Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Жекеменшік балабақшаның жетістігі көп

1634 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында мектеп жасына дейінгі тәрбие жұмыстарымен қамтамасыз ету мәселесін оңтайландыру мақсатында мемлекет-жекешелік әріптестігі негізінде жекеменшік балабақшалар ашу ісі сәтті жүзеге асырыла бастады. Соның нәтижесінде ата-аналар үшін балабақша кезегінде жылдап тұру мәселесі оңынан шешілді.

Жекеменшік балабақшаның жетістігі көп

Мемлекеттік тапсырысты орналас­тыру негізінде және құны мемлекеттік балабақшалармен теңестірілген жеке- меншік балабақшаларға деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Өйткені аталған балабақшаларда баланы жан-жақты дамыту мәселесі уақыт талабы ескеріле отырып толық қолға алынған. Аталған жобаның тағы бір ұтымды тұсы – баланың үш жасқа толғанын күтпей, бір жастан бастап ясли-бақшаға беруге болады. Бұл жұмысбасты ата-аналар үшін тіпті де қолайлы.

Облыста 2018 жылы мемлекет-жеке- шелік әріптестігі негізінде балабақша­ларға мемлекеттік тапсырысты орналас­тыру бойынша 5 жоба іске асты. Атап айт­сақ, Бұқар жырау ауданындағы Көк­пек­ті ауылында 100 орынға арналған балабақша, Қарағанды қаласында 320 балаға лайықталған «Дарынды бала-4» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар  Шет ауданындағы Ақсу-Аю­лы кентінде 40, 50 және 75 орындық үш бірдей нысан бүлдіршіндерге айқара есік ашты.

Ал биыл тағы 3 жобаны іске асыру жоспарда бар. Яғни, облыс орталығында жобалық қуаты 470 орын болатын «Дарын­ды бала» атты үш балабақша және 240 балаға шақталған – «Алтын бесік», Шах­тинск қаласында 25 орындық ясли-бақша ашылмақ. Сонымен қатар МЖӘ негізінде мемлекеттік тапсырысты студенттер жатақ­­ханасына орналастыру бо­йынша 1 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Облыста екі жыл ішінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәр­биемен және оқумен қамту 87,6%-дан 89,8%-ға дейін, ал 3-тен 6 жасқа дейінгі жас ұрпақ бойынша көрсеткіш 98%-дан 100%-ға жетті. Мұндай өсімге 4 мыңнан ас­там орынға арналған 37 мектепке дейінгі ұйым ашу арқылы қол жеткізілді. Бұл жерде 1555 орынды құрайтын 9 жобаның мемлекет-жекешелік әріптестігі негізінде жүзеге асырылғанын айта кету керек. Осы арқылы 385 жаңа жұмыс орнын ашуға мүм­­кіндік туды. Ал ауылдық жерлерде жаңа жұмыспен қамтылғандардың саны 90 адамға жетті.

Бүлдіршіндерді мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы да, ақылы не­гізде де қабылдайтын жекеменшік бала­бақшаларда балалар қауіпсіздігі толығымен сақталған және олар мұнда уақыттарын тиімді өткізеді. Мысалы, аталған балабақшаларда заман талабына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретумен қатар, баланың жан-жақты жетілуіне барлық жағдай жасалған. Спортқа бейімді болса, каратэ, күрес сияқты үйірмелерге қатысады, сурет са­­луға икемі болса, сурет үйірмесі, тіпті би үйірмесі де жұмыс істейді. Яғни, ба­­лабақшалардағы білікті мамандар ба­ланың қабілетін ашып қана қоймай, олар­дың жан-жақты дамуына тікелей ық­пал етеді. Түптеп келгенде баланың бо­лашақ мамандығын таңдауына да игі әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар бұл жерлерде балаларды гаджет атаулыдан уақытша болса да аулақ ұстау үдерісі тәжірибеге енгізілген. Яғни, же­ке-меншік балабақшаларда балаларға те­ледидар көруге, смартфон ұстауға ты­йым салынады. Уақыттың барлығы пай­­далы іске, оларды дамытуға, ерте жас­тан әлеуметтену, шығармашылық қабі­леттерін дамытуға бағытталады, тамақ­тану мәселесіне де баса назар аударылады. Балақайлар таңертеңнен кешке дейін бес рет үйлестірілген тағаммен қамтамасыз етіледі.

Қарағанды облыстық білім беру бас­­қармасының мамандары жергілікті кәсіп­керлердің жекеменшік балабақшалар ашу ісіне деген қызығушылығы арта түсетініне нық сенеді. Неге десеңіз, бүгінгі таңда мемлекет бұл салаға айрықша көңіл бөліп, түрлі жеңілдіктер жасауға пейіл танытып отыр. Мысалы, былтырдан бастап жекеменшік балабақша ашу үшін лицензия талап етілмейтін болды. Кәсіпкер өзінің осы іспен айналысқысы келетіні жөнінде өкілетті органды хабардар етсе болғаны. Сондай-ақ балабақша ашу үшін меншікті ғимараттың болуы да шарт емес, тек балалар кірер есік бөлек орналасқан ғима­ратты жалға алса жетіп жатыр. 

Жоғарыда сөз болған жобаларға 

700 млн теңгеден астам жеке инвестиция тар­­­­тылған. Мемлекеттік тапсырыс бо­йынша саланы қаржыландыру 13,7 млн теңгеге артып, бүгінде 25,9 млн теңгені құ­рады. Бұл шаралардың шеңберінде мектепке дейінгі тәрбиелеу ұйымдарының қадамдық қолжетімділігі қамтамасыз етіл­генін де айта кету ләзім. Ал алдағы уа­­­қыт­та 735 орынға арналған тағы да 3 жо­­ба іске асырылмақ. Бұған 240 млн­ тең­­­ге инвестиция тартылған. Бір сөз­бен айт­қан­­да, мемлекет-жекешелік әріп­тестігін да­мытып, жеке балабақшалар ашу алдағы уақытта да басым бағыттағы мін­деттердің бірі болып қалмақ. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы