Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Өрттен 15 адамды құтқарған ефрейтор алғыс хатпен марапатталды

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 35411 әскери бөлімінде механик-жүргізуші болып істеп, әскери  борышын өтеп жүрген ефрейтор Қуандық Қанатов түнгі сағат 02.00 шамасында Селевина көшесіндегі №15 үйден шыққан өрттен адамдарды құтқаруға көмектескен еді.

Өрттен 15 адамды құтқарған ефрейтор алғыс хатпен марапатталды

Естеріңізге сала кетсек, ақпанның 8-і күні өрт бес қабатты дәліз тәрізді тұрғын үйдің бірінші қабатынан басталып, екінші қабатқа тарайды.

Жалпы аумағы 20 шаршы метрдей өрт шыққан бөлмеде тұрмыстық техника, жиһаз, терезе және есік топсалары жанған. Және соның салдарынан бірінші қабаттың дәлізіндегі электр сымдарын да өрт шалған.

Ғимараттың өртеніп, қатты түтіндеу салдарынан 79 адамды, соның ішінде 20 баланы құтқаруға тура келді. Өздігінен 162 адам тұрақтарынан кетті. Олардың барлығы уақытша №35 мектепке орналастырып, кейін  үйлеріне жіберілді. Өртті өшіруге өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 45 адамы қатысып және 6 бірлік техникасы қолданылды.

Сол үйде тұрып жатқан ефрейтор Куандык Қанатов төзімділік пен ерлік танытып, қатты аязға да қарамай, өрт сөндіру кезінде жанып жатқан ғимараттан 15 адамды құтқаруға көмектескен еді, соның ішінде егде жастағы адамдар да бар. Олар қазір Қуандыққа дән риза.

Өрт кезінде ефрейтор Қуандық Канатов көптеген жеке заттарын да жоғалтыпты, бірақ оған өкінбейді, себебі өзінен гөрі өзгені ойлауды өзінің әскери міндеті және азаматтық борышы деп есептейді.

- Менің орнымда басқа біреу болса да, дәл  осылай істер еді. Өйткені осындай жағдайда біз бір-бірімізге көмектесуіміз қажет, ең бастысы сасқалақтамау керек. Мен Қарулы Күштерде қызмет еткенім үшін жолым болды деп есептеймін, себебі қызметте әртүрлі жағдайда ұрыс алаңынан әріптестерімізді  құтқару бойынша жаттығулар орындаймыз, соның пайдасы тиді, - дейді ефрейтор Куандық Қанатов.

Осы ерлігі үшін оған Семейдегі Селевин көшесі,15-інші  үйдің тұрғындары өз аттарынан Алғыс хат табыс етті.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

«Егемен Қазақстан»

Семей