Алматы аймақтық ректорлар Кеңесі қауымдастығы мен Абай атындағы ҚазҰПУ ұйымдастыруымен өткен семинарға QS Ltd компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Зоя Зайцева (Ұлыбритания), EdCrunch университетінің онлайн-білім беру орталығының директоры, «МБҚИ» ҰҒТУ эндаумент қорының директоры Нұрлан Қиясов (Ресей), Stanton Chase оқу тәжірибесінің басшысы Елена Чернышкова (Ресей), жоғары білім саласындағы сапа сараптамасын бағалауға, менеджментке, халықаралық қызметке тікелей қатысы бар: Қазақстан Республикасы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан университеттерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
QS World University Rankings-2019 деректері бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің үздік 500 университеттерінің қатарына енгендігі туралы мәлім еткен ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев 2019 жылдың қаңтар айында университеттің веб-сайты «Webometrics» әлемдік университеттердің веб-сайттар рейтингісі бойынша 122 қазақстандық ЖОО арасында үздік сайттар төрттігіне кіріп, педагогикалық жоғары оқу орындарының арасында 1-ші орынды иелендігін хабарлады. Сонымен қатар Такир Балықбаев халықаралық білім беру кеңістігінде қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша халықаралық семинардың маңыздылығын атап өтті.
Семинар жұмысында QS Ltd (Ұлыбритания) компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Зоя Зайцева (Ұлыбритания), EdCrunch университетінің онлайн-білім беру орталығының директоры Нұрлан Қиясов (Ресей), Stanton Chase оқу тәжірибесінің басшысы Елена Чернышкова (Ресей) баяндама жасады.
Семинар барысында спикерлер QS халықаралық рейтингісінде негізге алынатын алты бағалау критерийлері: академиялық беделі, профессор-оқытушылар құрамының және студенттер санының қатынасы, университеттің жұмыс берушілер арасында беделі, ғылыми жарияланымдардың дәйек сөз индексі, шетел студенттерінің үлесі мен шетел мұғалімдерінің үлесі туралы толық ақпарат берді.
Семинар жоғары деңгейде, тиімді және нәтижелі өтті. Іс-шара соңында қатысушылар сертификаттармен марапатталды.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ