Дүбірге толы дүние
Сенбі, 18 ақпан 2012 7:53
Түркімен ағайындар таңдауы өзгермейді
Өткен жексенбіде Түркіменстанда президент сайлауы болып, жұрт күткендей, қазіргі ел президенті Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов қайта сайланды. Оны жақтап, сайлауға қатысқандардың 97 пайызы дауыс берді.
Бұл жайында газетімізде бұрын да хабар жарияланса да, көрші ағайын елдегі бұл елеулі оқиғаға толығырақ тоқталуды жөн санадық. Қалай дегенде де, елдің басшысын сайлау, оның қалай өткендігі сол елдегі саяси ахуалды аңғартады.
Сенбі, 18 ақпан 2012 7:53
Түркімен ағайындар таңдауы өзгермейді
Өткен жексенбіде Түркіменстанда президент сайлауы болып, жұрт күткендей, қазіргі ел президенті Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов қайта сайланды. Оны жақтап, сайлауға қатысқандардың 97 пайызы дауыс берді.
Бұл жайында газетімізде бұрын да хабар жарияланса да, көрші ағайын елдегі бұл елеулі оқиғаға толығырақ тоқталуды жөн санадық. Қалай дегенде де, елдің басшысын сайлау, оның қалай өткендігі сол елдегі саяси ахуалды аңғартады.
Көп жұрт, әсіресе, батыстағылар демократия дегенді көбіне елдегі қырқысқан күреске балайтыны бар. Ондай күрес жоқ екен, демократия жоқ деген пайым жасайды. Халықтың менталитеті, оларға тән мінез-құлық есепке алынбайды. Билік болған соң, оған сөзсіз қарсылық болуға тиіс және ол қалай да көрініс табуға тиістей көреді. Ал Түркіменстанда ондай қырқысқан қақтығыстар жоқ. Оны тіпті халықаралық әжептәуір беделді ұйымдар да үлкен кемшілік санайды. Солай бағалаған ЕҚЫҰ бұл елдегі президент сайлауына өз байқаушыларын жіберуден де бас тартты. Қоятын кінәсі – еуропалық талапқа сай өзгермедіңдер дейді.
Байқаушылар БҰҰ-дан, ТМД-дан келді. Рас, көп емес – бар-жоғы 63 адам. Олардың пікірі оң, сайлау «заңға сай ашық та жариялылық жағдайында» өткен. Сайлауға 8 үміткер түскен. Науқан кезінде барлығына бірдей мүмкіндік берілген. Бірақ жұрттың ықыласы қазіргі президентке ауғаны анық.
Дауысты санауда бұрмалаушылық болды деген наразылық та түспеген. Жалпы дауыс беруде, оны санауда бұрмалаушылыққа жол берілді деген күдік те жоқ.
Ал жұрт неге Бердымұхамедовке дауыс берді деген сауал төңірегінде біраз пікір қозғауға болар. Түркімен ағайындар «қызу» демократияға әлі бой алдыра қоймаған, жалпы шығыс халықтары, оның ішінде мұсылман қауымына тән басшыға құрмет сезімі оларда күштірек. Сонан соң да ел тыныш. Бұл елге әзірге «әртүрлі революциялардың» ұшқыны жете қойған жоқ. Екі жақ болып, билікке таласудан, басшыларының жағасынан алып, тағынан құлату әрекеттерінен бұл ел аман. Ал елдегі тұрақтылық, қалыпты жағдайды жұрт қазіргі президенттің атымен байланыстырады.
Ең бастысы, елдің экономикасы даму үстінде. Алла тағала түркімен жерін байлыққа кенелткен болса, ел басшылығы оны халқының мүддесіне жаратып отыр. Содан да халықтың әлеуметтік жағдайы бір сыдырғы жақсы.
Бұл ел бейтарап саясат ұстанады. Ешкімге бес бересісі, алты аласысы жоқ. Жақындағылармен өз алдына, алыстағылармен де араласады. Оның байлығына бүкіл Еуропа көз тіксе, Қытайға қарай газ құбырлары тартылған. Көз тіккенде, сол байлықты тартып алу емес, серіктес болуды, жақсы қарым-қатынаста болуды ойлайды.
Осыдан бес жыл бұрын алғаш рет Түркіменстан халқы Ғұрбанғұлы Бердымұхамедовке сенім артса, сол сенімдері ақталған соң, оны тағы да жалғастырып отыр.
Дүниені бүлдіргеннен қаржы көбеймейді
Грекиядағы экономикалық жағдайға жұрттың көзі үйренген. Сөйтсе де, ондағы саяси жағдайға көз үйрету қиын. Ел қаржы тапшылығынан күйреу алдында. Ал елдің саяси белсенділігі күштірек, яғни көзі ашық деген бөлігі қарсылық әрекеттерге шығып, дүниені қиратып, онсыз да күйзелген елге зиян келтіргеніне таңданасың.
Грекияда осындай жағдай қалыптасып отыр. Өткен дағдарыс бар, сірә, сол кезде үкіметтің дұрыс жол таңдай білмегені бар, ел аса күрделі қаржы дағдарысына ұшырады. Одан шығудың жалғыз жолы ғана белгілі – басқалардан қаржы алып, кейін одан құтылу үшін белдікті қысып буынуға тура келеді. Елдің қайтадан еңсесі көтерілуі үшін біраз қиындыққа шыдау да керек және сол қиындықтан шығу ісіне белсене қатысу, елін сүйген азаматтың парызы іспеттес.
Басқа жол жоқ. Қайта осы жолдың табылғаны, қиналғанда қарыздан болысатын достардың болғаны, Еуроодақ дейтін ортақ үйдің қамқорлығы ел бағы дерсің. Қарыз беріп қана қойған жоқ, көп қарыздарын кешіріп те отыр. Енді сол қамқор болғандардың біраз талабын орындау да керек.
Бұл жол жай таңдала салған жоқ. Мұны Грекияның өзі ғана емес, бүкіл Еуропа талқылады. Атақты ғалымдар, сарапшылар, осы саланың білгірлері, ел басқарған қайраткерлер бас қатырды. Грекияның күйреуден құтылар жолы осы, деді. Парламентте талқыланды, депутаттар демалыс, ұйқыны қойып, өткен сенбі, жексенбі күндері ұзақ айтысып барып, дүйсенбі күнге қараған түнде ғана Еуроодақ және Халықаралық валюта қорынан жаңа несие алу туралы құжат қабылдады. Оған мәжіліске қатысқан 278 депутаттың 199-ы дауыс берді, 74-і қарсы болды, 5-і қалыс қалды.
Бұл қадамға үкіметтің де, парламенттің де амалсыз барғаны, ел мүддесі үшін барғаны даусыз. Жалақы 22 пайызға, зейнетақы 7-15 пайызға азаяды. Дәріге жұмсалатын қаржы 1,076 миллиард еуроға, қорғаныс шығыны 300 миллион еуроға, жергілікті әкімшілік қажетін өтейтін қаржы 270 миллион еуроға кемиді. Қиын. Бірақ оған бармасқа амал жоқ.
Кім біледі, осынау мәжбүрлілікті түсінгендер де бар шығар, бірақ түсінбегендердің көп екенін сол Грекияда осынау күндерде таспен, таяқпен қаруланып, полицияға шабуыл жасағандарға, ғимараттарды қиратқандарға, оған от қойып өртегендерге қарап аңғаруға болар еді. 40-тан астам дүкен, банк, кафе, басқа да нысандар отқа оранды. Олардың құны ондаған, жүздеген мың еуроны құрайды. Сол қаржы дәл қазір басқадан гөрі гректерге керек-ақ еді. Экономикалық шығын өз алдына, осы күндерде талай адам жараланып, ауруханаға жеткізілген.
Осының бәрі неге керек еді? Сол жаппай бұзақылықтан жағдай жақсара ма? Үкіметтің халықтан жасырған қаржысы ашыла ма? Осынау бұзақылық әрекеттен қорқып, үкімет жұрттың жалақысын, зейнетақысын көбейте ме? Керісінше, бұрынғы жетпей жатқан қаржының көлемі көбейе түсер.
Қазір көп жерде қит етсе, алғашқы жабайы адамдай таспен қаруланып, көзге түскен дүниені бүлдіру дертке айналғандай. Оны өркениеттің көрінісі дей алмасың анық.
Мамадияр ЖАҚЫП.