25 Сәуір, 2012

Этносаралық келісім – ел дамуының өзегі

477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Этносаралық келісім – ел дамуының өзегі

Сәрсенбі, 25 сәуір 2012 7:34

Қазақстанның тәуелсіздігі Қазақ елінің, қазақ жұртының ғана бостан­дығы емес, осы жердің иесімен бірге өмір сүріп отырған 100-ден астам этностардың да бостандығы. Өйткені, тәуелсіздіктен кейін еліміздегі ұлыс­тар өз халқының мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін түлетіп, тарихын тануға, өз дініне оралуына, сену еркіндігіне ие болды. Сондықтан кеше ортақ еліміз Қазақстанның тәуел­сіздігіне 20 жыл толғанда сол мерекені қазақ жерінде бір атаның баласындай ағайын болып отырған этнос өкілдері, яғни Қазақстанның барлық азаматтары кең құшақпен, ақ ниетпен тойлады.

 

Сәрсенбі, 25 сәуір 2012 7:34

Қазақстанның тәуелсіздігі Қазақ елінің, қазақ жұртының ғана бостан­дығы емес, осы жердің иесімен бірге өмір сүріп отырған 100-ден астам этностардың да бостандығы. Өйткені, тәуелсіздіктен кейін еліміздегі ұлыс­тар өз халқының мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін түлетіп, тарихын тануға, өз дініне оралуына, сену еркіндігіне ие болды. Сондықтан кеше ортақ еліміз Қазақстанның тәуел­сіздігіне 20 жыл толғанда сол мерекені қазақ жерінде бір атаның баласындай ағайын болып отырған этнос өкілдері, яғни Қазақстанның барлық азаматтары кең құшақпен, ақ ниетпен тойлады.

Әрине, Кеңестер Одағы тарағанда Қазақстанда тұрып келген түрлі этнос өкілдері арасында өздерінің тарихи ота­нына немесе қолайлы көрген еліне кеткенді жөн көргендері де кездесті. Өйткені, қай қоғамда өмір сүрсең, сол қоғамнан тыс тұру мүмкін емес қой. Бірақ қонақжай, кеңқолтық қазақ ұл­тының кең даласында кем болмайтынын түсінгендер өтпелі кезеңнің өкпек желінде тәуелсіз Қазақстанда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қатар тұрып, қоян-қолтық еңбек етті. Талай тығырықтан да бірге шықтық. Түріне, тіліне, діні мен діліне қарамай, жүрегі «Біз – қазақстандықтармыз!» деп соққан көп этносты ұжымдар өмірдің әр саласында жаңа Қазақстан үшін талай жұмыс тындырды. Нәти­жесін бүгін көріп отырмыз.

Бұл – жетістік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң-ақ этностар өздерінің ұлттық мәдени бірлестіктерін ашып, рухани бастау бұлақтарына қайтып оралды. Ал кезінде қызбалықпен кетіп қалып, енді ес жиған соң өз елі – Қазақ­станмен қайта қауышып жатқандар да аз емес.

Біздің тағдырымызға көпэтносты елде өмір сүру жазылған. Тарих солай қалыптастырды. Бүгінде қоғамымызда үлкен салмағы бар Ассамблеяның мақ­саты – қазақ халқының жұмылдырушы рөлі мен Қазақстан халқының аза­маттық және рухани-мәдени қауым­дас­тығын негізге ала отырып, қазақ­стандық патриотизмді, азаматтық сәй­кестік пен бәсекеге қабілетті ұлт қа­лыптастыру, этносаралық келісімді қам­тамасыз ету. Тәуелсіз еліміздің үшінші онжылдыққа аяқ басқан шағында алдымыздағы стратегиялық басымдық – қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету. Бұл бағытта облы­сымыздағы 18 этномәдени бірлестік бұқара халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Қандай іс-шаралар болсын олардың мақсаты біреу – еліміздегі бірлікті сақтауға, ұлыстар арасындағы ынтымақты нығайтуға, әр этностың өз мәдениетін, ерекшелік­терін сақтап, әрі қарай дамыта отырып, Қазақстан деген елге ортақ құндылықтар мен қағидаттар негізінде ұлт бірлігіне жету. Ал бұл үшін елімізде барлық жағдай бар.

Біздің еліміз қазақ ұлты мен өзге ұлыстардан тұратындықтан, төзімді­лік, толеранттылық қағидаттарына аса мән беріліп келеді. Ал мемлекет құраушы ұлт – қазақ­тардың өзара бір­лігіне, тұтастығына, беріктігіне баға жетпейтінін де жақсы түсінеміз. Ассамблея қазақ халқының тұтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді, тұтастықты дамытуды мақсат тұтады.

Мемлекеттің мықтылығы көп жағ­дайда мемлекеттік қызметкерлердің кә­сіби біліктілігіне байланысты. Екін­ші­ден, осы мемлекеттік қызметкерлер этносаралық қатынастар проблемаларын қаншалықты біледі, түсінеді? Іс жүзінде қазақстандық тұрақтылыққа олар қаншалықты жауап беріп, үлес қоса алады? Мемлекеттік қыз­меткер­лер­дің ұлтаралық қарым-қатынаста атқарар рөлі үлкен. Ұлыстар ара­сын­дағы төзімділік пен қоғамдық келісім – ел дамуының өзегі. Төзімділіктің өзі күнделікті қарапайым тұрмыста адамдар арасындағы сыйластықтан басталады. Сондықтан осы бағыттағы жұ­мыстарды үйлестіретін жалғыз қоғам­дық ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады. Бұл ұйым елімізде билікке таласпайды, керісін­ше, келісімнің, бірліктің негізінде би­лікті күшейтеді, мемлекетті нығай­тады.

Біз – унитарлық елміз. Сондықтан көпэтносты Қазақ елінің этносаралық саясаты жайында ақпарат құрал­да­рында, кітапханаларда, оқу орындарында, мектептерде жүйелі түрде айтылып, жазылып, көрсетіліп отыруы керек. Ондай жұмыстар бүгінде Қос­танай сияқты орыс тілі әлі де басым өңірлерде нақ сол орыс тілінде көбірек насихатталса деп ойлаймын. Мұның да ел бірлігіне оң әсерін тигізері сөз­сіз. Мемлекеттік тілде ел бірлігі, хал­қымыздың дархандығы мен қонақ­жай­лылығы жайында аз айтылып жүрген жоқ. Өзге ұлыстардың жүрегіне де осылар толықтай жетуі керек.

Еліміздегі қоғамдық құбы­лыс­тар­ды зерттейтін әлеуметтанушылардың мәліметінше, Қазақстан халқының 80 пайызы мемлекеттік рәміздерді біледі, 90 пайыздан астамы Әнұранды жатқа айтады, Қазақстанды Отаным деп таниды. Дегенмен, өскелең ұрпаққа ұлтымыздың, мемлекетіміздің құнды­лық­тарын жете түсіндіріп, олардың бойына өзара ымырашылдықты, патриотизм мен отансүйгіштікті, туыс­қандықты жастай сіңіруіміз керек. Қоғамдағы этносаралық қатынасқа бай­ланысты жұмыстардың барлы­ғы­ның темірқазығы осы болуы тиіс.

Қалқаман ЖАҚЫПОВ, философия ғылымдарының кандидаты.

ҚОСТАНАЙ.