Театр • 18 Ақпан, 2019

Құдаларды немере татуластырады

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өнер ортақ. Онда шекара болмайды. Оған Шымкенттегі өзбек драма театрында қойылған белгілі қарақалпақ драматургі Оразбай Абдурахмановтың «Ужарлар» («Қырсықтар») комедиясы дәлел. Жавлон Сайитов сахналаған көркем туындыны өзбек тіліне Нурилло Аббосхон тәржімалаған. Туындыны сахналаған театрдың бас режиссері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.

Құдаларды немере татуластырады

Бұл комедияда театр актерлері аса бір шеберлікпен қоғамда белең алған «менікі жүре тұрсын, сенікі тұра тұрсын» деген өзімшілдікті мыс­қылдап, аяусыз әжуалап көрсетеді. 

Оқиға қарақалпақ ауылдарының бірінде орын алады. Матриза мен Халмурад есімді ел ағалары шай үс­тінде өсіріп отырған ұл мен қызы­­­на құдалық туралы сөйлеседі. Осы екі ортада аузы дуалы ауыл ақсақал­дарының араласуымен қыздың қалың­малына қос құда келісімге келеді. Кенеттен дастарқан басында орын алған өнбейтін дауға бола өз айтқан­дарынан қайтпай, тәп-тәтті қанттай құ­далық бұзылады. 

Көркем туындыда күлкілі диалогтер мен ебедейсіз әрекеттер ар­қылы «тек менің айтқаным ғана болады» деп іс қылатын жандардың өзім­шіл бейнесі айпарадай ашылады. Комедияда ұлттық құндылықтар бастан-аяқ аса бір сезімталдықпен көрерменнің көңіл таразысына тартылады. 

Болашақ құдалар Матриза мен Халмурадтың қырсықтығы мен менмендігі салдарынан перзенттері Қаракөз бен Сафардың арасындағы нәзік сезімге сызат түседі. Алайда, сөз байласқан қос ғашықтың пәк махаббатын үлкендердің ожар мінездері тоқ­тата алмайды. Ташкентте бі­лім алып жатқан студент жастар түр­лі­ кедергілерге қарамастан неке­ле­седі. Уақыт көшімен даукес құда­лар­­дың мінезіндегі қыңырлық сол­ баяғысынша жалғаса береді. Ара­ға жылдар салып немерелері дү­ние­ге келеді. Енді екі әулеттің отаға­сыла­ры татуласпаса болмайтындай жағ­дайға жетеді. Қойылым соңын­да не­ме­релерін бірге еркелеткен құдалар ұр­пақ­тарының бақыты мен бай­лығы үшін төс қағыстырып татула­сады. Бас­тарынан өткен күлкілі жағ­дай­лар­дан қоғам болып сабақ алуға шақы­рады. 

Құрылғанына 15 жылдан асқан өзбек театрының шығармашылық ұжы­мы сайрамдықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін барын салғаны көрі­ніп тұр. Әсіресе қос құда рөлін сом­даған Сайдикарим Махмудов пен Одилжон Туғонбоевтың, ауыл­ абызы Жандулланы айнытпай ойна­ған Улугбек Носировтің актерлік шебер­лігіне қол соқпай тұра алмаймыз.

Қойылым соңында театр директоры Икрам Хошимжанов көрермен көп көңіл аудара бермейтін бір қызық жайтты айтып берді. «Жалпы, театр уақытын кешке жоспарлауымыздың да өзіндік сыры бар. Себебі келіндер мен енелер күні бойы үйде бірге тұрады. Бірақ күйбең шаруамен бір-бірімен көп әңгімелесе бермейді. Олар­дың тісінің ағын көрсетіп, тіл қаты­сатын шағы кешкі ас әзірлейтін уақыт. Дәл сол сәтте үйде керіс болмас үшін енелерді өнер тамашалауға шақыру арқылы ене мен келіннің демалысын тиімді ұйымдастырып отырмыз», дейді театр директоры. 

Бір қарағанда салт пен дәстүрге берік қарақалпақ, өзбек халықтарының басындағы бұл жайт біздің қоғамға да жат емес. Сол баяғы өлетұғын тай мен көшетұғын сай үшін желке терісі құрысып, мыңжылдық құдаларымен күнара дауласып жүрген ағайын қазақта да бар. Бірақ осы адамзатқа ортақ ескіден келе жатқан ерсіліктің жеңіліс табатын, сөзге тоқтайтын тұсы да жоқ емес. Ол – сәбидің ің­гәл­ағаны, немеренің шат күлкісі. Бір­ сөзбен ұрпақтар сабақтастығы. Күл­кіге қарық еткен комедияның түйіні де осы еді.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент