07 Шілде, 2012

Еуразиялық интеграция – тағдыр таңдауы

526 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еуразиялық интеграция – тағдыр таңдауы

Сенбі, 7 шілде 2012 7:34

Біздің дәуірімізде сан алуан ұлттар мен халықтардың интеграциясы, үлкен­ді-кішілі мемлекеттердің саяси, эконо­микалық, әскери ынтымақтастығы жаңа ғасырдың басты нышанына айналды. Әлемді «өркениеттердің қақтығысы» емес, өркениеттер мен мәдениеттердің үнқатысуы ғана құтқарып қалатынды­ғына көзіміз анық жеткендей.

 

Сенбі, 7 шілде 2012 7:34

Біздің дәуірімізде сан алуан ұлттар мен халықтардың интеграциясы, үлкен­ді-кішілі мемлекеттердің саяси, эконо­микалық, әскери ынтымақтастығы жаңа ғасырдың басты нышанына айналды. Әлемді «өркениеттердің қақтығысы» емес, өркениеттер мен мәдениеттердің үнқатысуы ғана құтқарып қалатынды­ғына көзіміз анық жеткендей.

Бұл, әсіресе, дамыған елдердің ізін басқан, дамушы немесе Батыс «үшінші дүние елдері» атандырған мемлекеттер үшін аса маңызды әрі қажетті ақиқат. Бұл мемлекеттер үнемі әлемдегі геосаяси, сауда-экономикалық, әскери теңсіздіктер­ден зардап шегумен келеді. Тіпті, соңғы уақытқа дейін Солтүстік атлантикалық одақтан өзге барлық елдердің осы кепті киіп келгені жасырын емес. Алайда, соңғы он жылдықтағы болжап болмайтын өзгерістер бір полюсті әлемдік тәртіптің де топсасы босай бастағанын көрсетіп отыр.

Уақыттың қатаң сүзгісіне түсіп жатқан әлемдегі ауқымды интеграция­лық үрдістер осының айқын дәлелі. Еуропалық Одақ, БРИКС, МЕРКОСУР, Шығыс Азия елдері­нің ассоциациясы, Шанхай ынтымақтас­тық ұйымы, Латын­америкалық интегра­ция­лық ассоциация және басқа да осы тектес үдерістер қазірдің өзінде ынтымақ­тастықтың жаңа қағидалары мен талаптарын қайта түзіп жатыр.

Бұл әлемдік үрдістен ешбір мемлекет тыс қалмақ емес. Қазақстан бұл ретте ерте қамданған мемлекет. Біз аймақтағы, әлемдегі ең ауқымды да маңызды халық­аралық ұйымдардың белді мүшесі, белсенді қатысушысымыз. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері құрған Біртұтас экономи­калық кеңістіктің мән-маңызы өлшеусіз.

Белгілі қоғам қайраткері, дипломат, Еуразиялық экономикалық қоғамдас­тықтың Бас хатшысы Тайыр Мансұров­тың «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы» атты жаңа кітабы Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды осы бір ұлы бастаманың тарихынан сыр шертеді. Әрі кітапта Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына, біздің халқымыздың тағдыры мен мемлекетіміздің дамуына тікелей қатысы болған әлемдік, халықаралық үрдістер, ішкі, сыртқы саясаттағы елеулі оқиғалар боямасыз, нақты әрі қызғылық­ты жазылған.

Кітаптың құндылығы да сонда, мұнда тарих үшінші жақтан емес, сол тарихқа куәгердің өз аузымен баяндалып отыр.

«Президент Назарбаев – бірқатар республикалардың басшыларының ішін­дегі аса ірі тұлға. Қазақстан көшбас­шысы – ретіне қарай қатал, өмірге бейім, шапшаң және батыл адам. Бұрынғы Одақ республикалары бағалап, мойындағандай ұнамды да талантты және табанды көшбасшы. Респуб­ликаны Назарбаев бас­қарып тұрғанда Қазақстанның табыс­қа жету мүмкіндігі айтарлықтай мол екені сөзсіз».

Аталмыш кітапта «Сингапур ғажайы­бының атасы» Ли Куан Юдың Қазақстан Президенті туралы айтқан осы пікірі келтіріледі. Әлемдегі ең беделді саясат­керлердің бірегейі санатындағы Ли Куан Юдың Елбасыға қарата айтылған ақ­жарма сөзі біздің елімізге, мемлеке­тімізге деген шексіз құрметтің риясыз көрінісіндей, аса жылы әсер қалдырады.

Автордың өзі де: «Әлемде болып жатқан оқиғалардың ішкі мән-мазмұ­нына үңіле қарайтын болсақ, онда кейінгі он жыл көлемінде тарихи үдеріс­тердің күрт өзгерісті кезеңінде жаһандық қиын­дықтарға лайықты жауап бере алатын саяси көшбасшылардың тұлғалық сипаттағы рөлдерінің артып отырғанын аңғарамыз. Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев осындай аса көрнек­ті мемлекет қайраткер­лерінің қатары­на жатады», – деп ағынан жарылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы уақытта халықаралық саяси сахнада, эконо­микалық кеңістікте, қаржы нары­ғын­да орын алған түбегейлі өзгерістер халықтар мен мемлекеттердің «жабық жүйеде», жеке дара өмір сүре алмай­тындықтарын көрсетіп берді. Бүкіл әлем бүгінгі таңда интеграциялық үрдістердің алып құшағында қалды. Және бұл үрдістің басында әлемдегі алдыңғы қа­тарлы мемлекеттердің жетекшілері, озық ойлы, парасатты саясаткерлер, ғалымдар мен қайраткерлер тұр. Солардың алдың­ғы шебінде Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың бар екені барша қазақстан­дықтар үшін әрдайым мақтаныш.

1994 жылы, Мәскеуде, М.В.Ло­­мо­но­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінде Н.Назарбаев жария еткен «Еуразиялық мемлекеттер одағы» идеясы бүгінгі таңда өміршеңдігін дәлелдеді.

Т.Мансұров «Нұрсұлтан Назарбаев­тың өмірде жүзеге асқан еуразиялық жобасы» кітабының екінші, үшінші тарауларында бұл туралы кеңінен тоқталады. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы үміттен гөрі күдікке, сенімнен гөрі үрейге толы уақыт. Жарты әлемді алып жатқан КСРО-ның күйреуі. Саяси, экономикалық, әлеуметтік байланыс­тардың күрт үзілуі. Бұрынғы алып им­перияның кейбір аумақтарын шарпыған этникалық, ұлтаралық жанжалдар, азамат соғыстары.

Осындай алмағайып заманда Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Еуразиялық мемлекеттер одағын» құруға шақыруы, сол кездің түсінігіне салғанда көзсіздік болып көрінсе де, бүгінгі таңда көрегендік­ке айналды.

Жүзеге асуы он жылдықтарға созылған осы бір бастаманың басы-қасында болған автор өз тұжырымын былайша баяндайды: «Расында уақыт өте келе экономи­калық мақсат ұстанымы белең алды. Посткеңес­тік аумақтағы интеграция – бұрынғы КСРО республика­ларының өз бетінше экономика­лық және саяси дамуына ешбір қайшы келмейтін, обьективті үде­ріс болып шықты. Нұр­сұлтан Назарбаевтың еңбегі посткеңес­тік кеңістікте дезин­теграциялық үдерістер дамып бара жатқан тұста, уақыт­тан озып, жаңа онжылдық­тағы әлемдік бас­ты құбылыс – аймақтық державалар­дың түрлі блоктар мен ұйым­дарға бірігуін сезімталдықпен көре білуінде болып отыр».

Кітаптың соңғы тарауларында автор Біртұтас экономикалық кеңістік, Кеден­дік, Одақ ауқымындағы бүгінгі таңдағы нақты іс-шараларға жан-жақты шолу жасайды. Тайыр Мансұров Еуразия кеңістігі аясын­дағы бұл интеграциялық үдерістердің әлемге үлгі болатынын және оның басында әрдайым Қазақстан мен оның Прези­денті тұрғанын ұмыт­пауды ескертеді. Бір сөзбен айтқанда, белгілі дипломаттың жаңа кітабы саясаткерлер мен ғалымдар үшін, қалың оқырман үшін де тағылымды әрі пайдалы боларына ешқандай күмән жоқ.

«Еуразияшылдық – бұл болашақтың идеясы. Бұл бүгінгі күні жаһандануды қажет етіп отырған интеграциялық үде­ріс­тердің тәжіндегі алмас». Кітапта кел­тірілген ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың осы ұлағатты сөзі Қазақ­станның, қазақ халқының тағдыр таң­дауын, тарихи таңдауын білдірсе керек.

Дархан КӘЛЕТАЕВ, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры.