Кеңес өкіметі кезінде қазақ даласындағы мүйізді ірі қараның саны 9 миллионға жетіп, өзімізден артылған өнім одақтас республикаларға да шығарылған-ды. Қазір мүйізді ірі қара саны 6 миллионға жуықтайды. Мал басын көбейтуге әрі сапасын жақсартуға аграрлық секторды қаржылай қолдау ұйымдары біршама тиімді жағдай жасап отырғанын айта кету керек.
Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие беріп келе жатқанына бірер жылдың жүзі болып қалды. Биылғы қаңтар айында ғана қор 1,2 мың бас ірі қара мен 3,2 мың бас ұсақ мал сатып алуға жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрайтын 42 несие беріпті.
Ал өткен жылы қор 15,6 млрд теңге көлемінде 679 өтінімді қанағаттандырған. Бөлінген қаражат 23,8 мың бас асыл тұқымды ірі қара мен 75,4 мың бас ұсақ мал сатып алуға жұмсалған. Бүгінде шаруашылықтарға шетелдерден 9,3 мың бас ірі қара жеткізілген.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Арғымақ» шаруа қожалығы Ресейдің Тамбов облысында 60 симментал тұқымды сиыр сатып алды. Бұған дейін шаруашылықта 100 жылқы және еділбай тұқымының 700-ге жуық қойы болған. Енді шаруашылық басшылары тиімді мал шаруашылығын кеңейтуге назар аударды. Жазға қарай асыл тұқымды малдан алғашқы төл алынуға тиіс.
Сол сияқты, Ақмола облысындағы «Ел-Хан» шаруа қожалығы Бұланды ауданына 100 ангус сиырын әкелді. Қожалыққа 60 сиыр мен жаңа «Беларусь» тракторын сатып алуға қор қаражаты жұмсалды. Айта кету керек, бұл мал «Терра» ЖШС-нен сатып алынған. Аталған мал бордақылау алаңы АҚШ-тан америкалық ангустарды әкеліп, сапалы жас төл алды. Қазір асыл тұқымды мал жергілікті шаруашылықтарға сатыла бастады.
– Шетелде мал сатып алған шаруашылықтар мемлекеттен субсидия алады. Мемлекет мал басына ұлттық валютаға шаққанда 225 мың теңгеден береді, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несие департаментінің директоры Г.Бааль. – Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – шаруашылықтарға бұқаларды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмағының әр килограмына 200 теңгеден субсидия төленеді.
«Сыбаға» бағдарламасының тағы бір маңызды ерекшелігі – кепілдікке несие қаржысына сатып алынатын ірі қара мал алынады (кепілдік сомасының 75 пайызына дейін).
Бүгінгі таңда аталған қор «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда. Несиелер 70 млн теңгеге дейінгі көлемде берілуде. 15 жылға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 4 пайыз.
Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі малдың сапалық сипаттамаларын өсіру мен жетілдіруді, қазақстандық ет экспортын ұлғайтуды көздейтін «Мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын» әзірлегені белгілі. Бағдарламаның қаржы операторларының бірі – «Сыбаға» бағдарламасын іске асыратын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ.
Бағдарлама бойынша несиелер асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал алуға, оны өсіруге қажетті негізгі құралдарды сатып алуға, сонымен қатар мал өсірушілердің айналымдық қаражатын толықтыруға беріледі. Сөйтіп фермерлер малмен қатар, машина-трактор паркін жаңартып, қажетті жабдықтарды, мал азығын сатып алуға мүмкіндік алып отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»