Аймақтар • 21 Ақпан, 2019

Қарағандыдағы қайғылы оқиға: қатардағы жауынгердің қазасына кім кінәлі?

1345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қарағанды облысындағы Долинка елді мекенінде орын тепкен №6505 әскери бөліміне қарасты екінші атқыштар батальонының сарбазы Әліби Сапаның мәйіті қарауыл мұнарасынан табылды. Алдын ала жасалған болжамға сенсек, қатардағы жауынгер өзін-өзі Калашников автоматынан атқан.

Қарағандыдағы қайғылы оқиға: қатардағы жауынгердің қазасына кім кінәлі?

Алайда, 18  жастағы Әлібидің ет жақындары мұндай ақпаратқа сенімсіздік танытып отыр. Мысалы, марқұмның анасы Майгүл Әліпбаева бұл оқиға шындығының бүркемеленіп отырғанын айтады.

– Өткен сенбі күні ғана телефон соқты. Өте көңілді болатын, жайдары дауыспен өзінің хал-жағдайының жақсы екенін айтты. Өзіне қол салды дегендерге сенбеймін. Балам әскерге өз еркімен кеткен болатын. Кінәлілерді тауып, жазасын берсін, – дейді айдың күннің аманында баласынан айырылып қалған ана.

Әліби Сапа әскер қатарына Алматы облысынан шақырылған екен. Командирлері мен қаруластарының айтуынша, ол үнемі жайдары жүретін, пейілі ақ жігіт болған. Ал енді осындай қайғылы жағдайға әкелген себепті ешкім тап басып айта алмай отыр. Сарбаздың әскери қызметтің ауыртпашылығы жайлы немесе қаруластарымен арада қандай да бір кикілжіңнің болғаны  туралы жан баласына шағымданған жері жоқ екен. Тіпті, ол әжесіне жазған хатында әскери өмірдің өзіне ұнайтынын, осында келісім шарт бойынша қалуды немесе борышын өтегеннен кейін оқуға түсу жайын ойластырып жүргенін айтқан.

Әліби Сапаның өлі денесі өзі тұрған №9 посттағы қарауыл мұнарасынан таңғы сағат 7-ден 40 минут өткенде табылған. Сарбаздың міндеті – еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүргендер жұмыс істейтін өндірістік нысандарды күзету болған екен.

Аталған әскери бөлімнің басшылары бұл төтенше оқиғаға «суицид болуы ықтимал» деген баға беріп отыр. Мәселен, №6505 әскери бөлім командирінің міндетін атқарушы Азамат Смағұлов былай дейді:

– Қатардағы жауынгер Сапа күзет орнында өзіне автомат Калашниковтен оқ атып, иегінің астынан жаралап, суицид жасады деген жорамал бар. Сарбаз күзет орнында әскери қызметін атқару кезінде жалғыз болған. Ол Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттен келгеннен бергі уақыт ішінде белгіленген тәртіп бойынша арнайы даярлықтан, оқу бекетіне бейімделу кезеңінен өткен.

Жалпы, №6505 әскери бөлімде мұндай төтенше оқиғаның болып отырғаны жалғыз бұл ғана емес. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын 19 жастағы сарбаз Мырзабай Сапарбаев та қарауыл мұнарасында атылып өлген болатын.

Ұлттық ұланның қыршынынан қиылған сарбазы Әліби Сапаның мүрдесі туғандарына тапсырылады. Ал олар болса, тергеу-тексеру амалдарының әділетті түрде жүргізілуін талап етіп отыр.

Төтенше оқиға өзіне-өзі қол салу ма әлде әскери борышын өтеуші өзін байқамай атып алды ма, мұның барлығының ақ-қарасын әскери-тергеу басқармасының тергеу-жедел тобы анықтайтын болады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы