Спорт • 20 Ақпан, 2019

Оралда бадминтоннан ТОП-16 турнирінің жеңімпаздары анықталды

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12-16 ақпан күндері Орал қаласында бадминтоннан ТОП-16 турнирі аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі анықталды деп хабарлайды Olympic.kz. 

Оралда бадминтоннан ТОП-16 турнирінің жеңімпаздары анықталды

Еліміздегі ең үздік бадминтоншылар жиналған жарыста ұлттық құрама көшбасшысы Дмитрий Панарин (Қостанай) қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол ерлер арасындағы бәсекеде топ жарып, чемпион атанды. 

Күміс жүлдені Түркістан облысының өкілі Хайтмұрат Құлматов иеленсе, үздік үштікті тағы бір қостанайлық спортшы  Арман Мырзабеков тұйықтады. 

Қыздар арасындағы финалдық кездесуде Түркістан облысының намысын қорғаған Айша Жұмабек пен Камила Сыздықова кездесіп, алғашқысы жеңіске жетті. 

Қола жүлде қостанайлық Наталья Сазонованың еншісінде. 

Бадминтоннан ұлттық құраманың бас бапкері Асқар Орманов бұл турнирдің өткізілуі мақсатын түсіндірді. 

«Үздік 16 спортшының басын қосқан себебіміз біреу. 19-26 мамыр аралығында Қытайда бадминтоннан командалық есептегі әлем чемпионаты өтеді. Сол сынға қатысатын команда жасақтау үшін ел үздіктерін тағы да жинадық. Шыны керек, спортшылардың дайындығы мен турнирдің өту барысы көңілімізден шықты. Жүлдегерлер тізімін байқаған болсаңыз, негізінен Қостанай мен Түркістан облысының спортшылары алда екенін байқауға болады. Қазір осы екі облыс бадминтоншылары жоғары бәсекелестік туғызуда. Осы жарыстан соң Қытайдағы әлем чемпионатына кімдер қатысатынын жоспарладық. Нақты кімдердің баратынын әлемдік дода жақындаған соң айтамыз. Ал дәл қазіргі сәтте ерлер құрамасы Угандада өтетін әлем кубогі кезеңіне кеткенін хабарлағым келеді. Дмитрий Панарин, Хайтмұрат Құлматов және Артур Ниязов рейтингілік әлем кубогіне аттанып кетті», - дейді бас бапкер.