03 Ақпан, 2012

Алпауыт Америка үшін стратегиялық маңызды әріптес

500 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алпауыт Америка үшін стратегиялық маңызды әріптес

Жұма, 3 ақпан 2012 7:55

Елімізде өткен парламенттік сайлаудан кейінгі жаңадан жасақталған Үкіметтің мүшесі – Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың алғашқы шетелдік сапары мұхит асып, жұмыр жердің батыс жарты шарындағы алпауыт ел – АҚШ-та өтіп жатқандығы жайында газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Кеше осы елдегі ресми сапарын қорытындылаған қазақстандық министр АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Хиллари Клинтонмен кездесті.

Жұма, 3 ақпан 2012 7:55

Елімізде өткен парламенттік сайлаудан кейінгі жаңадан жасақталған Үкіметтің мүшесі – Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың алғашқы шетелдік сапары мұхит асып, жұмыр жердің батыс жарты шарындағы алпауыт ел – АҚШ-та өтіп жатқандығы жайында газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Кеше осы елдегі ресми сапарын қорытындылаған қазақстандық министр АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Хиллари Клинтонмен кездесті. Осыған дейін Бонн қала­сында Ауғанстан мәселесіне қа­тысты бірлесе ұйымдастырыл­ған кон­фе­ре­нцияның қоры­тын­дысына сәйкес Вильнюсте өт­кен әріп­тес­тер кездесуінде Ау­ған­с­тан­мен қатар, аймақтық сая­сат, алда Қазақстанда бо­ла­тын парламенттік сайлау әңгіме етілген еді. Сол жолы Клинтон ханым Қазыхановқа қаңтар ай­ында АҚШ-қа жасалатын ресми са­па­ры барысында әңгімені жал­ғас­тыруға ниет білдірген бо­латын.

Әрине, АҚШ үшін Қазақ­станның маңыздылығы тек мұ­най, газ, уран, т.б бағыттарда ғана емес, «Үлкен Орталық Азия» дамуы тұрғысынан алып қарағанда да аса өзекті. Бұл жерде, сөз жоқ, аталған аймақтағы Қазақстанның саяси және эко­но­микалық әлеуеті қаперде тұр­ғандықтан, АҚШ-тың елімізге деген қызығушылығы өзгеше­рек болатыны да аян.
Осы «Үлкен Орталық Азия» дамуында «Жаңа Жібек жолы» бастамасы үлкен рөл атқарады. Нәтижесінде, Орталық Азия мемлекеттерімен аймақтық интеграция өрістеп қана қоймай, АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан сынды үшінші ойыншыларға қатысты сауда кедергілері алы­нып тасталмақ. Және бұл үде­ріс­тен халықаралық қаржы инс­титуттарының да қалыс қал­май­тынын есте ұстасақ, бұл бү­кіл Орталық Азия аймағы үшін екінші тыныс ашатын, оның әлеуетін арттыратын қадам екені анық.
Аймақ дамуы, оның тыныш­ты­ғы дегенде Ауғанстан мәсе­ле­сі үнемі алдан шығып оты­ра­ды. Бұл ретте Қазақ елі 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде көптеген жұмыстар атқа­рып, гуманитарлық көмектен тыс, ауған жастарынан білікті мамандар даярлап шығу ісін де қолға алған болатын. Осы орайда, Мемдепартаменттегі кездесуде еліміздің сыртқы саясат ве­домствосының басшысы мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы арасындағы әңгіменің бір тақырыбы Ауғанстан мәселесі болатыны да күмән туғызбаған.
Жалпы, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Мемлекеттік хатшы Хиллари Клитонмен екіжақты келіссөз бары­сын­да Қазақстан мен АҚШ-тың стра­тегиялық әріптестікті нығайтуда қол жеткізілген прогреске қана­ғат­танушылық білдірді.
Е.Қазыханов біздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың АҚШ Президенті Барак Оба­маға жауап жолдауын табыс етті. Жолдауда соңғы 20 жылда Қа­зақ­стан мен Американың таратпау және қарусыздану салаларында екі ел көшбасшысы қол жеткізген келісімге жоғары баға беріледі, сондай-ақ, Ауғанстанды тұ­рақ­тандыру мен қалпына келтіру мәселелерін қоса алғанда, бірлескен өңірлік жобаларды жүзеге асырудағы кең ауқымды әріп­тес­тіктің маңызы атап көрсетіледі.
Кездесу кезінде тараптар екі елдің өзара іс-қимылының өсе түсіп отырған деңгейі мен мазмұ­нына толықтай жауап  беретін екі­жақты саяси конституцияларды «Стратегиялық әріптестік жөнін­де­гі Қазақстан-Америка комис­сия­сы» деңгейіне дейін көтеру тетіктерін қайта құру туралы шешім қабылдады. Ауғанстан бой­ынша үнқатысуды, демократия­лан­дыруды, қауіпсіздік және ядролық таратпау, энергетика және сауда-саттық жөніндегі стра­тегиялық басымдықтарды ны­ғайтуға жақын­дық тағы да қуатталды.
Сыртқы саясат ведом­ство­ларының басшылары саяси, сау­да-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қа­зақ­стан-Америка ынтымақтасты­ғы­ның барлық кешенін талқы та­разысына салып, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, біз­дің еліміздің экономикасын ғы­лы­ми-техникалық коопера­ция­лар­ды дамыту арқылы әртарап­тан­дыруды қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. АҚШ бұдан әрі қарай да Қа­зақстанның ірі инвесторы және сауда әріптесі қатарында қалу ниетін танытатыны атап өтілді.
Келіссөз барысында жаһан­дық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы біріккен күш-жігерді қамтамасыз ету жайына да баса назар ауда­рылды. Сондай-ақ алдағы наурыз айында Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммит аясында президенттер Н.Назарбаев пен Б.Обаманың кездесуі де әңгіменің негізгі арқауына айналды.
Сонымен қатар, Қазақстан­да­ғы демократияны дамыту үде­ріс­тері туралы да пікір алмасылды. Тараптар көппартиялы Парламент құруға жол салған 2012 жылдың 15 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісінің сайлауы­ның нәтижесі елді саяси дамы­ту­да маңызды ілгері қадам болға­ны­мен келісетіндерін білдірді. Америка тарабы Қазақстан Пре­зи­дентінің Жаңаөзенде сайлау өткізу туралы шешімін жоғары бағалайтынын мәлімдеп, сондағы қайғылы оқиғаларды ашық та мөлдір зерттеуге ұмтылыс таны­ты­латынына сенімділіктерін жеткізді.
Екі ел арасындағы ресми, іскерлік, жеке, студенттік және туристік сапарларды жеңілдету мақсатында жақын уақытта 5 жылдық виза беру туралы келісімге қатысты дипломатиялық ноталармен алмасуға қағидатты уағдаластық жасалды.
Сыртқы істер министрі мен Мемлекеттік хатшы екі елдің уни­верситеттері мен зерттеу инс­ти­туттары арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспек­ти­ва­лары мол екенін қанағатпен атады.
Е.Қазыханов Мемлекет бас­шы­сының жақындағы Қазақстан халқына Жолдауында алға қой­ыл­ған жаңа міндеттер туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, мұ­ның екіжақты байланыстарды да­мытудың стратегиялық бағыт­тарына толық көлемінде сәйкес келетінін атап көрсетті.
Қазақстандық министр сон­дай-ақ бірқатар ықпалды сенаторлармен және конгресшілермен кездесті. Атап айтқанда, ол се­натор Р.Лугармен, АҚШ Өкіл­дер палатасы­ның халықаралық қатынастар жөніндегі комитеті­нің төрағасы И.Рос-Лехтиненмен жүздесіп, пікірлесті. Бұған дейін хабарлағаны­мыздай, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының бас­шысы Құрама Штаттардың басқа да көрнекті қоғамдық-сая­си қайраткерлерімен кездескен болатын.
Сапар аясында британиялық жазушы және биограф Джонатан Айткеннің «Қазақстан: сюрприздер мен стереотиптер. Тәуел­сіз­діктің 20 жылы» деп аталатын кітабының ағылшын тіліндегі нұс­қасының тұсаукесері ұйым­дас­тырылды.
Кездесуден Ержан Хозеұлы жақсы көңіл-күймен шықты. Бір­қатар мәселелер бойынша ортақ пікірге келген әріптестер Сеулде болатын ядролық қаруды таратпау мәселелеріне арналған саммитте Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обаманың кездесуіне қажетті даярлықтарды бастап кеткенін, визалық режімнің де жеңілдейтін болғанын жоғарыда айттық (Министрмен сапар жай­ындағы сұхбат алдағы нөмір­лер­дің бірінде жарияланады).
Мұнан соң «Willard» отелінде америкалық белді-белді бизнес серкелерімен ланч-кездесу өтті. Оған «AGCO», «Conoco Phillips», «Chevron», «Exxon Mobil», «Sikorcky», «Boeing Compani, «Shell Oil Compani» және өзге де көптеген ірі корпорациялар мен компаниялар өкілдері қатысты. Ол бітісімен министрмен «Reu­ters» агенттігінің тілшілері сұх­баттасты. Жалпы, біздің сыртқы саясат ведомствосы басшысының осы сапарына америкалық масс-медианың ықыласы үлкен бол­ғанын айта кеткен жөн. Алдында «Wall Street Journal» басы­лымы­ның журналисімен сұхбат жа­рыққа шықса, онан соң «CNN» агенттігіндегі әріптестеріміз де Ержан Хозеұлымен әңгімелесуге асыққан еді.
Тұтастай алғанда, Е.Қазы­ха­нов­тың сыртқы саясат ведом­ство­сының басшысы ретінде АҚШ-қа жасаған алғашқы ресми сапары стратегиялық әріптес­тік­тің жаңа кезеңінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы халықаралық және өңірлік көкейкесті мәсе­ле­лер­ді, сондай-ақ мемлекет бас­шы­лары деңгейінде қол жеткізілген екіжақты қарым-қатынастар рухындағы уағдаластықтарды одан әрі ілгерілету бойынша іс-қимылдарды сапалық тұрғыдан жаңа сатыға көтеруге оң ықпал ететіні анық.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Вашингтоннан.