03 Наурыз, 2010

БАР ҚАЗАҚ АТАЖҰРТТА БАС ҚОССА...

1240 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
Қазақ тәуелсіздікке дейін талай рет отқа оранып, ормандай оталды. Жұтынып шыққан жұртымыздың жақсысынан, халқын шөміштен қағып қыспаған, ақыл-ойы асып, сөз ұстаған жақсысынан айырылып, өзені күйіп, өзегі талып, ерні кеберсіп жапа шегуден, бодан болған тұста айтқаны өтпей, зіркіл мен зекуден кенде қалған жоқ. Ұлттық рухы мықты, Абай әлемінің толғауы тоқсан құпиясының тамыршысы, бауыржантанушы, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлының деректеріне сүйенсек, қазақ тарихында 11 рет халық санағы (1897-2009) өтіпті. Алғашқы нәтижесіне қарасаң, Орталық Азиядағы түркі халықтарының ішінде саны көбі қазақ екен. Оны ағайындас халықтар арасында 52,5 пайыз (1897 жыл), 57,5 пайыз (1911 жыл) құрағанынан-ақ көруге болады. Бұдан кейін құлдырай-құлдырай, бір кезде өз елінің өзінде 23,3 пайызға түсіп, енді өрлеу жолына бет бұрдық. Мың өліп, мың тірілген қазақтың соңғы тірілуі – Тәуелсіздік десек, қателеспейміз. Бұл тірілуді мәңгілік тірілуге ұластыру бүгінгі ұрпақтың қарызы мен парызы, мойнына артылған бес батпан жүк екені сәби шырыл, шындық болып тұр. Өткен жылғы санақтың алғашқы байламдары шығып, Отанымызда мемлекет құрушы ұлт 67 пайызға жетті дегенді естігенде бар екенбіз деп, ақсарбас атамасақ та Ахмет Байтұрсынұлы айтқан “әлхамдилләға” тілімізді келтіріп едік. Соңғы нәтиже ­– 63,1, бұған да тәубе. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауында он жылды межелеп, тәуелсіздікті орнықтыру жолындағы айтқан сөздері қай-қайсымыздың да жүрегімізден орын тапқаны анық. Әсіресе, ұлттық сананы, тіл мен ділді сақтай отырып, Отан іргесін бекіту ісіне әрқайсымыз өз үлесімізді қоссақ, тәуелсіздігіміз баянды болары сөзсіз. Сол ұлттық рухты көтерген Жолдау жолдарындағы міндеттерді атқару ісінде өзіндік үлесімді қоссам деп жүрген бір азамат – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов. Ол Елбасының елдік іс жөніндегі сарабдал саясаты туралы ой қозғағанда: Президент Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи тұлға. Елдің іргесін ұлт­тар арасындағы береке-бірлікпен, татулықпен мықты бекітіп ке­леді. “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” деп үлкен ха­лық, кіші жұрт демей, ортақ мақсатқа жұдырықтай жұмылдырып, Қазақ елін әлем төріне шығарды. Тіл бірлігін сақтап, дін тұтастығына селкеу түсірмей, алыс-жақын шетелдердегі мемлекет құрушы ұлттың өкілдерін атажұртына алдырып, Отанымыздағы халық санын 2020 жылға қарай 20 миллионға жеткізуді тапсырып отыр. Мұны Елбасының көрегендігі демей, көріңіз, –­ дейді. Біздің ғалыммен әңгімеміз де баршамызды толғандырар осы тақырыпқа арналды. – Зиябек Ермұханұлы, осы бір елдік істі тәуелсіздігіміздің алғашқы елең-алаң жылдарында-ақ Президент ойластырып, әлемнің 33 мемлекетінен 800-ден астам қандастарымызды шақырып, Дү­ние­жүзі қазақтарының құрылтайын өткізіп, Дү­ниежүзі қа­зақтары қауымдастығын құрып, оған өзі төраға болуы ұлтқа деген қанатты қамқорлық болды ғой. Со­дан бастау алып, атажұртына ағылған қан­дас­тарымыз қазір 1 миллионға жуықтап қалыпты... – Мемлекет басшысы ұйытқы болып ұйым­дас­тырған сол құрылтай шетте жүрген қазақтың қа­нына нәр, жанына жылу дарытты. Ұйқы басқан кө­зін ашты. Отанына қазақтың асыл ұлдары Халифа Ал­тай, Мұстафа Өзтүрік, тағы басқалар көш бастап кел­ді. Оларға Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен елінің азаматы деген куәлік тапсырды. Елім егемендігін алып, халқым келешегіне зор үмітпен қараған сол бір жылдары мен де сырт қалмайын деп Прези­дент­тің атына байырғы қазақтың Омбы өңірінен оқыған жүз шақты жігітті ұйымдастырып, үлесімізді қосуға әзір­міз деп хат жолдадым. Бірақ, сол хатыма жауап бо­­ла қоймады. Арамызда мықты экономистер, ар­хи­­текторлар, радиотехниктер, өзге де маман иелері бар еді. Ақыры жиырма шақты жігіт Павлодарға келдік. Олардың біразы жұмыс та­ба алмай, асып-тасыған көңілдері су сепкендей ба­сылып, кері қайт­ты. Шыны керек, шетте жүрген қа­зақтың бойында қан­шылдық басым болады. Се­бебі, көбінде өзгенің қас-қабағын бағасың. Әділ­ет­сіздікті көргенде өз елін­де жүрген адамдарда ар­ман бар ма екен деп қи­на­латын уақыттарымыз аз емес еді. Қаншыл бол­маса, олар тілінен айырылып, мәң­гүрт болып кетуі мүм­кін. Ұлттың емес, құл­қын­ның құлы болып жүріп құ­рып кеткен халықтар – тарихқа көз салсаңыз аз ба? – Халқымызда “Кедейдің күні кіжінумен өтеді” деген сөз болушы еді. Сыртта жүрген қандастарымыз сондай күйкі күйден құтылу үшін атажұртына бет бұрып жатыр дейсіз ғой. – Әрине. Өзектен ашық теппесе де қаға берері хақ. Мен қазір шетте жүрсем сондай халде бо­ларым анық еді. Еліме келіп, еңсемді тіктедім. Енді бар білім-білігімді ізгілікті іске жұмсауға талпыну үс­тіндемін. Менің атақонысым Омбы облысы ғой. Біз онда ешқайдан көшіп барғамыз жоқ. Қилы ке­зең қыспағы қазақты бөліп-жарып жіберді. Осы жер­де мен көптен бері көңілімді күпті етіп жүрген, өзім зерттеп, зерделеген оралман мәселесі туралы ой­ларымды бүкпей, бүркемелемей айтсам деп едім. Бұл арада оралманға жағдай жасалмай жатыр деу­ден аулақпын. Тәуелсіздікті бекітудің жолындағы же­тіс­тік­терімізбен қатар, осы қалай болады деген тұс­тар да жоқ емес. Ортақ істі ілгерілетуде айқын сөй­леп, ан­ық айтып отырсақ жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. – Сіздің есебіңізше, төрткүл дүниедегі қырықтан аса мемлекетте қанша қандастарымыз тұрып жатыр? – Бір жылға созылған ұлттық халық санағы та­яу­да қорытындысын жариялады. Соңғы түйін ел­дегі халықтың 63,1 пайызы қазақ делінді. Мен ал­ғашқы 67 пайыздық көрсеткіштің өзі аз емес пе екен деп жүретін едім. Тәубешіл жұртпыз ғой, бұ­ған да шүкір. Бір замандары бүкіл Орталық Азияда қазақ 6 миллион болып, көш бастаппыз. Одан кейін азайған үстіне азая бердік. Сөйтіп, жеріміз көп болғанмен, азшылыққа ұшырадық. Сұ­ра­ғы­ңыз­ға берер жауабым, алыс-жақын шетелдерде 5 миллион қазақ бар. Өзбекстанда – 1,5, Қытайда – 1,5, Ресейде – 1 миллион дегендей. Мен өскен Омбы облысында – 100 мың қазақ болса, ол он­дағы халықтың 4 пайызы болып есептеледі. Өзбек ағайындардың арасындағы қазақтардың санына күмәнім бар. Тіпті, 1,5 миллионға сене алмаймын. Менің тұжырымдауымша бұдан көп. – Тарихшы Д.Салқынбектің (“Түркістан”, 26 қараша 2009 жыл) деректеріне көз жіберсек, өткен ғасырдың 20-шы жылдары Орта Азия рес­пуб­ли­каларындағы ұлттық-территориялық межелеу кезінде С.Қожанов бастаған Алаш арыстары Бұқар уал­ая­тын­да 250 мың қазақтың тұратынын алға тартып, олардың тағдырына алаңдаушылық білдірген екен. – Содан бері қанша уақыт өтті? Сол қан­дас­тарымыз қайда? Олар өсіп-өнбеді дейсіз бе? Ата­жұр­тына қаншасы оралды, қаншасы жұтылып кет­ті? – Ойды ой қозғайды. Сонау бір жылдары Өз­бек­станда туып-өскен белгілі ғалым Аққал Қа­лы­бай­қызы туралы мақала жазғанымыз бар. Сонда про­фессор мынандай бір ойды ортаға салып еді. “Мұх­тар аға туралы сөзімді ол кісінің ұлт­жан­ды­лы­ғынан бастап едім. Біз тегімізді ұмытып, ортақ туға жар­ма­сып келген сол кер заманда ол кісі қазақ бір адамға ке­місе қабырғасы қайысып жүреді екен. Оған мына бір мысалды келтіре кетейін. Мұхтар аға Ташкентке бар­ған бір сапарында маған төрт ата­дан қосылатын Жұ­мабай әулетінен тараған Ма­хамат Мұха­ме­д­әлі­ұлы­мен дастарқандас болды. Ма­хамат аға сырттан келгенде Мұхаң: “Қазақ дегенің осы жігіт пе, бұл нағыз өзбек жігіті ғой!” – дегенде Махаң да әзілмен жауап беріп: “Өзбек де­сеңіз өзбек боламыз, қазақ де­сеңіз қазақ бола­мыз”, – деді. “Туғандарың бар ма?”. “Бір інім бар”.  Мұхаң: “Пәлі, қазақ халқы екі адамға азайып ке­тіпті ғой. Балаларың нешеу?”, “Сегіз балам бар, Мұха!”. “О, пәлі енді қайттім, енді қайттім, ә!. Екеу десем, он екен ғой. Енді қайттім?” деп күйінді. Қазір кезінде Ресей Думасына депутат болып сайланған сол Жұмабай атамның ұрпақтары өткен ғасыр ортасынан бергі кезеңде қазақтар және өзбектер болып екіге бөлініп кетті”, деп еді. – Міне, көрдіңіз бе, жұтылып, сіңіп кету, сіңіріп алу осындайдан шығады. Тарих тізбегіне қарап отыр­саң, Осман империясы да сондай жолдан өткен екен. – Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірегейі, кеңестік дәуірдің өзінде халқының қабілетін бағалап, соны көрсетуге бар күш-жігерін жұмсаған Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібеков өмірінің соңғы кезінде жазған “Ел боламын десең...” деген мақаласында “Ресейде бір миллионнан астам қазақ өмір сүрсе де бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Бірақ одан әзірше ешкім трагедия жасағысы келмейді. Өзбекстанда екі миллионға жуық қазақ тұрса да өздері қоныс тепкен жерде өзбек-қазақ мемлекеттік қос тілділігін талап етіп жатқандар жоқ. Тіптен осы бір жәйт болашақ ұрпақтың тағдырына әсер етеді деп Өзбекстаннан қаптап көшіп жатқан қазақты да көрген емеспіз. Қытайдағы, Моң­ғо­лия­дағы қазақ та қос азаматтықты, қос тілділікті талап еткен емес. Ал орыстар болса, Канадада да, Польшада да, тіптен Австралия мен Финляндияда да баршылық. Олар неге мемлекет орындарынан мұндай “артық­шылықты” талап етпейді” дейді. – Шырылдаған шындығымыз осы. Мен білетін Ресейде қазақ мектебі жоқ. Азын-аулақ қазақ тілі мен әдебиетінен факультативтік са­бақ­тар жүретін болуы керек. Оған оқулық, ма­ман жете бермейді. Ана бір жылдары оқулықпен біз­дің еліміз қамтитын болған. Қазір ол туралы әңгіме сиреді. Біз бүгін Ресейдің телеарналарын көріп, радиосын тыңдап, газеттерін оқимыз. Шеттегі бауырлардың Қазақстаннан берілетін хабарды көруге мұндай мүмкіндігі жоқ екенін айтуға болады. Кітап атымен, газет мүлде бармайды. Таңкүні өзге тілдің құрсауында болған қандастарымыздың ұрпақ ауыса келе тілін, ділін қанша тырысқанмен сақтай ал­май­тыны рас. Олар өз алдына, шетелдерде, бас­қаны айт­пағанда, Омбы мен Орынборда қаншама жә­ді­герлеріміз жатыр. Қазір кейбір азаматтар тарихты қай­та жазамыз дейді. Ол үшін тарихи дерек мол бо­луы тиіс. Сол дереккөздерінің көбі өзгенің қолында, мұрағат-мұражайларында сақталуда. Оны қайтарып алу жағы қиын екені белгілі. Бірақ, мықты жа­рақталған, білікті ғалымдар топтастырылған экс­пе­ди­циялар ұйымдастыру арқылы көшірмесін болса да ­– біраз құн­ды­лық­та­рымызға қол жеткізуге болады. Тарих аясын ке­ңі­тіп, ұлтыңның алғыр екенін та­ны­татын – рухани дү­ниелер. Мемлекеті жойылғанмен, сондай құн­ды­лықтарымен әлемде аттары әлі де болса жаң­ғы­ра­тын халықтар баршылық қой. Бүгінгідей жа­һанда­нудан жаныңды сақтайтын сол жәдігерлер. Жалпы, шеттегі бауырлардың көбі қазақ елін, қазақ жұртын арқа тұтады, қорған көреді. Үмітпен қарайды. Рухы жұтап қалғандар болмаса, өздері де қарап жатқан жоқ. Тіл мен ділден, діннен айырылмаудың қа­ре­кетін жасауда. Бұл істе ол жақтағы қазақпын деген шенді мен шенеуніктер, қалталылар тыс қалмай жүргеніне куәміз. – Ресми мәліметтерге жүгінсек, осы уақытқа дейін Отанымызға 740 мың қандастарымыз келген екен. Ал демограф Мақаш Тәтімов 1 миллионнан асып жығылады дейді, сіз бұған не дейсіз? – Мен бүкіл саналы өмірін ұлттық демо­гра­фияға ар­наған ғалымды қолдаймын. Қазір елімізде мың­даған қазақ қандастарымыз ықтияр хатпен жүр. Әсіресе, азаматтығы жоқ жастар мен зейнет­кер­лер аз емес. – Оның себебі не? – Себебі әртүрлі. Соны бір жүйеге сала алмай ке­­леміз. Үлкендер жағы Қазақ елінің азаматтығын ал­­са, ең төменгі зейнетақы беріледі. Онымен күн кө­ру, әрине, қиын. Қытайда, соңғы жылдары Ре­сейде зей­нетақы өсті. Бір мысал келтірейін. Менің анам Ом­быда тұрады. Теңгеге шаққанда алатын зей­нетақысы 50 мыңға жуық. Мұнда келсе, ең тө­менгі зей­нетақы 12 мың теңге екен. Келіңіз десек, сен­­дерге салмақ салмайын дейді. Жастар жағы екі арада жүріп сауда жасайды. Осы мә­се­лелерді бір жү­йеге келтіріп, шешімін шығаратын уақыт жеткен секілді. – Жастар дегеннен шығады. Екі пайыз квотамен мыңдаған жастар Отанымызда білім алып жатыр емес пе? – Рас, ол туралы кейін айтайын. Елбасы өз же­рін­де азшылыққа ұрынған ұлтымызды көбейту мақ­сатында көп жұмысқа ұйытқы болып келеді. Соны іс басында жүрген азаматтар түсінбей ме, әлде өздеріне жеткен жалған ақпарларды малдана ма, көп жағдайда екіұшты пікірлердің жетегінде кете береді. Өткен жылы Президенттің тікелей тап­сыр­масымен квота саны 15 мыңнан 20 мыңға кө­бей­тілді. Бірақ, тиісті мекемелердің ұйымдастыра ал­мағанынан квота 78 пайыз ғана игерілді. Неге де­сеңіз, сантүрлі желеулер алдыңнан өріп шыға ке­леді. Егер сөзді іске жеңдіріп, өзі келсе күтіп алуға әзірміз демей, тү­сін­діру жұмыстарын дұрыс жүр­гіз­генде Елбасы тап­сыр­ма­сы артығымен орындалар еді. Қазір әр ел өзінің демографиялық қауіпсіздігін сақ­тауды бірінші кезекке шығарып отыр. Одан да өзге түйткілдер бар. Соған байланысты түрлі ке­дергілер де кездесіп отырады. Мұндай жағдайда орал­мандар арқылы келемін дегендерді тарту ке­рек. Квота санын кө­те­ріп, бөлінген ақшаны нақты мекен-жайға жі­бер­месек, шеттегі қазақтан бірте-бірте айырылып қалу қаупі жоқ емес. Бұл істе әр аза­маттың жа­уапкершілігі, елдің ертеңіне деген ерекше ілтипаты, ұлтына сүйіспеншілігі, адалдығы болуы тиіс. – Көрші елдердің бірінде қазақ мектебі жоқ дей отырып, екіншісіндегі осы кезге дейін қылау түспей келген таза тіл, таза рух басты тілдің басым болған тұсында өлмесе де өлеусіреп қалады ғой дегенді аңғартып отырған шығарсыз. – Тұспалымыз бір жерден шығып жатыр. Иә, аз жұрт іргелі мемлекеттің саясатын бұза да, әсер ете де алмайды. Бірте-бірте күнкөрісі үшін сіңіп кете береді. Ондай күнге тап болғандар ата­жұр­ты­нан тамырын үзіп алады. Қанша жерден кел десең де келе қоймайды. Сондықтан біз бүгін “кө­не­көз­дер” бар­да бар мүмкіншілікті пайдаланып қа­лу­ы­мыз ке­рек. Ертең кеш болады, әттеген-айдан ауыз бо­самайды. Ұрпақ алдында кінәлі кейіпте жүреміз. Еврей жұртынан үйренер үлгі көп қой. “Оралу”, “Сохнут” деген ұйым құрып, өздері от пен судың ортасында жүрсе де барған жерінде қандастарына ке­ліңдер, көбейелік, сөйтіп, қауіп-қатерден құты­лайық, дейді екен. Тіпті, тіл үйрететін орталықтар да құрып қояды. Біз Елбасының емеурінін түсінбейтініміз өкі­ніш­ті. Тұңғыш құрылтайды неге ұйымдастырды? Ше­телдерге шыққанда сонда тұрып жатқан ба­уыр­ларымен неге жиі жүздеседі? “Нұрлы көш” бағ­дар­ламасын бекітіп, жұмыс істеуге мүмкіндік беруінің өзі неге тұрады? Тәуелсіз елдің әр азаматы осындай игі­лікті істі іліп әкетіп, айтқызбай орындауы керек емес пе? Президент жеріміздің кең екенін, хал­қы­мыз­дың аз болып тұрғанын әр кез ескертумен ке­леді. Егер құстың қанаты талатын, тұлпардың тұя­ғы тозатын жерімізге қандастарымызды әкелу жұ­мы­сын тек мемлекетке жүктеп қоймай, әр­қай­сы­мыз ойластырсақ, әсіресе, қалталы миллиардерлер ық­ы­лас танытып, ондаған отбасының оралуына мүм­кіндік туғызса, Елбасы бөлген квота 78 пайыз емес, 300 пайыз орындаларына менің иманым кәміл. Бізге жетпей жататыны не? Отаншылдық, ұлттық патриотизм. – Осы патриотизмді жемқорлық деген жегі құрт әлсіретіп тұрған жоқ па? – Ол да бар. Елімізде көші-қон мәселесімен не­гізінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі, оған қарасты Көші-қон комитеті ай­на­лысуда. Бұған осы іске қатысы бар жеті ми­нис­трлікті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын қо­сыңыз. Бұл дегеніңіз аз құрылым емес қой. Сөйтсе де бөлінген квота орындалмайды. Себебі неде де­се­ңіз, басшы мен қосшының көптігінен болса ке­рек. Осы жұмысты бір ғана құрылымға, яғни агент­тік құрып, соған тапсырса, ине-жіптен шыққан жаңа дү­ниедей етіп орындар ма еді? Тіпті, ағайын­дар­ды кө­шіріп әкелу туралы арнайы заң қабыл­да­сақ та ұтылмас едік. Бұл істің оңалуына көп септігін тигізер еді. Патша өкіметі кезінде (1906-1912 жылдары) Столыпин бір беттік ережемен-ақ қазақ жерін келімсектерге толтырып тастаған. Мысалы, 1907 жылдан бастап бір жылда 400 мың қарашек­пен­дер­ді Жайықтың сол жағасына, яғни Қазақстан мен Сібірге көшіріп отырған. Қалтаға салып жү­ретін анықтама кітапқа бүкіл жеріміздің қыр-сы­рын түгел, оған қоса келімсектердің алатын кө­ме­гін, оны беретін адамды, жүретін жолды – бәрі-бәрін алақандағыдай етіп жазып қойған екен. Оны қа­рапайым жұртқа да тегін таратып, соны тиімді пай­далану жағын үйреткен. Міне, осындай сая­саттың арқасында келімсектер жаяу-жалпы болса да қазақ жеріне келіп орнығып алған. Бұл аз де­се­ңіз, анықтамалықта көрсетілген тағы бір талап: кім қайда барады, қандай жер қолайлы дегенді ал­дын ала шолғыншылар жіберіп, біліп отыруы тиіс. Ол уақытта бүгінгідей жол қайда, көлік қайда? Солай бола тұрып Ресей империясы қазақ жерін отар­лау­дың те­тігін әдемі ұйымдастырды. Сөйтіп, шұрайлы же­рі­мізге мыңдаған келімсектерді қоныстандырып, кейін ол миллиондарды құрады. Ал қазақ жұрты бытыра тиген торғайдай быт-шыт болып, бет алған жағына күнкөріс үшін бас сауғалады. Соның кесірінен ұлттық менталитетінен айырылып қалудың алдында тұрғанда, тәуелсіздігімізді алып, бірте-бірте ес жиып келеміз. – Оралмандар үшін ондай анықтамалықты өзімізде де жасасақ болатын шығар. – Болғанда қандай. Қай елде қанша қазақ тұ­ра­ды, олардың өмір сүру деңгейі қандай, тарихи ота­нына келсек дегендерге не кедергі дегенді өзіміз үшін, ал шеттегі бауырларға атажұрты туралы де­ректерді түсінікті етіп берсек, ондай анықтамалық шет­елдердегі біздің елшілік немесе консул қыз­мет­керлерінің қолында жүрсе, құба-құп болар еді. – Сонда мұны кім жасауы керек? – Сұраныс болса, мен-ақ әзірлеп беруге да­йын­мын. Елге керек дегеннен кім теріс айналады? Се­гізінші сыныпқа арналған тарих оқулығын бе­л­гілі ғалым, менің ұстазым Жанұзақ Қасымбаев жа­зып жүретін. Ол кісі өмірден өткен соң маған сал­мақ салды, орындадым. Шеттегі қазақ ел десе елең­деп отырады. Қандай үлес қоссам екен, оған өті­ніш айтатын жан табылар ма екен деп жүреді. Ел­ге деген патриоттық сезім болмаса, Жандарбек Мә­лібеков Өзбекстанда жүріп Елтаңбаның жо­басын сызып жасар ма еді, ұлт тарихының бастауы осында жатыр демесе, Қаржаубай Сартқожаұлы шаң жұтып, Күлтегін тасына үңілер ме еді? Кім де болса өз ұлтының ұл-қызын биіктен көргісі ке­леді. Амалы құрығанда ғана өзгеге қол артады. Қа­зақ­тың абыройын Бейжің Олимпиадасында көкке кө­терген Бақыт Сәрсекбаев сондай кезеңдерді бас­тан өткеріп, қыстығып жүріп Отанына келген еді. Бұл оның қажыр-қайратына, күш-қуатына ерекше серпін берді. Ақыры елінің көгіндегі жарық жұл­ды­зы болып жайнады. Ондай таланттар шеттегі ба­уыр­лар арасында аз емес. Мұндай мысалдарды көп­теп келтіруге болады. Қайда жүрмейік, біз ел бо­луда еншіміз бөлінбеген, бір кіндіктен тараған, бір тілекке бағынған қазақтың ұл мен қызымыз ғой. Біз ата-мекенге келсек деп отырған жұртпен жос­парлы түрде жұмыс істеуіміз керек. Кейде Еу­ропа құрлығындағы қандастарымыз арасында Дү­ниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйытқы болуымен әралуан шаралар өткізіп жатамыз. Құптарлық нәрсе, қарсылық жоқ. Дегенмен, олар­дың арасында бірлі-жарымы болмаса, көбі келе қою ниетінде емес. Оны айтасыз, Елбасы береке-бір­лік болса, күні ертең әлемдегі алдыңғы қатарлы мем­лекеттердің қатарына қосыламыз дегеніне қа­рамай, әлгі Еуропаңыздың “жұмбағына” жұтылуға өз іші­міз­дегілердің біразының “құмары” басылмай жүргенін айт­пасқа болмас. Сол Еуропадағы 15 мыңдай қазақ былай тұрсын, Ресейдегі туыстарымыз тілден айы­ры­лып бара жатқанын айта кетсем, ешкім артық дей қоймас. Ендеше, ең алдымен тілін, дінін сақтап отыр­ған елдердегі туыстар арасынан табылсақ екен. Он­дай іс-шараларды ертеңгі күніміз не болады деп алаң­даған қалың қазақ тұрып жатқан мем­ле­кет­терде өткізсек дегенді баса айтқым келеді. Оларға Президенттің көрегендік саясатын жеткізсек, елге оралғаннан кейінгі азды-көпті қи­ындық уақытша екенін сездірсек, жұртым деген адам бар ауырлық артта қалатынын, тамыр жайып кеткен соң көрген түстей болатынын, өскін ұл-қыз қазақтың қасиетті топырағында алшаң-алшаң басып жүретінін саналарына сіңірсек, қане. Жалпы, оралман мәселесінде атқарылып жатқан жұмыс баршылық. Дегенмен, бар мен жоқ тара­зының екі басындай нәрсе. Барымызды көре отырып, жоғымызды түгендесек, ұтылмаймыз. – “Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы. Қуғыншы қалай болса, мал қайтпақшы” (Ахмет Байтұрсынұлы) демексіз ғой. – Шынында, ұлт ұстазы айтқандай, біз қазір жо­ғымызды түгендеп жатқан қуғыншымыз. Мақ­са­тымыз басқа қонған бақ – тәуелсіздігіміздің ал­тын діңгегін нық бекіту, кейінгі ұрпақтың қолына ши шықпайтындай етіп ұстату. Сол ұрпақтың жүз­де­ген емес, миллиондаған бір бөлігі шетелдерде жүр. Олардың арасынан атажұртында жоғары білім ал­сақ дегендерге жыл сайын 2 пайыз квота бө­лінеді. Сол квота бойынша оқуға түскендердің саны 2007 жылы – 588, 2009 жылы – 609, 2010 жылы – 620-ны құрапты. Шетте жүрген 5 миллион халыққа бұл аз ба, көп пе, өзіңіз топшылай беріңіз. Оқу бітірген соң ол жастардың бәрі осында қалады. Отан дамуына, демігіп тұрған демографиямызға өз үлестерін қосады. Шетте жүрген ағайындар ара­сын­да өмірге ұрпақ әкелсек дегендер өте көп. Олар оған мүмкіндік таппай жүр. Осыны барлай алсақ қой, шіркін. Жастарға бөлінетін квотаны 4-5 пайызға көтерсек, әр жыл сайын жүздеген емес, мыңдаған үміткер оқуға түсіп жатса, ата­жұр­тын­дағы ботасына алыста жүрген ата-анасы жетсем деп талпынады. Соларды қуат тұтады, мият санайды, қара тартады. Тіпті, ұрпақтары қанаттанып кетсе, кво­таны сұрамас та еді. Артындағы ағайындары да бір-біріне серіктесіп кетер еді. Дайындық бөлім­де­ріне жыл сайын 1500 талапкер алынады. Бірақ оларды әр өңірдегі білім орындарына бөліп-бөліп жібереді. Қытайдан келгендер – төте жазумен, Өзбекстаннан келгендер – латын қарпімен білім ал­­ғандар. Бізде кириллицамен оқытады. Оның үс­тіне үміткерлер оқып жатқан оқу орындары олар­дың жағдайларын түсініп, жанашырлық танытып жатса қуанасың. Әне-міне, дегенше бір жы­лыңыз да өте шығады. Қорытындысында әлгі үміт­кер­лердің 35-40 пайызы ғана жоғары оқу орындарына ілі­ніп, қалғаны сыртта қалады. Одан кейінгі ол жас­тардың тағдыры не болады дегенді ешкім ойлай қой­майды. Осы арада мына бір ой байламымды айтсам, сол талапкерлерге жұмсалған мемлекет қаржысы бос кеткені ме? Бұған кім жауап беруі керек? Нарық заманында бір теңгенің сұрауы болады деген қағида қайда қалды? Бір ұсынысым бар, оралмандарға бес жыл жеңілдік жасаса. Осы уақыт ішінде қатарға қосылмаса, өз обалдары өздеріне. Оралман деген кім? Бұл сұраққа Отанына келгеннің бәрі оралман ғой деген жауап аласың. Азаматтық алмағанды оралман делік, азаматтық алғанды неге оралманға жатқызамыз? Қазақ елінің патриотымын, ата-баба тұяғымын, ендігі өмірімді тәуелсіз мемлекетіме арнаймын деген әр азамат ішкі есепті қойып, қазақ қаны болса, міндетті түрде Қазақ елінің азаматтығын алуы керек. Мен жоғарыда жағдай жасау мәселесін бекер айтып отырғам жоқ. Мәселен, бір отбасында бес адам болса, жол-пұлы, үй сатып алуы – қысқасы бәріне 900 мың теңгедей ақша береді екен. Бұл қай шығынға жетеді? Ауылды жерге барса, күнін көрер, қалада қалса тамағынан да артылмайды. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан Астана қаласының тү­біндегі Қоянды ауылының тұрғындары ХІХ ғасырдағыдай күн кешуде. Сенбеген азаматтар болса, барып көрулеріне болады. Су жоқ, жарық жоқ, мектеп жоқ. Ескі Қояндыдағы мектептегі сабақ үш ауысымда өтеді. Жарық беруді бизнес көзіне айналдырып алғандар бар. Олар жерді басып, не тартып алған жоқ. Кезінде тиісті орындар берді. Белгілі адамдар өздері барып, қазығын қағып, қуанышқа бөледі. Сонда олар кімді алдаған? Енді қилы-қилы әңгімелер айтатындар көбейді. Ара­ларында жерді сатып алғандар да аз емес. Оларға жер сатқан кім? Бұған жауап жоқ. Біреу біреуге, ол екіншіге сілтейді. Бұл кезінде дұрыс үйлес­тір­мегендіктен, кейін бақылаудың болмағанынан орын алып отырған мәселе. Арқа еті арша, борбай еті борша болып үй тұрғызып алғандарға жерді саған кім берді дегендер шығып жатыр. Бұлай болатыны бар, үй түгіл, қазық қақпай тұрып, жұртты онда жолатпаулары керек еді. Тірлік жасаған екен, неге қолұшын бермейміз? Жер алып, үй салу қиынның қиыны. Мен мұны өз басымнан өткізген соң айтып отырмын. Өтініш бергеніме біраз жыл болды. Кезегім 60 мыңыншы. Жылжитын түрі болмаған соң, кредит алып, пәтер иесі болдым. Өзім та­рих­шы, заңгермін, шетте жүрген қазақтың тарихынан екі диссертация жазып қорғадым. Енді сая­сат­танудан “Қазақстан және миграция” деген тағы бір диссертацияны Еуропа ғалымдарымен бірлікте әзірлеп жатырмын. Онда әлемдік тәжірибені зерделей отырып, қандас­та­ры­мыз­ды Отанына көшіріп әкелудің тиімді жолдары қа­ра­стырылады. 15 жылда 10 сотық жерге менің қо­лым жетпесе, кеше келген оралманның қолы қа­лай жетсін? Ашық айталықшы, қарапайым халыққа жер жоқ та, қалтасы қалыңдар мен шенеуніктер бір кедергісіз жер де алады, үй де салады. Бұған қаланың іші-сырты толы ғажап сарайлар дәлел болса керек. Кейде осындай нәрселерге миым жетпей, әлек болатыным бар. – Сонда оралмандарды орналастыру жағын қалай шешуге болады? – Зиялы қауымның қалада болғаны пайдалы. Ал бұрын да ауылда тұрған жұртты бейімдеу орта­лық­тары арқылы елді мекендерге орналастырған ләзім. Бармайды деген желеу сөз. Ұйымдастыра алмай, қолдан мәселе туғызамыз. Жоғарыда айттым ғой, Столыпиннің келімсектерді қазақ жеріне қалай сіңіріп жібергенін. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қытайдан бауырлар келгенде, кеңестік саясат екі қолға бір күрек тауып беріп, ұл-қызын оқытқан жоқ па? Көп оралманға кең­се­лердегі шенеуніктер көресені көрсетеді де, бетін қайтарады. Жағымсыз әңгімелер сондайдан туады. Әрине, оралмандардың арасында да қыңырлары, жеңіл жолмен табыс тапсақ дейтіндері жоқ емес, бар. Бәрі бірдей ақтан сопы дей алмасақ керек. Іске бейім ісмерлері де, білім білігі мықтылары да жетіп артылады. Егер негізгі жұмыс ойдағыдай шығып жатса, аз-кем ақауды желеу етіп, пайдаланып қалғысы келетін кейбір пысықайлар өз жолын табады. Күні жылы, тірлікке тиімді, оның үстіне шығын аз кетеді деп бейімдеу орталықтарын оңтүстік өңірлерден емес, солтүстік, шығыс, өзге де стра­те­гиялық маңызы зор шекаралы облыстардан көп­теп салу керек секілді. Бетін аулақ қылсын, бір кез­дері біз бәлен пайыз болдық деп еліретіндер төбе шошайтса, қиын соғары сөзсіз. Сербияның бір бөлігін косоволық албандар иемденіп, мемлекет құр­дық деп жатыр. Бұл да ойға қалдырмай қоймайды. Оралмандарға жақсылық жасаудың, ұйым­дас­ты­рудың, ұйытқы болудың әдемі үлгісін мен қыз­мет ететін университеттің ректоры Бақытжан Әб­ді­райым жасап отыр. Білім ордасының басшысы оқып жатқан студенттерді 100 пайыз жатақханамен то­лық қамтамасыз етіп, барлық мүмкіндікті жа­сауда. Алғаш рет жақсы оқитындарды әскери ка­федраға қабылдатты. Егер жағдайы көтермейтін студент, емтиханнан құлап қалып жатса, бір реткі төлейтін 9 мыңға таяу теңгеден де босатып отыр. Оралмандар кеңесін құрды. Әр жыл сайын құрылтайын өткізіп тұрады. Мүмкіндігі төмен болып, қиналып жүрген студенттерді қоғамдық көлікте жүретін билетпен, тегін тамақ ішетін талонмен қамтамасыз етіп, сабақтан бос уақытында жұмыс істеу мәселесін де шешіп берді. Ауыл, қала демей, кез келген мекемедегі шенеунік, оның айналасындағылар осындай көмек берсе, жетпегенін түсіндіріп жатса, қандастарымыз түк ұқпайтын қаражаяу адамдар емес. Олардың арасында тоқығаны бар үлкендер, оқығаны жетіп-артылатын жастар баршылық. Тек Елбасы ұйытқы болып, ілгері алып келе жатқан ұлтқа керек істі, сөз бұйдаға салып, пікір қайшылығын туғызып, кім мықты деп бір-бірімізбен алыспай, тіл табыссақ бітпейтін іс, орындалмайтын жұмыс жоқ. Орал­ман­дардың болмысын жетік білетін бір оралман Пар­ламент Мәжілісінде, одан соң Қазақстан халқы Ас­самблеясында болса деген өтінішімді де ортаға сала кетуді жөн деп ойлаймын. Ассамблея арқылы Мә­жіліске сайланатын қазаққа тиесілі бір мандат шеттен келген ағайындарға берілсе деген ой-тілек те жоқ емес. Мәжілістегі бір­лі-жарым азаматтың жанайқайын естімей жүргеміз жоқ, рахмет. Олардың қатарында депутаттар Уәлихан Қалижан, Айгүл Соловьевалар бар. Иә, бізге бүгінімізбен қатар, ертеңіміз де қымбат. Соны алдын-ала аңғарған Елбасы өз Жарлығымен жақында жариялаған “Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында” “ХХІ ғасырдың екінші онжыл­дығының басы күрделі болады. Қазақстан әртүрлі үлгілерге дайын болуы тиіс” дегенді бекер айтпаса керек. Осыны ескерсек екен. – Сіз “Менің елім” журналында ислам және христиан діні туралы өз пікіріңізді білдірген екенсіз. Сол туралы аз-кем айта кетсеңіз. – Мен қай жағынан келсек те ел болғаннан бергі жарасымды тірлікті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігі мен көрегендігі деп білемін. Аталмыш екі дін біздің елде басымдыққа ие. Солай болуы да керек. Сырттан сыналап кіріп жатқан жат діндер де бар. Мен мұны Отанымыздағы 75 пайыз мұсылман мемлекетіндегі ислам дінін жүргізу­ші­лердің кемшілігі ме деп ойлаймын. Еркіндік керек, бірақ еркелікке жіберуге болмайды. Қазіргі ке­лім­сек діндердің кердеңдеуі жақсылықтың нышаны емес. Ал біздің дінге ұйытқы болып жүрген аза­мат­тардың көбін тек қана мешіт ішінен көресің. Ша­қырсаң құран оқып беруге келеді. Өзге дін өкіл­дері кезіп жүреді. Президент саясатын бас­шы­лық­қа алып, өзгенің құқығына тимей, ислам ді­нінің беделін көтеруіміз қажет. Дамыған елдердің өзі жат ағымдарға қатаң тыйым салып отыр. Оң­түстік Корея әлемдегі экономикасы мықты ел, бі­рақ идеология жағынан әлсіз болып шықты. 50 жылда 60 пайыз халқы өз дінінен бас тартып, христиан болып шыға келді. Сақтықта қорлық жоқ. Етек-жеңімізді жиып, ниеті түзу еместерге тоқтау қоймасақ, ертең әкесі бір діннің, шешесі екінші діннің, баласы үшінші дін­нің сөзін сөйлеп, қырық пышақ болмасына кім кепілдік бере алады. Қазірдің өзінде қазақ “нағыз қа­зақ”, “шала қазақ”, “оралман қазақ”, “қала, ауыл қа­зағы” деп жүргенде оған “шоқынды қазақ”, “ва­хаб­бист қазақ”, тағы тағылар қосылып, Абайдың: “Ба­ғанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөз­де­ріміз қайда?” деген ащы сөзін айтып жүрмесек бол­ғаны. Осы жерде ойыма: “Азаттық деген үлкен жа­уап­кершілік” деген Бернард Шоудың сөзі оралып отыр. Түсіне білсек, түйсіне алсақ, пенделіктен бір сәт бой жиып, алдымызға қарай алсақ, қазақ үшін бүгінгі азаттықтан артық қымбат не бар! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.