Бұл мақала көптен ойымызда жүріп, көңілді алаңдатқан, қазақ қоғамын қашаннан бері бейжай қалдырмай келе жатқан ең шікәмшіл, кірпияз тақырыпты сөз етіп, біздің де көкірегімізде қатталып, тіпті, «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында қысқа да болса қозғаған ойымызды, айтқан пікірімізді жазуға мұрындық болды. Иә, алаштықтар және сол кездегі Кеңес өкіметінің басқару-әкімшілік аппаратында қызмет еткендердің тағдыры қарама-қайшылық пен күрделілікке толы. Оған біз, кейінгі ұрпақ, қандай көзқараспен қарап, қай қыр-сырынан келуге тиіспіз? Қалай талқылап, талдап, зерттеп-зерделеуге баруымыз керек?
Міне, біздің мына мақаламыз жоғарыдағы телеарнада айтқан ой-пікірімізді жалғап, дамытуға қосымша. Қанат мырзаның аталған мақаласына жауап беру. Алдымен, келелі әңгімеге мұрындық болған мақалаға тоқтайық. Мақсат біреуді «жауап беруі қажет» деп үркітіп, тұқыртуда емес. Мәселеге философ П.Чаадаевтің «Апология сумасшедшего» атты мақаласында: «Я не научился любить свою родину (біздің мақала жағдайында «родина» сөзін «ұлт алыптары» деп оқыңыздар – А.Ә.) с закрытыми глазами, с преклоненной головой, с запертыми устами» дегеніндей принцип ұстандық, ұстанғанбыз, Құдай қуат берсе, ұстана да береміз. Әйтпесе, «Ақиқат» журналы Сәкен Сейфуллиннің «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», ғалым Назгүл Сапиянованың «Нәзір мен Сәкен неге келісе алмады?» деген тамаша ғылыми-сараптамалық жақсы мақаласын жариялар ма еді? Сөйтіп біраз шындықтың қыр-сырын ашып, Сәкен ақиқатына көз жеткізсек жақсы ма? Әрине, жақсы. Қанат мырза оны көрмейді. Ендеше, марқұм азамат Жұмажан Сүлейменнің мақаласын неге жарияламасқа? Аталған мақаланы ол «Ақиқат» журналындағы тұздықталған мақала» дейді. Онда, соншалықты, өсіріп айтатындай тұздықталған ештеңесі жоқ. Жалпы, халықтық айналымға түскен, архивтік қордан алынған материал. Сосын, онда автордың о материал туралы ойы және түсініктемелері ғана бар. Сондай-ақ архивтік қордан алынған материалды біз Қанат мырзадай «еш жерде тіркелмеген бұл күмәнді хатты фальсификация демегенде не дерсің?» дегеніндей кесіп-пішті пікір айта алмаймыз. Оның бар құпиясын бір Алла біледі. Әйтпесе, ол материалды арнаулы сараптамадан өткізіп, оның фальсификация немесе фальсификация емесін анықтау керек. Оған жоғарыдай кесті-пішті пікір жүрмейді. Біздің оның құпиясын бір Алла біледі деуіміздің сыры сонда. Сондықтан да біздің бар кінәміз қоғамдық ғылыми айналымдағы архивтік қор материалын пайдаланғанымыз ба? Жалпы, журналға жарияланған мақалада Сәкенге қатысты артық-ауыс сөз айтылмаған. Қайта автор «хаттың жазылу мерзімі – Сәкеннің қорғануға мәжбүр етілген кезі» деп ақынды ақтайды да, «Сәкен сынды ұлтымыздың беткеұстар азаматтары заманның құлы болғысы келмеді. Олар заманымен алысты, отаршылдықпен алысты, қазақтың өзара бірлігі үшін алысты. Бірлік үшін күрес отаршылдықпен күрестен жеңіл емес-тін. Неге десеңіз, оң мен теріс, әділдік пен қиянат, жаңа мен ескі, артқа тартушылық пен алға тартушылық, жікшілдік пен туысқандық, бірігуге деген үрдіс бөлінуге деген ұмтылыспен қатар жүрді. Мақсат бір болғанмен, оған апаратын жолдардың әралуандығы тағы бар (біз нақ осы сөйлемге әлі тоқталатын боламыз. Бұл сөз алдағы айтатын ой, білдірер пікіріміздің жақсы мұрындығы болып тұр – А.Ә.). Әр тұлғаның өзіне тән түйсік-сезімі, дүниетанымы айрықша әлем екендігі және бар. Біз мұның бәрін ежіктеп жатуымыздың сыры – тарихымыздың аса күрделі қарама-қайшылыққа толы екендігін...» айту дегенінде қандай ерсілік бар? Бұдан кімді, қандай жазғырушылықты көріп отырсыздар? Міне, осында не кінәрат бар? Бұл, бір.
Екінші, архивтік қорға түсіп, сосын, «Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашевцами» деген сияқты жинақтарға енген материалдар сөзсіз, әрі заңды түрде ғылыми және бұқаралық ақпарат құралдарының айналымына түседі. Өйткені олар тіркелген, заңдастырылған, пайдалануға құқық берілген. Оны сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да солай болады. Бұл логикалық заңдылық. Оған арнап ғылыми еңбектер жазылып, олар алуан-алуан пікір, сан қырлы ой талқысына түсіп, солардың анықтаған, жазған шындығы, ақиқаты арқылы болашақ ұрпаққа жетеді. Бұл мақаланы Жұмажан ағамыз жазып, «Ақиқат» жарияламағанымен, келер ұрпақ ғалымдары мен журналистері, ақын-жазушылары жазар еді. Сондықтан оның алдын алу керек. Әйтпесе, кейін де біреулер оларға «...жауап берулері керек» деп отырмай ма? Ал, Қанат мырза болса, «Ақиқат» журналындағы «Сәкеннің хаты» туралы материалды көреді де, сол журналда «Заман хат» айдарымен берілген Сәкеннің «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» және ғалым Назгүл Сапиянованың «Нәзір мен Сәкен неге келісе алмады?» деген ғылыми- сараптамалық жақсы мақаласын көрмейді. Неге?
Реті келгенде айтайық, жоғарыда аталған «Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашевцами» атты жинақтың 3-томының 93-100 беттерінде жарияланған «№19 Докладная записка С.Сейфуллина И.В.Сталину о взаимоотношениях в среде казахских партийно-советских работников» деген материалдың мәтіні орыс тілінде толық нұсқасында беріліп, аталған материалдың соңында АПРК. Ф. 811. Оп., 24. Д243, л. 7-17. Фотокопия; Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Сәуір 1920-1928 жж. Движение Алаш. Апрель 1920-1928 гг. Алматы: «Ел-шежіре», 2007. Т.3. Кн.1. – 304 с. – С. 187-194» деп толықтырылған. Ал, енді, осыны Қанат мырза айтқандай: «еш жерде тіркелмеген күмәнді хат» деп көріңізші.
Сондықтан біз және жеке өз басым, Сәкенді бүкіл қарама-қайшылығымен, жетістік-кемшілігімен, тұлғалығымен ұнатамыз, ұнатамын. Сосын, бұл мәселеде менің өзіндік көзқарасым бар, ақынды ұнатқанымдай, Сәкеннің тыныс-тіршілігі мен өлең-өміріне сол П.Чаадаевтың «...время слепых влюбленностей прошло» деген сөзіндегі ұғым-түсінікте, ұстанымда қараймын. Адам – пенде, тіпті, Пайғамбарымыздың өзі «Менде де кемшілік бар, тек Жаратқан иемізде ғана кемшілік жоқ» дегенде, біз кімбіз? Ендеше, біз сол кездегі алаштықтар мен Кеңес өкіметіне қызмет еткен асыл азаматтарымыздың бары мен жоғын, айтқаны мен айтпағанын, қол жеткізген табыстары мен сол жолда жіберген кейбір кетік-кемшіліктерін сараптай білуіміз керек. Бірақ, ол олардың ұлылығына, отаншылдығына, ұлтшылдығына, ақын-жазушылығына соқыр сезіммен қарамайтын әрі еш нұқсан келтірмейтін болуы тиіс.
Үшінші, Қанат мырза өзінің мақаласының бір тұсында «...Онымен бірге қазаққа «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кері келді» деген жолдары мен кейбір тұстарын редакция Ж.Сүлейменнің атынан өздері қосқанға ұқсайды» дейді. Не деген көріпкелдік! Неткен кесіп-пісушілік. Қолжазбаны көріп-білмей осылай айта салуға бола ма? Ол кісі білсе, кез келген редакция, оның ішінде «Ақиқат» журналы редакциясының ұжымы әрі кез келген қызметкері ешкімнің, еш уақытта авторлық құқына қол сұқпайды. Яғни, журнал қоржынына түскен материалдардың сөз-сөйлемдерін алып, қоспайды. Өйткені олар автор мен редакция қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жақсы біледі. Алып-қосқан жағдайда да автормен келіседі. Редакция қоржынында марқұм Жұмажан ағамыздың қолжазба- мақаласы бар. Ол редакцияға қайдан келді, қалай келді десек, журналистік тілмен айтқанда «өз аяғымен» келген. Өкінішке қарай, біздің кемшілігіміз, аталған мақаланы әртүрлі жағдайлар барысында кешіктіріп жариялағанымыз. Ендеше, жоғарыдағы Қанат мырзаның сөзі редакцияны тұқыртып, бокс заңымен айтқанда, кіндіктен төмен ұру тәсілі.
Тағы бір түсінгенім, Қанат мырзаның «...Бояуын қалыңдатып, «жаңалық ашып» деуіне қарағанда «Ақиқат» журналын иллюстрациялық басылым деп ойлайды-ау, сірә. Жоқ, кешіріңіз Қанат мырза, біз ешқандай анықталған да, анықталмаған да нәрсені толықтырып немесе қысқартып, болмаса өңдей алмаймыз. Қандай да болмасын қолжазбаның мәтінін өзгертпей пайдаланамыз. Мәтін бізде бар. Яғни, біз қолымызда бар қолжазбамен бұқаралық ақпарат құралдарының мәдениеті аясында жұмыс істедік. Сондықтан, «...бояуын қалыңдатып, «жаңалық ашып» деуіңіз, сіздің фантазияңыз. Сіз тағы бір пікіріңізде хаттағы Сәкеннің қолы туралы тілге тиек етесіз. Құдай-ау, осыдан пәлен жыл бұрын өмірден өткен, Сәкеннің қолын қоюға кімнің батылы барып, ар-ожданы жібереді. Сіздің ойыңыз абсурд. Ондай қол «Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашевцами» атты жинақтың 3-томының 93-100 беттерінде жарияланған «№19 Докладная записка С.Сейфуллина И.В.Сталину о взаимоотношениях в среде казахских партийно-советских работников» деген материалда да көрсетілмеген. Онда тек қана «С коммунистическим приветом С.Сейфуллин» дейді. Ендеше, бізді кінәлағандай, сол жинақты да, тағы басқаларды да кінәлаңыз. Ал, енді, қолжазбадағы бар «қолы» деген сөзді, сіз, өз ыңғайыңызға қарап түсінесіз, біреуді айыптау үшін алға тартасыз. Бұлай дейтініміз, Жұмажан ағамыз өзінің мақаласында «Хаттың біздің архивтегі нұсқасында Сталиннің оны оқыған-оқымағандығы жөнінде белгі жоқ. Әдетте, қойылатын кеңселік тіркеу белгілері қойылмаған. Хаттың жазылған мерзімі де көрсетілмеген» дейді. Ендеше, автор қолжазбасындағы «қолы» деген сөз Сәкеннің «қолы» деген көрсеткіш емес. «Ақиқатты» айыптап тұрған осы тұста, сіз «Сәкеннің қолы деп жалған ақпарат таратқандары үшін жауап берулері қажет» дейсіз. Біз жалған ақпарат таратқан жоқпыз, редакцияға түскен қолжазбадағы, материалдағы барды бердік. Яғни, қолды ойдан қосқан жоқпыз. Біздің журналымыздың соңғы бетінде «Жекелеген авторлардың журналда жарияланған мақалаларындағы пікір-ұсыныстары редакцияның түбегейлі көзқарасын білдірмейді. Редакция оқырман хаттарына жауап бермейді, кері қайтармайды. Журнал материалдары басқа басылымдарда көшіріліп басылса, «Ақиқатқа» сілтеме жасау міндетті» деп көрсетілген. Өкінішке қарай, кейбір әлеуметтік желілер мен мерзімді басылымдар бізден материалды көшіріп басқанда, осы талаптарды елеп-ескермей, өздерінше тақырып қоятын жағдайлар да бар. Байқаймын, сіз солардың бірлі-екілісін көрген сияқтысыз. Біз олар үшін жауап бермейміз. Ал, қолжазба кімдікі дегенге келсек, Жұмажан ағаміздікі, материал журналистік тілмен айтқанда, «өз аяғымен» келген.
Төртінші, Қанат мырза, мақала арасында «...«Ақиқат» журналының редакциясын жауапқа тарту қажет» дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Егер, мұндай жарияланған материалдарға бола «жауапқа тарту қажет» дейтін болсақ, онда жарты қазақтың ақын-жазушылары мен журналистерін жазалау керек қой! «Ақиқат» журналына дейін ұлы тұлғамыз Сәкен және басқалар туралы кім, не айтып, қалай жазбады?! Осындай да асығыс, ұшқары ой болады екен-ау! Ең алдымен біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жүрміз емес пе. Сосын, жоғарыда айтылғандай, «архивтік қорға түскен, арнаулы құжаттар жарияланған жинақтан алынған материалдарды ғылыми айналымға түсірмесін, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияламасын» деген пікір-ой қайдан, қашан шыққан? «Ақиқаттың» жариялаған материалында Сәкенді жамандаған сөз жоқ. Қайта ақтау мен мақтау басым. Автор «мұндай хаттарға түсіністікпен қарау керек» дейді. «Ақиқаттың» бар айыбы – автор құқығын сақтап, сол материалды жариялағаны. Тіпті, баспасөз мәдениетіне сәйкес, Қанат Жүнісов өз мақаласын басқа басылымдарға емес, ең алдымен «Ақиқаттың» редакциясына алып келіп, осы журналда жариялануын талап еткенде, біз оны жариялағанда, ол кісі жоғарыдағыдай жаңылыс сөз айтпаған болар еді.
Жалпы, ойды ой қозғап, пікірді пікір тудырады. Алашордалықтар мен Кеңес өкіметінің басқару-әкімшілік аппаратында атқарған қазақтың оқыған азаматтарына деген көзқарасты жан-жақты қалыптастыруда «қазіргі ұрпақ өзін қалай ұстап, қандай мәселелерге ден қоюлары керек» деген ой, пікір көңілімізде көптен жүретін. Міне, Қанат мырза өзінің осынау мақаласымен соған қозғау салып, төмендегі мәселелерді сөз етуге мұрындық болып отыр. Осы тұста маған Жұмажан ағамыздың жоғарыда келтірген сөзінің ішіндегі ерекше ұнайтыны: Алаштықтар мен Кеңес өкіметіне қызмет еткен алыптарымыздың қай-қайсысын да жатсынбай, олардың қоғамдық-саяси және адами-азаматтық тұлғасына атүсті қарамай, оны талдап, талқылап, зерттеп-зерделеуіміз керек» деумен бірге, патшалық Ресей кезінде, яғни, ХІХ ғасырдың 30-жылдарында Мәскеуде екі топтың арасында қызу талас, тартыс, ой бөлісіп, пікір алысу науқаны белең алғаны түседі. Ол топтың біріншісі «славянофилдер» еді де, екіншісі «западниктер» болатын. Славянофилдердің басында А.Хомяков, И. және П.Киреевскийлер, Ю.Самарин, К. және И.Аксаковтар, Ф.Достоевский тұрса, ал, западниктер жағында Т.Грановский, К.Кавелин, И.Тургенев, М.Катков секілді алыптар тұрды. Міне, солардың арасында қым-қиғаш талас-тартыс жүріп жатты. Сонда олардың бір де біреуі бір-бірін «...жауап берулері қажет» деген емес. Өйткені олар шын мағынасындағы демократиялық қоғамның өкілдері болатын. Дәл сол сияқты, біздің алашордалықтар да, сол кездегі Кеңес өкіметіне қызмет еткен алыптарымыз да сондай екі жолды таңдаған еді. Бұл жолдар да бір-біріне қосылмайтын, бірақ, Қазақстанды, қазақ халқын бақытты етсек деген ниеттен туған жол, ұстаным болатын. Яғни, екеуінің де мақсаты, мұраты – өзінің ұлтын ұшпаққа шығарып, бақытты ету. Сол жолда западниктер мен славянофилдер сияқты, біздің екі бағыттағы алыптарымыз үлкен жетістіктер мен кей тұстардағы кемшіліктерге ден қойды. Яғни, олардың қателіктері мен оң істері қатар жүрді. Пікір айтып, ой бөлісуде де қайшылықтарға барды. Таласты, тартысты. Ал, оның себеп-салдарын саралап, зерделеп, талдап, талқылап, айту әрі жазу («жауапқа тарту емес») біздің еншімізде. Біздің сөз басындағы М.Пришвиннің «Правды надо держаться – истину надо искать» деген сөзіне жүгінуіміз де содан. Сәкеннің «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» және ғалым Н.Сапиянованың «Нәзір мен Сәкен неге келісе алмады?» деген ғылыми-сараптамалық жақсы мақаласын және марқұм Жұмажан Сүлейменнің игі ниетінен туған материалын жариялауымыздың сыры сонда. Біздің мақсатымыз, Сәкеннің хатын беру арқылы, сол кездегі алыптарымыздың басына түскен ауыр күндердің олардың өміріне де, жазып-сызуына да ықпал еткенін айту. Әйтпесе, Сәкеннің хатындай хаттарды сол кездегі ірі де тұлға саналатын азаматтарымыздың бірнешеуі жазған. Олардың атын атап, түсін түстеп жатқымыз келмейді. Оны білгісі келетіндер көп томдық «Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашевцами» деген кітапқа жүгінсін.
Тілімізге тиек болып отырған славянофилдер мен западниктердің Ресейді, Ресей халқын бақытты ету жолындағы бір-біріне қосылмайтын, келіспейтін ой-пікірлеріне сол кезде басу айтқан орыс ғұламалары да болған. Аталған екі ағымның да мықтылығы сонда, оның екеуі де өз Отанын, отандастарын, қандастарын бақытты ету жолында бір-бірімен үлкен қайшылықтарға барды. Біздің алаштықтар мен Кеңес өкіметі қызметінде жүргендердің арасындағы екі жолды таңдап, қайшылықта болулары да дәп сондай. Дәп осындай, біздің алашордалықтар мен Кеңес өкіметіне қызмет етті деп жүрген асыл азаматтарымыздың бәрінің жүрегі Қазақстан, қазақ деп соқты. Ал соларды бақытты ету жолындағы таңдаулары екі түрлі болды. Ол үшін оларды кінәламай, қайта, «Неге олар сондай болды?» деген мәселені зерттеп, зерделеуге тиіспіз. Ақиқаты мен шындығына көз жеткізуіміз керек. «Ақиқат» журналының мақсат, мүддесі де сол. Біз ешбір ардагер азаматтарымыз бен ұлы тұлғаларымызға артық айтпаймыз. Сәкенді мақтаныш ету арқылы, оның өміріндегі қиын-қыстау кезеңдерге зерделі, зейінді әрі талғам-талап таразысы арқылы қарау әрбір азаматтың парызы әрі қарызы. Ал, сол жолда бір-бірімізді Қанат мырзадай «жауап берулері қажет» дейтін болсақ, онда онымыз сонау жылдардың салқыны болып шығады емес пе? Тарих қайталанса, – фарс! Егер, ол «Ақиқат» журналы менің сын мақалама жауап берсін десе, онда жауабымыз осы.
Сөз соңында, тағы да қайталап айтамын, осындай мақалаға ойтүрткі болған Қанат Жүнісовке рахмет. Тек, бізді ол жазалаумен қорқытпасыншы. Тәмат-тәмам.
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат» журналының бас редакторы