03 Наурыз, 2010

ҚЫСЫЛҒАНДА ҚОЛ ҰШЫН БЕРЕТІН...

1066 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Шығыс аймақтың аэроұтқырлы жедел құтқару жасағы облыс тұрғындарының алғысына ие болуда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Шығыс аймақтық аэроұтқырлы жедел құтқару жасағы осыдан 16 жыл бұрын құрылған. Бастапқыда ол Шығыс Қазақстан облыстық жедел құтқару жасағы деп аталған. Жасақты сол кезде Құмарғали Нұржақыпов басқарып, шағын ұжымның тез қалыптасып кетуіне зор еңбек сіңірді. – Бұдан үш жыл бұрын Қы­зылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында Сырдария өзені буырқанып, арнасы көтеріліп, бой бермей жатқанда министрлік бізді де апат аймағына жіберді. Онда бір ай бойы апатпен арпалысып, өзен арнасына түскен кезде елге оралдық. Халықтың сол кездегі ризашылық­та­рын еске алғанда ел игілігі үшін ең­бек ететінімізді мақтан тұттық. Ол ол ма, биыл Кенді Алтайда қыс қатты, үш ай бойы қақаған қыс пен ақтүтек боранмен арпалысып, жүздеген адамдарды ажал тырнағынан араша­лап қалдық, – дейді аталмыш жасақ­тың жетекшісі Игорь Лапенлавский. Аймақтық аэроұтқырлы жедел құтқару жасағы апаттың 42 түрі болса, соның 26-сы бойынша қыз­мет көр­сете алады екен. Олар қандай түрлер? Осыдан екі апта бұрын қалың ну орман ішіндегі Карагужиха ауы­лында 74 жастағы Нина Гусева деген әйел қатты сырқаттанып, ес-түссіз құлап қа­лады. Қа­­­­­лың тұ­ман­ның сал­дарынан тікұшақ ау­ылға бара алмай­ды. Қалың қардың би­ік­тігі үш метрден аса­тындық­тан жол қа­тынасы да үзілген. Енді не істеу керек? Аэроұтқырлы жедел құтқару жаса­ғына кейуананы же­дел облыс орталы­ғы­на жеткізуге бұйрық түседі. Ақыры үш азамат доңғалағы би­ік, екі метрден аса­тын “Нива-Марш” көлігімен ананы ау­ру­ханаға жеткізеді. Немесе мына бір оқи­ғаны алайық. Көкпекті ауданының Миролюбовка ауылы маңындағы Бұқтырма теңізінің тұңғиығына ауыр трактор батып кетеді. Онда отырған бір адам секіріп аман қалады да, екіншісі трактормен бірге құрдымға батады. Тез арада ішінде суға сүңгу­шілер бар бес адам апат болған жерге жетіп, батып кеткен адамды алып шығады. Амал бар ма, жыл ішінде осындай апат салдарынан бірнеше адам опат болған. Жасақ қызметкер­лері қар тұтқынында қалып қойған бір­неше адамды аман-есен құтқарып­ты. Жақында Риддер қаласына ба­ратын жол бойындағы Белокаменка ауылы маңында ақтүтек боранда ада­сып кеткен тағы бір азаматты жасақ қызметкерлері құтқарып қалған. – Қазір бізде 32 адам еңбек етеді. Орынбасарларым Евгений Егоров, Иван Худяков, екінші құт­қару бөлім­шесінің жетекшісі Аман­гелді Қапа­нов, үшінші сыныпты құтқару­шы Олег Тилле, “2009 жылғы ең үздік құтқарушы” атағын жеңіп алған Тал­ғат Дүзбаев сияқты аза­маттар өз істе­рінің майталмандары. Бізде қазір әр­түрлі техниканың 18 түрі бар. Олардың ішінде желді үрлеп алып, су мен қалың қарды бұйым құрлы көрмейтін кеме, екі “Нива-Марш”, “Камаз”, “Уаз”, “Га­зель” басқа да техника бар. Солар­дың көмегімен облыс жолдарында қар тұтқынында қалған көптеген адамдарға дер кезінде көмек көрсеттік, – дейді жасақ жетекшісі Игорь Васильевич. Суретте: жасақ қызметкерлері (солдан оңға қарай) – Анатолий Дудник, Игорь Лапенлавский (бас­тығы), Амангелді Қапанов, бас маман Сергей Куликов. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен. ОМБЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ КҮНДЕРІ ӨТТІ Қазақстан мен Ресей арасын­дағы шекаралық ай­мақтардың мәдени-рухани байла­ныстарын нығайту жөніндегі келі­сімшартқа сәйкес жуырда Шә­­кә­рім атын­дағы Семей мемлекеттік уни­вер­си­тетінде Омбы сауда-өнер­кә­сіптік палатасы және Омбы жо­ғары оқу орындарының ректорлар кеңесі Омбы жоғары оқу орын­дарының күндерін өткізді. Оның соңы осы бағ­дарлама аясында өт­кізілген “Бі­лім және ғылым сала­сындағы Қа­зақстан – Ресей ын­тымақтас­ты­ғы” атты дөңгелек үс­телге жалғасты. Бұл шараларға Қазақстан жағынан Семеймен бірге Өскемен және Павлодар қалаларындағы жоғары оқу орындарының өкілдері де қатысты. Екі елдің мәдени- рухани салалардағы байланысын нығайту мақсатында көршілес аймақтарда алғаш рет өткізілген кездесу барысында өзара тәжірибе алмасуға, білім мен ғылымдағы жаңа үрдістерді бөлісуге өрісті мүмкіндіктер туғызылды. Кездесу соңында Шәкәрім ат­ын­дағы Семей мемлекеттік уни­вер­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен Омбы жоғары оқу орында­ры­ның өкілдері арасында ынтымақ­тас­тық келісіміне қол қойылды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. “ҚЫТАЙДЫҢ КӨКТЕМГІ СӘЛЕМІ” Өнер кешінде қазақ, қытай, орыс әндері шырқалып, елорда жұртшылығы Аспан асты елінің мерекелік шашуын шын жүректен қабыл алды Елордаға көктемнің алғашқы үні мен лебін сазды әуеннің сан алу­ан бояуына сыйғызып ала келген қытайлық өнерпаздарға әуе­лі Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетовтің құттықтау хаты оқылды. Онда қала басшысы мұндай мәдени шаралар көршілес қос мемлекеттің арасындағы дос­тық қарым-қатынас пен ынты­мақ­тастықты нығайта беруге септігін тигізетініне сенім білдіріп, қы­тай­лық әріптестерінің алдағы еңбек­теріне табыстар тілеген. Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің өкілі болса өнер кешін өткізудегі мақсат екі елдің арасындағы мәдени кө­пірді нығайтып, рухани байла­нысты бұрынғыдан да кеңейте беру екендігін тілге тиек еткен. Орталық Қытай өнерпаздарының шығарма­шылығынан әзірленген концерттік бағдарлама елорда жұртшылығына қуаныш пен шаттық, мейірімділік пен ізгілік сыйласын деп тілек айт­ты. Қытай Халық Республи­ка­сы­ның Мәдениет министрлігі, Қы­тайдың Қазақстандағы елшілігі, Мә­дениет, радио-телеарна, кине­мато­графия, баспасөз бен баспа іс­тері жөніндегі Нанькин басқармасы бірлесе ұйымдастырған көктемгі ша­шуды көмекейі бұлбұлша сайра­ған ғажайып әуездің иесі Лю Юаньюаньнің жүргізуі кештің ажарын аша түскен еді. Ұлттық киімдеріндегі қызыл-жасыл түстер көктем мезгілінің кел­бетін айна-қатесіз бедерлеген би­ші қыз-жігіттер Жер-ананың буса­нып, ғажайып бір түрленген, құл­пырған сәтін әсем пластикамен шебер өріп, мүлтіксіз қимылдармен жұртқа шаттық сезім сыйлады. Барыс жылын қарсы алу дәстүрі өзгелерге қарағанда Қытай елінде өзгеше рухта, басқа жылдардан гөрі одан өзгеше сый күтіп, ырыс-бере­кенің, сәулет пен дәулеттің басы ре­тінде асқан құрметпен жырлауға құштар сезімі Конгресс-Холда өт­кен өнер кешінің өн бойынан аңға­рылған. Нанькиннің тағы бір таны­мал әншісі Чжа Миньаньнің қоңыр дауысына тыңдарман тынымсыз қол соғумен болды. Ол қытайдың “Сұлу аңыз”, орыстың “Тройка” ән­дерін келістіре шырқап, репер­туарының жан-жақтылығымен таңырқатты. Шыңжаң өңірінде жүзім жи­наған арулардың өмірінен өрнек­телген биді толқымай тамашалау мүм­кін емес еді. Шығыстың мақа­мында мың бұрала би билеген қыз­дардың қимылы сыбызғы үнімен сызылған әсем сазбен үйлесе қа­бысып, аспандағы көгілдір бұлт­тардың толқынындай көлбеңдеген көк желектер көктемнің шуағын себелеп өткендей. Тағы бір айта кететін нәрсе, Қытай өркениеті өзінің бастапқы тұнығынан ажырап қалмағанын, қайта барлық жетіс­тіктерін сол бастаумен сабақтас­ты­ра дамыған ел екенін өміршең өне­рінен аңғартты. Қытайдың халық­тық триосы орындаған “Көгілдір нақышты фарфор” әуені негізінен көне музыкалық аспаптармен өріл­генмен бүгінгі күннің тыныс-тір­шілігін жырлағаны кім кімге де ұғынықты түйілгені рас. Пипа, гучжэн және эрху аспаптарының үні кештегі әрбір шығармадан шымырлай тараған. Қытай өнерпаздарын акробат­тың өнерінсіз еш елестете алмас едіңіз. Қытайлар Ли Чэнь есімді ая­ғымен де, қолымен де бірдей қи­мылдап, бір жапырақ шүберектен кәдімгі қолшатырдың бейнесін жасайтын нағыз акробат қызды әке­ліпті. Ол 2006 жылы халықара­лық “Сәуір көктемі” өнер фести­ва­лінде екінші жүлдеге ие болған жүйрік екен. Мұнан кейін Шэнь Сыюань мен Чэнь Миньнің акро­батикалық көріністері мұнда бұл саланың кеңінен дамығанын тағы да бір паш ете түскен. Бірде бас­та­рына құстың қауырсынын бай­лап, бірде қолдарына көктемнің жа­ңадан бүршік жарып келе жатқан балауса шыбықтарын ала би би­леген бишілер тобының өнері кісіні өзіне жіпсіз байлағандай. Қимыл­дары бірдей бойжеткендердің мінсіз өнеріне қызыға қол соқпаған жан некен-саяқ. Бәрін айт та, бірін айт, өнер ке­шіндегі құлағымызға ерекше құй­ылғаны Лю Юаньюаньнің шыр­қа­ған “Майраның әні” болды. Осы­ған дейін оны талай әншінің кө­мейін бүлкілдете шырқағанын ес­ті­ген едік. Бірақ шынын айту ке­рек, дәл мынадай асқақ екпінде, опералық үлгіде өңделіп, үлкен бір дүниеге айналып марқайған сәтін кезіктірмегенбіз. Айтайын деге­ні­міз, қытайлық әншінің Майраның әнін Қазақстанда өнер көрсететін болғандықтан ғана репертуарына жай қоса салмай, бұл әнге құр­мет­пен, ерекше ілтипатпен қарап, таң­дауы бекер емес. Өнеріңді өзгелер осылай бағалап жатса, қыс келбеті әлі өзгере қоймаған Арқаның өзі­нен көктем сазы ескендей сезіледі. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. БАЛАНЫ ҚАМҚОРЛЫҚ ӨСІРЕДІ Елорда Арқа төсіне табан тіреп, шаңырақ көтергенде Астанада Жам­был атындағы №4 жалғыз қа­зақ мек­тебі бар еді. Жүз жылға таяу тарихы бар бұл білім ұясы кейін мектеп-гимназияға айналып, қазақ тілінде білім беру әдістемесінің орталығы деп танылды. Қашан да жақсы істің ұйытқысы болып келе жатқан мектеп үстіміздегі жылдың 15 қаңтары мен 15 ақпаны аралы­ғын­да елімізде, сол секілді қала­лар­да жал­ғасып жатқан “Қайырым­ды­лық-қамқорлық” акциясына атса­лысу үстінде. Ойшыл данамыз Әл-Фараби: “Адам­дар бақытты болу үшін бі­рі­не-бірі көмектесіп отыру мақсаты­мен бірлескен қала ізгі қала бо­лады. Ха­лық бақытқа жету үшін өзара көмек­тесіп отырған қоғам да ізгі қоғам болады”, депті. Шынын­да, адамға адамның нұрлы шарапа­тын түсіріп, көмек көрсетіп отыруы қай заманда да болған. Соның дә­лелі болар, атал­мыш мектеп акция аясында 30 ба­лаға 118 мың теңге көлемінде көмек ұйымдастырыпты. Бұған “Центр­Кре­дит” банкі, қала­лық мәсли­хат­тың депутаты Есен­жол Бекішевтер ерекше үлес қосты. Мектеп дирек­торы Базаргүл Сыз­ды­­қованың айтуы­на қарағанда, елор­дадағы қайырымды жандар әрқашан білім ұясында оқып жатқан оқушылардың арасында аз қамтылған отбасылардың ұл-қызына материалдық та, моральдық та көмек көрсетіп келе жатыр екен. Акцияға байланысты мектеп-гимназияда өткен басқосуға “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, мәслихат депутаты Есенжол Бекішев, “Цент­Кредит” банкінің директоры Шат­тықберген Мырзабеков, қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина, тағы басқалар қатысып, қамқорлыққа бөленген оқушылардың ризашылығын естіп, көрсеткен өнерлерін тамашалады. Алдағы уақытта білімге ден қойған, келер күнге үлкен үмітпен қарап жүрген оқушыларға жақсылық жасала беретінін, қайырымды адамның жүрегі қашан да жомарт, жан жылуы мол болатынын алға тартты. Мысалы, аталмыш банк мек­тепке әр мерекеде қолұшын со­зып, бүкіл безендіру жұмыстарына қаржылай көмек көрсетсе, Есенжол Түскенұлы жалғызбасты ана Гүл­мира Айымбетованың отбасына ай сайын 10 мың теңге көлемінде азық-түлік алып тұратын карточка тап­сырды. Ол, сонымен бірге, мұ­ға­­лім­дер бөлмесін күрделі жөн­деу­д­ен өткізіп, жаңа жиһаздармен жаб­дық­тапты. Біз осындай игілікті істерді атқарып келе жатқан аза­мат­пен тілдескенімізде: халық қа­лау­лысы болу оңай шаруа емес. Ха­лық­тың жетпей жатқан жағына қолұшын созу, әсіресе, ертеңіміз сана­латын жас ұрпаққа жанашырлық таныту басты парыз екені сөзсіз. Мен шама-шарқым келгенше қарызым мен парызымды адал атқаруға тырысып келемін, деді ол. Бұл қамқорлық акциясына тек қана банк басшылығы, мәслихат депутаты ғана емес, мектептің ата-аналары да өздерінің үлестерін қосыпты. Үлкен-кіші бас қосқан жиында қалалық білім басқар­ма­сы­ның бастығы Әсима Бимендина мұн­­дай жүрегі жомарт, жаны жай­саң жандарға алғысын айтып, іл­ти­пат көрсетті. Олардың қатарында А.Дүйсенбаева, С.Тырысбаева, Г.Ті­леу­баева, А.Сансызбаев, І.Ар­ын­ға­зин, Ж.Әбілова, тағы басқалары бар. Бұл игілікті іс мұнымен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта жалға­сын тауып, жақсы жандардың де­ме уімен жүре беретін болады, дейді мектеп директоры Б.Сыздықова. Сүлеймен МӘМЕТ.