16 Маусым, 2012

Ұлт саулығы – ұлы мұрат

698 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ұлт саулығы – ұлы мұрат

Сенбі, 16 маусым 2012 7:07

Сала-сала бойынша кезектесіп келіп жататын атаулы даталардың ішінде баршаға жақын ерекше бір күн бар, ол – денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланатын мезет. Осы айтулы күннің қарсаңында біздің тілшіміз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат ҚАЙЫРБЕКОВАҒА жолығып, саланың бүгінгі жай-күйіне даму перспективаларына қатысты бірнеше сауалға жауап беруін сұраған еді.

 

Сенбі, 16 маусым 2012 7:07

Сала-сала бойынша кезектесіп келіп жататын атаулы даталардың ішінде баршаға жақын ерекше бір күн бар, ол – денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланатын мезет. Осы айтулы күннің қарсаңында біздің тілшіміз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат ҚАЙЫРБЕКОВАҒА жолығып, саланың бүгінгі жай-күйіне даму перспективаларына қатысты бірнеше сауалға жауап беруін сұраған еді.

– Салидат Зекенқызы, елі­міздің медицина саласын реформалау қолға алынғалы біршама уақыт болды. Халық денсау­лы­ғын сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілді. Осы орайдағы алғашқы нәтижелер қалай? Нақ­ты мысалдар келтіре отырып, тарқата айтып берсеңіз.

– Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың еліміздің басты байлығы халық денсаулығына, жал­пы саланы дамытуға аса зор көңіл бөліп отырғаны баршаға белгілі. Бүгінгі таңда біздің бүкіл жұмысымыз денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жыл­дарға арналған «Саламатты Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Алда тұрған мақсат-міндеттерді айқын­дап берген бұл бағдарлама денсау­лық сақтау саласын жаңа сапалық деңгейге көтеретініне қазірдің өзінде көз жеткізіп отырғанымыз­ды айтуға тиіспіз.

Тағы бір мақтанарлық жай Қа­зақстан – медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен азаматтарды тегін қамтамасыз етіп отырған әлемдегі санаулы мемле­кет­тердің бірі. Дамыған елдердің өзін тұйыққа тіреген қаржы дағ­дарысы біздің осы орайда белгіле­ген шараларымызды мүлтіксіз орын­дауға бөгет болып отырған жоқ, мемлекеттік бюджет есебінен көрсетілетін тегін қызметтер көле­мі жыл сайын ұлғая түсуде.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижеле­ріне келсек, 2010 жылдан енгізіле бастаған денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі тұрғындар үшін жоспарлы стационарлық кө­мектің қолжетімділігін қамтамасыз етті. Осылай тек өткен жылдың ішінде ғана стационарды еркін таңдау құқығын 700 мыңдай адам пайдаланды, олардың 44 пайызы ауыл тұрғындары. Науқастардың 6 пайызы республикалық деңгейдегі емдеу мекемелерін таңдап, тиісті көмек алды.

Еліміздегі ауруханалар стацио­нар­лық көмек көрсеткені үшін ақыны бұрынғыдай төсек-орын санына қарай емес, көрсетілген ме­ди­циналық қызметтер көлеміне сәйкес алатын болды. Ал мұның өзі бос тұрған төсектер санын ай­тарлықтай қысқартуға, сөйтіп, нау­қастардың сұраныстарын неғұр­лым толық қанағаттандыруға, ресурс үнемдей­тін технологияларды (күндізгі стационарлар) белсенді түрде дамы­туға мүмкіндік беріп отыр. Қолда­нылған осындай шара­лардың нәти­жесінде дәрігерлердің өздерінің біліктіліктерін көтеруге ынтасы артты. Бұл жайға еңбек­ақының түпкі нәтижеге байланысты болуы да игі әсерін тигізгені анық.

Бүгінгі таңда емдеу мекемесі басшысының менеджмент деңгейі жоғары болуы тиіс. Ендігі жерде бұрынғыдай жұмыс істеуге болмайды. Қолданысқа озық технологияларды көбірек енгізіп, қызмет­керлерді тиісті еңбекақы ұсыну арқылы ынталандырып отыруымыз керек. Өйткені, қазір стационарлар арасындағы бәсекелестік барынша артып отыр. Бір ғана мысал кел­тірейін. Қазір созылмалы бүйрек функциясының жеткіліксіздігі бойынша медициналық көмек көрсе­туге мемлекеттік тапсырыс науқас­тың таңдауына қарай аурухананың меншіктің қай түріне жататынына қарамастан беріле береді. Бұл қа­дам бәсекелестікті жаңа деңгейге кө­теретін сияқты. Қазір емдеу орын­­дары науқастарды өздеріне тарту үшін таңғы ас беру, көлікпен алып келу сияқты қосымша қыз­меттерін ұсына бастады. Бұл, сөз жоқ, ең алдымен науқасқа пайдалы.

Бүгінгі таңда бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңбе­рін­де барлық емханалар мен дә­рігерлік амбулаторияларда учас­келік медициналық қызметкерлерге ынталандыру мақсатында еңбек нәтижелеріне қарай негізгі жала­қысына қосымша ақы төленуде. Әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, екінші және үшінші мейір­герлер қызметтері кеңінен енгізі­луде. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың әлеуметтік жағынан әлі де болса нашар қорғалып отыр­ған топтарына қолдау көрсетуді көздейді. Оларға телефон арқылы кеңестер беріледі, сол сияқты, белгілі бір қиындықтарға тап болып тұйыққа тірелген жандарға, отбасыларға үйлеріне барып, қыз­мет көрсетіледі.

– Елбасы Н.Назарбаев би­ылғы Жолдауында онкология саласына айрықша назар аударып, Үкіметке жаңа салалық бағ­дарлама қабылдау, онкология­лық орталықтар ашу жөнінде тапсырма бергенін білеміз. Бұл орайда қандай іс-шаралар қолға алынбақшы?

– Үстіміздегі жылы біз модер­низацияланған онкология қызметін құруға кіріскелі отырмыз. Оның негізгі мақсаты елімізге ең озық технологияларды енгізу болып табылады. Сөйтіп, қатерлі ісік ауруынан болатын өлім-жітімді азайтуды және осындай дертке шалдық­қандардың өмір сүру мерзімін бес жылдан әрі ұзартуды жоспарлап отырмыз.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысымен бекітілген елі­мізде онкологиялық қызметті да­мы­тудың 2012-2016 жылдарға ар­налған салалық бағдарламасы бір­тұтас шаралар кешенін жүзеге асыруды көздейді. Аталмыш бағдар­ламада аурудың алдын алу шараларына, оның ішінде скринингтік бағдарламаларды кеңейтуге айрық­ша мән беріліп отыр.

Бағдарламаны жүзеге асыру диагнозды ерте қою, тиімді емдеу және сырқатты оңалту сияқты үш қағидатқа негізделген. Оны жүзеге асырудың барысында қазақстан­дық­тардың заманауи технология­ларға қолжетімділігі артады. Ол дегеніңіз, нақты айтар болсақ, ядролық медицина, жоғары технологиялы сәулелі терапия, дене жа­рақатын салмай ота жасау, сыр­қаттарға, оның ішінде балаларға жоғары дозалы химиялық терапия әдістерін қолдану деген сөз.

Әрине, осындай күрделі мін­дет­терді жүзеге асыру, ең алдымен, кадрлардың біліктілігіне байланыс­ты. Сондықтан да онкологиялық қызметтің кадрларын және жалпы емдеу жүйесі дәрігерлерін даяр­лауға, олардың кәсіби деңгейін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде.

Бұдан былай онкологиялық қыз­метті қаржыландыру сырқат­тардың санына бағдарланатын болады. Қазір Астанада Ұлттық онко­логиялық ғылыми орталық құру мәселесі қарастырылуда.

– Кезінде Ұлттық медици­на­лық холдинг құрылғанда, кей­біреулердің оны үй ішінен үй тігу деп бағалағанын құлағымыз шалған. Жаңа үлгіде, қыруар қаржыға салынған орталықтар қалай жұмыс істеп жатыр?

– Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша құрылған Ұлт­тық медициналық холдинг Астана қаласындағы медициналық клас­тердің аумағында орналасқан жаңа заманауи емханалардың базасында «Болашақтың госпиталі» страте­гиялық жобасын жүзеге асыруда. Холдингке қарасты клиникаларда гемофилия кезінде онкогематология, эндопротез жасауға оф­тол­мо­ло­гияға, кардиохирургияға, интер­венциялық кардиологияға байланысты жаңа қызметтер енгізіліп, позитронды эмиссиялық томография әдісі арқылы онкологиялық басқа да ауруларды ерте анықтау әдістері игерілуде.

2011 жылы салынған Кардиохирургия ғылыми орталығы денсау­лық сақтаудың халықаралық озық үлгісін ғылыми практикамен шебер ұштастырып отырған осы саладағы ұлттық бренд болып табылады. Оның негізгі қызметі инновация­лық медициналық технологияларды пай­далана отырып жоғары маман­дандырылған кардиология­лық және кардиохирургиялық кө­мек көрсе­туге, сондай-ақ сырқат­тарға кардиохирургия және кардиология салаларында амбулатория­лық зерттеуден білікті медицина­лық көмек пен кешенді оңалту аралығында ғылы­ми-ағартушылық қызметті өрістету­ге бағытталып отыр.

Қазір біздің клиникаларымызда жүрек-қантамырлары ауруларын емдеуде озық технологиялар қол­данылуда, таяуда ғана біз үшін армандай болып келген аса күрделі оталар жасалуда. Еліміз бойынша тұтастай алғанда 2011 жылы жү­рекке 8 мыңнан астам, оның ішінде 6,5 мың адамға ашық жағдайда ота жасалды. Орталықтың ашылуы 1130, оның ішінде 300-дей балаға кардиохирургиялық жоғары технологиялы оталар жасауға мүмкіндік берді. Бұрын мұндай сырқатқа ұшырағандар шетелдік мамандар­дың көмегіне жүгінетін.

Ұлттық медициналық холдинг­тің клиникаларында бірегей оталар жасалуда. Мысалы, былтыр Кардиохирургия ұлттық ғылыми орта­лығында алғаш рет қосымша қан айналымының шағын қондырғысы имплантацияланды. Бүгінгі күні осындай 20 ота жасалды, ағымдағы жылы тағы 30 ота жасау жоспарлануда. Таяуда ғана Ана мен бала ұлттық орталығында 14 жасар балаға ота жасау арқылы туысқан донордан кемік майын трансплантациялау жүзеге асырылған еді. Сырқат бала сауығып, үйіне аман-есен оралды.

Холдинг құрамына кіретін Ана мен бала ұлттық орталығы JCI халықаралық стандарттарының талаптарына сай аккредиттеуден өтті. Елбасымыз бен Үкімет келешекте еліміздің барлық деңгейдегі (облыс, республика) медициналық ұйымдарын JCI сертификациялауынан өткізуді ұсынып отыр.

– Көліктік медицина қызме­тін ұйымдастырудың ұтымды жақтары, болашағы жайлы айтып берсеңіз.

– Еліміздің көлік қатынауы қиын шалғай аймақтарында, село­лық жерлерде тұратындар үшін медициналық қызметтің қолжетім­ді­лігін қамтамасыз ету мақсатында көліктік медицинаны дамытуды қолға алып отырмыз. Сөйтіп, «Ден­саулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» деп аталатын үш пойызды жолға шығардық. Олар қысқа мерзімнің ішінде 110 стансаға соғып, 50 мыңнан астам адамды, оның ішінде 14 мыңдай баланы қабылдады, тұрғындарға 260 мыңнан астам емдеу-диаг­нос­тикалық қызметін көрсетті. Сани­тарлық авиация бойынша респуб­ли­калық үйлестіру орталығы құ­рылды. Өткен жылдың шілде айынан бергі уақытта хирургтердің, травмотологтардың, урологтардың, анестезиологтар мен реанимато­лог­тардың, акушер-гинеколог­тар­дың, балалар дәрігерлерінің ақыл-кеңестерін ұйымдастыру мақса­тын­да 600-ден астам ұшу сапарлары жүзеге асырылды. Үстіміздегі жылы Қазақстанда шығарылатын 6 ЕС-145 тікұшағын сатып алу жос­парланып отыр. Ал мамыр айында 2 Ка-32 тікұшағы қызмет көрсете бастады.

Өткен кезеңде 50 жылжымалы кешен сатып алынып, аймақтарға жеткізіліп берілді. 2011 жылы жылжымалы медициналық кешендер 100 мыңға жуық диагности­калық, 73 мың лабораториялық зерттеулер жүргізді, мамандардың 145 мың ақыл-кеңесін ұйымдас­тырды, барлығы медициналық ба­қылаумен 150 мыңнан астам адамды қамтыды.

Республикалық маңыздағы жол­дарда жол-көлік оқиғаларына тап болған адамдарға дер кезінде медициналық көмек көрсету мақса­тында аймақтарда 6 трассалық ме­ди­циналық-құтқару бекеттері ұй­ым­дастырылып, оларға 6 арнайы жабдықталған көлік бөлінді. 2011-2015 жылдар аралығында автомобиль жолдарының аса қауіпті деп танылған учаскелерінде тағы 40 медициналық-құтқару бекеттерін ұйымдастыру көзделіп отыр.

– Емдеу мекемелерін, сырқат­тарды дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз етудің жайы қалай? Бола­шаққа бағдарланған нақты жос­парлар бар ма?

– Мемлекеттік бағдарламада сыр­қаттарға дәріханаларды, дәрілік препараттарды таңдауға, дәріхана­лар­дың санын көбейтуге мүмкіндік беретін амбулаториялық емдеу жү­йесін жетілдіру көзделген. Осыған орай амбулатория жағдайында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі қайта қаралды. Мұның өзі қазіргі уақытта диспансерлік есепте тұрған сырқаттарға дәрі-дәр­мекті тегін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

Амбулаториялық деңгейде, оның ішінде аса қымбат нозология бойынша дәрі-дәрмек алатын сыр­қат­тардың регистрін жасау мемлекет кепілдік беретін дәрі-дәрмекті әр сырқаттың нақты пайдалануын қадағалауға жағдай туғызады.

Қазақстан Республикасында фар­мацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдар­ға арналған салалық бағдарлама шеңберінде фармацевтикалық өнер­­­кәсіп кәсіпорындарында ха­лық­аралық стандарттар сапасын енгізу жөнінде жұмыстар жүргі­зі­луде. Өткен жылы отандық өндіру­шілерден медициналық техникаларды сатып алу жөнінде мемле­кеттік сатып алу ұйымдастырылды. Медициналық жабдықтарды ли­зингтік шарттар бойынша сатып алу жүйесі енгізілді.

Дәрі-дәрмекті және медицина­лық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуда бірыңғай саясат жүргізу мақсатында 2009 жылы тегін ме­дициналық қызмет көрсетудің ке­піл­ді көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектер, медициналық жабдық­тар сатып алуды жүзеге асырумен айналысатын Бірыңғай дистрибьютор анықталған болатын. Бұл жү­йені дамыту, ең алдымен, тұрғын­дардың денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға бағыт­талып отыр. Дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етуде іркіліс болмауы қажеттігін ескеріп, үстіміздегі жылы сатып алынатын дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұ­йымдар бойынша тендер өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында өткізілді.

– Көптеген өңірлерде білікті кадрларға деген сұраныс барынша жоғары екені айтылып жүр. Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мәселесі қалай шешілуде?

– Жылма-жыл емдеу мекемеле­рінің материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқаны тұр­ғындарға жақсы мәлім деп ойлаймын. Сол сияқты, медицина қыз­меткерлерінің жұмыс жағдайын жақсарту, олардың еңбекақысын өсіру бағытында да нақты шаралар қолданылуда. Дегенмен, медицина қызметкерлері үшін ең басты сый­лық, қуаныш – ол сырқаттардың айығып кетуі. Мұның өзі біздің алдымызға кадрлардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды ұдайы жетілдіре беру міндетін қояды. 2011 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасында ме­ди­ци­налық және фармацевтикалық білім беруді дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бекітілген болатын. Осыған сәйкес білім беру менеджменті жүйесіндегі барлық мемлекеттік медициналық жоғары оқу орындары сертификаттаудан өткізілді. Медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарын аккредитациялау жүйесі енгізілді. Медицина және фармацевтика кадрларын диплом алғаннан кейін даярлау мә­селесі де ұдайы назарда. Оның шеңберінде жоғары оқу орнынан кейін қосымша кәсіптік білім беру қарастырылған. Өткен жылы бар­лық жоғары оқу орындарында ин­терндерді аттестациядан өткізудің қанатқақты жобасы жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында медицина кадрларын даярлаумен айналысатын жоғары оқу орындарын бітірушілердің білімін тәуелсіз сараптамадан өткізуді енгізуді тап­сырған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі осы тапсырманы жүзе­ге асыру және «Саламатты Қазақ­стан» бағдарламасын орындау үшін Астана қаласында медицина қызметкерлерінің білімі мен дағ­ды­сына баға беретін респуб­лика­лық тәуелсіз орталық және Алматыда оның филиалын ашуды жос­парлап отыр. Олардың жұмысына кәсіби қауымдастықтарды тартпақ­пыз. Қазір бұл бағыттағы жұмыс­тар басталып кетті.

2011 жылы дәрігерлердің білік­тілігін арттырумен айналысатын Алматы мемлекеттік институты базасында, медициналық білім берумен және ғылыммен айналысатын 12 жетекші ұйымның қатысуымен, кадрлардың біліктілігін кешенді арттыру мақсатында инновация­лық-білім беру консорциумы құ­рыл­ды. Нақ сол жылы республи­калық бюджет қаржысы есебінен 34 мыңнан астам дәрігерлер мен орта буын кадрлар отандық оқу орындарында және ғылым ұйымда­рында өз білімдерін жетілдірді. Шетелдік білікті мамандарды ша­қы­ра отырып, шеберлік сыныптарын өткізу практикасы да кеңінен қолданылуда. Сонымен бірге өткен кезеңде 198 қазақстандық маман озық халықаралық медициналық технологияны игеру мақсатында Германияның, Литваның, Ресейдің, Белоруссияның, Израильдің, Жапо­нияның, Чехияның клиникаларына жіберілді. Денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған тұ­жырымдамасының жобасы жасалуда. Оны қабылдау кадрлардың бә­се­кеге қабілеттілігін дамытуға жол ашады. Сайып келгенде, мұ­ның бәрі тұрғындарға білікті медици­налық қызмет көрсетудің кепілі болып табылады.

Рас, кадр мәселесі барлық жерде біркелкі шешіліп отырған жоқ. Әсіресе, селолық жерлерге білікті медицина қызметкерлері керек-ақ. Бұл мәселені де ойдағыдай шеше­тінімізге сенімдіміз. Осы мақсат­пен жас мамандарды ауылдық емханалар мен ауруханаларға тарту үшін оларға көтерме жәрдем ақы төлеу, тұрғын үй алуға көмек көрсету сияқты әлеуметтік қолдау жасалуда.

Жыл сайын Медицина қызмет­кер­лерінің кәсіби мерекесі қарса­ңында «Ең үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша да конкурс өткізіліп тұрады. Мұндай іс-шаралар жастарды ауыл медицинасында жұмыс жасауға ынталандырады деп ойлаймын.

– Бүгінгі сұхбатымыз Медицина қызметкерлері күніне тұспа-тұс келіп отырғандықтан, сала басшысы, дәрігер ретінде әріптестеріңізге деген тілегіңізді естісек.

– Бүгінгі таңда еліміздің медицина саласында 65 мыңдай дәрігер, 149 мың орта буын медицина кадр­лары еңбек етуде. Олардың әр күні қауырт еңбекке, тосын жай­лар­ға толы. Өздеріңіз ойлап қара­ңыздар, бір тәуліктің ішінде ғана дәрі­гер­лер жергілікті жерлерде 2 мыңға жуық ота жасап, 1 мыңнан астам өмір есігін жаңа ашқан нә­рес­тені қабылдап алады екен. Ал жыл сайын біздің қызмет­кер­леріміздің алдынан 3 миллионнан астам адам өтеді. Міне, осының бәрі біздің қызметкерлері­мізден аса білім­ділікті, жоғары адами қасиеттерді, әркез мол қайтарым­мен жұмыс істеуді талап етеді. Бүгінгі күні мен өзімнің әріпт­ес­теріме жоғары бі­ліктілігі, өздері таңдаған ма­ман­дыққа адал­дығы, қа­йырым­дылығы, адамдарды қа­тарға қосу, ал көп жағдайда оларды ажалдан арашалап қалып жатқан қажырлы еңбегі үшін ризашылық білдіргім келеді. Баршасына зор денсаулық, табыс, отбасында бе­реке-бірлік, игілік тілеймін.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Ел игілігіне бағытталған еңбекте­ріңіз жана берсін.

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».