көз сүйсініп, көңіл көтеріліп қалды. Сыптай бой түзеген жастардың жарасымды қимыл-қозғалысының өзі бұл шараның ажарын ашып жүре берді.
«Болашақ бүгіннен басталады» атты республикалық акцияның аясында өткізіліп жатқан бұл шараға аталған мекемелер ғана емес, осында әскери қызметін өтеп және оқып жүрген балалардың ата-аналарының келуі де жарасымды болды. Фестиваль үш номинация бойынша өткізілді. Фестивальға қатысушылар патриоттық, саптық әндер айтудан, мемлекеттік рәміздерімізге және ел тәуелсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап беруден сынға түсті. Кіріспе сөзбен ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Сырым Әбдірахманов еліміздің ертеңі жастар екенін тілге тиек ете келіп, патриоттық сезімнің іргетасы осы әскери бөлімдерден қаланатынын жеткізді. Фестивальға Ұлы Отан соғысы және тылдағы еңбек ардагерлері Федор Чемодановтың, Мұса Алданизовтің, Өтеш Жалмағамбетовтің және Ғұбайдолла Бітіковтің қатысуы да бұл шараның маңыздылығын арттыра түсті. Соғыс және еңбек ардагерлерінің келіп отырғанын көрген қатысушылар мінсіз өнер көрсетіп, аға ұрпақ алдында ұялмауға тырысты.
Әскери бөлімнің алаңындағы сахна төріне көтерілген №6655 әскери бөлімінің әншісі Асхат Қуандықов патриоттық әндердің шеруін бастай жөнелді. Алаң аспанын №6655 әскери бөлімінің өкілі Жасұлан Ертасов, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты Мирас Бекесов, осы жоғары оқу орнының курсанты Алтынбек Ақкереев орындаған патриоттық әндер жалғастырды. Аманат Қаратаевтың әні де тыңдарманның көңілінен шықты.
Жаңа ғана сахнадан түскен Аманат өзінің Ақтөбе заң институтында екінші курста оқитынын, қазақша ән айтуды ұнататынын жеткізді. Оның орындауындағы «Өз елім!» әні шараға жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Әнді орындап сахнадан түскен Аманат Қаратаев ата-анасы Жомарт пен Мүслиманың сенімінен шығу басты мақсаты екенін, өнерге талаптанып жүргенін жеткізді.
Содан кейін фестивальға қатысушы командалар сапта ән айтып, сайысқа түсті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне қатысты сауалдарға да фестивальға қатысушылар мүдірмей жауап берді. Жарыс болған жерде жанкүйер де қалмайтыны белгілі. Біз сондай жанкүйердің бірі Зарипа Күлекеновамен тілдестік. Ол осында жиені Асқарбекті қолдауға келгенін, оның сапта ән орындап өткенінің өзін көңілге медеу тұтатынын айтты. Осындай шаралардың жастардың бойында елге, туған жерге, ата-анаға, бауырға деген сүйіспеншілікті оятатынын тілге тиек етті. Еліміздің болашағы жастардың қолында екенін, олардың адамгершілігі мол, туған еліне деген үлкен жүректі азамат болып өсуі осындай игі істерден бастау алатынын аналық сезіммен түйіндеді.
Фестивальға қатысушылардың өнерлерін бағалаушы қазылар алқасы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын Гран-при жүлдегері деп таныды және сапта ән айтудан жеңімпаз болды. Бірінші орынды №6655 әскери бөлімінің командасы иеленді. Ақтөбе заң институтының командасының жетекшісі Дамир Хайрушев «Үздік команда капитаны», №6655 әскери бөлімінің қызметкері Жасұлан Ертасов «Үздік орындаушы» номинациясын жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.