Аймақтар • 06 Наурыз, 2019

Қазақтың қара есептері

1804 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақтың қара есептері

28-ші ЕСЕП:

Саңырақ батырдың олжасы

Ертеректе жаугершілік заманда ошақты Саңырақ батыр өз қосынын 1-2 күн тынықтырып алу үшін көл жағасына келіп уақытша қоныстанады. Азық-түлік қоры да бітуге шақ қалыпты. Сол себепті батыр біраз сарбазды қоңыр аң атып келуге жұмсайды. Бірақ олар жақын маңда қоңыр аң болмауы себепті олжасыз оралады. Амалы таусылған батыр соңғы жебелерді жинап алып, қасына төрт мерген-сарбазды ертіп көлден құс атуға шығады. 

Бұлар түс ауғанша үйрек-қаз аулайды. Күн батар алдында атып алған олжаларын ортаға қойып санаса, Саңырақ батыр бірінші сарбаздан екі есе көп, ал бірінші сарбаз екінші сарбаздан үш есе көп, екінші сарбаз үшінші сарбаздан төрт есе көп, ал үшінші сарбаз төртінші сарбаздан бес есе көп атыпты.

Түскен олжаға риза болған Саңырақ батыр: «Барлық олжа теңдей төртке бөлінсін, әр бөлік бір-бір қазанға толық салынып, төрт жерге қазан асылсын! Барлық сарбаздар түгелімен тамақтандырылсын!» деп үкім қылады. Батыр үкімі мүлтіксіз орындалып, олжа теңдей төртке бөлінеді, бірақ бірнеше үйрек бөлістен артылып қалады. Осы артылған үйректерді аспаздар жақсылап пісіріп батырдың өзіне тартады. 

Сұрақ: барлығы қанша қаз-үйрек атылып алынды және кім қанша үйрек атты?

29-шы ЕСЕП:

Алтын және күміс теңгелер

Салмақтары бірдей 6 алтын теңге және өзара салмақтары бірдей 8 күміс теңге бар делік. Егер 5 алтын теңгені таразының оң жақ табақшасына және 7 күміс теңгені таразының сол жақ табақшасына салса, таразы тепе-теңдікті көрсетеді. Егер таразының оң жағына тағы да бір алтын теңгені, ал таразының сол жағына тағы да бір күміс теңгені салса, онда таразыны теңестіру үшін сол жақ табақшаға 6 грамм тас салу керек болады екен. Сонда алтын және күміс теңгелердің салмақтары қанша болғаны?

30-шы ЕСЕП:

Жаңғақ бөлу 

Әкесі үш баласына «ертең көп жаңғақ алып келемін, таласпай теңдей бөліп алыңдар» деп базардан көп жаңғақ сатып алады. Үйіне келсе балалары жоқ екен. Әкесі жаңғақты дастарқанға қояды да, өзі басқа шаруа­мен кетіп қалады.

Бір кезде кіші бала үйге жүгіріп келіп, жаңғақтарды теңдей үшке бөліп, өз үлесін қалтасына салып және бөліктен артылған бір жаңғақты жеп алады. Біраздан кейін інісінің келгенін білмей қалған ортаншы бала жаңғақты үшке бөліп, өз үлесін қалтасына салып, бөлістен артылған бір жаңғақты жей салады. Шамалы уақыттан кейін үлкен баласы да қалған жаңғақты тура осылай бөліске салады да, ол да, өз үлесін алып кетеді. Көп ұзамай жұмыстан келген анасы дастарқан үстінде жатқан жаңғақтарды балаларына дайындап қояйын деп теңдей үшке бөлсе, тағы да бір жаңғақ артылып қалады. 

Сұрақ: бастапқы кезде барлығы қанша жаңғақ болды?

25-шы қара есептің дұрыс жауабы: Есеп шарты бойынша киіз үй ортасы О нүктесінде радиусы  метр ошақ орналасқан. 

Газетіміздің өткен 20 ақпан күнгі №34 санында жарияланған қара есептердің дұрыс жауабы:

Демек, екі үлкен бала жіптері  м болу керек. Осы себепті ең кішкентай сәби жібінің ұзын­ды­ғы ошақ радиусымен тең болу керек. Ол жіпті қақ төрге, яғни С нүктесіне байлау керек.

Енді екі үлкен баланың жібі қалай байланады? Ол үшін радиусы , ал ортасы С нүктесінде орналасқан шеңбер доғасы керегелердің қай жерімен қиылысады сол жерлерге екі үлкен бала байлану керек. Ол нүктелер суретте А және В нүктелері арқылы көрсетілген. Осындай жағдай кезінде балалар бір-бірімен жанаса, бірақ жіптері шатаспай ойнай алады. Ең бастысы балалар ошаққа қанша жақындағанымен, аман-есен болады.

26-шы қара есептің дұрыс жауабы:                       1. Қарама-қарсы отырған екі шәкірттің бастарында көк тақия болса, онда үшінші шәкірттің басында қызыл тақия болғаны. Демек, есеп шарты бойынша көк тақия саны – екеу.

2. Қарама-қарсы отырған екі шәкірттің біреуінде қызыл, ал екіншісінде көк тақия болса, үшіншісінің басында қызыл тақия болғаны. Егер үшінші баланың басында көк тақия болса, онда қызыл тақиялы шәкірт 1-ші амалды пайдаланып, өзінің басында қызыл тақия екенін бірден айтар еді. 

3. Қарама-қарсы отырған екі шәкірт бастарында қызыл тақия болсын делік. Ол екеуі осы есепті жоғарыда көрсетілген екі амал бойынша шеше алмай үнсіз отыр делік. Демек мұның басында қызыл тақия. Себебі егер бұның басында көк тақия болса, онда қарама-қарсы отырған шәкірттің біреуі 2-ші амалды пайдаланып, өзінің басында қандай тақия бар екенін бірден айтар еді.

27-ші қара есептің дұрыс жауабы: Есепте қарастырылып отырған жылқы саны онша көп емес, сондықтан бұл есепті шешу аса қиындыққа түспейді. Сондықтан есепті шығару үшін алдымен 1000-нан үлкен барлық жұп сандарды алып тастаймыз. Себебі жұп сандар 2-ге теңдей бөлінеді. Содан кейін 5-ке аяқталатын сандарды да алып тастаймыз, себебі олар 5-ке қалдықсыз бөлінеді. Сонда 1001, 1003, 1007, 1009 және с.с. сандар қалады. Бұлардың ішінде 1001, 1003 және 1007 жай сан емес, себебі 1001:7=143, 1003:17=59 және 1007:19=53. Ал 1009 ешқандай санға бөлінбейді. Демек, 1009 – жай сан. Ендеше есеп жауабы: 1009 жылқы.

РЕДАКЦИЯДАН:

Газетіміздің 20 ақпан күнгі №34 санында жарияланған 25,26,27-ші қара есептердің дұрыс жауабын табуға көптеген оқырман атсалысты. Ерекше айтарлық оқиға: ұлттық ойлауға құрылған қара есептерді шығаруға мектеп оқушылары көптеп тартылуда. Бұл жолы да барлық қатысушылардың үштен бірін осылар құрап отыр. Атап айтқанда, сайрамдық мектеп түлегі Бекболат Санжар, тараздық оқушы Арнұр Жеңісбекұлы, Мұрат Ерасыл қатарлы жасөспірімдер бір-екі есептің жауабын дұрыс тапты. Бұрыннан бері тұрақты қатысып жүрген оқырмандарымыз – шәуілдірлік Бекжан Бейсенбай және зайсандық Ақбота Советбековалар үш есептің де дұрыс шешімін тапса, оралдық Қайролла Айтқалиұлы, ақтөбелік Дархан Аметов, астаналық Абай Аса-Дулати, шардаралық Абдуғани Жұманов, т.б. есепшілер логикалық тұрғыдан сәл қиыс кеткені болмаса, негізінен үш есептің де дұрыс шешімін көрсете алғаны қуантады.

Ескерту: 

Есеп  жауаптарын  [email protected]  мекенжайы­на жолдауларыңызды өтінеміз.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

 «Egemen Qazaqstan»